Accessibility links

«Мемлекеттік құпия» ісі бойынша Дүтбаев үкімі өзгермеді


ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев. Алматы, 5 сәуір 2012 жыл.

Апелляциялық сот ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың шағымын қанағаттандырудан бас тартып, оны мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін айыпты деп тапты. Дүтбаевқа қарсы "қаржы жымқыру" туралы екінші іс қозғалған. Ол істе Дүтбаевтың інісі мен парламенттің бұрынғы депутаты аталады.

Астанадағы қылмыстық істер бойынша апелляциялық алқа қазанның 18-і күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Алқа оған "мемлекеттік құпияны жариялау" туралы алдыңғы сотта шыққан үкімді де сол күйі қалдырды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Нартай Дүтбаевтың туысы оның адвокаты Негмат Исергеповке сілтеме жасай отырып хабарлады. Адвокат Исергепов сот аяқталған бетте Дүтбаевқа бару үшін Астананың ҰҚК тергеу абақтысына кеткен. Қазір онымен хабарласу мүмкін болмай тұр.

АЙЫПТАЛУШЫЛАРСЫЗ ҚАРАЛҒАН АПЕЛЛЯЦИЯ

Өзінің апелляциялық арызында Нартай Дүтбаев оған шыққан үкімнің күшін жоюды сұраған. Өйткені ол сот шешімін негізсіз деп санайды. Апелляциялық сотқа Нартай Дүтбаев пен сотқа қатысуға өтініш түсірген тағы үш айыпталушы қатыспады. Сот қаулысы жабық есік жағдайында жарияланғанын Дүтбаевтың туыстары хабарлады. Олар шешімді сот ғимараты жанында жүріп күткен.

Апелляциялық соттың шешімімен үкім заңды күшіне енеді. Шешімге қарсы енді кассациялық арыз түсіруге болады. Нартай Дүтбаевтың туыстары оның өзінің позициясын білмегендіктен, апелляциялық сот қаулысына қатысты пікірлерін айтпады.

Нартай Дүтбаевтың туыстарының адвокат Негмат Исергеповке сілтеме жасай отырып хабарлауынша, апелляциялық сот істегі басқа айыпталушылар - Нұрлан Хасен мен Ерлан Нұртаевтың жазаларының ширегін қысқартқан. Оларға рақымшылық актісі (Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған - ред.) қолданылған. Әзірге "Дүтбаев ісіндегі" тағы бір сотталушы Раис Мұратовқа қатысты қандай апелляциялық қаулы шыққаны белгісіз.

Нартай Дүтбаевтың ҰҚК төрағасы кезінде түскен суреті.
Нартай Дүтбаевтың ҰҚК төрағасы кезінде түскен суреті.

Әскери соттың баспасөз қызметінде Азаттық тілшісіне апелляциялық соттың шешімі туралы ақпарат беруден бас тартып, кейінірек хабарласуды өтінді.

Ақмола гарнизонының әскери соты 2017 жылы тамыздың 24-і күні ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевты жеті жыл алты айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Оған "мемлекеттік құпияны жариялады" және "қызметін асыра пайдаланды" деген айыптар тағылған. Осындай айыптаулар бойынша "Дүтбаев ісіндегі" тағы үш күдікті түрлі мерзімдерге сотталған. Ол үш адамның екеуі Дүтбаевтың туысы: күйеу баласы Нұрлан Хасен - бес жылға, туысы Ерлан Нұртаев үш жыл алты айға сотталған. Раис Муратов бес жыл бас бостандығынан айырылған.

Нартай Дүтбаев ҰҚК-ні 2001 жылдың желтоқсанынан 2006 жылдың ақпанына дейін басқарған. 2016 жылы желтоқсанның 26-сы оны ҰҚК қызметкерлері ұстаған. Сол күні Нұрлан Хасен мен Ерлан Нұртаев та ұсталды. БАҚ ақпаратына қарағанда, олар ішкі істер органдарында жұмыс істеген. Сотқа дейінгі тергеуді ҰҚК жүргізді.

Биыл тамыздың 24-і күні Нартай Дүтбаевты Ақмола гарнизоны әскери соты жоғарыда жазылған айыптар бойынша жеті жарым жылға соттап, мемлекеттік қызмет атқаруына өмір бойы тыйым салған.

Мұндай үкім шыққаны бірден хабарланбады: істің алғашқы сот инстанциясында аяқталғаны туралы ресми ақпарат қыркүйектің 11-і ғана тарады.

Оқи отырыңыз: Нартай Дүтбаев ісінің құпиялары

Дүтбаевтың үкіммен келіспегені белгілі. Оның апелляциялық шағымын Астана соты қазанның 11-і қарай бастаған.

Нартай Дүтбаевтің қызы Анар Дүтбаева мен оның адвокаты Негмат Исергепов бұл іс туралы алғаш рет Facebook желісінде қыркүйектің 20-сы күні хабарлады.

Нартай Дүтбаевтың әйелі Халида Бичурина қазанның 4-і күні Facebook пен YouTube-те Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жариялаған. Ол ҰҚК Дүтбаевты күйеубаласы мен туысын құтқаруға, айыбын жартылай "мойындауға мәжбүрледі" дейді, бірақ Дүтбаевтың әйелі ерінің айыбы жоқ екенін айтады. Әйелінің сөзінше, "Туысы мен күйеубаласын соттау дұрыс нәтиже бермегеннен кейін, Дүтбаевқа әсер ету тетігі ретінде 2017 жылы қыркүйектің 28-і күні оның інісі ұсталған".

ДҮТБАЕВТЫҢ ЕКІНШІ ІСІ НЕМЕСЕ «КАЗИМПЭКС»

Қыркүйектің 27-сі күні Нартай Дүтбаевқа қарсы «Казимпекс» республикалық орталығы» жабық акционерлік қоғамындағы мүлікті талан-таражға салды» деген күдікпен екінші іс қозғалды.

«Казимпекс» - жарғылық капиталы жүз пайыз мемлекеттік компания. Ол 2001 жылы қазанның 21-і күні ҰҚК-нің «Алтын әскер» республикалық мемлекеттік мекемесін қайта құру арқылы құрылған. Компанияны пайдалану құқығы ҰҚК қолында. Компания ҰҚК бөлімшелерінің шаруашылық, көлік-қатынас жұмыстарын атқарады.

Бұл іс бойынша Нартай Дүтбаевтың інісі Рүстембек Дүтбаев пен тағы бір адам - Орынбасар Қалқабаев күдікке ілінген. Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге қарағанда, Қалқабаев 2002 және 2004 жылдар аралығында «Казимпэкс» жабық акционерлік компаниясының бас директоры орынбасары болған. Ол бұл компаниядан парламент депутаты болып Жамбыл облысындағы № 33 округтен сайланған кезінде кеткен. Парламентте Қалқабаев парламентте экология және жер қойнауын пайдалану комитетінде және «Нұр Отан» президенттік партиясының парламенттегі фракция құрамында жұмыс істеген.

Қыркүйектің 28-і күні Астана соты бұл екі адамды екі айға қамау туралы шешім шығарған. ҰҚК Tengrinews сайтына қазанның 10-ы күні тергеудің аяқталғанын хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG