Accessibility links

Тәуелсіздік күні белсенділер ұсталды


Республика алаңындағы наразылық шеруіне қатысушылар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Республика алаңындағы наразылық шеруіне қатысушылар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Желтоқсанның 16-ы күні Қазақстанның бірнеше қаласында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылар ереуілін күшпен басып-жаншыған кезде қаза тапқандарды еске алуға жиналғандар билікті тарихтан сабақ алуға шақырып, саяси талаптар көтерді. Алматы мен Нұр-Сұлтанда наразыларды полиция жаппай ұстап, автобусқа күштеп салып, алып кетті.

МЕРЕКЕ КҮНГІ ШЕРУЛЕР МЕН ҰСТАУЛАР

Желтоқсанның 16-ы, Тәуелсіздік күні таңертеңнен бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда тұрғындар 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасында және 2011 жылы Жаңаөзен қаласында полицияның халыққа оқ атуынан құрбан болғандарды еске алуға жиналған еді.

Ақордаға бара жатқан белсенділер. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Ақордаға бара жатқан белсенділер. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда азаматтар 1930 жылдары совет өкіметінің жүргізген саясаты салдарынан қазақ даласында болған Ашаршылық құрбандарына орнатылған ескерткіштің алдына жиналып, 1986 жылы Алматыда және 2011 жылы Жаңаөзенде болған қайғылы оқиғаларда құрбан болған жандардың рухына құран бағыштаған болатын.

"Нағыз кінәлілер жазасын алған жоқ" деді өзін 1986 жылы Целиноградта (кейін қала атауы Ақмола, сосын Астана, ал биыл наурызда - Нұр-Сұлтан болып өзгертілген) болған оқиғаларға қатысушымын деп таныстырған әйел. Қолына "Желтоқсан - Жаңаөзен! Ұмытпаймыз, кешірмейміз" деген жазуы бар плакат ұстаған ол "болған жайттың барлығын айтуға жасқанбауға және қорытынды жасауға" шақырды.

Жиында сөйлегендердің көбі қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмендеп кеткеніне наразы екендерін айтып, биліктен саяси тұтқындарды босатуды талап етті. Акцияға қатысушыларды полиция сырттай бақылап тұрды. Билік өкілдері бұл шараның заңсыз екенін мәлімдеп, жиналғандардың тарауын талап етті. Бірақ наразылар тарамады.

Мұның соңы наразылық акциясына ұласып, жиналған жұрт талабын жеткізу үшін Ақордаға бармақшы болды. Бірақ діттеген жеріне жете алмады.

Ақордаға талабын жеткізуге бара жатқан наразыларды полиция жасағы ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Ақордаға талабын жеткізуге бара жатқан наразыларды полиция жасағы ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Жергілікті уақытпен сағат 14 шамасында ондаған наразы Қытай елшілігінің қасынан өтіп, үкімет ғимараттары тұрған алаңға бет түзеді. Шеру басталған сәтте оларға полиция патрулі, журналистер мен басқа да бақылаушылар ілесіп жүрді. "Саяси тұтқындар босатылсын!", "Бостандық!" деп айғайлаған топ Сарайшық көшесімен кетіп бара жатқан кезде полиция жасағы оларды жаппай ұстап, автобусқа күштеп салып, алып кетті.

Астанадағы шараға қатысушылардың бірі бүгінгі акцияға мейрам қарсаңында ұсталған белсенділерге ынтымақтас екенін білдіру үшін келгенін айтты. Өткен аптада Алматы мен Нұр-Сұлтанда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен ондаған белсенді әкімшілік қамауға алынған болатын. Жергілікті құқық қорғаушылардың дерегінше, жиырмадан астам белсенді қамалған. Кей құқық қорғаушылар мен белсенділер мұны Тәуелсіздік күні өтуі мүмкін шеруді "болдырмаудың амалы" деп есептейді.

Азаттықтың тікелей эфирі:

Түстен кейін Алматы қаласында да көшеде бейбіт шерумен кетіп бара жатқан ондаған адамды полиция күшпен көлікке тиеп, алып кетті.

Желтоқсанның 16-сы күні таңертең Алматыдағы Сәтпаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы "Тәуелсіздік таңы" ескерткішінің алдына жиналғандар арасында "30 жыл бос сөзді тыңдап шаршадық, өмірді жақсартуды талап етеміз!", "Саяси тұтқындар босатылсын!" деп талап айтушылар болды. Олармен сөз таластырған енді бір топ қазір шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты айыптап айғайлай бастады. Ескерткіш алдына жиналған ондаған адам желтоқсанның 16-сы - қасіретті күн екенін, 1986 жылы дәл осы күні Алматыда советтік Қазақстанға белгісіз адамды басшы етіп тағайындаған Мәскеудің шешіміне қарсы шыққан жастардың бейбіт шеруін және 2011 жылы Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында мұнайшылардың еңбек жағдайын жақсарту талабымен бірнеше ай бойы өткізіп тұрған бейбіт ереуілін билік күшпен басып-жаншып, көп адам мерт болғанын еске алды.

Тәуелсіздік таңы ескерткіші алдына жиналған наразылар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Тәуелсіздік таңы ескерткіші алдына жиналған наразылар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Дәл осы кезде Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қоюға бір топ адам келді. Олардың арасында Демократиялық партия құру туралы бастамашыл топтың мүшелері – белсенді Жанболат Мамай мен Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Төлеген Жүкеев болды. Олар бұған дейін жариялаған мәлімдемелерін қайталап, билікті Шыңжаңнан келіп, Қазақстаннан пана сұраған екі этникалық қазақ – Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеуге шақырды. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен деген айып тағылған екеуі қазір Шығыс Қазақстан облысында тергеу изоляторында қамауда отыр.

Тәуелсіздік ескерткіші алдында құран бағыштап отырған адамдар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Тәуелсіздік ескерткіші алдында құран бағыштап отырған адамдар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Арада біршама уақыт өткенде Республика алаңына "Oyan, Qazaqstan" азаматтық қозғалысының белсенділері келді. Олар "Ұмытылмас 1986, 2011", "Авторитаризмнен көктемге", "Жастарға жол беріңіздер" деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. Елде саяси реформалар жүргізуге және президенттік билік түрінен парламенттік басқаруға көшуге шақырып жүрген жастар "Оян, Қазақстан!", "Назарбаевсыз Қазақстан" деп айғайлады.

- Біз бүгін әділетсіздікке, режимнің тирандығына қарсы күресуге шықтық. Жаңаөзенде жұмысшыларды атқан кезде құрбан болғандарды ұмытқан жоқпыз... Біз елімізде ешкім саяси көзқарасына бола қудаланбауы үшін күресуге әзірміз. Шынайы тәуелсіз болатын күн келетініне сенеміз, - деді "Oyan, Qazaqstan" акциясында сөйлегендердің бірі.

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысы белсенділері Тәуелсіздік ескерткішінің алдында тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
"Oyan, Qazaqstan" қозғалысы белсенділері Тәуелсіздік ескерткішінің алдында тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Шара өтіп жатқан жерге келген әкімдік өкілдері бұл акция жергілікті биліктің рұқсатынсыз өтіп жатқандықтан заңсыз болып саналатынын ескертіп, жұрттың тарауы сұрады. Жиналғандар бұған жауап ретінде "Оян, Қазақстан!" деп ұрандады.

Қозғалыс белсендісі Әсем Жапишева Азаттықтың сұрағына берген жауабында, басқа заңдардан биік тұрған Қазақстан Конституциясында азаматтарға бейбіт жиын өткізу бостандығына кепілдік берілгендіктен, қозғалыс митинг өткізуге рұқсат сұрауды қажет деп таппағанын айтты.

Арада біраз уақыт өткенде, Тәуелсіздік ескерткіші алдына "Шал, кет!" деп ұрандаған ондаған адам келді, арасында бұған дейін Тәуелсіздік таңы ескерткішінің алдында болғандар да бар еді. Бұл ұранды биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен мерзімінен бұрын кеткен, бірақ биліктің ауқымды бөлігін әлі де уысында ұстап отырған 79 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтан саяси билік пен мемлекеттік ісіне араласпауын талап етушілер түрлі акцияларда көтеретін.

Тәуелсіздік ескерткіші алдындағы акцияға қатысушылар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Тәуелсіздік ескерткіші алдындағы акцияға қатысушылар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Акцияға қатысушылардың кейбірі "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!" деген талап айтты. Тағы біреулер Қазақстан экономикасына Қытайдың ықпалы артып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Республика алаңында үш сағатқа жалғасқан шеруден кейін "Шал, кет!", "Алға, Қазақстан!" деп ұрандаған ондаған адам Желтоқсан көшесімен төмен қарай Астана алаңына қарай бет алды. Көп ұзамай оларды полиция жаппай ұстай бастады.

Республика алаңынан шығып, Астана алаңына бара жатқан наразылар тобы. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Республика алаңынан шығып, Астана алаңына бара жатқан наразылар тобы. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Алматы қаласының Медеу ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Дәурен Керімбаев:

- Полицияға жеткізілген азаматтар рұқсат етілмеген митингіге қатысқан. Қазір үш сағаттың ішінде оларға байланысты шешім қабылдаймыз, - деді.

АЙМАҚТАРДАҒЫ ҰСТАУЛАР

Мейрам күні таңертең Шымкент қаласында 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасында және 2011 жылы Жаңаөзен қаласында полицияның халыққа оқ атуынан құрбан болғандарды еске алып, Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне ілінген тақтайшаның алдына гүл қоюға бара жатқан жергілікті белсенді Дәулет Насырұлын полиция аялдамада тұрған жерінен ұстаған. Бұл туралы таңертеңгі сағат 10.30 шамасында Азаттық тілшісіне белсендінің өзі хабарлап, Шымкенттегі Абай ауданы ішкі істер бөлімінде отырғанын айтты.

Шымкент тұрғыны Жақсылық Қайыровты да Қайрат Рысқұлбековке орнатылған ескерткіш тақтайшаның алдына барған кезде ұстап, полициға әкеткен.

"Шеру болады " деп көрсетілген жерді бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Шымкент, 16 желтоқсан 2019 жыл.
"Шеру болады " деп көрсетілген жерді бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Шымкент, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Шымкенттік белсенді Өмір Шыныбекұлы жексенбінің кешінен бастап үйінің сыртында полиция тұрғанын айтады. Ақтау қаласында да белсенділерді полиция бақылауға алғаны туралы әлеуметтік желіде тікелей трансляция жасаған азаматтық белсенді Айгүл Ақберді хабарлады.

Қарағанды қаласында учаскелік инспектор полиция бөліміне "әңгімелесуге" шақырып жатқанын айтып, жергілікті белсенді Мұрат Жиымбаевқа шақыру қағазын тапсырған. "Шақыру қағазына мөр соғылмаған" дейді белсенді.

Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласында дүйсенбі күні таңертең жергілікті "Уральская неделя" газетінің редакторы Лұқпан Ахмедьяровты полиция бөлімшесіне әкеткен. Бұл туралы журналист Азаттық тілшісіне телефонмен хабарлады.

- Қазір ғана үйімнің алдынан ұстады. Мені полицияға апара жатыр. Полицияның айтуынша, тергеуші "бір қылмыстық іс бойынша мені бөлімшеге жеткізуге тапсырған-мыс". Қандай іс екенін нақты білмейді, - деді ол.

Алматыда Айнұр Искакова есімді қолданушы Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, өзін полицияның "шақырусыз" бөлімшеге алып кетпек болғанын хабарлады.

Алматылық белсенді Құрал Сейітханұлы дүйсенбі күні таңертеңгі сағат 10.30 шамасында Facebook-тағы парақшасына "Мен ұсталып қалдым. Екі күн бұрын басқа пәтерге көшіп едім. Осы жаңа ғана үйге үш полиция келді. Бүгін кешке дейін не үйіңде отырасың немесе РОВД-да отырасың деді" деп жазды. Белсенді Мұрат Шормановты үйінің алдынан ұстап, Алатау ауданы полиция басқармасына жеткізген.

Тәуелсіздік ескерткіші алдында құран оқып отырған адамдар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Тәуелсіздік ескерткіші алдында құран оқып отырған адамдар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Шымкентте белгісіз біреулер интернеттегі арнайы сайтқа Азаттықтың жергілікті тілшісінің телефон нөмерін көрсетіп, "арзан көлік сатамын" деген хабарландыру іліп қойған. Мейрам күні таңертең үйінен шыққан тілшіміз белгісіз екі-үш адам қыр соңынан қалмай, ілесіп жүргенін айтады.

Азаматтық белсенді Сақып Жаңабаеваның хабарлауынша, Алматыда полиция Бағила Нұрғалиева, Мәдина Хабибулла мен Рашид Хабибулланың (2006 жылы шілденің 14-і күні Алматыдағы Шаңырақ ықшамауданында тұрғын үйлерді сүру туралы сот шешімін орындауға барған полиция мен жергілікті тұрғындар арасында болған қақтығыстан кейін "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталып, қазір түрмеде жазасын өтеп жатқан диссидент ақын Арон Атабектің бауыры) ұсталғаны туралы хабарлады.

Полиция бұл оқиғаларға байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Таңертеңнен бері бірнеше аймақтағы белсенділер полицияның бақылау орнатып, кейбіреуді бөлімшеге әкетіп жатқаны туралы хабарлады. Мереке қарсаңында Ақтөбе қаласында полиция бірнеше жергілікті белсендінің үйін аралап, дүйсенбіде полиция бөлімшесіне келуді талап еткен шақыру қағазын тапсырды.

"ЗАҢСЫЗ ШЕРУ" ТУРАЛЫ ПРОКУРАТУРА ЕСКЕРТУІ

Желтоқсанның 15-і күні бас прокуратура Тәуелсіздік күні рұқсат етілмеген митингіге шыққандар "заңға сәйкес жауапқа тартылатыны" туралы ескерту таратқан. Қазақстанда бейбіт шеру, митингіге шығу үшін азаматтар жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін "заңсыз" деп тауып, қатысушыларын ұстап, жауапқа тартады. Құқық қорғаушылар бұл заңды сынап келеді.

Республика алаңындағы наразылық шеруіне қатысушылар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Республика алаңындағы наразылық шеруіне қатысушылар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Бұған дейін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы жұртты Тәуелсіздік күні наразылық шеруіне шақырған болатын.

2018 жылы наурызда Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов өзі негізін қалаған ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайы жайлы қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Желтоқсанның 16-сы – Қазақстан Тәуелсіздік тәуелсіздігі күні. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан тәуелсіздік туралы декларация қабылдаған. Арада тура 20 жыл өткенде, 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жергілікті мұнай компаниясы жұмысшыларының бірнеше айға созылған бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, бұл оқиға салдарынан 17 адам (біреуі – Шетпе станциясында) мерт болған.

1986 жылы желтоқсанның 16-сы күні Мәскеудегі билік Қазақ ССР-інің басшысы Дінмұхамед Қонаевты қызметтен алып, орнына республикаға бейтаныс Геннадий Колбинді тағайындаған. Бұл шешімге наразылық білдіріп Алматыдағы орталық алаңға бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік қатыгездікпен басып-жаншыған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG