Accessibility links

"Талантты азаматтары шетелге кеткен елдің болашағы қандай болады?"


Тәуелсіздік монументін күзетіп тұрған сарбаз. 16 желтоқсан 2020 жыл.
Тәуелсіздік монументін күзетіп тұрған сарбаз. 16 желтоқсан 2020 жыл.

Осы аптада халықаралық басылымдар Қазақстаннан білімді азаматтардың кетуі мен Орталық Азиядағы клептократтардың дамыған елдерге ақша жасыру әдістері туралы жазды. Ақпарат құралдары Назарбаева мен Әлиевтің Лондондағы мүлкіне қарсы қолданылған "шығу төркіні белгісіз байлық" ордерін еске алып, өз елінде жауапқа тартылған әзербайжан банкирінің әйелі Гаджиеваның ісін талқылады.

ИММИГРАНТТАРҒА ҚАРАҒАНДА ЭМИГРАНТТАР КӨП

Ағылшынтілді Eurasiaview.com журналындағы "Қазақстандағы халықтың он пайызы елден көшуді жоспарлап отыр" деген мақалада Еуразиядағы этникалық және діни мәселелер жөніндегі сарапшы Пол Гоблдың қазақстандықтардың шетелге көшу тенденциясына қатысты пікірі берілген.

"Қазақстанда эмигранттар саны иммигранттар санынан көп болып отыр. Қазір эмиграция бұрынғыдай этникалық сипатқа ие емес. 1990-жылдары елден кететіндердің көбі славяндар болса, қазір шетелге көшетіндер арасында этникалық қазақтар көп. Бұл ортаазиялық мемлекеттің болашағына үлкен қауіп төндіреді. Өйткені елге келетін иммигранттарға қарағанда шетелге көшетін эмигранттар әлдеқайда білімді әрі белсенді" деп жазады Пол Гобл.

Автордың айтуынша, 1990-жылдары Қазақстаннан этникалық орыстардың көшуі елде этникалық қазақтардың басымдыққа ие болғанын білдіріп, біраз талқылау туғызған. Бірақ кейінгі кездегі эмиграцияның ұлттық сипаты байқалмайды.

"Ритм Евразии" порталының өкілі Сергей Смирновтың дерегінше, 2019 жылы ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанға 12,2 мың адам келіп, 45,2 мың қазақстандық шетелге көшкен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда сегіз пайызға көп. 2020 жылдың бірінші жарты жылдығындағы ресми дерек бойынша, пандемияға байланысты енгізілген шектеулерге қарамастан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарынан 11 мың адам шекара асқан. Елден кеткендердің 60-70 пайызы жоғары білімді болған. Ал иммигранттардың ішінде жоғары білімді азаматтар үлесі 15 пайыздан аспайды. Гобл мұны "білімділердің жаппай көшуі" деп атайды.

"Бұрын кей қазақтар ресейлік мамандардың кетуін тәуелсіздік үшін төленуі тиіс құн сияқты көретін. Қазір олар жалақының төмендігі мен кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндігінің аздығынан қазақтардың да елден кетіп жатқанына куә болып отыр. Елде жүргізілген соңғы зерттеу алдағы уақытта бұл жағдайдың одан әрі ушығатынын көрсетеді" деп жазады Пол Гобл.

Жолаушы ұшағы Лондон әуежайына қонар алдында. Көрнекі сурет.
Жолаушы ұшағы Лондон әуежайына қонар алдында. Көрнекі сурет.

Алматылық "Стратегия" қорының дерегінше, қазір Қазақстандағы "әрбір оныншы тұрғын шетелге көшуді жоспарлап отыр, олардың үштен бірі – этникалық қазақтар".

"Стратегия" қорының деректеріне сүйенген Гобл Қазақстаннан кеткісі келетін азаматтардың "25 пайыздан көбі" 15-28 жас аралығындағы жастар екені алаңдаушылық туғызатынын айтады.

Өткен айда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақтар мен басқа ұлт өкілдерінің эмиграциясы туралы естігенде "уайымдайтынын", өйткені бұдан мемлекетке деген сенімсіздікті көретінін айтқан. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев керісінше, "қазір шетелге кетіп жатқандар түбінде қайта оралады" деп сенеді.

Гобл Смирновқа сілтеп, қазір шетелге кеткендердің аз бөлігі ғана елге оралғанын айтады. "Бұл – ойландыратын мәселе: "Талантты азаматтары шетелге көшіп жатқан елдің болашағы қандай болады?" Мемлекет азаматтарын ұстап қала алмаса, ары қарай да әлем елдерінің көшіне ілесе алмайтын болады" дейді ол.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯ КЛЕПТОКРАТТАРЫН ТОҚТАТУ"

Түркияның Trtworld.com жаңалықтар сайтына жарияланған "Постсоветтік елдердегі клептократия мәселесі" деген материалда Нью-Йорктегі "Еуразиялық демократиялық бастама" коммерциялық емес ұйымының атқарушы директоры Питер Залмаев "Орталық Азиядағы клептократия мәселесін" көтеріп, батыс елдерінің клептократтарға "табысын жасыруға" қалай көмектесетінін талдап шыққан.

Залмаев "билеуші элитасы қолындағы құзыретін мемлекет активі арқылы (көбіне мұнай, газ және өзге де пайдалы қазбалар) халық есебінен көп ақша табу үшін пайдаланатын" елдерді "клептократия" деп атайды.

Залмаев бұл байлықтың көп бөлігі шетелдік банктердегі есепшоттарға түсетінін айтып, "әлемдік банктердің клептократтарға АҚШ пен Еуропадағы табысын жасыруға қалай көмектесетінін" көрсеткен FinCEN деректерінің жариялануын мысалға келтіреді.

FinCEN Files – АҚШ қаржы министрлігінің қаржылық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі желісінің 2000-2017 жылдар аралығындағы көлемді құжаттар базасы. Бұл елдің заңнамасына сәйкес, америкалық долларда жүрген қаржылық операциялар күмән туғызса, банктер "күдікті банк операциялары туралы" арнайы форма жіберуі керек. FinCEN құжаттарына осы формалар да кіреді.

Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы (ICIJ) бұл құжаттарды зерттеп, Қазақстаннан шыққан Мұхтар Әблязов пе Ілияс Храпуновтың аты аталған есеп жариялаған.

Питер Залмаев осы дауға байланысты Орталық Азия елдеріндегі билеуші режимдер, оның ішінде Қазақстан билігі туралы ой қозғайды.

"Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы елді 29 жыл басқарғаннан кейін отставкаға кетті. Бірақ клептократиялық жүйе сақталып қалды. Назарбаевтың отбасы мүшелері мен жақын саяси серіктестері экономиканың көп саласын (мұнай, газ, табиғи шикізаттар, телекоммуникация мен банк ісі) бақылауда ұстайды. Назарбаевтың көп туысы мен саяси серіктесі қазақстандық Forbes журналының ең бай адамдар тізіміне кіреді. Оның қызы Дариғаның (2004 жылы Қазақстан парламентінің депутаты болып сайланған, 2016-2019 жылдар аралығында сенатта қызмет еткен саясаткер) байлығы 2013 жылғы есеп бойынша, 595 миллион долларды құраған. Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың қазіргі байлығы 2,9 миллиард долларға жуықтайды. Ол әйелі Динарамен бірге (Назарбаевтың екінші қызы) Қазақстандағы ең ірі Halyk банкіне иелік етеді" деп жазады Питер Залмаев.

Ол әлемдік қауымдастықты "дамыған елдерге клептократиялардан түсетін күмәнді әрі заңсыз ақша ағынын тоқтатуға барынша күш салуға" шақырады.

Залмаев "заңсыз капиталды Батысқа аудару" "ел азаматтарын қажет табыстан айырып ғана қоймай", "ақша түсетін елдерге де зардабын тигізеді" деп есептейді. Ол заңсыз капиталдың бұл елдерге әсерін былай түсіндіреді: "көлеңкелі лоббистер" мен жемқор автократияларды жақсы қырынан көрсететін "ақылы мақалалардың" көмегімен қоғамдық пікірге манипуляция жасау саяси процестерге нұқсан келтіреді.

ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ КЛЕПТОКРАТТАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕСІ

Британдық Tatler.com журналындағы "Ысырапшыл Harrods Жоғарғы сотта "МакМафия" заңы бойынша істе жеңіліп қалды" деген мақалада автор Замира Гаджиеваның Лондондағы ісі туралы жазып, Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевке қарсы қозғалған осыған ұқсас істі еске алады.

Замира Гаджиева.
Замира Гаджиева.

Бұрынғы әзербайжан банкирі Джахангир Гаджиевтың әйелі Лондондағы Harrods дейтін сауда орнында 16 миллион фунт стерлинг (21 миллион АҚШ доллары) жұмсаған. Оның күйеуі Әзербайжан халықаралық банкінің басшысы болған. Қазір ол туған жерінде алаяқтық пен өзгенің мүлкін заңсыз иемдену бабы бойынша 15 жылдық түрме жазасын өтеп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, Гаджиев банктен ондаған миллион доллар ақша жымқыруға қатысқан. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Қазақстанның Ұлттық банкі Гаджиев басқарған банкке зейнетақы қорындағы қаржыны салған. 2014 жылы Ұлттық банк Әзербайжан Халықаралық банкінің офшорлық компания арқылы шығарған облигацияларын сатып алған. Бір жылдан кейін Гаджиевтің тұтқынға алынғанына қарамастан, Ұлттық банк қолындағы құнды қағаздарды сатпаған. Екі жылдан кейін Әзербайжан банкі өзін банкрот деп жариялап, Қазақстанға 250 миллион доллар қаржысынан айырылу қаупі төнген.

2018 жылы Гаджиева Ұлыбританияда "МакМафия" заңы бойынша мүлкіне "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері (unexplained wealth orders, UWO) салынған бірінші шетелдік болды. Бұл заң қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттікке (NCA) жаңа құқықтық құрал берді. NCA әлдекім заңсыз жолмен келген ақшаға активтер сатып алды деген күдікке ілінген жағдайда осы құралды қолдана алады. 21 желтоқсанда Жоғарғы сот Гаджиеваның ордерге қарсы берген шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Енді Гаджиева өз байлығының заңды жолмен келгенін дәлелдей алмаса, Ұлыбритания билігі оның Лондондағы мүлкін тәркілеуі мүмкін.

Мақалада "Ақша жымқырғысы келген адамдардың Лондонды жақсы көруіне бірнеше себеп бар. Дамушы елдерден шыққан деспоттар мен олигархтар сапалы ақылы мектептері, қымбат дүкендері мен қаржы әлемінің орталығы болғаны үшін осы қаланы таңдайды" делінген. Автор жоғарыда аталған артықшылықтарға қоса, Ұлыбританияның бұл ақшаны "құшақ жая қабылдайтынын" атап өтеді. Материалда осының бәрі Лондонды "диктаторлар мен клептократтардың үйіне" айналдырғаны айтылады.

Басылымның хабарлауынша, билік "күмәнді капиталдарға" қарсы күресе бастаған. Бірақ Ұлыбританияның қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттігінің алдында "қиын міндет" тұр. Өйткені "үлкен ақша туралы сөз болғанда, көбі одан ажырағысы келмейді".

Лондондағы 215 - 237 Бейкер-стрит мекенжайында орналасқан ғимарат. Оның иесі Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев саналады.
Лондондағы 215 - 237 Бейкер-стрит мекенжайында орналасқан ғимарат. Оның иесі Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев саналады.

Ақпараттық ресурс сондай-ақ Лондондағы танымал Бейкер-стриттегі иесі "құпия" мүлік туралы жазады. Басылымның дерегінше, NCA бұл мүлік "[бұрынғы президент Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы], қазақстандық режимнің жемқор тобына мүше болған Рахат Әлиев жинаған қаржыға сатып алынған" деп есептейді. Tatler 2019 жылы Рахат Әлиевтің қаржысына алынды деген күдікке ілініп, ордер салынған, жалпы құны 80 миллион фунт стерлингті құрайтын Лондондағы үш жылжымайтын мүлікті де еске салады.

"NCA дерегінше, бұл мүліктер Әлиевтің бұрынғы әйелі мен ұлы, Қазақстанды 2019 жылға дейін басқарған диктатор Назарбаевтың қызы мен немересі Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевке тиесілі компаниялардың иелігіне кіреді. Лондонның солтүстігіндегі құны 9,3 миллион фунт стерлинг болатын, Highgate Golf Club гольф-клубының жанында орналасқан жылжымайтын мүлік Harrods-та Әлиевтің бұрынғы әйелінің мекенжайы ретінде сақталған. Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиев NCA агенттігінің заңсыз әрекеттер туралы мәлімдемелерін жоққа шығарады" деп жазады Tatler.com. Сәуірде Назарбаева мен Әлиев ордердің күшін жою туралы апелляция беріп, Лондондағы Жоғарғы сотта жеңіске жеткен.

Tatler дерегінше, UWO ордері бойынша қозғалған бір де бір іс әлі аяқталмаған. Соттар біресе қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттікті қолдайды, біресе апелляция берген, агенттік мүлкін тәркілемек болған тұлғалардың өтінішін қанағаттандыратын үкім шығарады.

"Бұл шегі жоқ процесс сияқты: өте қуатты заңгерлер жұмыс істейді; құқық мәселесі көтеріледі; қаржылық келісімдердің қиын тізбегі зерттеледі. Саясаткерлер ақша жымқыруға қарсы мақсатты қару болады деп үміттенген іс ақша үшін ойынға айналған. Бірақ NCA заңсыздыққа қатысы бар адамдарды жауапқа тартуға бел шеше кірісіп отыр" деп жазады Tatler.com.

Қазір NCA UWO ордері бойынша төрт істі қарап жатыр. Бірақ олардың қолында әлі зерттеуді қажет ететін 100 шақты ықтимал іс бар. Замира Гаджиеваның ісі алысқа барып, нәтиже көрсеткен процесс болды. Оның британдық сотқа берген екі аппеляциясы да қанағаттандырылған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG