Accessibility links

Қазақстан әлем бойынша иммиграцияға қолайлы елу елдің қатарында


Көші-қон полициясында кезекте тұрған адамдар. Теміртау, Қарағанды облысы, 25 тамыз 2011 жыл.
Көші-қон полициясында кезекте тұрған адамдар. Теміртау, Қарағанды облысы, 25 тамыз 2011 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстан Ресейді үлгі тұтып, "Иегова куәгерлері" діни азшылығына тыйым салуы мүмкін деп жазады. Сондай-ақ, иммиграция жасауға ыңғайлы елдер рейтингінде Қазақстанның 46-орында тұрғаны айтылған.

"ИЕГОВА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ" ЖАҒДАЙЫ

Американың Newsweek апталық басылымында жарияланған "Қазақстандағы Иегова куәгерлері "қорқыту рейдінен" соң ресейлік тыйымның қайталануынан қауіптенеді" атты мақалада елдегі діни азшылыққа жататын топ өкілдерінің жағдайы сипатталған.

"Өткен аптада бас кеңсесінде қызмет тоқтатылған соң Қазақстандағы "Иегова куәгерлері" ел билігі көршілес Ресей үлгісімен шешім қабылдар деп қорқады, ресейлік билік жыл басында бұл христиандық топқа тыйым салған" деп жазады журнал Алматыдағы шіркеу кеңсесін тінтуден соңғы жағдай туралы.

Иегова куәгерлерінің аймақтық конгресі делегаттары отырып жатқан автобустардың жанында полиция көліктері тұр. Алматыдағы "Иегова куәгерлері христиандары орталығы" ұсынған сурет. 24 маусым 2017 жыл.
Иегова куәгерлерінің аймақтық конгресі делегаттары отырып жатқан автобустардың жанында полиция көліктері тұр. Алматыдағы "Иегова куәгерлері христиандары орталығы" ұсынған сурет. 24 маусым 2017 жыл.

Діни қауым өкілдерінің айтуынша, тінту жүргізуге сылтауды ойдан құрастырған – полиция ғимаратта бейнебақылау камерасы жеткіліксіз деп, бұрын орнатылған 20 камераға қоса тағы үш камера орнатуды талап еткен. Сонымен бірге діни қауым өкілдері бұл тексерістен екі апта бұрын қарулы полиция қызметкерлері мен ҰҚҚ өкілдері Алматыдағы кеңселеріне келіп, "қорқыту рейдін" жасап кеткендерін айтқан.

Астанада осы діни азшылық өкілі Теймур Ахмедовты "діни алауыздық тудырды" деген айып бойынша бес жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі жарияланғаннан кейін екі айға жетпей Алматыда "Иегова куәгерлері" қауымының қызметін тоқтату туралы сот шешімі шыққан болатын. Сонымен бірге биыл ақпанда Астана соты діни қауым өкілі Асаф Гулиевті де бес жылға соттаған еді. Гулиев қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша ("Әлеуметтік, ұлттық, туыстық, нәсілдік, сословиелік және діни алауыздықты қоздыру") айыпты екенін мойындап, процессуалдық келісім жасасты. Құқық қорғаушылар бұл сот процестерін әділетсіз деп сынады.

"Иегова куәгерлері" діни қауымының мүшесі Теймур Ахмедов (сол жақта) пен оның адвокаттары Наталья Кононенко және Виталий Кузнецов сотта отыр. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.
"Иегова куәгерлері" діни қауымының мүшесі Теймур Ахмедов (сол жақта) пен оның адвокаттары Наталья Кононенко және Виталий Кузнецов сотта отыр. Астана, 27 наурыз 2017 жыл.

Ресей жоғарғы соты "Иегова куәгерлері" діни қауымдастығын "экстремистік ұйым деп тану" туралы шешімді күшінде қалдырған соң Қазақстанда да осы діни топқа қарсы шаралар қабылданды. Newsweek журналындағы мақалада Қазақстанда аталған діни ұйымның 25 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны және 18 мың мүшесі бар екені айтылған. Сондай-ақ мақалада Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері елдегі этникалық орыстардың саны 21 пайызға азайғанына қарамастан, діни қауым қатары айтарлықтай екені баяндалған. Тұрғындардың шамамен 25 пайызға жуығын құрайтын православ христиандар саны жағынан елде мұсылмандардан кейінгі екінші орында тұр. "Ресейде президент Владимир Путиннің тұсында күшейіп алған православ шіркеуі "Иегова куәгерлерін" қатты қудалап жатыр", - деп жазады мақала авторы.

"Қазақстан 2011 жылы діни ұйымдарды шектейтін заң қабылдады, оларға мемлекеттік тіркеуден өтуге мәжбүрлеу сынды қатаң талаптар қойды. АҚШ-тың халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясының (USCIRF) 2017 жылғы баяндамасы мәліметтері бойынша, негізінен мұсылмандардың азшылық топтарына ықпал еткен бұл заңның салдарынан діни қауымдастықтар саны 48-ден 16-ға азайған", - деп жазады Newsweek.

ҮЗДІК ЕЛУ ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

Америкалық Boston Globe газетінде жарияланған "Зерттеулер бойынша, АҚШ иммигранттар үшін үздік елдер санатында 7-орында тұр" деген мақалада Қазақстан да аталған. Онда иммиграция жасауға қолайлы және қолайсыз елдер туралы US News and World Report есептері жарияланған. Зерттеуде 80 елге экономикалық тұрақтылық, табыс теңдігі, еңбек нарығы және бизнес жетекшілер мен элита өкілдерінің пікірлері тәрізді критерийлер бойынша баға берілген. Зерттеу авторлары Дүниежүзілік банк пен БҰҰ-ның көші-қон саласындағы дерек-мәліметтерін пайдаланған.

Швеция - иммиграцияға ең қолайлы ел деп танылған. Үздік ондықта Канада, Швейцария, Австралия, Германия, Норвегия, АҚШ, Нидерланд, Финляндия мен Дания бар. Постсоветтік елдер ішінен бұл тізімге Ресей (24-орын), Украина (31-орын), Беларусь (38-орын), Қазақстан (46-орын), Латвия (56-орын) және Әзербайжан (61-орын) еніпті. Рейтингте Қазақстан Венгрия, Хорватия және Чехия тәрізді еуропалық елдердің алдында тұр.

АМЕРИКАДАҒЫ ЖЫЛҚЫ САНЫ

Америкалық Washington Post газетінде шыққан "Парламенттік комиссия жылқы союға тыйымды тоқтатты" деген мақалада АҚШ-та жылқы союға салынған тыйымның күші жойылуы мүмкін екені айтылған. Тыйым салынған он жылдан астам уақыттың ішінде АҚШ-та жылқы соятын қасапхана қалмаған. Тыйым қыркүйектің 30-ына дейін күшінде болады, оны ұзарту туралы бастама АҚШ конгресі өкілдер палатасының қаржы бөлу комитетінде көпшілік тарапынан қолдау таппаған.

Алматы базарында ет сатып тұрған әйел.
Алматы базарында ет сатып тұрған әйел.

АҚШ-тың Fortune журналы осы жаңалыққа қосымша: "Америкалықтардың көбі азыққа жылқы етін тұтынуға қарсы, ал Исландия, Қазақстан және Жапония сияқты елдер жылқы етін үнемі жейді және жеңсік ас санайды" деп жазады.

Америкалық Mercury News газетінде жарияланған "Калифорнияның мыңдаған жабайы жылқысы федералдық бюджет жағдайына байланысты не аман қалуы, не өлуі мүмкін" деген мақалада Калифорнияның федералдық жерін мекендейтін жабайы жылқы мен есектің жай-күйі баяндалған. Wild For Life Foundation жануарларды қорғау жөніндегі ұйымның президенті Катя Луиздің айтуынша, бұл жабайы жылқы мен есектер "Батыстың тарихи ерекшелігінің тірі бейнелері іспетті". Бірақ жануарлар құқығын қорғаушылар АҚШ мемлекеттік бюджетінде өзгеріс болса, жылқылар жаппай қырылуы мүмкін деп алаңдайды.

Ал бұл уақытта АҚШ жер басқармасы бюросының өкілдері федералдық аумақта жабайы жылқы саны көбеюінің кесірінен табиғи тепе-теңдік бұзылып, жылқы малы азық тапшылығынан қырылуы мүмкін екенін хабарлайды. Атап айтқанда, қазір Калифорнияда 73 мың бас жабайы жылқы мен есек бар, ал табиғатта үйлесімді өмір сүруі үшін олардың саны 27 мың бас болса жеткілікті. Азаматтық белсенділер бұл ақпаратты "жалған" деп атап, жануарларды өлтірудің орнына төл алу көрсеткішін қадағалайтын шаралар қабылдауды ұсынады.

XS
SM
MD
LG