Accessibility links

Өзбекстан азаматы Қазақстаннан босқын мәртебесін алғысы келеді


Өзбекстанның Қарақалпақ автономиялық республикасынан Қазақстанға қашып келгенін айтқан Жұмабай Сағидуллаев. Алматы, 2017 жылдың мамыры.

Өзбекстанның Қарақалпақ автономиялық республикасында жеке шаруашылықпен шұғылданған Жұмабай Сағидуллаев «саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ағасы Аман Сағидуллаев үшін өзбек билігі оны да қуғындағанын» айтады. Өзін босқын санайтын Жұмабай Сағидуллаев «Қазақстанда тұрғысы келетінін, өйткені қарақалпақ және қазақ тілі ұқсайтындықтан бұл елде жұмыс істей алатынын» айтады. Бірақ оның босқын екенін дәлелдейтін құжаттары жеткіліксіз.

«ҰРЫП-СОҒАТЫН БОЛДЫ»

Азаттықтың Алматыдағы кеңсесіне келген 43 жастағы Жұмабай Сағидуллаев өзін Қарақалпақстан автономиялық республикасының Қараөзек ауданында жеке шаруашылықпен шұғылданған бақташы ретінде таныстырды. Оның сөзінше бірнеше жыл бұрын шаруасын тастап, Өзбекстаннан қашуға мәжбүр болған.

- Мал бағып жүрген, саясаттан хабарсыз шопан едім. Бір күні аудандық салық бөліміне шақырып салық төлемегенсің деп айтыптады. Төлеген қағаздарымды түгел көрсеттім. Кейін кейін қайта шақырып, бірнеше миллион сом салық төлемедің деп прокуратура тағы тексерді. Сонан былай ақылға сыйымсыз айыптар көбейе берді. Ұрып-соғатын болды. Ақыр соңында шетелге қашқан оппозициядағы ағаңа ақша жіберіп жүрсің деп ашық айтты,- дейді ол.

Қырғызстанда біз секілділергер көмектесетін босқындар лагері жәрдемдесіп, 2016 және 2017 жылы сонда тұрдым. Таяуда лагерь жабылғаннан кейін Қазақстанға өтіп, көмек сұрап келдім. Қолымда әскери билетім ғана бар.
Жұмабай Сағидуллаев

Жұмабай Сағидуллаевтың сөзіне қарағанда, Өзбекстан құқық қорғау органдары оның жеке құжаттарын, малы мен жерін «тартып алып қойған». «Қамауға алынуың мүмкін» дегенді естігенде ол «бір түнде отбасын тастап, Қырғызстанға қашуға мәжбүр болған».

- Қырғызстанда біз секілділергер көмектесетін босқындар лагері жәрдемдесіп, 2016 және 2017 жылы сонда тұрдым. Таяуда лагерь жабылғаннан кейін Қазақстанға өтіп, көмек сұрап келдім. Қолымда әскери билетім ғана бар, - дейді ол.

Жұмабай Сағидуллаев «Қазақстанға жасырын жолмен келгендіктен көші-қон полициясына өзі баруға сескеніп, таныстарын жібергенін» айтады. Оның сөзіне қарағанда, көші-қон полициясы ресми құжат сұрағандықтан Қырғызстанға дереу қайта кетуден өзге амалы қалмаған.

- Басқа шетелдерде емес Қазақстанда тұрғым келеді. Өйткені қарақалпақ тілі мен қазақ тілі ұқсайтындықтан, Қазақстанда жұмыс істей аламын. Мүмкін болса, отбасымды да әкелер едім. Отбасымның қалай күн көріп жатқанын білмеймін. Жалғыз мен емес, бауырларымның бәрі мен секілді қашып жүр. Бізге Өзбекстанға қайтар жол жоқ. Онда бірден түрмеге қамайды, ешуақытта шығармайды, өлтіріп жіберуі де мүмкін,-деген ол Қырғызстанға қайтса, Өзбекстан арнайы қызметі ретін тауып алып кете ме деп қауіптенетінін де айтты.

«ӘУЛЕТІМЕН ҚУДАЛАУ»

Азаттық тілшісі Жұмабай Сағидуллаевтың ағасы 1967 жылы туған Аман Сағидуллаевпен де сөйлесті. Facebook әлеуметтік желісінде белсенді пікір жазатын ол Өзбекстан билігінің Қарақалпақстанға қатысты әрекеттеріне сынайтыны байқалады. Facebook парақшасында қуғындағы «Алға, Қарақалпақстан» қозғалысының жетекшісі ретінде бірнеше рет үндеу жариялағаны көрінеді.

Қарақалпақстан

Қарақалпақстан Өзбекстан жерінің үштен бір бөлігін алып жатыр, дегенмен оның басым бөлігі тақыр шөл дала, ал суы тартылған Арал теңізінен төңірекке жайылған тұздың кесірінен солтүстік батыс алқабы экологиялық апаты аймағы деп жарияланған. Мұнда 1 миллион 700 мыңдай адам тұрады, оның 500 мыңдайы - қарақалпақтар.

1990 жылы желтоқсанның 14-і күні Өзбекстан ССР-і құрамындағы Қарақалпақстан автономиялық республикасы парламенті елдің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдаған кезде бұл іс жүзінде тәуелсіздікті жариялаумен пара-пар еді. Бірақ Өзбекстан үкіметі Қарақалпақстанды өз құрамына 1993 жылы ресми түрде қосты, бірақ 20 жылдан соң Өзбекстан құрамында қалу-қалмау мәселесін дауыс беру жолымен шешеді деген уағдаластық болған. 2013 жылы межелі уақыт келгенде бұл уәде «ұмыт қалды». Осы мәселені көтерген «Алға, Қарақалпақстан» ұйымы мүшелерінің ішінде қазір шетелде қуғында жүргендері бар.

Өзбекстанда Аман Сағидоллаевты «ауыл шаруашылығы құрал-саймандарын шығаратын зауытты басқарған кезде қызмет бабын асыра пайдаланған және жарты миллиондай долларды жымқырған» деп айыптайды. Ол ертеректе «Өзбекстанға оралса, «Алға, Қарақалпақстан» қозғалысы өкілі ретінде өзіне «сепаратизм» бабы бойынша да айып тағылуы мүмкін» екенін айтқан.

Бұрын Қарақалпақстанда аудан әкімі, министр деңгейінде бірнеше жыл жұмыс істеген Аман Сағидоллаев Қарақалпақстанның болашағына қатысты саяси позициясы Өзбекстан билігімен сай келмегендіктен, 2011 жылы жазда Қарақалпақстаннан Қырғызстанға қашқан.

- Мені тұтқындайтыны мәлім болғанда жұмыс бабымен Мәскеуде жүр едім. Мәскеуден Грузияға қаштым. Кейін Қырғызстанға барып, бес жыл саяси баспана сұрап ала алмадым. Әр өңірінде тығылып жүрдім. Өзбекстан арнаулы қызметі бірнеше рет ұрлап әкетпек болды,- деген ол ақыры «2016 жылы Норвегиядан босқын мәртебесін алғанын» айтады.

Норвегиядан әуелі әйелі, екі ұлы мен бір қызы босқын мәртебесін алып, артынан өзі де қосылған Аман Сағидуллаев Қарақалпақстанда қалған бауырлары қуғындалғанына налиды. Ол әулетімен босып кеткенін, «бір бауыры - Қазақстанда, екеуі Қырғызстанда бой тасалауға мәжбүр болғанын» айтады.

Оның сөзінше інісі Жұмабай Сағидуллаев пен өзге де бауырларының отбасына қысым көбейген. Таяуда өзіне жеткен хабарға қарағанда орта мектепте мұғалім болып істейтін қарындастарын жұмыстан шығарған.

Аман Сағидуллаев «саяси себеппен қудаланған қарақалпақтарды Өзбекстан арнаулы қызметі ТМД елдерінен ұрлап әкетуге тырысады» деп санайды. «Қарақалпақстанның бірнеше белгілі азаматтары Өзбекстан түрмелерінде саяси тұтқын болып отыр» дейді ол.

Оқи отырыңыз: «Алға, Қарақалпақстан» басшысы Бішкектен пана сұрады

Аман Сағидуллаев інісі «Жұмабай қолындағы ұялы телефонын да күнкөріс үшін сатып, хабарласу қиындағанын, қазір күнделікті азық-түлікке қаржы таба алмай қиыншылық көріп жүргенін» айтады.

«ҚУҒЫНДАЛҒАНЫН ДӘЛЕЛДЕУІ ТИІС»

Босқындар мәселесімен айналысып, оларға құқықтық кеңес беретін Қазақстандағы «Халықаралық құқықтық бастама қорының» президенті Айна Шорманбаева Жұмабай Сағидуллаевтың Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алатынына күмәнмен қарайды. Оның сөзінше «Қазақстан Босқындар туралы халықаралық конвенцияға қосылғанымен босқын мәртебесін беруге қатаң қарайды. Босқын мәртебесін беруден бас тартқан жағдайлар жиі кездеседі».

- Босқын мәртебесін алу үшін өтініш жазуы керек. Содан соң көші-қон полициясы мен қала әкімдігінің өкілдері, қоғамдық белсенділерден құралатын комиссия тексереді. Ол үшін босқын екенін дәлелдей алатын (қуғынға түскенін, сотқа тартылғаны көрсететін – ред.) құжаттары болуы тиіс, - дейді ол.

Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева. Алматы, 24 мамыр 2016 жыл.
Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева. Алматы, 24 мамыр 2016 жыл.

Айна Шорманбаева Қырғызстанда босқындарға гуманитарлық көмек көрсететін лагерь бірнеше жыл жұмыс істегенін растап, Қырғызстанда босқындарға көмектесетін үкіметтік емес ұйымдар бар екенін айтады. Оның сөзінше, «Қазақстанда босқын мәртебесі ғана беріледі, басқаша көмек көрсетілмейді».

Айна Шорманбаевның сөзіне қарағанда, «егер ол шекарадан заңсыз өтсе құқық қорғау органдары 30 күнге дейін қамауға алуы да мүмкін». Алайда Азаттық редакциясына келген Жұмабай Сағидуллаев «жеке куәлігі де, Өзбекстан билігі тарапынан қудаланғанын растайтын құжаттары да жоқ» екенін айтты.

Азаттық тілшісі ішкі істер министрлігіне қарайтын көші-қон полициясы қызметінің азаматтық миграция және босқындармен жұмыс басқармасына да хабарласып көрген. Басқарма қызметкерінің бірі мұндай сауалдарға жазбаша жауап беретінін айтып, ауызша айтылған түсініктемеде аты-жөнін атамауды өтінді. Оның айтуынша, Жұмабай Сағидуллаевтың Қазақстанға келген кезде босқын мәртебесін сұрап, өтініш жазуына мүмкіндігі болған.

- Қазақстанға келгеннен кейін бес күн ішінде арыз беруі тиіс. Егер шекарадан заңсыз өтсе, бір тәулік ішінде жергілікті органға арыз беруі қажет. Арызды арнайы комиссия қарап, оның саяси немесе нәсілі, діни сенімі бойынша қудаланғаны дәлелденсе босқын куәлігі беріледі,- дейді ол.

Маманның айтуынша, билік орындары жеке куәлігін алып қоюының өзі қысым белгісі болуы мүмкін, бірақ оны дәлелдеу керек.

Егер ол адам Қырғызстанда тұрса, Қазақстанның сол елдегі елшілігіне арыз беруіне болады. Елшілік керекті құжаттарды жинайды, қуғын көргенін анықтаса, Астанадағы көші-қон полициясы комитетіне жолдайды.

- Егер ол адам Қырғызстанда тұрса, Қазақстанның сол елдегі елшілігіне арыз беруіне болады. Елшілік керекті құжаттарды жинайды, қуғын көргенін анықтаса, Астанадағы көші-қон полициясы комитетіне жолдайды, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Жұмабай Сағидуллаевтың мәселесіне қатысты Өзбекстан тарапынан комментарий алуға тырысқан еді. Өкінішке қарай, Өзбекстанның сыртқы істер министрлігінің кеңсесі мен сенім телефондарының тұтқасын ешкім көтермеді. Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінен де қандай да бір жауап алу мүмкін болмады.

Босқындар мәртебесі туралы халықаралы конвенцияға Қазақстан 1998 жылы қосылған. Қазақстан 2009 жылы өзі де «Босқындар туралы» заң қабылдаған. Заңда «адам Қазақстан шекарасын мәжбүрлі түрде заңсыз кесіп өткен жағдайда, бір тәулік ішінде уәкілетті органға жүгінуге тиіс» екені жазылған.

Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз келгені немесе болғаны үшін ұсталған жағдайларда босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатпен жүгінуге ниет білдірсе, құзыретті органдар адам ұсталған кезден бастап бір күн ішінде уәкілетті органға хабарлайды. Уәкілетті орган күнтізбелік екі күн ішінде олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мән-жайларын анықтайды және босқын мәртебесін беру туралы өтінішхатты тіркейді» деп көрсетілген. Бірақ Қазақстанның Өзбекстан босқындарына қатысты әрекеттеріне қарағанда, босқын мәртебесін алу оңай емес екені байқалады. 2009 - 2010 жылдары Қазақстанға жасарын жолдармен келуге мәжбүр болғанын айтып, үшінші елге кетуге мүмкіндік сұраған Өзбекстанның адам құқығын қорғаушы ұйымы жетекшілері мен тағы да бірнеше азаматты Қазақстан қамауға алып, босқын мәртебесін беруден бас тартқан.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG