Accessibility links

ҰҚК-нің запастағы полковнигі шетелден саяси баспана сұрайды


ҰҚК-нің запастағы полковнигі Елжан Тұрсұмбеков Лозаннада. 22 қараша 2017 жыл.

ҰҚК-нің запастағы полковнигі Елжан Тұрсұмбеков саяси баспана сұрап, Швейцария билігіне өтініш бергенін айтады. Бұған қоса, ол құқық қорғау ұйымдарынан әйелі екеуін Қазақстанда саяси себептермен қудаланған деп тануды сұрайды.

Азаттық редакциясына өзін ҰҚК-нің (ұлттық қауіпсіздік комитеті – ред.) запастағы полковнигі деп таныстырған 51 жастағы Елжан Тұрсұмбеков хабарласты. Тұрсұмбековтің айтуынша, ол 2016 жылы зейнет демалысына шыққан. А.Т. есімді астаналық тұрғынмен азаматтық некеде тұрған, екі ұлдары бар.

Елжан Тұрсұмбековтің сөзінше, ол қазір Лозанна қаласында (Швейцария) тұрып жатыр әрі «ҰҚК-нің бұрынғы генералы Дүтбаевтың қылмыстық ісі аясында отбасымды қудалады» деп саяси баспана алу үшін сол жаққа құжаттарын өткізген. Әйелі заңсыз миграция ұйымдастыру ісі бойынша Астанадағы пәтерінде үйқамақта отыр. Елжан Тұрсұмбеков пен әйелінің екі баласы да әлгі пәтерде тұрып жатыр.

Бұған қоса, Тұрсұмбеков әйелі екеуін Қазақстанда саяси себептермен қудаланғандар тізіміне қосуды сұрап Amnesty International ұйымы мен Қазақстандағы адам құқығы бюросына өтініш жолдағанын айтты.

ҚАШЫП КЕТКЕН ЗАПАСТАҒЫ ПОЛКОВНИКТІҢ ІСІ

Азаттық тілшісімен әңгімесінде Елжан Тұрсұмбеков өзін «чекистпін» деп, әкесі Хамит Тұрсұмбеков бұрынғы Совет одағының арнайы қызметінде жұмыс істегенін айтады. Елжан Тұрсұмбековтің сөзінше, 2016 жылы ҰҚК полковнигі шенінде зейнетке шыққан. Қазақстаннан кеткенге дейін, яғни 2017 жылғы тамыздың 7-сіне дейін Астанада азаматтық некедегі әйелі және екі ұлымен бірге тұрған.

Елжан Тұрсұмбеков «қазақстандық арнайы қызмет өзін тұтқындайды деп күдіктеніп, елден қашуына тура келген». Биыл сәуірде ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың ісіне қатысты куәгер ретінде өзін тергеген кезде ол «тергеушілерге қажетті дерек айтпаған».

ҰҚК бұрынғы төрағасы Нұртай Дүтбаев.
ҰҚК бұрынғы төрағасы Нұртай Дүтбаев.

- ҰҚК-нің екі генералына қатысты жалған куәлік етуімді сұрады. Оларға қолымда мұндай ақпарат жоқ, сондықтан олай куәлік ете алмаймын дедім. Өйткені ондай жағдай шынымен болған жоқ. Олар [тергеушілер] маған «бұл ісіңе әлі өкінетін боласың» деп ескертті, - дейді Елжан Тұрсұмбеков.

Арнайы қызмет тергеушілері мен Тұрсұмбеков арасындағы оқиға Erik Klyshbayev (Ерік Қылышбаев) деген интернет қолданушының 2017 жылғы 25 қыркүйекте Facebook желісінде жарияланған «Қазақстан президентінің алдына түсетін шулы істер ҰҚК-де қалай ұйымдастырылады» деп аталатын мақаласында жан-жақты сипатталған. Тұрсұмбековтің Азаттық тілшісіне айтуынша, ол Қылышбаевқа «үш тәулік бойы сұхбат берген».

Тұрсұмбековтің Азаттық тілшісіне айтуынша, ҰҚК әйелінің ісі бойынша тергеуге шақыра берген соң елден қашуына тура келген. Оның сөзінше, 31 шілдеде тергеуге шақырту алған, бірақ тергеу 7 тамызға белгіленгені анық есінде. Тұрсұмбеков «әуелі куәгерлікке алдап шақырып алып, сосын күдіктіге айналдырып, тұтқындауы мүмкін» деп қорыққан. Кейін ол 15 жастағы үлкен ұлы мен 10 жастағы кіші баласын алып 7 тамызда Қазақстаннан Швейцарияға қашып кеткен. Оның қалай қашқаны және Астанадан кедергісіз ұшып кету үшін қандай амалдарға жүгінгені жайлы 2017 жылғы 13 қарашада Facebook желісінде Erik Klyshbayev (Ерік Қылышбаев) аккаунтында жарияланған «Қазақстан ҰҚК-дегі бандитизм мен оны бүркемеушілер» деген жазбада сипатталған.

Тұрсұмбековке берілген зейнеткерлік куәлік.
Тұрсұмбековке берілген зейнеткерлік куәлік.

Елжан Тұрсұмбеков бұл екі мақаланың авторы мен емеспін деп мәлімдейді. Бірақ Тұрсұмбеков Францияда тұратын, бірнеше тіл білетін Ерік Қылышбаев деген әлдебір журналистке сұхбат бергенін растайды. Елжан Тұрсұмбековтің айтуынша, Ерік Қылышбаев ҰҚК полковнигі сұхбатына негізделіп бірнеше мақала жазған. Әлгі мақалаларда мемлекеттік мекемелер, қоғамдық және саяси ұйымдарда ҰҚК агенттері бар екені, банкир Ержан Тәтішевті қастандықпен өлтіруге нақты кім тапсырма бергені (Елжан Тұрсұмбековтің болжамынша, ол Мұхтар Әблязов емес) туралы айтылған.

Әлгі мақалаларда Тұрсұмбеков ҰҚК қызметкерлері мен кейбір шенеуніктерді әшкерелейтін мәліметтер айтылған. Сондықтан Азаттық тілшісі ҰҚК полковнигі Тұрсұмбековтен «Қазақстан арнайы қызметі сізді ұрлап әкетуге немесе көзіңізді жоюға әрекеттенген жоқ па?» деп сұраған еді. Бұл сұраққа Тұрсұмбеков «Бұрын бұған негіз бар деп ойлаған жоқпын, өйткені 10 қарашаға дейін Қазақстанда үстімнен қылмыстық іс қозғалғанын білген жоқпын» деп жауап берді.

Тұрсұмбеков өзінен сұхбат алғысы келген бір журналистің Францияға қайта-қайта шақыруынан секем алып қалғанын айтады. Тұрсұмбековтің сөзінше, Қазақстан билігі қолға түсіруге жанталасып жатқан оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов, Францияда тұрып жатуы мүмкін. Сондықтан оның жорамалынша, қазір ол жақта өзін ұрлап әкетіп, Қазақстанға жеткізе алатын қазақстандық арнайы қызметтің құпия агенттері көп жүр. ҰҚК-нің полковнигі «осы себеппен Францияға шақырған өтініштен бас тарттым» дейді.

Көп ұзамай, қарашаның 10-ынан кейін Тұрсұмбеков электронды сандық қолтаңбасының көмегімен онлайн-сот кабинетіне кіріп, өзіне халықаралық іздеу жарияланғанын анықтаған. Қаулының фотокөшірмесін биыл қарашаның 14-інде Facebook желісінде Erik Klyshbayev (Ерік Қылышбаев) жариялаған.

2017 жылғы қазанның 18-інде Астана қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Ақмарал Исаева шығарған қаулыда Елжан Тұрсұмбеков қылмыстық іс бойынша күдікті деп көрсетілген. Ал қазанның 18-інде жедел тергеу тобының жетекшісі, ҰҚК подполковнигі Д.Тәжіғұловтың қаулысымен Елжан Тұрсұмбековтың ісі қылмыстық кодекстің 273 бабына (Терроризм туралы көпе-көрнеу жалған хабарлау) жатқызылған.

Қазанның 18-і күні судья тағы бір қаулысымен Елжан Тұрсұмбековке «қамау түріндегі бұлтартпау шарасы сырттай белгіленіп», оған іздеу жарияланды.

Тұрсұмбековке халықаралық іздеу жариялау туралы сот шешімінің көшірмесі.
Тұрсұмбековке халықаралық іздеу жариялау туралы сот шешімінің көшірмесі.

​Судья Исаева Тұрсұмбеков «қасақана аса ауыр қылмыс жасаған, ал қазіргі кезде қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, қылмыстық істі жан-жақты әрі әділ тексеруге кедергі келтіріп жүр» деп топшылаған. Бұған қоса, Елжан Тұрсұмбековке халықаралық іздеу жариялауға санкция берген.

Халықаралық іздеу жариялау туралы сот қаулысына қатысты шағым түсірмеген, сондықтан Елжан Тұрсұмбеков қазір ол күшіне енген деп топшылайды. Қазақстанда оның адвокаты жоқ, тиісінше елде оның мүддесін қорғаумен әзірше ешкім айналысып жатқан жоқ.

Тұрсұмбековке халықаралық іздеу жариялау туралы сот шешімінің екінші бетінің көшірмесі.
Тұрсұмбековке халықаралық іздеу жариялау туралы сот шешімінің екінші бетінің көшірмесі.

​Елжан Тұрсұмбековтің айтуынша, ертеректе ол шынымен ҰҚК-ге телефон соғып, қолында ықтимал террорлық актіге дайындық жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат барын хабарлаған. Бірақ ол ҰҚК-ге хабарламасы болжам екенін, ақпаратты тексеру қажет деп ескерткен. Сондықтан Тұрсымбеков өзіне тағылған айыпты қисынсыз әрі заңсыз деп санайды.

Бұдан бөлек, Елжан Тұрсұмбеков ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың ісі бойынша қажет куәліктер беруге көндіру үшін ҰҚК осындай амалмен «қолға түсіргісі» келеді деп топшылайды. Өзіне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.

Запастағы ҰҚК полковнигінің сөзінше, «Дүтбаевтың ісін тергеушілер әйелінің үстінен қылмыстық іс қозғап, балаларына қатысты қоқан-лоқы жасау әрекеттерінен түк шығара алмаған. Кейін ҰҚК терроризм актісі туралы жалған хабарлама жолдады деген айыппен істі қолдан құрастыруға мәжбүр болған».

ӘЙЕЛ, БАЛА-ШАҒАСЫНА ҚЫСЫМ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР МА?

Тұрсұмбековтың сөзінше, 2017 жылғы сәуірде ол ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың ісі бойынша тергеушілерге ұнамды сипатта куәлік етуден бас тартқаннан кейін ҰҚК-нің тергеу органдары оған қысым жасау үшін әйелінің үстінен қылмыстық іс қозғап, бизнесіне кедергі келтіре бастаған. Тұрсұмбековтің мәлімдеуінше, олар әйелін қылмыстық топ құрамында лауазымды тұлғаға пара беру, заңсыз миграция ұйымдастыру және қылмыстық топты ұйымдастырып, оған басшылық ету баптарымен айыптап, оның үстінен істі «ойдан құрастырған». Ақыры тергеу соты оны екі айға қамауға алуға санкция беріп, 2017 жылғы 28 маусымда әйелі Астананың ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына қамалған.

- Оны қылмыстық қудалаудың астарында саяси себеп бар. Әлгі заңсыз миграцияны ұйымдастырудың іс жүзіндегі басшысы мен болған деп айтуын өтініп, жұбайымды маған қарсы куәлік етуге үгіттеген, - дейді Елжан Тұрсұмбеков.

Тұрсұмбековтің айтуынша, әйелін қамаудан босатып, тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстырған 18 тамызда ол ұлдарын Астанаға жіберген.

Тұрсұмбековтің айтуынша, үйқамақта отырған әйелін тергеушілер күнкөріс үшін қажет ақшасынан айырып қысым жасап отыр, әйелінің және өзінің есеп-шоттары бұғатталған. Тұрсұмбековтің сөзінше, әйелін өз достарынан да оқшаулап тастаған.

- Отбасымды оқшаулап тастау үшін және қаржылай көмектеспеуі үшін олар [тергеушілер] достарымның үйіне тінту жүргізіпті, - дейді Елжан Тұрсымбеков.

Сондықтан ол ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке хат жазуға мәжбүр болған.

Елжан Тұрсұмбеков Кәрім Мәсімовке арналған өтінішін 19 қыркүйекте Facebook желісінде Yelzhan Tursumbekov деген аккаунтпен жариялаған. Онда «тергеуші Едошеев Д. [А.Т.] қылмыстық істі тергеу аясында Қазком мен Сбербанктегі екі несие картамды бұғаттады. Кәмелетке толмаған екі балам және әйелім ақшасыз қалды. Шара қолдануыңызды сұраймын» деп жазылған.

Елжан Тұрсұмбековтің сөзінше, әйеліне қатысты алғашқы тергеу адвокаттың қатысуынсыз өткен әрі ҰҚК тергеушісі әйеліне тергеу абақтысына қамаймын деп қоқан-лоқы жасаған. Кәмелетке толмаған екі баласын «тәжірибелі тәрбиешілер дұрыстап қайта тәрбиелеп шығу үшін балалар үйіне жіберемін» деп те қоқан-лоқы жасаған.

Елжан Тұрсұмбековтің әйелінің адвокаты Марслен Бабашев Азаттық тілшісімен әңгімесінде Тұрсұмбековтің әйеліне қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылғанын растады, бірақ олар бір мезгілде емес, тергеу барысында біртіндеп тағылған. Бұған қоса, ол Тұрсұмбековтің әйелінің есепшоты бұғатталғанын да растады. Ал Елжан Тұрсұмбековтің банк карталарының бұғатталуы туралы ештеңе айта алмады, себебі ол - Тұрсұмбековтің адвокаты емес.

Адвокат Марслен Бабашев.
Адвокат Марслен Бабашев.

Адвокат Бабашевтің айтуынша, заңда мұндай жағдайда қылмыстық жолмен сатып алынған немесе қылмыстық жолмен тапқан ақша ғана бұғатталатыны көрсетілген. Бірақ тергеу соты клиентінің бүкіл мүлкіне бұғаттап, құқығын бұзып отыр. Адвокаттың айтуынша, қорғауындағы клиентінің «қылмыстық әрекеттермен айналыспай тұрған кезде» сатып алған мүлкіне ғана қамау салынуы тиіс болған, бірақ қорғаушы тараптың мұндай уәждерін тергеу соты да, кейін өткен апелляциялық сот та елемеген. Бұдан бөлек, адвокат Бабашевтің сөзінше, тергеушілер мен тергеу соты клиентінің үй қамағанда отырғандар үшін заңда қарастырылған екі сағаттық серуенге шығу құқығын бұзып отыр.

Бабашевтің айтуынша, 28 қарашада процессуалдық сот клиентінің үй қамағында ұстау мерзімін тағы екі айға, яғни 28 қаңтарға дейін ұзартқан.

Ал Тұрсұмбековтің «отбасым күнкөріске қажет ақшасыз қалды» деген сөзіне қатысты адвокат Бабашев комментарий бере алмады, өйткені бұл мәселе оның құзырына жатпайды. Есесіне бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне Тұрсымбековтің балдызы – әйелінің сіңлісі растады. Балдызының сөзінше, Елжан Тұрсұмбековтің отбасы күнкөріс ақшасынан шынымен қағылған. Сондықтан туыстары шамасы жеткенше қарайласып отыр. Оның сөзінше, бірақ бұл көмек балалардың оқуына жетпейді

ЭПИЛОГ ОРНЫНА

Елжан Тұрсұмбеков Азаттық тілшісіне «Швейцарияда саяси баспана алу үшін қажет құжаттарымды әзірлеген адвокатым бар, оларды тиісті органдарға қарашада жолдағанмын» деді. Енді Тұрсұмбеков өтінішін қарау нәтижесін күтіп отыр.

Ал Тұрсұмбековтің «әйелі екеуін Қазақстанда саяси себептермен қудаланған адамдар» деп тануды сұрап, Қазақстандағы адам құқығы бюросы мен Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымына жолдаған өтініштеріне әзірше жауап келмеген. Қазақстандағы адам құқығы бюросы өкілдері Азаттық тілшісінің Тұрсұмбековтің өтінішіне қатысты сұрағына «өтінішін алдық, бірақ бюро бұл мәселені өздігінен шеше алмайды, өйткені ол бірнеше құқық қорғау ұйымы өкілдері кіретін саяси тұтқындарды қорғау комитетінің алқалы отырысында қараулы тиіс» деп жауап берді.

Amnesty International ұйымы кеңесшісі Татьяна Чернобиль Азаттық тілшісіне «ұйымның Лондондағы бас кеңсесіне хабарластым, бірақ ол жақтағылар Тұрсұмбековтің әлгі өтінішін алғанын я алмағанын растай алмады» дейді.

Азаттық Елжан Тұрсұмбековтің «әйелім екеуіміз саяси себеппен қылмыстық қудалауға ұшырадық және ҰҚК тергеушілері отбасыма қысым көрсетіп отыр» деген мәлімдемелеріне қатысты ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке сауал жолдаған болатын. Ол жақтан әзірше жауап келген жоқ.

Азаттық тілшісіне Елжан Тұрсұмбеков Швейцарияда мерзімі 2018 жылғы ақпанда бітетін туристік визамен жүргенін айтты. Лозанна қаласында пәтер жалдап тұрады. Тұрсұмбеков «қолымдағы ақша ақпанға дейін жетуі тиіс» дейді. Азаттыққа жолдаған хатында қазір тұрып жатқан мекенжайын көрсеткеніне қарағанда, ол ешкімнен тығылмайтын тәрізді. Оның жағдайын шетелдік төлқұжатын жоғалтып алғаны қиындатып тұр. Төлқұжатын қалпына келтіруге тырысқан әрекетіна түк шықпаған. Консулдық оған Қазақстанға дейін жетуге ғана жарамды анықтама берген. Ол Лозаннада жергілікті полиция берген анықтамамен жүр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG