Accessibility links

Нұр-Сұлтан әкімдігі мектеп салу талабымен митинг өткізуге рұқсат бермеді


Темір шарбақпен қоршалған Тәуелсіздік алаңы маңында тұрған полиция қызметкері. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Темір шарбақпен қоршалған Тәуелсіздік алаңы маңында тұрған полиция қызметкері. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Нұр-Сұлтанда көп балалы ана, белсенді Зиуар Жұмановаға балаларына қажетті мектеп салуды талап етіп, 25 маусымда митинг өткізіне жергілікті әкімдік рұқсат бермеді. Азаттыққа бұл туралы Жұманованың өзі хабарлады.

Белсендінің 11 маусымда берген өтінішіне әкімдіктен келген жауапта шараға қатысатындардың болжамды саны, ұйымдастырушылардың аты-жөні, жиында қандай құралдар қолданылатыны және т.б. тиісті мәліметтер көрсетілмегені себепті, "өтініші қанағаттандырылмайтыны" айтылған. Бұған қоса әкімдік Жұмановаға "бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғандар жауапқа тартылатыны" туралы ескерткен.

Зиуар Жұманованың сөзінше, Нұр-Сұлтанның кейінгі жылдары жаңадан салынған "Арнау", "Камал", "Адал", "Саранда", "Сұлтан", "Новосити", "BI Village", "BI Comfort", "Комфорт", "Нұра - Есіл", "Созвездие", "Ұлы дала 19" тұрғын үй кешені тұрғындары өздері тұратын ауданда мектеп жетіспейтіндіктен балалары қаланың басқа бөлігіне баруға мәжбүр екенін айтып, биліктен мектеп, оқушылар сарайын салуды сұрап келе жатқанына біраз уақыт болса да, әлі күнге нәтиже жоғын айтады.

- Сол жағалаудағы Есіл ауданында қазірдің өзінде басқаларын қоспағанда бес "Арнау", он сегіз "Новосити" тұрғын үй кешені бар. Мектеп жетіспейді. Біз Ұлы дала көшесіндегі №82 мектепті "Дарын" балалар лицейі қылмай, біздің балаларымызға беруді талап етеміз. Балаларымыз Тұран көшесінің ар жағындағы иен даладағы №88 мектепке барады. Екі ортада жүретін автобус маршрутын ЭКСПО-дан соң қысқартып, екеу ғана қалдырған. Қыстыгүні балаларымыз аязға тоңып, сол автобусты сағаттап күтеді, - дейді Зиуар Жұманова.

Ол митинг туралы әкімдікке қайта хабарлама беретінін, оған қоса тұрғындар талаптарын хатқа түсіріп, қол жинауға кіріскенін айтты.

Қазақстанда өткен айда қабылданған "Бейбіт жиын туралы" жаңа заңға сәйкес, азаматтар акцияға қаншаға адам қатысатыны, қандай талаптар қойылатыны және басқа тиісті мәліметтер көрсетіп, жергілікті әкімдікке хабарлама жолдауға міндетті. Билік хабарламаны алған соң үш күннің ішінде шараны өткізуге келісетіні я келісім беруден бас тартатыны туралы жауап беруі тиіс. Егер осы мерзім ішінде биліктен жауап болмаса, ұйымдастырушы бейбіт жиын өткізуге құқылы.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар бұған дейін "Бейбіт жиын туралы" заңның кей тұсы Қазақстан азаматтарының Конституцияда көрсетілген бейбіт түрде жиналу бостандығы мен елдің халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін айтып, сынаған болатын.

Жаңа заң күшіне енген күні Алматы, Нұр-Сұлтан және тағы бірнеше қалада бейбіт жиын өткізбек болған жүзден астам азаматты полиция көшеден әкетіп, кейін бірнеше адамды әкімшілік жауапқа тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG