Accessibility links

Осы апта үкімет жастар мәселесін қарады. Төрт миллион жастың жартысына жуығы сауда саласында не ауылда «жұмыс істейді». Өндірісте жастар аз. Олардың мәселелелерін шешуге түрлі ұсыныстар айтылады.

Үкімет деректеріне қарағанда, Қазақстанда 14 пен 29 жас аралығында төрт миллионнан астам жас азамат бар. Олардың ішінде «экономикалық белсенді», яғни жұмыс істеуге жасы жеткендері - 2,3 миллион. Осы «экономикалық белсенді» жастардың 26 пайызы (шамамен 600 мың адам – авт.) мектеп қана бітірген. Ал 16 пайыздан астамы ауылдарда «жұмыс істейді».

«ЖҰМЫС АУЫР, ТАБЫС АЗ»

Шығыс Қазақстан облысындағы Тасбастау ауылында тұратын 26 жастағы Бақытбектің (аты-жөнін толық айтпады – ред.) жоғары білімі жоқ. «Мектепті бітіргеннен кейін колледж не университетке тапсырмаған. Қазір ауылда мал бағып күн көреді».

- Жазда шөп шауып, шөп түсіріп ақша табамын. Қыста қи оямын, малдың кезегін жайып, ақы аламын. Өскеменге барып базарда ұн түсіріп, «грузчик» болып жұмыс істедім. Жұмыс ауыр, табыс аз болған соң ауылға қайтып келдім. Мектепте оқымағаныма, тестке (ҰБТ-ред) бармағаныма қатты өкінемін, - дейді ауыл жасы.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі дерегіне қарағанда, Қазақстандағы жастардың ширек бөлігі мектеп қана бітірсе, 32 пайызы колледждерде оқыған. Яғни, жастардың 60 пайызының жоғары білімі жоқ. Осы орайда әлеуметтанушы Ғалия Сапарханова Азаттық тілшісіне:

Бағыс ауылының жастары. Оңтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Бағыс ауылының жастары. Оңтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

- Мектеп қана бітірген жастардың көбі ауылда. Көпшілігі бала кезінде үй шаруасына араласып, мектепте нашар оқығандар. Оқуға тапсырмай немесе тестте қажетті балл ала алмай ауылда қалып кеткен жастар да бар. Оқуға түсе алмаған ер балалар әскерге баруға тырысады. Қыздар қалаға келіп кафе, базарларда жалдамалы жұмыс істейді. Олардың мүмкіндіктері өте аз. Өмірге араласып кете алмаған жастардың азаматтық белсенділігі төмен, күнкөріс қамымен ғана жүреді. Сондықтан ауылдағы жұмыссыз, мектеппен ғана шектелген жастарға мемлекет арнайы шақырту беріп, оларды кәсіптік-техникалық лицейлерде оқыту керек. Қала мектебін бітірген жастар колледж болсын, университет болсын, ақылы түрде болсын оқып алады, - дейді.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы жас белсенділердің халі нешік?

Қаңтардың 10-ы күні өткен үкімет отырысында да жастардың мамандық игеру проблемасы көбірек талқыланды.

ЖАСТАРДЫҢ КӨБІ НАҚТЫ МАМАНДЫҚ ИГЕРМЕГЕН

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова үкімет отырысында «биыл Қазақстанда білімі жоқ азаматтарға тегін кәсіптік білім беретін арнайы бағдарлама қабылданатынын» айтты. Ол «мемлекеттік білім грантын бөлгенде техникалық-инженерлік мамандықтарға көп басымдық беру керек» екенін ескертті. Министр мәліметтерінен дипломды жастардың 80 пайызға жуығы техникалық мамандық игермейтінін байқауға болады.

... мемлекет алдағы бес жылда 113 мың жасты даярлап, өндіріске енгізуі керек. Әйтпесе елде инженерлік-техникалық мамандар тапшылығы туады.
Тамара Дүйсенова

«2016 жылы оқу бітіргендердің 17 пайызы - экономист, 14 пайызы - заңгер, 48 пайызы - гуманитарлық мамандық бойынша диплом алған. 2016 жылы елде 197 мың бос жұмыс орнына шақыру жарияланды. Соның ішінде 16,5 пайыз техникалық мамандыққа деген сұраныс жабылмай қалды. Қазір өнеркәсіп саласында жұмыс істейдіндердің 12 пайызы - 55 жастан асқан мамандар. Сондықтан мемлекет алдағы бес жылда 113 мың жасты даярлап, өндіріске енгізуі керек. Әйтпесе елде инженерлік-техникалық мамандар тапшылығы туады. Мемлекеттік тапсырысты яғни грантты осы мәселеге қарап бөлуді сұраймыз» деді министр Тамара Дүйсенова. Қазақстанда техникалық мамандардың аздығы бұған дейін де елдегі түрлі жиындарда жиі көтеріліп келген еді.

Ал білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «2017 жылы Қазақстанда мемлекеттік білім гранттарының саны 10 мыңға өсетінін» мәлімдеді. 2016 жылы 30 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлінген болатын.

«БОС ЖАСТАРДЫ ӘСКЕРГЕ АЛУ»

Үкімет отырысында жастардың бос уақытын өткізуін ұйымдастыру мәселесі көтеріліп, елдегі спорт және мәдениет кешендеріне кірудің қымбат екені айтылды. Отырысқа қатысқан «Жастар» тәуелсіз зерттеу орталығы дерегінше, «Қазақстандағы жастардың 83 пайызы бос уақытында музыка тыңдайды, теледидар көреді, интернетте отырады». Мәселеге қатысты пікір білдірген дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «бос жастарды әскерге алуды» ұсынды.

Медеу мұз айдыны. (Көрнекі сурет)
Медеу мұз айдыны. (Көрнекі сурет)

«Ауыл және қала жастарының мүмкіндіктерінің алшақтығын жойып, оларды қоғамға бейімдеу, бос уақыттарын өткізу мүмкіндіктерін теңестіру керек. Елде жастарға арналған бағдарламалар қысқа мерзімді және нәтиже болмай жатады. Сондықтан жастардың мәселесін шешетін ұзақмерзімді бағдарламалар қабылдауды, бос жастарды әскерге тарту мәселесін ұсынамын» деді министр. Бірақ ол нақты қандай ұзақмерзімді бағдарламалар қабылдау қажет екенін айтқан жоқ. Бұл ұсыныс енді президент жанындағы жастар саясаты кеңесі отырысында қаралмақ. Оның өтетін күні әзірге белгіленген жоқ.

Отырыста жастарға қатысты біршама статистикалық мәліметтер жарияланды. «Стратегия» қоғамдық қоры зерттеуі бойынша, жастардың 30 пайызы мемлекеттік бағдарламалар туралы «мүлде білмейді», 45 пайызы «жалпы естіген».

2015 жылы «есірткіге тәуелділердің 49 пайызы, ВИЧ жұқтырғандардың 26 пайызы, суицид жасағандардың 20 пайызы 14-29 жас аралығындағы жастар» болса, 2016 жылы бұл көрсеткіштер сәл азайып, есірткі – 48, ВИЧ – 24, суицид – 9 пайызға төмендеген.

Жастардың «сапалық құрамы» туралы кесте. (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі есебінен скриншот). Астана, 10 қаңтар 2017 жыл.
Жастардың «сапалық құрамы» туралы кесте. (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі есебінен скриншот). Астана, 10 қаңтар 2017 жыл.

Ал бұдан бұрынырақта «Жастар үні» қоғамдық қоры әлеуметтік зерттеу жүргізіп, жастарды алаңдататын негізгі мәселелер - баспана мен жұмыс табу екенін мәлімдеген болатын.

Оқи отырыңыз: Жастарды қинайтын негізгі екі мәселе - баспана мен жұмыс

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 2006-2016 жылдары жастар саясатына 9 миллиард теңге бөлінген. Қазақстан әлемдік жастар дамуы индексінде (Global Youth Development Index) 61-орында тұр. Индексте Қазақстан жастарының азаматтық белсенділігі «орташа» деп көрсетілген.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG