Accessibility links

Бұзылған бөгет үшін сотталушы: "Жазықсызбын"


Көкпекті су бөгетінің бұзылғаны үшін үш жылға сотталған Владимир Крючков (оң жақта). Ботақара ауылы, Қарағанды облысы. 20 маусым 2016 жыл.
Көкпекті су бөгетінің бұзылғаны үшін үш жылға сотталған Владимир Крючков (оң жақта). Ботақара ауылы, Қарағанды облысы. 20 маусым 2016 жыл.

Қарағанды облысындағы Көкпекті бөгетінің бұзылу ісіне қатысты шыққан сот үкіміне жұрттың көбі наразы. Бөгет бұзылып, су тасқыны жүргенде бес адам мерт болып, бірнеше адам жарақат алған әрі жүздеген үй бүлінген болатын.

Сот "қызметінде ауыр зардапқа әкеліп соқтырған әрекетсіздік танытты" деп айыпталған бұрынғы екі шенеунікті "мерзімі өтіп кетуіне" байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Олар - кей тұрғындар араша түскен Көкпекті ауылының бұрынғы әкімі Бақытжан Смаилов пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің экс-бастығы Ришат Жантөлеков. Бас айыпталушы – Көкпекті су қоймасын жалға алып пайдаланған Владимир Крючков үш жылға сотталып, басқару қызметін атқару құқығынан айырылды. Оған "өкілетін асыра пайдаланған" және "құрылыс жұмыстарын жүргізуде қауіпсіздік талаптарын сақтамай, абайсызда адам өліміне немесе басқа да ауыр зардаптарға әкеп соқтырды" деген айыптар тағылды.

Сотталушылардың үшеуі де тағылған айыптарды мойындамаған әрі соттан ақтауды сұраған. Ал сот үшеуінің айыбы дәлелденген деп тауып, олардың түсініктерін қабылдамады.

Көкпекті бөгетінің бұзылу ісіне қатысты жарыссөз мамыр айында өткен болатын, бірақ үкімді жариялау созылып кетті. Маусымның 20-сы күні сотқа 100 шақты адам - іске қатысты айыпталушылардың туыстары мен жақындары және ондаған зардап шеккен тұрғын келді.

АЙЫПТАЛУШЫ: "БӨГЕТТІҢ ҚОЖАЙЫНЫ БАР"

Дүйсенбіде бірнеше сағат бойы жарияланған үкімді жұрт тік тұрып тыңдады, сотталушы Владимир Крючковтың қатты толқып тұрғаны оның жүзінен байқалды. Сот аяқталған соң оның қоғамдық қорғаушысы – Қарағанды облысы кәсіпкерлері қауымдастығының атқарушы директоры Серік Санаубаев сот үкімімен келіспейтінін айтты. Крючков - осы қауымдастық мүшесі. Үш жылға сотталған Владимир Крючков жиналған журналистерге берген сұхбатында сот үкіміне қатысты шағымданатынын айтты.

Көкпекті су бөгетінің бұзылуы бойынша өткен сот отырысындағы үкім оқу сәті. Ботақара ауылы, Қарағанды облысы. 20 маусым 2016 жыл
Көкпекті су бөгетінің бұзылуы бойынша өткен сот отырысындағы үкім оқу сәті. Ботақара ауылы, Қарағанды облысы. 20 маусым 2016 жыл

— Мына жағдайда бар кінәні маған артып кеткенкендеріне 100 пайыз сенімдімін. Сотта мәлімделген жайттарды судьяның ескермегені өте өкінішті. Біз бұл - табиғи апат екені жайлы дәйектер келтірдік. Мұны жұрттың бәрі айтқан. Әлгі бөгеттің қожайыны болған, бірақ ол жауапкершіліктен құтылып кетті. Сот біздің құзырлы мекемелердің бәріне жолдаған "бөгет бұзылады, адамдар өледі!" деп жазған хаттарымызды елемеді. Бірақ ақыры мені кінәлі етіп шығарды. Мүмкін, мұның артында бизнесті рейдерлік жолмен тартып алуды ойлағандар тұрған шығар, мұндай да болуы ықтимал. Жазықсыз екенімді апелляциялық сотта дәлелдейміз, - деді Владимир Крючков.

Сот кезінде ол қорғаушыларымен бірге "Көкпекті бөгетінің иесі мен емеспін, мен табиғатты пайдаланушы ғанамын, сондықтан сотқа мені тартқаны дұрыс емес" деп мәлімдеген. Оның "бөгеттің апатты жағдайда екенін ескерттім" деген мәлімдемесіне билік өкілдері "Крючков мұны біле тұра, бөгетті пайдалануды тоқтатпаған" деген қарсы уәж айтады.

ҮКІММЕН КЕЛІСПЕУ

Көкпекті ауылының сот "зардап шеккендер" деп таныған тұрғындарының көбі сот отырысы өткен залдан кетуге асықпады. Кейбірі үкімді түсінбей дағдарды.

— Ауылдың өзге байырғы тұрғындарының көбі сияқты мен де сот шешімімен үзілді-кесілді келіспеймін. Талап-арызымды қайтарып алдым, өйткені бүгін сотталғандар кінәлі емес, ал нағыз кінәлілерді сотқа тарқан жоқ, - дейді Көкпекті ауылының байырғы тұрғыны Виктор Гермеш Азаттыққа.

Бүгін сот зардап шеккендердің талап-арыздары азаматтық сотта қаралады деп қаулы шығарды. Сот кезінде тұрғындардың көбі материалдық талаптарынан өздері бас тартқан, ал кейбірінің талап-арызын сот қабылдамады.

Татьяна Кузнецова, Көкпекті ауылының тұрғыны. 20 маусым 2016 жыл.
Татьяна Кузнецова, Көкпекті ауылының тұрғыны. 20 маусым 2016 жыл.

Ауыл бөгеті бұзылған кезде зардап шеккен тұрғын әйел сот ғимаратынан жылап шықты. Ол үйін әлі қалпына келтіре алмай жүр, сондықтан екі жылдан бері жапсарлас жайда тұруға мәжбүр. Оның айтуынша, су тасқынынан кейін билік "айыптылардан ақшалай өтемақы аласың" деп уәде еткен, сондықтан зардап шеккен көптеген тұрғындармен бірге ол да шығынын өндіріп беруді сұрап талап-арыз берген. Бұл мәселенің шешімі тағы кейінге шегерілгендіктен ол әбден қамыққан. Зардап шегуші "енді уақытымды, ақшамды жұмсап, жүйкемді жұқартып сотқа тағы сенделуге әрі жапсарлас жайда әлі тұруға тура келеді ғой" дейді. Кетіп бара жатып ол "тағы бір сотқа қатысуға моральдық тұрғыдан халім келе ме, жоқ па – білмеймін" деді.

Көкпектінің тағы бір тұрғыны Татьяна Кузнецованың материалдық және моральдық шығынды өндіріп беруді сұраған талап-арызынан бас тарту ниеті жоқ.

— Үйім қатты бүлінді, тіпті үлкен тесік пайда болды. Қабырғалары, едені мен төбесі әлі кепкен жоқ. Қоғамдық қордан бізге бөлген 600 мың теңге материалдық көмек жөндеу жұмыстарына жетпеді. Сондықтан әлі соттасамын, - деді Татьяна Кузнецова Азаттыққа.

Шығын көлемін құжат жүзінде дәлелдей алған Көкпекті ауылы мен Рабочий кентінің тұрғындары жаңа сот процесіне қатыспақ. Бірақ олардың талап-арыздарын енді азаматтық сот қарауы тиіс. Келтірілген зиянның жалпы сомасы 652 миллион теңгеге бағаланған. Маусымның 20-сы күні сот миллиондаған материалдық зиян өндіріп беру туралы Бұқар жырау ауданы әкімдігі мен құрылыс бөлімінің және «Қазақтелеком» компаниясының да талап-арыздарын қолдады.

Көкпектіде салынған жаңа үйлер. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, 20 маусым 2016 жыл.
Көкпектіде салынған жаңа үйлер. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, 20 маусым 2016 жыл.

Іс материалдары бойынша 351 адам жәбірленуші деп танылды. Олар Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылы мен Рабочий кентінің тұрғындары. 2014 жылғы наурыздың 31-іне қараған түні бөгет бұзылып, су тасқыны жүргенде бес адам қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Бүгін сотта қаза тапқандардың отбасына сотталушы Владимир Крючковтың өз еркімен бес миллион теңге төлегені хабарланды. Су тасқыны кезінде Көкпектіде 323 үй бүлініп, оның 50-і сүрілді, ал Рабочий кентінде тоғыз үй сүріліп, оннан көп үйді жөндеу қажет. Көкпекті бөгетінің бұзылуының негізгі техникалық себебі – "су ағызғыштың дұрыс істемеуі салдарынан судың арнасынан асып кетуін" сот "апат" деп атады. Болжам бойынша апатқа бөгетті қайта жаңарту кезінде тиісті талаптардың орындалмауы жол ашқан.

XS
SM
MD
LG