Accessibility links

Жастардың 40 пайыздан көбі елден кеткісі келеді


Алматы көшесіндегі жастар. 9 желтоқсан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Тамыр-таныс арқылы жұмысқа орналасу, карьера жасаудың қиындығы және өзге себептерге байланысты Қазақстан жастарының 40 пайыздан көбі елден кетуді жөн көреді. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанындағы орталық зерттеушілері осындай қорытынды жасаған. Жастар туралы мемлекеттік емес зерттеу авторлары жас азаматтарды шетелге кетуге мемлекет пен қоғам итермелейді деп санайды.

ҚАБІЛЕТТІ ЖАСТАРДЫ ТРАЙБАЛИЗМ ҮРКІТЕДІ

Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, 21 жастағы Әлібек Жахиннің шетелде тұрып жатқанына бесінші жылға айналған. Будапештегі жоғары оқу орнының соңғы курсында оқыған кезде оны Венгриядағы танымал компания жұмысқа шақырған. Қазақстандық жігіт әлгі ұсынысты қабыл алған.

- Меніңше, жастар Қазақстанда не болып жатқанын, жалпы әлемдегі жағдайды көріп отыр. Көп жайттарға жастардың көңілі толмайды, мысалы, қарапайым халық үшін мүмкіндік жоқ. Мәселен, біздің ел трайбализм былығына әбден батқан ғой. Менің ойымша, жұрттың көбі осы трайбализмнің кесірінен елде қалғысы келмейді. Мен үшін ең бастысы – бәрі әділ болғаны керек, трайбализм, тамыр-таныстық деген дүниелерге тап болғым келмейді, - дейді Әлібек Жахин.

Венгрияда тұратын қазақстандық Әлібек Жахин.
Венгрияда тұратын қазақстандық Әлібек Жахин.

Жас жігіт көп ұзамай Қазақстанға оралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ мемлекеттік немесе бюджеттік мекемелерден гөрі халықаралық компанияларда жұмыс істегенді дұрыс санайды.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанындағы "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген "Қазақстан жастары - 2017" баяндамасына сәйкес, қазақстандық жастардың 5,8 пайызы туыстық байланыстарды пайдаланбай карьера жасауға, әділ өрлеуге мүмкіндік жоқ деп білетіндіктен елден кетуге бейіл. Қарашаның аяғында қорытындысы жарияланған зерттеуде Қазақстанның түрлі аймақтарында тұратын 14-29 жас аралығындағы екі мың адам қамтылған. "Егер Қазақтаннан кеткіңіз келсе, оның себебі неде?" деген сұраққа сауалнамаға қатысқан жастардың 59,6 пайызы "Қазақстаннан көшкім келмейді" немесе "Қазақстаннан кеткім келмейді" деп жауап берген. Ал қалғаны - 40 пайыздан көбі елден кеткісі келетінін айтып, оның белгілі бір себебін атаған. Жауаптар реті былай түзілген: "әлемді көру үшін" (17,4 пайыз), "сапалы білім алу үшін" (10,7 пайыз), "материалдық жағдайымды жақсарту үшін" (8,4 пайыз), жұмысқа орналасу мақсатында (6,8 пайыз), "Қазақстанда болашағым жоқ әрі кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндігім жоқ" (5,5 пайыз), тарихи отанына оралу үшін (2 пайыз), "менталитетім қазақстандықтардың менталитетіне үйлеспейді" (1,1 пайыз), "мұнда өмір сүру қауіпті бола бастады" (0,6 пайыз), құбылмалы климаты ұнамайды (0,8 пайыз), жауап беруге қиналамын (2,3 пайыз).

"Егер Қазақтаннан кеткіңіз келсе, оның себебі неде?" деген сұраққа берілген жауаптарды реті. "Қазақстан жастары - 2017" баяндамасынан алынды.
"Егер Қазақтаннан кеткіңіз келсе, оның себебі неде?" деген сұраққа берілген жауаптарды реті. "Қазақстан жастары - 2017" баяндамасынан алынды.

Азаттықтың "Жауаптарда "саяси ахуалға наразымын" деген нұсқа неге жоқ?" деген сұрағына "Жастар" зерттеу орталығының бас сарапшысы Фарида Мұсатаева тізімде оған ұқсас жауаптар, мысалы, "менталитетім қазақстандықтардың менталитетіне үйлеспейді", "мұнда өмір сүру қауіпті бола бастады" деген позициялар бар деп жауап берді.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты жастар саясаты департаментінің өкілі Лира Райысова "қазір ведомство мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істегісі келетін кандидаттарды әділ іріктеу тәсілдерін әзірлеп жатыр, бірақ жеке меншік секторға ықпал ете алмаймыз" дейді.

- Егер мемлекеттік органдар жайлы айтсақ, біз ең әуелі ашық, транспарентті конкурстық іріктеуді қамтамасыз етуге тиіспіз. Қазір бұл мәселемен мемлекеттік қызмет істері агенттігі айналысып жатыр, іріктеу жүйесін біртіндеп жетілдіріп келеміз, үлкен реформа жүргізілді. Меніңше, мемлекеттік қызметке лайықты адамдар өту үшін жағдай жасалып жатыр. Егер жеке меншік компаниялар жайлы айтып отырсаңыз, менің пікірімше, олардың басшылары білікті, сауатты мамандардың жұмысқа келуіне мүдделі болуы тиіс. Бұл жағынан таңдау еркі жұмыс берушілердің өзінде, - дейді ол.

Алматыда мерекелік шараны қоршаудың сыртынан қарап тұрған балалар мен ересек адамдар.
Алматыда мерекелік шараны қоршаудың сыртынан қарап тұрған балалар мен ересек адамдар.

"ШЕТЕЛГЕ КЕТУГЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗІ ИТЕРМЕЛЕЙДІ"

25 жастағы Шерзад Омаров экономика және қаржы магистрі дәрежесін алу үшін 2015 жылы Германияға оқуға кеткен. "Сапалы білімі" жемісін беріп, оқуын бітірер сәтке қарай жас жігіт жұмысқа шақырған ұсыныстар ала бастаған. Ол металлургиялық компанияға жобалар жөніндегі менеджер болып орналасқан, қазір Ресейде жұмыс істейді. Шерзадтың сөзінше, "компания оны дамытуға мүдделі", ол жұмыс берушіні таңдағанда осы жағына мән бердім дейді. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ол Қазақстанға оралуды ойламаған, өйткені халықаралық компанияларда жұмысқа орналассам мүмкіндік көбейеді деп санаған.

- Кейін Қазақстанға оралуды ұйғарып жатсам, тәжірибе керек болады ғой деп халықаралық компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинағым келді. Қазақстанда екінің бірінде магистр дәрежесі бар әрі оның бәлендей пайдасы жоқ. Ал халықаралық жұмыс тәжірибесі бар маманға сұраныс болады. оқуымды бітіргеннен кейін жұмыс істеу үшін бірден Қазақстанға кетпегенім сондықтан, - дейді ол.

Қазақстандық Шерзад Омаров Римге саяхаты кезінде.
Қазақстандық Шерзад Омаров Римге саяхаты кезінде.

Бірақ шетелде жұмыс істейтін Шерзад Омаров та, Әлібек Жахин де Қазақстан азаматтығынан бас тартқысы келмейді.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, қазақстандық жастардың көбі шетелге уақытша – бір жылдан 10 жылға дейінге мерзімге кеткісі келеді. Ол 2016 жылы өзінің қосалқы авторлығымен жарияланған "Орталық Азия жастары: Қазақстан" (Youth in Central Asia: Kazakhstan) деп аталатын мемлекеттік емес зерттеуге сілтеме жасайды. Қазақстанның түрлі аймақтарында тұратын бір мыңнан аса жасты қамтыған зерттеуді Фридрих Эберт қоры әзірлеген. Зерттеуге сәйкес, респонденттердің 10,6 пайыздан көбі Қазақстаннан кеткісі келетінін мәлімдеген.

- Бір қызығы, шетелге көшіп, сол жақта біржола қалғысы келетіндер ауыл жастарының арасында көп те, қала жастарының көбі елге қайта оралғысы келетінін айтқан. Жастардың елден көшкісі келуінің негізгі себептері – тұрмыс сапасы, жеке басына қатысты себептер, карьера. Жастардың 4,8 пайызы азаматтығын ауыстырғысы келетінін айтқан, олардың көбі "Қаржылық жағдайыңыз қандай?" деген сұраққа "Нашар" деп жауап берген. Бұған қоса, кеткісі келетіндердің арасында сауалнама жүргізілген сәтте тұрақты жұмысы немес оқуы жоқтар көп болды, - дейді зерттеу қорытындыларымен бөліскен саясаттанушы.

Толғанай Үмбетәлиева азаматтығын ауыстырғысы немесе елден біржола көшкісі келетін жастар онша көп емес, бірақ болашақта ондайлар көбеюі мүмкін деп санайды.

- Қазір әлемде өмір сүруге өте жайлы мемлекеттер мен азаматтары кеткісі келетін елдер бар екені түсінікті. Түрлі елдердегі өмір сүру сапасының теңсіздігі адамдардың бір елден екінші елге көшуіне түрткі болады. Ал кей адамдар мемлекет ауыстыруды өз өмірін өзгерту амалы ретінде қарастырады, бірақ өз елінде тұрып, өмір сүру жағдайын өзгертуді ойламайды. Ал мұндай пікір, көзқарасты мемлекет, білім беру жүйесі және қоғам қалыптастырады, сондықтан азаматтар өз еліне енжар болмай, "жеңіл өмірді" іздемесі үшін азаматтық белсенділікті қалыптастырып, ынталандыру қажет, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Бірақ жастар арасында азаматтық белсенділікті қалыптастыру оңай шаруа емес тәрізді. Эберт қорының зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда респонденттердің 40 пайыздан көбі "саясатқа араласуға", "азаматтық бастамаларға қатысуға" "онша құлқым жоқ" деп жауап берген, ал 30 пайыздан астамы саяси өмірге араласуға "мүлде құлқы жоғын" айтқан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG