Accessibility links

Қуанышәлиннің күреске толы өмірі


Жасарал Қуанышәлин
Жасарал Қуанышәлин

1990 жылдардан бері Қазақстаның саяси өмірінде белсенді күрескерлігімен көзге түскен қоғам қайраткері, көп жылын оппозицияда өткізген Жасарал Қуанышәлин 74 жасында қайтыс болды.

Еңбек жолын Алматыда журналист, жоғарғы оқу орнының оқытушысы болып бастаған Жасарал Қуанышәлин 1990 жылдардан бері елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты.

1991 жылы күзде Жасарал Қуанышәлин бастаған "Азат" қозғалысының белсенділері Батыс Қазақстан облысында Ресей патшасына қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтпек болған казактардың шарасына тосқауыл қойып, қақтығысқа жол бермегенімен есте қалды. Мыңдаған адам қатысқан бұл наразылық шарасы елдегі елеулі оқиғалардың бірі болды.

1991 жылғы ГКЧП оқиғасынан соң "Азат" қозғалысы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын билікке оппозициялық бағытқа көшіп, Қазақстанның толық тәуелсіздігіне қол жеткізу мақсатын қойды.

Жасарал Қуанышәлин 1994 жылы Қазақстан Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланып, конституциялық заңнама және адам құқығы комитетінің мүшесі болды. Осы кезде Желтоқсан оқиғасын қайта зертеуді, арнайы комиссия құруды талап етіп, Алматыдағы "Демократия үйі" алдында 1,5 ай бойы желтоқсаншылармен бірге аштық жариялады. Ақыры Желтоқсан оқиғасын зерттеу үшін парламенттік комиссия құрылды. Бірақ 1995 жылы Конституциялық сот шешімі негізінде парламент таратылып, ол комиссияның жұмысы аяқсыз қалды.

Жасарал Қуанышәлин мемлекеттік қызметке де барып көрді. 1998-2003 жылдары Ақтөбе облыстық демография және көші-қон басқармасын, ақпарат және қоғамдық келісім басқармасын басқарды. Алайда мемлекеттік қызметте жүріп те, жоғары билікті ашық сынап пікір айтып жүрді.

2003 жылы күзде Ақтөбе облысының бір топ тұрғыны Қазақстан қоғамы мен бұқаралық ақпарат құралдарына үндеу жариялап, облыс әкімі мен президентті қатаң сынады. Содан соң ол біржола оппозицияға кетіп, елдегі адам құқықтары мен сөз бостандығы ахуалын өткір сынап жүрді.

Бір сөзінде ол "Қазақстандағы жағдай Сталин заманына ұқсап барады" деген.

2004 жылы "Ақ жол" партиясы екіге жарылғанда, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Ораз Жандосовтар бастаған "Нағыз Ақ жол" жағына шығып, "Апта.кз" газетіне редактор болды. Кейін ұйым жетекшілерінің кейбір ұстанымдарына келіспей, бөлек кетті.

2005 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевты "қазақта шекара болмаған" деген сөзі үшін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевты "мемлекетке жасаған сатқындығы және ұлтқа опасыздығы үшін жауап беруге тиіс” деп сынады, сол сөзіне бола ол 2 жылға сотталып, рақымшылық заңымен босатылды. Бірақ Жасарал Қуанышәлин өзін кінәсіз деп есептеп, рақымшылық заңын қолдануға қарсылық білдірді.

Бұл кезде саясаткер 2005 жылы күзде өтетін президент сайлауы алдында Қазақстан оппозициясы бірлесіп құрған "Әділетті Қазақстан" қозғалысына қосылған еді.

Қуанышәлин 2005 жылы Алматыдағы "Шаңырақ" оқиғасы бойынша айыпталған адамдарды қорғаумен тікелей айналысты.

Шаңырақ оқиғасы – Желтоқсан, Орал оқиғасы сияқты халқымыздың өмірінде, тарихында ерекше орын алатын аса ірі оқиға. Шаңырақ оқиғасы, дұрысы – Шаңырақ көтерілісі – жаңа тарихымыздағы үлкен қоғамдық-саяси құбылыс. Біздің қандай қоғамда, қандай елде өмір сүріп отырғанымызды айшықтап берді деп айтуға толық негіз бар" деп бағалады.

Кейін ол тіркелмеген "Алға" партиясының негізгі өкілдерінің біріне айналды. 2009 жылы "Алға, Азаттық!" қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде белсенділігін жалғастырды.

Ол осы кезеңдерде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев екенін мойындамайтынын, 1917 жылы Алашорда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейханұлын зайырлы қазақ қоғамының алғашқы басшысы, ұлт көсемі деп танитынын мәлімдеді.

2010 жылы мамырда тіркелмеген "Алға" партиясының мүшелерімен бірге екі аптадан астам аштық жариялап, "Назарбаев, кет!", "адал сайлау", "әділ сот", "еркін БАҚ", "еркін митингілер, пикеттер мен шерулер", "Қазақстандағы барша саяси тұтқындар босатылсын!" деген талаптар қойды.

2010 жылы қарашада "Жаса, Азаттық!" қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде келесі сайлауда президенттікке үміткер ретінде қатысатынын, тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козловпен саяси тандемде сайлауға түсетінін мәлімдеді.

– Екеуіміздің мақсатымыз ортақ. Егер сайлаудың соңында Владимир озып бара жатса, онда өз кандидатурамды алып тастап, сайлаушыларыма "Володяға дауыс беріңдер" деп айтам. Керісінше, мен озсам, Володя да солай істейді, – деді.

Қуанышәлиннің бұл мәлімдемесінен кейін кейбір белсенділер Владимир Козловқа жұмыртқа лақтырған еді. Қуанышәлин мұны "масқара, ұят әрекет, Қазақстан президенттігіне кандидатурасын ұсынуға Козловтың да құқығы бар" деп бағалады.

2010 жылы желтоқсан айында билікшіл күштер Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін созу туралы бастама көтергенде, қарсы шыққандардың бірі Жасарал Қуанышәлин болды. Соның ізінше төрт жыл бұрынғы сұхбаты үшін Жасарал Қуанышәлиннің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Президент сайлауына қатысудан үміткер Жасарал Қуанышалиннің үстінен зейнеткер Сейіткерім Қожаназар "ғайбат сөздер айтып, қорлады" деп арыз түсірді. Кейін сот бұл істі қарауды тоқтатты, Жасарал Қуанышәлин де сайлауға қатысудан бас тартып, "билік бәсекелестеріне барынша кедергі жасауға тырысты" деп мәлімдеді.

2010 жылы күзде Алматыда тіркелмеген "Алға" партиясының кеңсесінде Жасарал Қуанышәлин мен Владимир Козлов "Транзиттік президент – суперпрезиденттіктен парламенттік республикаға" деп аталатын идеяларын жариялады.

Жасарал Қуанышәлин 2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасынан кейін "Жаңаөзен-2011" комитетін құрып, билік әрекетін тәуелсіз зертеуді талап етті.

Жаңаөзен оқиғасынан соң іле-шала, 2012 жылы қаңтарда өткен парламент сайлауы қарсаңында Жасарал Қуанышәлин "Нұр Отан" партиясының парламентке баруға моральдық құқығы жоқ" деп мәлімдеді.

2014 жылы ақпанда Жасарал Қуанышәлин адам құқықтары мен сөз бостандығын қорғауға үлес қосқан азаматтарға арналған "Азаттық" сыйлығына ие болды.

Жасарал Қуанышәлин 2017 жылы Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысын белсене қолдады. Қазақстан соты бұл ұйымға "экстремистік" деп тыйым салғанымен, Еуропарламент резолюциясында "бейбіт сипаттағы ұйым" деп бағалаған еді. Қазақстанның құқық қорғау органдары бұл ұйымды қолдамау туралы бір топ белсенді мен құқық қорғаушыға және саясаткерлерге ескерту де жасаған.

Ол тіркелмеген "Алға" партиясын, кейін ҚДТ қозғалысын қолдаушы ретінде жүріп, кейбір оппозициялық партияларды "жалған оппозиция" деп мәлімдеді.

Өмірінің соңына дейін оппозициялық күштерді "жалған және шын оппозиция" деп екіге бөліп қарастырды. Өзінің ой-пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында ашық айтып отырды. "Жаңа оппозициялық партия құрғысы келетіндердің бәрінің бағдарламасы ҚДТ бағдарламасын қайталайды, оны билік әдейі жасап отыр" деді.

Жаңа партия құрғысы келетіндер саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің айыптау сөзін "өзін демократ деп есептейтін саясаткерге жараспайтын пікір" деп, қарсы болды.

2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған соң да, саяси өзгеріс болатынына сенбейтінін білдірді. Тоқаев билігі "саяси реформалардың бірі" деп атаған саяси партиялар туралы өзгеріс "көзбояушылық екенін дәлелдеу үшін" саяси партия құрып, тіркетуге тырысты. Алайда Жасарал Қуанышәлин тіркемек болған саяси партияны Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасынан кейін де түрлі себепті алға тартып, тіркемеді.

Жасарал Қуанышәлин: Мұның бәрі - биліктің саяси ойыны, бейбіт шерушілердің өрт пен қиратуға қатысы жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:17:11 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG