Accessibility links

«Жастар полиглот болса Қазақстан барлық салада дамиды»


Францияда тұратын дәрігер Жанар Төребаева.
Францияда тұратын дәрігер Жанар Төребаева.

1999 жылы Қазақстаннан Францияға кеткен Жанар Төребаева қазір осы елдің жоғары дәрежелі дәрігері. Жанар мұнда қарт кісілерді емдеумен айналысады. Ренн (Rennes) қаласында тұратын ол «Қазір аймақ дәрігерлері менің алдымда ант қабылдайды. Мен үшін ол үлкен қуаныш» дейді. Жанар Төребаева Ренн қаласында Абай ескерткішін қойғанын, Алматыда француз тілі сыныптарын ашқанын әңгімелеп берді.

Азаттық: – Францияға ғылыми зерттеу жұмыстарыңызға материал жинау мақсатында барып, біржола қалып қойған екенсіз. Франция сізді қандай қасиетімен алып қалды?

Жанар Төребаева: – Ренн қаласында тұрып жатқаныма 18 жыл болды. Осы уақытта Францияның жоғары дәрежелі дәрігері болдым. Алғаш Алматыдағы Ғылым академиясында докторантурада оқып жүріп Францияның ғалымыКрестиан Шеналь деген кісімен бірге Семей полигонына қатысты жұмыс істедім. Ол кісі мені осында білім жетілдіруге шақырды. Әрине, қуана келістім. Өйткені ол кезде докторантураға материал жинау өте қиын еді. Сол мақсатта келдім. Кейін қазіргі жолдасыммен танысып, тұрмысқа шықтым. Францияда қалғаннан кейін біздің Совет заманындағы алған диплом жарамсыз болып қалды. Сол себепті интернатурадан қайтадан өттім. Аспирантураны бітіріп 8 жыл дегенде «Франция халқының докторы» деген атақ алдым. Бұл жерде медицина ғылымының докторы атану өте жоғары дәреже. Мәселен, сол жолы үміткер төрт мың шетел азаматының 100-і ғана докторантураны қорғай алды. Солардың арасындағы атқарған еңбегі бойынша ең бірінші менің атым аталды.

Азаттық: – Ғылыми дәрежені қорғауда Қазақстан мен Франция арасында айырмашылық қандай?

Жанар Төребаева: – Айырмашылық өте үлкен. Себебі, Францияда талап жоғары. Бұл жерде тек білім ғана емес, іс-тәжірибеңді де көрсетуге тиіссің. Бір ғана нәрсені айтайын, мәселен іс-тәжірибеден өтіп жүрген жас маманға Қазақстанда көп талап қойылмайды. Олар тек профессордың көмекшісі ретінде ғана жұмыс істейді. Ал Францияда керісінше. Жас маманға көп жауапкершілік артады. Мәселен, бұл жақтың терапевт маманының Қазақстаннан айырмашылығы – жас маман кішкентай хируригиялық операцияларды жасай береді. Профессордың жұмысы - саған бір рет көрсетіп береді. Егер білмей жатсаң, барып сұрайсың. Сол себепті аспирантураны бітірген кезде сіз дайын дәрігер болып шығасыз. Қазақстаннан осында келіп, іс-тәжірибе алмасып, оқып кететін студенттер көп. Олар Қазақстанда жас маманға Франциядағыдай мүмкіндік бермейтінін айтады.

Азаттық: – Қазақстанда дәрігер мен науқастың арасындағы қарым-қатынас туралы жиі айтылып, «ақша бермесең қарамайды» деген пікірлер естіп жатамыз. Ал француздардың дәрігерге деген көзқарасы қандай?

Сол себепті әрбір маман өзінің қарауындағы науқасқа ерекше ілтипатпен қызмет көрсетуге тырысады. Олардың ойына пара алу деген нәрсе кіріп те шықпайды. Біз үшін ең қызығы – «жоғары дәрежелі» деген атақ алу.

Жанар Төребаева: – Бұл жерде дәрігердің науқасқа деген қарым-қатынасы өте гумандық қарым-қатынас. Өйткені дәрігер деген мамандықтың дәрежесі өте жоғары болғандықтан оның алатын ақысы да жоғары. Дәрігерден кейінгі жалақыны адвокаттар алады. Ең жоғарғы жалақы осы екі мамандарында. Сол себепті әрбір маман өзінің қарауындағы науқасқа ерекше ілтипатпен қызмет көрсетуге тырысады. Олардың ойына пара алу деген нәрсе кіріп те шықпайды. Біз үшін ең қызығы – «жоғары дәрежелі» деген атақ алу. Мысалы Гиппократ антын дәрігерлердің жоғарғы ордасында қабылдаймыз. Соңғы үш жылдан бері мен сол жоғарғы ордадамын. Өзіміздің регионда мені кеңесші етіп сайлады. Қазір дәрігерлер менің алдымда ант қабылдайды. Бұл мен үшін өте үлкен қуаныш.

Азаттық: – Сізді білетіндер «тек дәрігер ғана емес, қоғамдық белсенді» деген пікір айтады. Естуімізше Ренн қаласында Абай ескерткішін қоюға мұрындық болған екенсіз?

Жанар Төребаева: – Дәрігер бола жүріп университеттердегі конференцияларға қатысқан кезде Совет Одағы құрамынан шыққан елдердің арасында адам үшін үлкен бағдарламалар жасап жатқан ел ретінде Қазақстанның «Саламатты Қазақстан», болмаса онкологиялық аураларға қарсы бағдарламаларын айтып отырамын. Алматы мен Ренн қаласы 1991 жылы бауырлас қала ретінде мәмілеге қол қойыпты. Қала ішінен «Алматы» саябағы ашылған екен. Бірақ 2013 жылдан бастап екі қала арасындағы байланыс нашарлай бастаған. Өйткені кейбір адамдардың Қазақстанмен жұмыс істеуге ықыласы болмады. Сосын мені шақырды. Біздің ұйым «Ренн-Алматы бауырластығының халықаралық ассоциациясы» деп аталады.Қазақстан елшігі арқылы шығып Алматыдан Абайдың бюстін жасаттық. Бір жыл бұрын Бауыржан Байбек (Алматы қаласының әкімі - ред.) өзі үлкен концерттік бағдарламамен келіп ескерткіштің ашылуына қатысты. Бұл менің жасап жатқан көп жұмысымның біреуі ғана. Өйткені барлық саладағы байланыс құлдырап кеткен болатын. Соларды қалпына келтірудің арқасында екі қаланың байланысын 2020 жылға дейін создық.

Ренн қаласындағы Абай бюсті.
Ренн қаласындағы Абай бюсті.

Азаттық: – Қазақстан жастарын оқуға жиі шақырасыз ба?

Жанар Төребаева: – Иә, олар жиі келеді. Өзім де жиі барып қайтамын. Францияда білім өте жоғары. Осы тұрғыда Алматыда француз тілі сыныптарын ашу жұмыстарын қолға алдым. Екі жыл бұрын қолға алған жұмыс нәтижесінде қазір біраз шаралар атқарылды, сыныптар ашылды. Болашақта олар Франциядан білім алып, елге қайтып жатса жақсы болады. Қазақ жастары полиглот болса, Қазақстан барлық салада дамиды деп ойлаймын. Тағы бір арманым - болашақта осында мәдениет орталығы мен оқу орталығын ашсам.

Азаттық: – Сөз соңында отбасыңыз туралы бірер сөз айта кетсеңіз?

Жанар Төребаева: – Бір ұл, бір қызым бар. Қызым болашақта өзімнің жолымды қуып, дәрігер болғысы келеді. Анасы қазақ болғаннан кейін бе, қызым өте ұяң.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

XS
SM
MD
LG