Accessibility links

ІІМ: 16 желтоқсанда Нұр-Сұлтан мен Алматыда 55 адам ұсталды


Полиция наразы азаматтарды әкетіп барады. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Полиция наразы азаматтарды әкетіп барады. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

16 желтоқсанда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында рұқсат етілмеген шеру өткізбек болған деген күдікпен 55 адам ұсталған. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.

Бас прокуратураның ескертуіне қарамастан, кей азаматтар арандатушылыққа ұшырап, заңсыз акцияларға қатысты. Нұр-Сұлтанда ондаған азамат Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында жиналып, рұқсат етілмеген митинг өткізді. Алматыда осыған ұқсас рұқсат етілмеген митинг Қазақстан Тәуелсіздігі монументінің жанында өтті" деп хабарлады ІІМ.

Министрліктің мәлімдеуінше, Нұр-Сұлтанда - 32, Алматыда 23 адам "биліктің заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы талаптарын орындамағандықтан" полицияға жеткізілген.

Ұсталған азаматтарға қандай шара қолданғаны туралы билік әзірге ресми ақпарат таратқан жоқ.

Бұған дейін құқық қорғаушылар полиция 16 желтоқсанда Нұр-Сұлтандағы билікке қарсы марш кезінде ұсталған белсенділер жайлы туыстарына ақпарат беруден бас тартып отырғанын хабарлаған. Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, полиция кей белсенділердің үстінен әкімшілік іс қозғап, сотқа тапсырған. Полиция бұл туралы ақпарат берген жоқ.

Желтоқсанның 16-ы күні Қазақстанның бірнеше қаласында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылар ереуіліне оқ атып басып-жаншыған кезде қаза тапқандарды еске алуға жиналғандар билікке саяси талаптар да қойды. Алматы мен Нұр-Сұлтанда полиция көшемен жүріп өтпек болған наразыларды жаппай ұстап, автобусқа күштеп салып, алып кеткен еді.

Оқи отырыңыз: Тәуелсіздік күні белсенділер ұсталды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG