Accessibility links

Эмиграцияға кетуге "итермелейтін" факторлар


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстаннан көшіп кеткендер саны төртінші жыл қатарынан ұлғайып отыр. Былтыр сырт елге кеткен адам саны көшіп келгендер санынан екі жарым еседей көп болған. Мұның себебін кей сарапшылар әлеуметтік және экономикалық қиындықтармен байланыстырса, өзгелері ұлттық саясаттың кемшіліктерінен көреді.

Қазақстан статистика комитетінің дерегінше, былтыр елден 37704 адам көшіп кеткен. 2016 жылмен салыстырғанда, кеткендер саны 7,8 пайызға көбейген. Қазақстанға өзге елдерден көшіп келгендер легі ұлғайғанына қарамастан (2017 жылы 16 081 адам келген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 20,5 пайызға артық), миграциялық процестегі теріс сальдо - 21623 адам.

Шетке қоныс аударғандардың дені ТМД елдеріне көшкен я сол елдерден Қазақстанға көшіп келген. ТМД елдерінен келгендердің үлесі - 72,1 пайыз; ТМД елдеріне кеткендердің үлесі - 89,4 пайыз. 2017 жылғы сыртқы көші-қонды талдау көрсеткендей, этникалық орыстардың көші-қон сальдосы минус 23909 адамды құраған.

ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚИМАЙТЫН АКТЕР

Этникалық орыс Андрей Кочинов Алматыда дүниеге келген. Мамандығы – драма театрының актері.

2004 жылы оқуын тәмамдағаннан кейін Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы түлегін Алматыдағы жасөспірімдер театрына жұмысқа шақырған. Бұған қоса, Кочиновке 2006 жылы жеке меншік "Лица" эксперименттік жастар театрын құрудың сәті түскен.

Актер 2006 жылдан бастап рөлдерге сынақтан өту үшін Мәскеуге бара бастаған, киноға түскен, бірақ Алматыдағы жұмысын тастамаған. 2014 жылы алматылық жобалары "тоқтап қалғаннан" кейін ол Мәскеуге кетуді ұйғарған.

Ресей армиясы орталық академиялық театрының актері Андрей Кочинов. 20 қазан 2017 жыл
Ресей армиясы орталық академиялық театрының актері Андрей Кочинов. 20 қазан 2017 жыл

- Мәскеуге барып бағымды сынап көрейін деп ұйғардым. Театрға жұмысқа тұрамын деп ойладым, өйткені актер театрдан алшақтамауы тиіс деп санаймын, - дейді Андрей Кочинов.

Мәскеуде оны Ресей армиясының орталық академиялық театры (ЦАТРА) жұмысқа алған.

- Қазір ЦАТРА-да жұмыс істеймін, шағын болса да әлдебір киножобаларға түсіп жүрмін. Бұған қоса, өзімнің "Лица" театрымды қалпына келтіргім келеді, - дейді Андрей Кочинов.

Кочинов Ресей азаматтығын 2016 жылғы желтоқсанда алғанын айтады. "Қазақстан азаматтығынан мүлде айырылғым келмеді, мүмкіндік болса көк түсті төлқұжатымды сақтап қалар едім" дейді ол. Қазір актер Мәскеуде пәтер жалдап тұрып жатыр. Жұмысқа метромен қиындықсыз жетемін дейді ол. Айтуынша, тапқан табысы шалқып өмір сүрмегенімен, жұрт қатарлы өмір сүруге жетеді.

Кочинов Мәскеуде мүмкіндік әлдеқайда көп болғандықтан болашағын ойлап қоныс аудардым деп түсіндіреді. Бірақ, Алматыда туып-өскен актер туыстарының бәрі тұрып жатқан Қазақстанды сағынатынын айтады.

Андрей Кочинов (сол жақта) актер Александр Панкратов-Черныймен бірге. Брянск, 2 қазан 2017 жыл
Андрей Кочинов (сол жақта) актер Александр Панкратов-Черныймен бірге. Брянск, 2 қазан 2017 жыл

- Егер мамандығымның болашағына байланысты болмағанда және басқа кәсіп иесі болсам сол Қазақстанда, Алматыда әлі де тұра берер ме едім. Тауларымыздың өзі, табиғатымыздың өзі неге тұрады, - дейді Андрей Кочинов.

ҚАЗАҚСТАНҒА ӨКПЕЛІ ОТБАСЫ

Елдің солтүстік аймақтарының бірінің тумасы, 23 жастағы И.Ч.-ның Андрей Кочиновтен айырмасы – ол Қазақстанға деген қимастық сезімнен ада. 28 жастағы күйеуі А.Р. екеуі Ресейге біржола көшу үшін құжаттарын өткізіп қойған. Екеуінің де арнаулы орта білімі бар. Азаттық әңгімелескен келіншектің оқыған мамандығы – қосалқы станция кезекшісі, ал темір жол станциясының кезекшісі мамандығы бар күйеуі қосымша дәнекерлеушінің "дипломын" алған. Жас отбасының бес жасар баласы бар.

Сатушыдан өзге жұмыс істеп көрген жоқпын. Мамандығым бойынша жұмысқа алмайды. Және бұл жақта баламыз дұрыс білім алып шықпайды. Негізі, бала дұрыс білім алсын деп, көбіне соның болашағын ойлап көшіп барамыз

- Мына жақта мамандығым бойынша жұмысқа тұра алмадым. Күйеуім де өз мамандығымен жұмыс істеген жоқ. Жөні түзу жұмыс жоқ. Сатушыдан өзге жұмыс істеп көрген жоқпын. Мамандығым бойынша жұмысқа алмайды. Және бұл жақта баламыз дұрыс білім алып шықпайды. Негізі, бала дұрыс білім алсын деп, көбінесе соның болашағын ойлап көшіп барамыз. Баламыздың болашағының қамы. Біздің аудандарда мектептер көбінесе қазақша оқытады. Баламның қазақша оқығанын қаламас едім, - деп түсіндіреді И.Ч. өз отбасының Қазақстаннан Ресейге көшу себебін.

И.Ч.-ның отбасы Мәскеу облысына көшпек. Оның айтуынша, ол жақта күйеуінің тұрмыс құрмаған әрі өзі Мәскеуде тұратын 30 жастағы әпкесінің үйі бар. Жұмыс жағына келсек, келіншектің сөзінше, күйеуі екеуін "ол жақта мамандықтары бойынша темір жолға жұмысқа орналастыруға уәде еткен әрі құшақ жая жұмысқа қабылдағалы отыр".

ҚАЗАҚСТАННАН КІМДЕР КЕТІП ЖАТЫР?

Ақпанда Finprom.kz сараптамалық порталы көші-қон процесін зерттеу қорытындыларын жариялады. Онда авторлар Қазақстаннан мамандар көп кетіп жатыр деген қорытынды жасаған. Зерттеу деректеріне қарағанда, 2015 жылғымен салыстырғанда өткен жылы Қазақстанға келген білікті мамандар саны 15 пайызға аз болған. Келгендердің жалпы санындағы олардың үлесі былтыр 36 пайызды құраған, ал 2015 жылы - 40,9 пайыз болған.

Әсіресе техника саласы мамандары (6,6 мың адам), экономистер (3,6 мың адам) және педагогтар (2,3 мың адам) көп кеткен. 2017 жылы Қазақстанға техника саласының 1,3 мың маманы, 841 экономист және 718 мұғалім көшіп келген. Зерттеу авторларының мәлімдеуінше, көші-қон сальдосы көрсеткіштері дәл осы үш салада нашар, яғни бұл салалардан кеткен мамандардың орны қажетінше толмайды.

Ресеймен шекарадағы темір жол. Көрнекі сурет
Ресеймен шекарадағы темір жол. Көрнекі сурет

Алдыңғы айда бірнеше қазақстандық басылым көші-қон туралы тағы бір зерттеу деректерін келтірген болатын. Кейінгі үш жылдағы сыртқы көші-қон легін талдаған зерттеу авторы сарапшы Дархан Жұмашевтың тұжырымынша, Қазақстаннан кеткен азаматтардың көбі елден оқу іздеп кеткендер емес, тарихи отанына бала-шағасымен біржола қоныс аударғандар. Оның пікірінше, қазақстандықтардың эмиграцияға кетуінің екінші маңызды себебі - күш-қайраты бар кезде (30-34 жас) жұмыс табу мүмкіндігі үлкен. Бірақ, Жұмашевтің сөзінше, халықтың табиғи өсімінің арқасында сыртқы миграцияның ұлғаюы халық санының азаюына ұласпайды. Зерттеу авторы "мемлекет жастарға білім беру мен даярлауға көп инвестиция құйып жатыр", бірақ қажетті білім алғаннан кейін мамандардың бір бөлігі елден кетіп қалатындығына қынжылады деп хабарлайды Informburo.kz сайты мен Atameken Business Channel арнасы.

ЕЛДЕН КЕТУДІҢ СЕБЕПТЕРІ

Көші-қон процестері саласының сарапшысы Елена Садовская миграцияның теріс сальдосына қатысты Азаттық тілшісіне берген пікірінде әдетте елден кетуге бірнеше себеп, солардың арасында ең әуелі экономикалық, әлеуметтік және саяси себептер түрткі болады дейді.

Жұрттың көбін жаңа өмір, перспектива, өз орнын табуға итермелеп отырған қолайсыз экономикалық себептердің бірі ретінде Садовская экономикалық тоқырауды атайды.

Көші-қон процесі бойынша сарапшы Елена Садовская
Көші-қон процесі бойынша сарапшы Елена Садовская

- Ал әлеуметтік себептерге келсек, кейінгі жылдары әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту елден кетуге итермелейтін үлкен себепке айналды. Қазақстанда зейнетке шығу жасы тіпті Ресейдің өзімен салыстырғанда жоғары екенін білеміз. Бізде әйелдер зейнетке 58 жасында шығатын, енді ол 63 жасқа дейін өседі. Бұған қоса, ауыр жұмыстағы немесе денсаулыққа зиянды мамандық иелері үшін арнайы әлеуметтік жеңілдік қарастырылған болатын, яғни бұрын олар зейнет демалысына ертерек шыға алатын, оны алып тастағанына көп жыл болды. Қазақстанда мұның бірі жоқ, сондықтан бұл да елден кетуге итермелейтін фактор, - дейді Елена Садовская.

Садовская саяси себептердің бірі ретінде көп жылдардан бері байқалып келе жатқан әрі елдегі "әділетсіз сайлаулардан" және жеке басқа табынушылықтан көрінетін саяси тоқырауды атайды.

Оқи отырыңыз: Жастардың 40 пайыздан көбі елден кеткісі келеді

Ол Қазақстанда талқыланбайтын тақырып санайтын ұлттық саясатқа ерекше назар аударады.

- Ұлттық мемлекет қалыптасқан кезде ұлттық саясат этникалық азшылықтарға қатысты кемсіту сипатында болады. Ол этникалық азшылыққа жататын ұлт өкілдеріне тегін оқуына тең жағдайда грант алуға мүмкіндік бермейді. Бұған қоса, оларға ойдағыдай кәсіби және саяси карьера жасауға мүмкіндік бермейді, - дейді Елена Садовская.

Журналист, құқық қорғаушы Андрей Свиридов
Журналист, құқық қорғаушы Андрей Свиридов

Алматы тумасы, құқық қорғаушы әрі журналист Андрей Свиридов өз деректерін келтіреді. Оның айтуынша, 1990 жылдары сол кездегі 20 аймақ (18 облыс, Алматы және Байқоңыр қалалары) басшысының алтауы немесе сегізінің ұлты "қазақ емес" болған, ал "қазір қазақ емес ешкім жоқ". Свиридовтың сөзінше, Қазақстанның солтүстігінде орыс, украин, неміс халқының саны 60 пайызға дейін жететін аудандар бар, бірақ ол жақта "бәрібір кілең қазақ" әкімдер қызметте отыр.

Свиридовтің пайымынша, кадр саясатындағы ауытқушылықтар халықтың ұлты қазақ емес бөлігінің көңіл-күйіне теріс әсер етіп, оны эмиграцияға кетуге итермелеуі мүмкін.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов болса қазақстандықтардың эмиграцияға кетуіне түрткі болатын негізгі себеп – әлеуметтік-экономикалық факторлар деген пікірде. Ол эмиграцияның астарынан әлдебір саяси себеп іздеуге үзілді-кесілді қарсы.

- Орыс этносынан басшылар жоқ дегенге келсек... Меніңше, бұл ойдан шығарылған себеп. Заң талаптарына, жұмысқа қабылдау кезінде қойылатын талаптарға сай келсе, ешкімнің басшы болуына тыйым салынбаған. Біздің заңда жоғары қызметтік орындар саны этникалық құрамға тура пропорционал болсын деген талап жоқ, - дейді саясаттанушы.

ШЕТІН МӘСЕЛЕЛЕР

Сарапшы Елена Садовскаяның пікірінше, тіл мәселесі – ең шетін мәселелердің бірі. Ол биліктің қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы шешімін жұртты эмиграцияға кетуге шынымен "итермелейтін" ықтимал факторға балайды.

Жуырда, яғни 26 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламент пен үкімет мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс деп мәлімдеген болатын.

AzatNEWS, 27.02.2018: Билік органдары тек қазақ тілінде сөйлей ала ма?

AzatNews 27.02.2018
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:17:04 0:00

Бірақ ертеңінде шенеуніктер үкіметте орыс тілін қолдануға тыйым салынбайды деп түсіндірді.

- Президент [Назарбаев] қазақ тілі мен орыс тілін ешқашан кемсітпеуіміз керек деп үнемі айтып жүр. Бұл біртіндеп, қысымсыз және асыра сілтеусіз шешілетін мәселе, - деп мәлімдеді министр Дәурен Абаев үкімет жиынынан кейін журналистерге.

Наурыздың 1-і күні парламенттегі отырыста орыс тілінде депутаттық сауал жолдаған президенттің үлкен қызы әрі сенат мүшесі Дариға Назарбаева "орыс тілін ешкім жойған жоқ" деп мәлімдеп, "өзге азаматтарымыздың" құқығын құрметтеуге шақырды.

Дариға Назарбаева тіл мәселесі туралы (1 наурыз 2018 жыл):

Журналист Андрей Свиридов тіл саясаты мәселесіне алаңдамайды. Свиридов елдің этникалық орыстар мүлде дерлік қалмаған кей аймақтарында жұрт бәрібір күнкөрісіне қолайлы санайтын орыс тілінде сөйлеп жүргеніне назар аударады. Ол биліктің тіл саясаты саласында шығарған жарлықтары мен өзге шешімдері орыс тіліне онша ықпал ете алмайды деп санайды.

Садовская Қазақстаннан непотизм (лауазымды тұлғаның туыстарын қызметте өсіруі - ред.) мен коррупцияға көндіге алмай кетіп жатқан этникалық қазақтардың үлесі артқанына назар аударады. Оның сөзінше, жұрттың көбін шетелге кетуге осы құбылыс итермелейді, оларға Қазақстаннан гөрі сол жақта жұмысқа орналасып, өз орнын табу оңайырақ.

Бұл мәселеге қазақстандық басылымдар сөзін келтірген зерттеуші Дархан Жұмашевта назар аударады. Оның айтуынша, Қазақстаннан барған адамдар "жоғары білімді, зайырлы өмір салтын ұстанатын, құқықтық қоғам принциптеріне үйренген, Қазақстанмен байланысын үзбей, тіпті бизнесін сақтап қала алатын болғандықтан, кез-келген жерге тез сіңіп кетеді".

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG