Accessibility links

Қазақстан мен Ресейде президент келерде неге әбігерге түседі?


Омбы қаласы. Көрнекі сурет.
Омбы қаласы. Көрнекі сурет.

Омбыда Қазақстан мен Ресейдің 16-өңіраралық әріптестік форумы өтеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысатын шара бірнеше сағат қана болатынына қарамастан, қалада жарты жылдан бері қызу дайындық жүріп жатыр. 2018 жылы қарашада осындай форум Қазақстанның Петропавл қаласында өткенде президенттер келгенше асфальт пен көгал төселген. 2006 жылы күзде Оралдағы форум кезінде қаладан үйсіз адамдарды жоғалтып, сарғайған шөпті жасыл түске бояған.

Омбының орталығындағы көпқабатты үйдің сыртын жөндеп жатқан жұмысшылар.
Омбының орталығындағы көпқабатты үйдің сыртын жөндеп жатқан жұмысшылар.

Қазан айының соңында "Левый фронт" ұйымының (Ресейдегі оппозициялық топ) Омбы бөлімінің негізін қалаушы Евгений Рукгабер тіркеуде тұрған үйге полиция қызметкерлері келген. Олар әуелі көршілерге, кейін Евгенийдің анасы мен әпкесінің үйіне кірген.

Евгений Рукгабер, Омбы, 2018 жыл.
Евгений Рукгабер, Омбы, 2018 жыл.

– Полиция қызметкерлері жоспарымды сұрап, Путинді күтіп алуға баратын я бармайтынымды білуге тырысыпты. Үйдегілер өздеріне белгілі ақпаратты айтып берген. Жақындарым әңгіме барысынан полицияның телефон нөмерімді білетінін, бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін мені табу қиын емесін түсінген. Бірақ маған ешкім хабарласқан жоқ. Мүмкін, бұл жай ғана ақпарат жинау немесе қорқыту шарасы болған шығар. Өйткені полиция жоспарымнан бөлек, анам мен әпкемнен "Митингілерге барып тұрасыздар ма?" деп сұрапты. Көршілер мен жақындарыма "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі жазбаларым араздық пен өшпенділік туғызатынын айтқан. Ал мен аталған желіде белсеніп жазған емеспін, ондағы парақшам бос тұр деуге де болады. Бұрын да айтарлықтай артық жазбам болмаған, бірақ қалаған адам тырнақ астынан кірді қайтсе де табады ғой. Қандай әлемде өмір сүріп жатқанымызды бәріміз білеміз. "Ростов балаларының" ісін алсақ, оларды үйі өртенген адамдарды қолдап, пикет өткізгені үшін түрмеге жапты. Бұл жерде қайдағы саясат? Қоғамдық белсенділікпен айналысатын адам құқық қорғау органдарының назарына ілігеді. Бірақ қорқудың қажеті жоқ. Қорықсақ, билік өз әдіс-амалдары нәтижелі болды деп түсінеді, - дейді Евгений.

Полиция Ресейдің Либертариандық партиясының мүшесі Никита Чуйковтың да үйіне барған. Қазір шетелде жүрген ол үйіне саммит өткеннен кейін бір-ақ оралады. Анасы үйде болмағандықтан, полиция үйдің ересек өзге тұрғындарын сұрақтың астына алған.

- Қайда екенімді, не істеп жүргенімді сұрапты. Әпкем "Оны өзінен сұраңдар!" деп жауап берген, - дейді Никита.

Жергілікті белсенділердің айтуынша, Путин Омбыға соңғы рет 2018 жылы тамыздың соңында келгенде мұндай тексеру болмаған. Президент сапары елеусіз өткен. Навальный штабының Омбыдағы үйлестірушісі Ольга Картавцева күш құрылымдарының президент сапары алдындағы қазіргі әбігерін өңірдегі жағдайдың өзгеруімен байланыстырады.

- Біріншіден, бұл жолы саммит бірден екі мемлекеттің президенттерінің қатысуымен өтеді. Екіншіден, қалаға Омбының тым болмаса орталық бөлігін жақсы қалыпқа келтіру үшін қыруар қаржы бөлінген. Мұндай жағдайда келісілген сценарийден кішкене ауытқудың өзі шараны ұйымдастырушылардың және ең алдымен губернатор Бурковтың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін, - дейді Ольга.

Омбы қаласының орталығына жақын маңда тұрған ескі үй.
Омбы қаласының орталығына жақын маңда тұрған ескі үй.

Омбының орталық көшелері бұрын-соңды болмаған түрге енген: сабынмен жуғандай жалтырап тұр. Ал "Омбылық Арбат" тұсындағы жерасты өткелінің шыны шатыры салынғалы алғаш рет жуылды. Қала орталығында әлі де құрылыс жүріп жатыр. Демалыс күндері жұмысшылар президент кортежі өтетін Ленин көшесі мен Маркс даңғылындағы үйлердің сыртын бояуға кірісті.

Құрылыс тобының бригадирі Павел Калинин әріптестерімен бірге облыс әкімдігі маңындағы Пушкин кітапханасына қарама-қарсы орналасқан үш үйге жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын аяқтауға жақын қалған. Ол жұмысшылардың еңбегін адал атқарып жатқанын айтады.

- Шынымды айтайын: өз үйімді де осылай жасар едім! Бірақ, әрине, қаланы жақсарту жұмыстары президенттің келгеніне қарамай-ақ жүруі керек. Бізде жоғары шенділер келерде ғана қимылдай бастайтыны жаман, - дейді Павел.

Көрші нысанда жұмыс істеп жүрген құрылысшы Андрей де ой-пікірін айтты.

- Бізге Путин келе ме, келмей ме, бәрібір. Жұмысымызды технология бойынша орындап жатырмыз. Комиссия келіп, тексеріп кеткен. Барлық үйдің жөндеу жұмыстары дәл осылай сапалы жүрмеген шығар. Бұл туралы ештеңе айта алмаймын, өйткені өзім екі нысанда ғана жұмыс істедім, - дейді ол.

Жұмысшы Рустам Акрамов Омбыдағы жөндеу жұмыстары кеш басталғанын айтады.

- Мамырда бастау керек еді, шілдеде бастады. Әуелі мұндай жұмыстарды алғаш рет алып отырған адамдарды жалдады. Олар үлгермеген соң, тамыз айында бізді шақырды. Біз губернаторларыңыз сияқты Екатеринбургтен келдік, - дейді Рустам.

Ресей мен Қазақстанның 16-өңіраралық әріптестік форумына келген қонақтар жүретін тоғыз бағыт бойында орналасқан ғимараттардың сыртын жөндеуге федералды бюджеттен Омбыға 2019 жылдың басында 1,1 миллиард рубль бөлінген. Осы мақсатта Омбы облысы да қосымша миллиард рубль алған. Президенттің келуіне орай, жалпы 169 ғимараттың сыртын жөндеу жоспарланған. Бірақ жергілікті құрылыс компаниялары жұмысқа кірісуден бас тартқан. Жұмысты орындау мерзімі, сапасына байланысты қойылған талаптар, әуелі өз ақшасын жұмсап жұмыс істеп, құрылыс аяқталған соң ғана түгел есеп айырысу туралы шарт олардың көңілінен шықпаған. Тұрғындар терезелеріндегі темір торларды, спутник антенналар мен кондиционерлерді өздігінен алғысы келмеген. Жұмыс бел ортасына келгенде, құрылысшылар қызметін үйлестірумен айналысқан қалалық шаруашылық департаменті төрағасының орынбасары мен тұрғын үй қорының жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы жұмыстан кеткен.

Омбыға президент келер алдында қаланың әр тұсынан жұмыс істеп жатқан құрылыс техникасын көресіз.
Омбыға президент келер алдында қаланың әр тұсынан жұмыс істеп жатқан құрылыс техникасын көресіз.

Салдарынан жөндеу жұмыстарын аяқтау мерзімі үш рет өзгерген: әуелі қыркүйектің 1-іне, кейін қазанның 1-іне бітеді делінген жұмыстар енді жылдың соңына қарай аяқталады деп хабарланды. Жөндеу жұмыстары барысында қаланың мұндай көлемдегі жұмыстарға дайын емесі, ал бөлінген қаржының жұмысты уақытында аяқтауға жетпейтіні анықталған. 10 ғимаратты мердігерлер аяқтамай тастап кеткен. Прокуратура тексеру жұмыстарын бастап, нәтиже шығара алмаған. Қарашаға қарай, тек 73 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталғаны белгілі болды. Омбы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық кешен министрі Вадим Марыгин жақында өткен баспасөз конференциясында барлық жұмыс желтоқсан айының соңында аяқталатынын мәлімдеді.

Жаңа бояу жағылған, өткен ғасырдың 50-жылдары салынған үйлердің арасынан күйі кеткен бес қабатты үйлер байқалады. Көлік терезесінен көрінбейтін бұл үйлер Ресей мен Қазақстанның 16-өңіраралық форумы аясындағы жөндеу жұмыстарының жоспарына кірмеген. Ленинград алаңындағы ең үлкен саналатын №1 үйдің әуежайға апаратын көпірге қараған қабырғасына бояу жағылған, ал аулаға қараған бөлігі жөнделмеген.

Омбы көшесіндегі дайындық жұмыстары.
Омбы көшесіндегі дайындық жұмыстары.

19-ғасырдағы сәулет өнерінің ескерткіші саналатын Липатников-Тереховтың кіріс үйі мен Шебалин атындағы музыка училищесі ғимаратын бояу жағып, жаңартуға келмейді. Нысанды толық қайта жаңғырту керек. Сондықтан Шебалин үйінің сыртына президент сапарының қарсаңында жасанды балкондар мен терезелердің суреті салынған баннер ілінді. Сірә, жоғары шенді қонақтар байқамай қалатын шығар деген үмітпен жасалған тәрізді.

Омбыдағы музыка училищесі.
Омбыдағы музыка училищесі.

Құрылысы 2009 жылы тоқтап қалған "Хилтон" қонақүйінің сырты да терезелері бар 12 қабатты ғимараттың суреті салынған матамен қапталды. "Хилтон" орталықта болмаса да, үш жолдың қиылысында тұр және қай жағынан қарасаң да бірден көзге түседі.

Құрылысы бітпеген қонақүй ғимаратының сыртын қаптап қойған.
Құрылысы бітпеген қонақүй ғимаратының сыртын қаптап қойған.

– Потемкин ауылдарына ұқсайды. Орталық көшеден екі қадам ұзап шықсаң жаман жол мен құлауға шақ тұрған ғимараттарды көресің. Осындай көзбояушылыққа құмарлық біздің шенеуніктердің қанында бар сияқты. Кезінде бұл туралы Гоголь жазды, содан бері көп өзгеріс болған жоқ. Мемлекет басшысы қаланың шынайы жағдайын көргені дұрыс деп ойлаймын. Сонда губернатор президенттің алдына барғанда, облысқа ақша сұрауға себеп табылар еді. Бірақ Путин шынайы өмірді көргісі келмейді, оған өзіне көрсету керек. Омбылықтар, әсіресе жастар, мұндай жөндеу жұмыстарына күліп қарайды. Студенттер қонақтар жүретін жолдардан алыс орналасқан жатақханалардың өзінде жоспардан тыс тазалық шаралары өткенін айтты. Жатақхана коменданттары студенттерге қарашаның 7-сі күні бөлмеден шықпауды, телефонға видео түсірмеуді ескерткен, – дейді Омбы мемлекеттік техникалық университетінің оқытушысы Михаил Яковлев.

Президент келер алдында Омбы көшесіне жаңадан шам іліп жатқан жұмысшылар.
Президент келер алдында Омбы көшесіне жаңадан шам іліп жатқан жұмысшылар.

Жол қорынан Омбыға жарты миллиард рубль бөлінген: Путиннің келуіне орай, 17 жол жөнделеді. Әуежайдан қалаға апаратын жолға ерекше назар аударылып, қоршаулар, белгілер, бағдаршамдар қойылады. Әуежайға да 2,2 миллион рубльге жеңіл жөндеу жұмыстары жасалып, тағы 7 миллион рубль дауыстап хабарландыру жүйесін жаңартуға жұмсалған. 340 миллион қаладағы 69 саябақ, гүлзар, алаң мен ауланың реконструкциясына кеткен. Маусым айында облыстық үкімет жарық диодты шамның үш мың данасын алып, қонақтар жүретін көшелерге ілуге тағы 80 миллион рубль бөлген. Елдегі басты қонақты лайықты күтіп алу үшін Омбы үкіметі 80 миллион рубльге 10 бөлмелік "Березовая-2" қонақ үй кешенін сатып алған. Омбы үкіметінің2016 жылы қазанның 12-сі күні қаулыға енгізген өзгертуіне сәйкес, сатып алу форумға дайындықтың бір бөлігі саналады. Кешеннің жанында 2015 жылы Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев тоқтаған губернатор резиденциясы мен мемлекеттік саяжай орналасқан. Президентке бұдан жоғары деңгейде қызмет көрсету керек сияқты.Бұрын олигарх Роман Абрамовичпен байланысы бар компанияға тиесілі болған қонақ үй Омбыдағы демалысқа қажеттің бәрі (бассейн, сауна, жаттығу залы, теннис корты) бар жасыл зонада орналасқан. "Форум өткізу – сыйлық емес, Омбы облысына берілген үй тапсырмасы. Облыс тапсырманы қалай орындағанына қарап, лайықты баға алады" деп түсіндіреді сәуірдің басында Омбыда болған президенттің Сібір федералды округі бойынша уәкілетті өкілі Сергей Меняйло.

Президент келер алдында Омбының орталығында жылы аялдамалар пайда болды.
Президент келер алдында Омбының орталығында жылы аялдамалар пайда болды.

Владимир Путин Омбыға 2018 жылдың тамызында Сібір федералды округіне жасаған жұмыс сапары барысында келген. Ол кезде президенттің келуіне орай, қаланың Ленин атындағы орталық даңғылын қалпына келтірген.

Жақында болатын саммит қарсаңында құрылысшылар асығып жүріп, Ленин көшесі бойындағы 3 қабатты Актерлар үйінің төбесінен Нижегород суретшісі Васей Басенің Stenograffia фестивалі аясында салған "Артист" картинасын және 1949-55 жылдары ғимаратпен бірге белгілі омбылық архитектор Евгений Степановтың жобалауымен жасалған "Бакалея Гастрономия" жазуын құлатып алған.

Совет көсемі Владимир Лениннің ескерткіші. Омбы қаласы, Ресей, 2019 жыл.
Совет көсемі Владимир Лениннің ескерткіші. Омбы қаласы, Ресей, 2019 жыл.

Қаланы көгалданыру жұмысына жауаптылар 1990 түп ақ қайың, емен, мойыл мен алма ағашын егіп, суық түскеніне қарамастан, ағаш отырғызуды жалғастырып жатыр. Қалалық әкімдіктің сайтындағы ақпаратқа сәйкес, қар жауса, қала қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуге дайын. Қаланы аз уақыт ішінде тазалау, жуу және жөндеуге келмейтін тұстарын жасыру "сәтті" жүзеге асып жатыр.

ҚАЗАҚСТАНДА ФОРУМҒА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАДЫ?

2006 жылдың қазан айында сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен үшінші рет ұйымдастырылған халықаралық әріптестік форумы Орал қаласында өтті. Журналист Лұкпан Ахмедьяров қала билігінің президенттерді күтіп алуға қалай белсенді дайындалғанын еске алды. Журналист президент кортежі жүретін асфальтты асығыс жөндеу мен ескірген ғимараттардың сыртын үй бейнеленген баннерлермен жабудан бөлек,көп қызық жайттар болғанын еске алды.

2006 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин болған Пушкин музейі. Орал қаласы, Қазақстан, маусым, 2019 жыл.
2006 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин болған Пушкин музейі. Орал қаласы, Қазақстан, маусым, 2019 жыл.

- Біріншіден, 2006 жылы қызметтік автокөлік бойынша ең үлкен мемлекеттік сатып алу болды. Қателеспесем, әртүрлі мемлекеттік органдардың қажетіне 35-модельдегі қара түсті Toyota Camry көлігінің 32 данасын алды. Оралда Путин мен Назарбаевтың кездесуі өтетіні белгілі болғанда, әкімдік қызметкерлері маған бейресми түрде аталған көліктер президенттермен бірге келетін лауазымды шенеуніктерді тасымалдау үшін сатып алынғанын айтты, - дейді Ахмедияров.

Журналист форумға бірнеше күн қалғанда Оралда Қазақстан президенті бейнеленген баннерлердің орнына Назарбаев пен Путиннің суреті бар баннерлер ілінгенін еске алды.

Ахмедияровтың айтуынша, форумға шамамен бір апта қалғанда Орал көшелерінен үйі жоқ адамдар жоғалып кеткен. Олардың көбін қаладағы үйсіз адамдарға арналған арнаулы қабылдау орнына жіберіп, сыймағандарын қаладан 40 километр жердегі ақыл-есінде ауытқушылық бар балаларға арналған интернатқа алып кеткен.

- Интернат үйсіз адамдарды ұстауға арналмаған. Бірақ оларды еш қарсылықсыз қабылдады. Тез арада жуындырып, дезинфекциядан өткізіп, киім тауып берді. Киім жетпей, бірнеше күн бойы үйсіз адамдар интернат ішінде әйелдердің халатын киіп жүргенін, олардың түрінен тәрбиеленушілер мен санитарлар қорыққанын естідім. Мұз сарайының жанындағы президент сөйлейді делінген жердегі сарғайған шөпті жасыл түске бояп қойғаны есімде, - дейді Лұқпан Ахмедияров.

2018 жылы 16-өңіраралық әріптестік форумы Петропавлда өткен. Ол жерде де жоғары шенді қонақтарды қабылдау кезінде 12 жыл бұрын Оралда қолданылған сценарий қайталанған. Журналистер қалада жол жөндеу (жаңа жауған қардың үстіне асфальт төсеген), көгал отырғызу (қараша айында), тротуарларды жаңарту және жаңа ғимараттар салу сияқты жұмыстар қолға алынғанын айтады. Мәселен, Петропавлда аталған шара аясында 3,8 миллиард теңгеге оқушылар сарайы мен құны 2 миллиард теңгеге бағаланған теннис орталығы салынған.

Журналист Лұқпан Ахмедияров.
Журналист Лұқпан Ахмедияров.

Лұқпан Ахмедияров шенеуніктерді күтіп алуға осылай дайындалуды "мемлекеттегі негізгі назардың халыққа емес, билеушіге бағытталуымен" байланыстырады.

- Біз әлі күнге Алтын Орда кезіндегі феодалды қатынастармен өмір сүреміз. Сондықтан бізде шенді құрметтеу қатты дамыған. Заң жұмыс істемейтін елде бәрі қолмен басқарылады. Осыдан билікте жоспарлы жұмыс істей алмайтын адамдар көп. Басшы келер алдын олар қатты стресс жағдайында белсенді жұмыс істеп жатқан кейіп танытуға тырысады. Олар шөпті бояп, асығыс асфальт төсеп, үйлердің сыртын баннермен жаба бастайды. Бірде Германияда жанымнан Ангела Меркель өтті. Бұл Потстдамда болды. Ешкім ол үшін жолды жауып, әлдебір нәрсе ілген жоқ. Өйткені ол жерде онсыз да бәрі жақсы болатын, - дейді журналист.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG