Accessibility links

Назарбаевтың жыл ішіндегі екінші жолдауы


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауын жариялап отырған сәті. Ақорда, Астана, 5 қазан 2018 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жыл басынан бергі екінші рет жасаған халыққа жолдауында тағы да елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын жақсарту туралы айтты.

Өз сөзінде президент қарамағындағы шенеуніктерді сынап, елде "атқарылуы тиіс" шаруаларға қатысты тапсырмалар берді. Жолдауды тың бастама деп қабылдаушылар да, бұрынғыны қайталау деп сын айтушылар да бар.

Қазақстан президентінің Ақордада екі сағатқа жуық сөйлеген сөзін жұма күні мемлекеттік телеарналар тікелей эфирде көрсетті.

"ҚАЖЕТ", "КЕРЕК" ЖӘНЕ "ТИІС"

Бұл жолғы жолдауында президент "қажет", "керек", "тиіс" деген сөздерді көп қолданды.

Жолдау мәтінінде "бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек", "тарифтер саласында батыл шаралар қабылдау керек", "қолма-қол ақшасыз экономикаға бет бұру керек", "экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беру қажет", "сауда саясатымызда селқостық болмауға тиіс", "кәсіпорындарымызға көмектесу қажет", "қаражаттың көзделген мақсатқа жұмсалуын қатаң бақылау керек", "шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру мәселесін қарастыру қажет", "заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет", "құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да салаларды нақты дамыту керек", "жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет", "ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет", "дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет", " еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет", "мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған "кедергісіз орта" қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс", "Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет", "полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек", "қызметкерлердің бәрі қайта аттестациялаудан өтуге тиіс" деген және осы тәрізді ондаған сөз кездеседі.​

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫНЫ ӨСІРУ

Мемлекет басшысы үкіметке 2019 жылы елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін көбейтуді және қалалардағы тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді шешуді жүктеді.​

- Ешкімнің қатысуынсыз жеке өзім жүргізген сауалнама жұрттың көңілі толмайтынын көрсетті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, медицина сапасына, білім сапасына разы емес, - деп мәлімдеді Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ақорда, Астана, 5 қазан 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ақорда, Астана, 5 қазан 2018 жыл.

- Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 1,5 есеге, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Бұл барлық салада жұмыс істейтін 1,3 миллион адамның жалақысын ұлғайтады, - деді Назарбаев.

Оның сөзінше, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өседі. "Осы мақсатқа 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 96 милилард теңге бөлінеді" деді президент.

БІЛІМ САЛАСЫ МЕН ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ

Сонымен бірге Назарбаев Қазақстанда келесі жылға дейін педагог мәртебесі туралы заң жобасын дайындауды тапсырды. Ол жергілікті биліктің "барлық жұмысты мұғалімдердің мойнына артып қоятынын" сынады.

- Не болса соның бәрі мұғалімдерге жүктеледі. Сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат кампаниясын да мұғалімдер жүргізеді. Бұл үшін оларға ешнәрсе төлемейді. Олар жұмысын істеп, дайындалуы тиіс. Бұл аз болғандай, оларды тексереді, - деді Назарбаев.

Президент бұған қоса елде кейбір аймақтарда мектеп жетіспей, оқушылар үш ауысымда оқып жатқанын сынап, бұл мәселені шешу үшін үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырды.

Елде жоғары білім гранттарының саны көбейтілгенін еске салған президент енді жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажеттігін айтты.

- Қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен аймақтық жаңа жоғары оқу орнын құру қажет, - деді президент.

Сонымен бірге президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап науқастарды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырды.


"ҚОЛМА ҚОЛ АҚША ЖҮРГЕН ЖЕРДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ БАР"

Жұма күнгі жолдауында Назарбаев елде "халық тұтынатын тауарлар" шығаратын кәсіпорындарды қолдау қажеттігін айтып, "қарапайым тауарлар экономикасын" дамытуды ұсынды.

- Бізге халық тұтынатын тауарларды шығаратын уақыт жетті. Біз мұны ұмыттық. Қазір осы жерде отырған баршаңыз шетелдік киімдерді шешсеңіздер, тыржалаңаш қаласыздар. Бізде костюм де, көйлек те шығара алады. Оларды қолдау керек. Бүгін өз тауарларымызды қорғауымыз керек, - деді ол Ақордада өзінің Қазақстан халқына жолдауын тыңдап отырған үкімет мүшелері мен парламент депутаттарына.

Президенттің айтуынша, қазақстандықтар қымбат импорт тауарларын тұтынғанды жөн көреді. "Қазақстандықтар байи түсті, тіпті бағасына қарамайды" деді Назарбаев.

Оның сөзінше, үкімет импортқа тәуелділікті азайту үшін тауар экспорттауға бағытталған экономика құрып, ел ішіндегі тауар өндірісін біртіндеп ұлғайту шараларын қабылдауы тиіс.

- Біз сауда саясатымыздағы әлсіздікті доғаруымыз керек... Беларусь өзінікін қалай қорғайтынын білесіздер. Қырғызстан қалай күресті. Біздікілер үндемейді, ешкіммен дауласпайды. Себебі, жоғары басшылық қана дауласатынына үйреніп алған. Әркім өз міндетін орындап, біздің бизнесті қорғауы тиіс және олардың басқа елдерге өтуіне жұмыс істеуі керек, - деді ол.

Назарбаев алдағы үш жылда өңдеуші өнеркәсібін қолдауға қосымша 500 миллиард теңге (1,35 миллиард доллардан астам) бөлу керегін айтты.

Алматының Көк базарында сауда жасап тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)
Алматының Көк базарында сауда жасап тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)

Оның сөзінше, Қазақстан "қолма қол ақшасыз экономикаға бет бұруы" керек.

- Қолма қол ақша бар жерде пара мен жемқорлық жүреді. Үкімет көлеңкелі экономиканы кемінде 40 пайызға қысқартатын пәрменді шаралар қабылдауы керек, - деді Назарбаев.

Ол бұл істе жазалаушы ғана емес, сонымен бірге бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы шараларды қолдану қажеттігін айтты.

Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін көбейтуді тапсырды.

Назарбаев бұған қоса шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартылатынын, оны іске асыруға қосымша жыл сайын 30 миллиард теңге бөлінетінін хабарлады. Ол азаматтардың сот жүйесі мен полицияға сенімін қамтамасыз ету қажет деп мәлімдеді. Бұған қоса Назарбаев Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажеттігін айтып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне "жемқор шенеуніктерді ұстауды" тапсырды.

ШЕНЕУНІКТЕРДІ СЫНАУ

Жолдауды оқу барысында президент қарамағындағы кей шенеуніктерді орындарынан тұрғызып, кейбірінің жұмысына сын айтты.

Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың сөзін бөлген президент оған "былдырламай анық сөйлеуін" айтып, "Адамдарды қалай басқарып жүрсің!" деп сөкті.

Ал өткен айда президент әкімшілігінің басшысы қызметіне жаңадан тағайындаған Әсет Исекешевті Астана әкімі қызметіндегі атқарған жұмысы үшін мақтап, өзгелерді одан үлгі алуға шақырды.

Президент Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті мектептерде "таусылмайтын реформа" жүргізуді доғаруға шақырды.

Назарбаев биыл жаңадан құрылған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа оңтүстікте тіпті еден тазалаушы болып жұмысқа тұру үшін пара беруге туралы келетіні туралы айтып, реніш білдірді. Әкім бұл жөнінде президент осыған дейін айтқанын, аймақта бос орындарға электронды жүйе арқылы жұмысқа алу қолданысқа енгізілгенін айтып жауап берді.

"Жолдауда демократияны дамыту туралы айтылмады"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00

Қоғам полиция жұмысының жақсарғанын қалайды деген президент Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа қарамағындағы қызметкерлерді қайта аттестациядан өткізуді тапсырды. Алматыда шілде айында танымал спортшы Денис Тен кісі қолынан қаза тапқаннан кейін белсенділер Ішкі істер министрлігінде реформа жүргізуді және министр Қасымовты отставкаға жіберуді талап еткен болатын. Назарбаев бүгінгі сөзінде Қасымовты "ең тәжірибелі әрі парасатты жетекші" деп сипаттады.

Қазақстан президенті биыл көктемде өзі жария еткен "7-20-25" ипотекалық бағдарламасының қалай орындалып жатқанын сұрады. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев осы кезге дейін екі мыңға жуық өтініш мақұлданғаны туралы хабарлады. Бұл жауапқа қанағаттанған Назарбаев "жас отбасыларға арналған бір бөлмелі пәтердің бағасы қанша тұратыны" туралы сұрақ қойды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мәмин "50 шаршы метр пәтердің құны 7 миллион теңге болады" деп жауап берді.

- Жеті миллион? Жеті миллионның 20 пайызы – бір миллион 400 мың теңге. Адам оны төлей алады ғой? А? Және де 25 жылға. Жұмыс істемейміз! Үкімет жұмыс істемейді, Бақытжан, әкімдер жұмыс істемейді. Барлық әкімдерге айтамын. Сіздерге жақсы жұмыс істеу үшін не керек. Бәрін бердік, - деп мәлімдеді президент.

- "Эйр Астананы" [әуе компаниясы – Азаттық.] кім басқарып отыр? Ағылшын. Назарбаев Университетінде жетекші кім? Жапон. Көрдіңіздер ғой. Егер дұрыс жұмыс істемесеңіздер басқа жақтан адам шақыртамын, - деді Назарбаев сөзін тыңдап отырған шенеуніктерге.

Өз сөзінде Қазақстан президенті елдегі жаңадан пайдалануға беріліп жатқан кей тұрғын үйлердің сапасыз салынғаны туралы осы жақында ғана білгенін айтты.

"БҰРЫНҒЫ СӨЗДІ ҚАЙТАЛАУ"

Facebook әлеуметтік желісінде президент жолдауына қолдау білдірушілер де, сын айтып жатқандар да бар.

Qazaqstan телерадио корпорациясының директоры Ерлан Қарин Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына: "Ең төменгі жалақыны көбейту, мұғалімдерге, дәрігерлерге, азаматтық қызметшілерге қолдау көрсету - тұрғындар үшін нақты көмек" деп жазыпты.

Ал Бағдат Мүбәрак деген қолданушы "Жалақы өседі деген сайын бір сұмдықтың келе жатқанын түсінетін уақыттарың болды ғой, халқым" деп жазады.

Ли Бауыржан есімді қолданушы "Бүгін ұстаздар ұлықталыпты... сайлаудың иісі шығады" деген пікір білдірген.

Нұрғали Нұртай есімді қолданушы "Жастарға арналған бір-екі бөлмелі, 7 миллион тұратын 50 шаршы метрлік үй қай жерде бар, ағайындар?" деп сұрау салған.

Бұрынғы дипломатиялық қызметкер Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, президент Назарбаевтың биылғы жолдауынан тың жаңалық байқалмаған, тек "бұрынғы айтылғанды қайталау" болған.

- Мен байқаған ерекшелік - жолдау бастан-аяқ орысша жасалды. Бұл -біздің 27 жылда жеткен жетістігіміздің көрінісі. Ал форматы тұрғысынан келетін болсақ, сынып жетекшісінің балаларға ұрысқаны секілді. Премьер-министрді орнынан тұрғызып қойып ұрсуы немесе "Әй, тұр сен", "Бері кел" деп сөйлеуі ұят нәрсе, - дейді ол Азаттыққа.

Қазбек Бейсебаев бүгінгі жолдау кезінде президент "өз сөзін үкіметке өткізе алмайтынын мойындағандай болды" деген пікірде.

Бұрынғы дипломатиялық қызметкер Қазбек Бейсебаев.
Бұрынғы дипломатиялық қызметкер Қазбек Бейсебаев.

- Ағарту мәселесі немесе жаңадан салынған үйлердің тұруға жарамсыздығы туралы елбасы жаңа ғана біліпті. Бірақ бұл - бұрыннан бар мәселе ғой. Бұл жерде елдің көңіліне жақындау, "мұның бәрін білемін" деп көрсету бар секілді. Тағы бір нәрсе, президент бүгінгі жолдауымен өз тапсырмаларының орындалмайтынын дәлелдеді. Ол бүгін тек Исекешевті ғана мақтады. Бірақ ол әкім ретінде жақсы болғанымен, индустриялық инновацияға жауап берген жоқ қой. Соның нәтижесі жоқ. Яғни бүгінгі жолдау арқылы бұрынғы айтылып келе жатқан нәрселердің орындалмағанын, өзінің орындата алмайтынын мойындады, - дейді Қазбек Бейсебаев.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG