Accessibility links

"Ет жеу арманға айналды". Инфляция қарапайым жұрттың өмірін қалай өзгертті?


Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда азық-түлік бағасы бір жылда 20 пайызға қымбаттаған. Экономистердің бағалауы бойынша, шынайы инфляция мөлшері ресми деректен әлдеқайда жоғары. Қымбатшылық бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ауыр соғып жатыр. Азық-түлік бағасының өсуі табысы төмен азаматтардың жағдайына қалай әсер етті? Үкімет қандай шара қолданбақ?

Қазақстанның оңтүстігіндегі миллионнан астам халқы бар Шымкентте тұратын 40 жастағы Баян аптап күннің астында жұмысқа бара жатыр. Ол күні бойы аяғынан тік тұрып, ыдыс-аяқ жуады. Баян шайханада ыдыс жуушы болып істейді.

Оны бір бөлмелі жалдамалы пәтердегі бос тоңазытқыштың қасында үш баласы күтіп отыр. Баян шайханада қонақтардан қалған түртілмеген нан мен тамақ көрсе, жинап алып, балаларына апарады.

– Шәйханада тамақ қалмайтын күндер болады. Ол кезде макаронды суға қайнатып жейміз. Үйде етпен күнде тамақ дайындау деген бізге арман. Өлместің қамы ғой, әйтеуір, – дейді Баян.

Баянның арқасүйер ешкімі жоқ. Күйеуі ішімдікке салынып кеткен. Балалары әлі жас. Қарт анасы ғана қол ұшын созып, 64 мың теңге зейнетақысынан жырымдап ақша беріп тұрады. Баян жалдамалы пәтерге айына 60 мың теңге, коммуналдық төлемдерге төрт мың теңге төлейді.

Ыдыс жуып тапқан ақшасы азық-түлікке әзер жетеді. Баянның айтуынша, күн өткен сайын күнкөріс қиындап барады.

– Қазір бәрі қымбат. Күнімізді әрең көріп жүргенде азық-түлік бағасы да өсіп кетті. Күнде нан сатып аламыз. Ақша бірде бар, бірде жоқ. Үйдің жанындағы дүкенге жаздырып алып жүр едік, қарызымыз жиналып қалыпты, – дейді ол.

Ұлттық статистика бюросының тамыз айының басында жариялаған дерегіне сәйкес, бір жылда азық-түлік бағасы 19,7 пайызға қымбаттаған. Қант бағасы 87 пайызға өсіп, рекордтық көрсеткіш орнатқан. Күрт қымбаттаған тауарлар санатында пияз (71,7 пайыз), ұн (36,6 пайыз), макарон өнімдері (33 пайыз), жарма (31,4 пайыз) да бар.

Қайыршының жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Алматы, архив суреті.
Қайыршының жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Алматы, архив суреті.

ИНФЛЯЦИЯ ЖЕДЕЛ ҚАРҚЫНМЕН ӨСІП ЖАТЫР

Көбі инфляция туралы ресми деректердің растығына сенбейді. TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, экономист Рахым Ошақбаев 11 тамызда Kursiv.media ұйымдастырған дөңгелек үстелде ірі үш дүкен желісіндегі бағаларға балама мониторинг жүргізіп, азық-түлік инфляциясы ресми деректен екі есе жоғары екенін анықтағанын айтты.

«Үш негізгі ретейлер бойынша бағалар өсімінің орташа деңгейін шығарып, 2021 жылдың 1 маусымы мен 2022 жылдың 27 маусымы аралығында азық-түлік 43,9 пайызға қымбаттағанын анықтадық», — деді Ошақбаев.

Ұлттық банк өткен жылдың екінші жартысында инфляция деңгейінің күрт өсуін коронавирус пандемиясы мен тауар-шикізат нарығындағы жеткізу тізбегінің бұзылуынан туған ғаламдық тепе-теңсіздіктен кейін «сұраныстың тез қалпына келуімен» түсіндіреді. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов жақында «Капитал» басылымына берген сұхбатында «2022 жылы геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты инфляция тағы да жедел қарқынмен өсе бастады» деп мәлімдеген.

Пірматов «геосаяси шиеленіс» деп Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін болған санкциялық қысымды меңзеген болса керек. Ресейге қарсы санкциялар Мәскеудің одақтасы әрі ол басқаратын Еуразиялық одақтың мүшесі – Қазақстанға да әсер еткен. Қазақстан азық-түліктің 40 пайызын Ресейден импорттайды. Тауарлармен қатар елге инфляция да бірге келеді. Бір қызығы, импорттық тауарлар ғана емес, Қазақстанда өсетін көкөніс бағасы да қымбаттаған.

– Азық-түлік, киім-кешектен бөлек, өзімізде өсетін көкөніс те қымбаттап кетті ғой. Мысалы, былтырдың өзінде тамызда Шымкентте қарбыздың келісі 40-50 теңге болды. Қазір 80-100 теңге. Келісі жүз теңгеден аспаған пияздың келісі үш жүз теңгеге шықты, – дейді Түркістан облысындағы базарлардың бірінде сауда-саттықпен айналысатын 50 жастағы Самал.

"Айлық азық-түлікке ғана кетеді". Қымбатшылық жұрт қалтасына салмақ салып тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:32 0:00

ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН КӨТЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ

Экономистердің инфляцияны «кедейлерге салынатын салық» деп атауы тегін емес. Қымбатшылық бірінші кезекте әл-ауқаты төмен отбасыларды қыспаққа алады. Оның үстіне, жыл өткен сайын табыс көлемі азайып, 2010 жылдың ортасынан бастап кедейлікке қарсы күрес қарқыны төмендеп келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар қырғынынан кейін байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық деңгейі жоғары деген мәселе көтерген. Ол Қазақстан тарихындағы ең үлкен тәртіпсіздікке осы алшақтық әсер етті деп топшылаған. Тоқаев экономикалық саясатты қайта құруға шақырған. Бірақ президенттің бұл сөзінде нені меңзегені белгісіз.

Үкімет сәуірде 2025 жылға дейін халықтың табысын көтеру жөніндегі кешенді жоспар қабылдады. Құжатта үй шаруашылықтарындағы табыс көлемінің азаюы әл-ауқаты төмен топтардың жағдайын қиындатып, табысы жоғары азаматтарға еш әсер етпегені айтылады.

Шенеуніктер жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар қатарында кедейлер көбейіп жатыр деп дабыл қаққан. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар (үкімет бұл санатқа ара-тұра жалдамалы жұмыс істеп, жайма базарда сауда жасап, құс-мал өсіріп күнелтетін азаматтарды жатқызады) жеткілікті табысқа іліге алмай отыр.

«Қазақстанда 2 миллионнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санатына жатады. Олардың 85 пайызы айына 100 мың теңгеден аз ақша табады, 10 пайызының табысы күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Кей өңірлерде бұл көрсеткіш 30 пайызға жуықтайды» делінген үкімет жоспарында.

Үкімет халықтың табысы төмен екенін мойындап, мәселені шешу үшін мұғалімдер, дәрігерлер мен ғалымдардың жалақысын, студенттердің шәкіртақысын көтеру; күнкөріс шегін есептеу әдісін қайта қарау; ауылдық елдімекендерде микронесие беру, отбасылық шаруашылық құру, жылыжайлар салу арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу; өңірлерде туристік инфрақұрылымды дамытуға ақша бөлуді жоспарлап отыр.

Тіленші көбейген Қазақстан
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:07 0:00

Инфляцияға қарсы күрес шараларының ішінде шетелден импортталатын негізгі тауарларды Қазақстанда өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бастамасы да бар. Қазақстанда отандық өндірісті дамыту туралы бұрыннан айтылып келеді, бірақ іс жүзінде импортқа тәуелділік артпаса, азаятын емес.

Одан бөлек, аз қамтылған азаматтарға қайтарымсыз гранттар беру қарастырылған.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов «Тұран пресс» басылымына жарияланған мақаласында «Халықтың табысын көтеру бағдарламасы аса қажет. Бірақ біз өкінішке қарай, ақша табудың емес, «бюджет игерудің» ескі парадигмасында қалып қойдық. Қарапайым адамдардың табысын көтеру маңызды болғанымен, бағдарлама нәтиже бермейтін сияқты. Өйткені бағдарламаның жай-жапсары толық жазылмаған, ескі бағдарламалардан там-тұмдап жиналған құжатқа ұқсайды. Бірақ бағдарламаны оқып шығу керек. Тым құрығанда, мемлекеттік аппараттың жоспарлау әлеуетімен танысып шығасыз» деп жазады.

ТАБЫСТЫҢ ЖАРТЫСЫ ТАМАҚҚА КЕТЕДІ

Статистика бюросының дерегінше, қазақстандықтар табысының 50 пайызын тамаққа жұмсайды. Бұл Африканың кедей мемлекеттеріндегі жағдаймен бірдей. Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі азаматтардың азық-түлікке жұмсайтын ақшасы 18 пайыздан аспайды. Қазақстандағы жағдай елде халықтың табысы төмен, ал азық-түлік бағасы қымбат екенін көрсетеді.

Ұлттық банк басшылығы қазақстандықтардың әл-ауқатын қорғап, олардың табысын құнсызданудан сақтауды көздеп отырмыз дейді. Қаржы реттеуші инфляция деңгейін төмендету үшін шара қолданып жатқанын, оның әсері 1–2 жылда, яғни 2023-2024 жылдары көрінетінін айтып отыр.

Нұр-Сұлтандық экономист Марат Каирленов бұл болжамға күмәнмен қарайды.

– Инфляция күшейеді. Ұлттық банк инфляция 2023-2024 жылдары тұрақталады деп отыр. Бірақ бұл ертегідегі «не есек өледі, не патша өледі» деген сөзді еске салады, – дейді ол.

Күні бойы ыдыс жуып, ауыр жұмыстан қажыған Баян кешкісін «балаларымды мектепке қалай жіберемін?» деп бас қатырады. Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды, ал жалғызбасты ананың балаларын киіндіруге ақшасы жоқ. Баян балалары өсіп кеткен таныстары киілген киім-кешек беріп, көмектесер деп үміттеніп отыр.

– Арзандау пәтерге көшу үшін үй іздедім. Жекеменшік үйлердің ауласында 2 бөлмелі кепе тамдар бар екен, айлық пәтерақысы – 25-30 мың теңге. Сол жерге көшіп жатырмын. Пәтерақыдан қалған ақшаны тамаққа жұмсасам деймін, – дейді Баян.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG