Accessibility links

"Сарбаз өліміне кінәлі". Қаңтар оқиғасына қатысқан Қазыбек Құдайбергенов 17 жылға сотталды


Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген облыстық сот ғимараты. Қызылорда, 7 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген облыстық сот ғимараты. Қызылорда, 7 қаңтар 2022 жыл.

29 қарашада Қызылорда соты Қаңтар оқиғасына қатысқан Қазыбек Құдайбергеновті "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" және "қызмет міндетін атқарған әскери қызметкердің өліміне әкелетін қасақана іс-әрекетке барғаны" үшін айыпты деп танып, 17 жыл түрме жазасын кесті. Құдайбергенов тағылған айыпты мойындамайды. Адвокаттары мен туыстары сотталушыға негізсіз айып тағылғанына дәлел-айғақтарды судья ескермей, процессті айыптау сарынында өткізіп, үкім шығарды дейді.

"АЙЫБЫ ДӘЛЕЛДЕНДІ". СОТ ҮКІМІ

Қаңтардың тоғызынан бері тергеу абақтысында отырған 34 жастағы Қазыбек Құдайбергеновтің ісі бойынша сот тыңдауы Қызылорда қаласының 2-сотында 25 мамырда басталған. 29 қарашада судья Думан Әлиев үкім шығарды. Сот Қазыбек Құдайбергеновті "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" (272-бап), "өз қызмет міндетін орындағаны үшін әскери қызметкерден кек алу мақсатында оның өміріне қол сұққаны, яғни қазаға ұшыратуды көздеп қасақана әрекетке барғаны" (380-1 бап) үшін айыпты деп танып, 17 жылға бостандығынан айырды. Бұған дейін прокурор сотталушыға 20 жыл түрме жазасын беруді сұраған еді.

Сот Ішкі істер министрлігіне қарайтын Ұлттық ұлан қызметкері Мадияр Қайсаровтың өліміне Қазыбек Құдайбергеновтің кінәсі бар деп тапты. Үкімді оқып шыққаннан кейін оны бірнеше минут түсіндірген судья сотталушының "айыбы толық дәлелденгенін" айтты. Сот Құдайбергеновке "террорлық акт" (255-баптың 4-тармағы) бабы бойынша тағылған айыпты алып тастады.

Қазыбек Құдайбергенов өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Сот үкімін естігенде көзіне жас алып, есеңгіреп қалғаны байқалды. Оның адвокаттары алты айға созылған сот процесінде Құдайбергеновке негізсіз айып тағылып отырғанына келтірген көптеген дәлел-айғақтарының бірде бірі сотта ескерілмегенін айтады.

Үкім шыққан соң Құдайбергеновтің туыстары жылап-сықтап, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, істі қайта тергеу жайлы өтініш айтты.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, екі тараптың апелляцияға шағым беруге құқы бар.

Қызылорда қалаcының 2-соты.
Қызылорда қалаcының 2-соты.

Қаңтар оқиғасы кезінде аяғынан оқ тиіп жараланған қызылордалық кәсіпкер Қазыбек Құдайбергеновке тергеу орындары "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "қызмет міндетін орындаған әскери қызметшіден кек алу мақсатында оның өміріне қауіп төндіретін іс-әрекеттерді қасақана жасады" деген және "террорлық акт" бабы бойынша айыптар таққан.

Жарты жылға созылған сот процесі барысында куә ретінде 17 әскери қызметкердің жауабы тыңдалды. Сот отырыстарына Құдайбергенов, оның адвокаттары мен әйелі Іңкәрім Сұлтанова, жәбірленуші тараптан – Қаңтар оқиғасында қаза тапқан Ұлттық ұлан қызметкері Мадияр Қайсаровтың әкесі Оразалы Бейіспеков тұрақты қатысып келді. Бейіспеков соттан Құдайбергеновке ең қатаң шара - өмір бойына түрме жазасын беруді сұраған.

"Қазыбектің кінәлі екеніне бірде бір айғақ-дәлелі жоқ айыптар тергеу орындарының долбар-болжамына құрылған" дейді сотталушының әйелі Іңкәрім Сұлтанова.

"АБАҚТЫДА АЗАПТАП, ҚОРҚЫТЫП, "ҚЫЛМЫСЫН" МОЙЫНДАТҚАН"

Іңкәрім Сұлтанованың айтуынша, қаңтардың бесіне Қазыбек Құдайбергенов Қызылорда қаласының орталық алаңы маңындағы Aray City Mall сауда орталығына барған. Күндізгі төрт шамасында үйіне қайтып келе жатқан кезде сол маңда оқ тиіп жараланған баланы ол жерден алып шықпақ болып сүйреп бара жатқанда өзіне де оң жақ аяғына оқ тиеді. Кейін екі жаралыны біреулер көлікке салып, ауруханаға жеткізген.

Қазыбек Құдайбергенов пен Іңкәрім Құдайбергенова. Отбасы архивіндегі сурет.
Қазыбек Құдайбергенов пен Іңкәрім Құдайбергенова. Отбасы архивіндегі сурет.

"Ауруханада жаралы адам көп болғанын көрген Қазыбек аяғын таңдырып, үйге қайтып келді. Оқ сүйегіне тимей, етін тесіп өтіпті. Кейін ол маған "мен ауруханада жеке мәліметтерімді қалдырдым, енді мені полиция келіп басқалар тәрізді үйден алып кетуі мүмкін, балаларға абай бол, шошып жүрмесін" деп ескертті" дейді Іңкәрім Сұлтанова.

Полиция арнайы жасағы Құдайбергеновтер үйіне 9 қаңтар кешке қарай келген. Іңкәрімнің сөзінше, қару асынып, бетперде таққан жиырма шақты адам жеке меншік үйдің биік дуалынан секіріп ішке кірген.

– Үйдің астан-кестеңін шығарып тінтіп, Қаңтар оқиғасы кезінде түсірілген әлдебір видеодағы "КАМАЗ" көлігін мінген адамның киіміне ұқсайтын әскери киім іздеді. Күйеуімнің аңға шыққанда киетін киімдері, арнайы бәтеңкесі бар еді, соны алды. Үйде қысқа балақ шалбармен жүргені оны киімін кигізбестен, жалаң аяқ күйі, есік алдында жүрген 1-топтағы мүгедек, психикалық ауруы бар қайынағам екеуін қоса алып кетті, – дейді келіншек.

Кейін үйіне мемлекеттен тағайындалған адвокат келген. Ол Іңкәрімге "полицияға барып, анда-мұнда хабарлап шу көтерудің қажеті жоқ, Қазыбек бәрін мойындап, адам өлтіргені туралы қағазға қол қойған" деп айтқан. Бұл хабарды естігенде үй-іші қатты абыржып қалған.

– Жағдай қалай болады деп үндемей жүрдік. Кейін қаражат тауып, адвокат жалдадық. Ол бізге "неге барып, Қазыбектің халын білмейсіңдер, киімін, тамақ апарып беруге құқыларың бар" деді. Барып жолыққанымда күйеуім өзін азаптағанын, басына пакет кигізіп, тоқпен ұрғанын, резеңке таяқпен зорлаймыз деп қоқан-лоқы жасаған соң өлтіреді екен деп қорқып мойындағанын айтып берді. Қазыбекпен отасқаныма тоғыз жыл болды, осы кезге дейін ол біреуді өлтірмек түгілі, бір ауыз ауыр сөз айтқан емес, – деді Іңкәрім Сұлтанова.

Оның айтуынша, тергеу орындары Қазыбек Құдайбергеновке айыптарды да біртіндеп таққан. Алғашында "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (272-бап), "кісі өлтірді" (99-бап) деген айыптар таққан. Кейін "адам өлтіру" бабы бойынша тағылған айыпты "әскери қызметшіден кек алу мақсатында адамдар тобы болып бірігіп, асқан қатыгездікпен өміріне қол сұққан" (308 және 308-1 баптар), "террорлық акт жасады" (255-бап) деген баптарға ауыстырған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Aray City Mall сауда орталығы маңында өртенген автокөліктер. Қызылорда, 7 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Aray City Mall сауда орталығы маңында өртенген автокөліктер. Қызылорда, 7 қаңтар 2022 жыл.

КУӘЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Күйеуінің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін Іңкәрім Сұлтанова оқиға болды деген жерге барып, өзінше зерттеу жасапты. Сол маңдағы ғимараттарды, жанармай құю бекетін, студенттер үйін, аурухананы аралап, сырттағы бақылау камераларының видеосын сұрағанымен ондағылар барлығын полиция алып кеткенін айтқан.

– Мен сұрағандар арасында оқиғаны көрдік дегендер де болды. Олар "сарбаз баланы басқа бір солдат машинаны артқа жүргізіп басып алды. Оның басында каска, бетінде газға қарсы бетперде болды" деді. Бірақ ешқайсысы сотқа куәлік беруге келгісі келмеді. Кафеде еден жуушы болып істейтін жасы үлкен кісіге "апа, сотқа келіп айтып беріңізші, менің үш балам бар, күйеуім жазықсыз сотталайын деп жатыр" деп жалынғанымда, "қызым, менің де үш балам бар. Маған артық әңгіме керек емес" деді. Ал сотқа куә ретінде шақырылған әскери қызметшілердің бәрі күйеуімді көрсетіп, "осыған ұқсайды, осы болуы мүмкін" деген жауап айтты, – дейді ол.

Қазыбек Құдайбергеновтің ісі бойынша соттың кейбір отырысын Азаттық тілшісі де онлайн бақылаған еді. Куәгер ретінде шақырылған әскери қызметшілердің бірі "үстіне балықшы киімі ме, әлде аңшы киімі ме, сондай киім киген бір адамның көлікті жүргізгенін көрдім" десе, енді бірі "маған солдат баланы басып кетті деп хабарлады. Содан кейін Асқар (жүк көлігі жүргізушісі Асқар Тұрманов - Азаттық) келіп, көлікті алдыға қарай жүргізді, мен денені алып шығуға көмектестім" дейді. Ал сотта куәлік еткен тағы бір әскери қызметкер жүк көлігі адам басып кеткен сәтте сауда орталығының артындағы әскери қару-жарағы бар көлікте отырдым, ештеңе көрген жоқпын десе, енді бірі өртеніп жатқан "Нива" жеңіл автокөлігінің маңында жүргенін, оқиға болғаннан кейін барып, "КАМАЗ" көлігін айдап алып кеткенін айтты.

Қаңтар оқиғасы кезінде облыстық жергілікті полиция қызметі алдында өртенген көліктің қаңқасы. Қызылорда, 7 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде облыстық жергілікті полиция қызметі алдында өртенген көліктің қаңқасы. Қызылорда, 7 қаңтар 2022 жыл.

АЙЫПТАУ АКТІСІНДЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ҰЙЫМ АТАЛДЫ

Қызылорда облыстық прокурорының бірінші орынбасары М.Қазиев қол қойған айыптау актісін сотта мемлекеттік айыптаушы Б.Сариев оқыды. Онда "Қызылорда қаласындағы Қаңтар оқиғасында террорлық акті жасалды және ол Қазақстанда экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен тікелей тығыз байланысты" деп айтылған. Прокурордың сөзінше, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылорда қаласында ғана емес, Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы, Жалағаш, Арал, Қазалы аудандарында да бір мезгілде ұйымдасқан митингіге екі мыңдай адам қатысқан және оны Құдайбергенов ұялы телефонынан көріп "сөзсіз қолдап, бақылап отырған".

"ҚДТ мен қоғамдық орта белсенділері биліктің беделін түсіру үшін "Бұлардікі құр сөз! Халықты отыз жыл бойы алдап ешқандай мәселені шешпеді. Елдегі қымбатшылықты тоқтатуға үкімет те дәрменсіз. Билік кетсін, парламент, президент сайлауы өтсін! Әкімдікті күшпен басып алайық" деген ұрандар айтқан" деп жазылған айыптау актісінде.

Прокурор тұжырымы бойынша, "Құдайбергенов Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5547-әскери бөліміне тиесілі "КАМАЗ-43114" көлігін басқарып отырған Асқар Тұрмановты күштеп көліктен түсіріп алып, ұрып-соққан. Содан соң қолына кірпіш алып, оны көліктің педаліне тіреп қойып, жүк көлігін жаяулар жүретін тротуарға қарай бағыттап, өзі қылмысты мойнына алмас үшін көліктен секіріп түсіп кетіп, сарбаз Мадияр Қайсаровты басып өлтірген".

Прокурор Б.Сариев соттан Қазыбек Құдайбергеновті 20 жылға бостандығынан айырып, жазасын өтеуге тәртібі аса қатаң түрмеге жіберуін сұрады.

Қаза болған Мадияр Қайсаровтың әкесі Оразалы Бейіспеков жарыссөз кезінде прокурордың айыптауын қолдап, соттан Қазыбек Құдайбергеновке ең қатаң жаза сұрады.

– Құдайбергеновтің кінәсі толық дәлелденіп тұр. Ол менің баламды өмір сүру құқынан айырды, әйелім екеуміздің үмітімізді үзді. Ол біздің жалғыз баламыз, сүйенішіміз еді. Сондықтан Құдайбергеновты айыпты деп танып, өмір бойына бостандығынан айыруды сұраймын, – деді ол сотта.

Наразылық кезінде демонстранттар Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылдың бойындағы осы жарнамадағы оның суретін жыртып тастаған. Қызылорда, 6 қаңтар 2022 жыл.
Наразылық кезінде демонстранттар Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылдың бойындағы осы жарнамадағы оның суретін жыртып тастаған. Қызылорда, 6 қаңтар 2022 жыл.

ҚАРАЛМАҒАН ӨТІНІШТЕР МЕН САРАПТАМА

Сот басталғалы Қазыбек Құдайбергеновтің адвокаттары оған еш негізсіз айып тағылып отырғанын айтып, бірнеше өтініш берді. Олар сотта айыптаушы тарап көрсеткен оқиға видеосында "КАМАЗ" көлігінде отырған адамның бет-жүзі мүлде көрінбейтінін, тек үстіне әскери үлгідегі киім кигенін, Құдайбергеновке айып тағуға негіз жоғын айтты.

Адвокаттар соттан портреттік сараптама, "КАМАЗ" көлігінің жылдамдығына, оның ішінен табылған саусақ іздеріне сараптама жасауды сұрады.

– Құдайбергенов тергеу кезінде өзін азаптаған соң жасамаған "қылмысын" мойындауға мәжбүр болғанын, бұл іске мүлдем қатысы жоғын айтты. Оның үйінен алынған аңға шыққанда киетін киімдеріне тергеуші "Құдайбергенов өзі алып кетті" деп көрсетіп, оған сол кездегі мемлекет берген адвокат растап, хаттамаға қол қойған. Сотта сол адвокат ешқандай хаттамаға қол қоймағанын айтты. Бірақ сот оның уәжін қабылдамады, – дейді сотталушының адвокаттардың бірі.

Ал іске қатысқан тағы бір адвокаттың сөзінше, мерт болған сарбаздың мәйітіне өлім себебін анықтайтын зерттеу жасалмаған.

– Мынадай қайшылықтар бар: мәйітке берілген сараптамада "басын ауыр жүк машинасы дөңгелегі езіп, жаншыған, иықтан төмен тұсында жарақат жоқ" деп жазылған. Бірақ мәйітті қараған кезде сарапшының түсірген фотосы іске тіркелмеген. Біз оны тауып алып қарадық, онда бастың табиғи формасы сақталған, бірақ сол көзін таңып қойған. Сотта сарапшы оның жарақаты болғанын айтты. Ал куәлер "КАМАЗ" дөңгелегі астында сол аяғы езіліп қалған дейді. Мәйітті ауруханаға жедел жәрдем көлігімен апарған. Олар "қабырғасы сынған" деген анықтама берген. Сүйекті мәйітханаға күндіз сағат 11-де жеткізген. Ол уақыт мәйітхана құжатында тіркелген. Ал баланың қайтыс болған уақытын сағат 14-те деп көрсеткен, – дейді Қазыбек Құдайбергеновтің адвокаты.

Ал қаза тапқан сарбаздың туыстары сотта марқұмның сүйегін жуып әкелгендіктен ашып қарамағанын, бірден жерлегенін айтқан. Ол соттан Құдайбергеновке өмірлік түрме жазасын беруін сұраған.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада 26 адам қазаға ұшыраған. Оның біреуі міндетті әскери борышын өтеп жүргенде қаза болғаны айтылған. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қаңтар оқиғасында қаза болған 25 адамның әрқайсысына екі қылмыстық істен қозғалғанын, олардың арасында "кісі өлтіру", "ғимараттарға шабуыл жасау", "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу" айыптары барын айтады.

Биыл жыл басында Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауына жұрттың наразылығы бүкіл елге жайылып, жаппай қарсылық акцияларына ұласты. Бейбіт басталған шерулердің аяғы дүрбелеңге ұласып, ақырында бұрын-соңды болмаған қантөгіспен аяқталды. Бірнеше қалада мемлекеттік ғимараттар, жекеменшік дүние-мүлік бүлінді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге "20 мың бандит шабуылдады" деп айтып, күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атуды" бұйырғанын мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, оқиға салдарынан кемінде 238 адам мерт болған. Оның алтауы қамауда азаптаудан қаза тапқан. Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін қамау орындарында азапталғанын мәлімдеген адамдардан көп арыз-шағым түскен.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігін көп адамның өмірі қиылған Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын анықтау үшін шетелдік сарапшылардың қатысуымен зерттеу жүргізуге үндеген. Президент Тоқаев "өз шамамыз да жетеді" деп, ол ұсынысты қабылдамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG