Accessibility links

Президенттіктен кеткен Назарбаевтың атағы көбейді


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2019 жыл.

Еуразия жоғары экономикалық кеңесінің (ЕАЭК) құрметті төрағасы лауазымның пайда болуы және бұл қызметке Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тағайындалуы жайлы Азаттық сөйлескен бірнеше елдің сарапшылары әртүрлі пікір білдірді.

Мамырдың 29-ы күні Нұр-Сұлтанда өткен Еуразия жоғары экономикалық кеңесі (Еуразия экономикалық одағының бас органы - ред.) отырысында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті төраға атағы берілді.

Еуразия экономикалық одағы құрылғанына бес жыл толуына орай ұйымдастырылған саммитке одаққа мүше бес мемлекет: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей басшылары келді. Жиынға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да қатысты.

Жиын қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласында Беларусь, Қырғызстан және Ресей президенттеріне Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орден тапсырғаны туралы хабарланған.

Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орден тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2019 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орден тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2019 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа лауазымы туралы сарапшылар пікірі екіге жарылды. Бір топ "Нұрсұлтан" есімі жиі аталған оқиғаларды "күлкілі" санап, олардың маңыздылығына күмәнмен қараса, екінші топ соңғы оқиғалардан терең әрі салмақты астар іздейді.

"ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ БАСТАМАСЫНЫҢ АВТОРЫ"

Соңғы топтағы сарапшылардың бірі - билікте де, оппозиция қатарында да болып көрген 71 жастағы экономист Петр Своик. Оның пікірінше, Еуразия экономикалық одағын экономикалық емес, "қалыптасқан" және "жұмсақ формадағы" саяси одақ деуге әбден болады. Ол Еуразия жоғары экономикалық кеңесі жиынын "саяси саммит", ал Назарбаевтың атағын "тарихи қажеттілік" дейді. Оның сөзінше, Назарбаев Совет одағы тарағаннан кейін постсоветтік елдер әріптестігінің маңызын бірден түсініп, интеграциялық процестерде басқалардан бұрын белсенді тұлғаға айналған.

- Сондықтан бүгін тарихи қажеттілік бойынша, постсоветтік саяси субъектілер арасында Нұрсұлтан Назарбаев ерекше аталды, - дейді Своик.

Петр Своик Назарбаевтың құрметті төраға атануынан маңызды өзгеріс болады деп санамайды. Оның пікірінше, кейін бұл жалғасын тауып, Владимир Путин Кремльден кеткен күні Еуразия экономикалық одағының құрметті емес, шынайы төрағасына айналуы әбден мүмкін.

Еуразия жоғары экономикалық кеңесі отырысына қатысушылар. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2019 жыл.
Еуразия жоғары экономикалық кеңесі отырысына қатысушылар. Нұр-Сұлтан, 29 мамыр 2019 жыл.

Қазақстан-неміс университетінің профессоры Рустам Бурнашев құрметті төраға мәртебесін Назарбаевқа ілтипат білдіру үшін ойлап тапқан деген пікірмен келіседі. Бірақ сарапшы Еуразия экономикалық одағының бірлестік ретіндегі маңызын жоққа шығармайды. Ол негізінен техникалық мәселелерді шешуге жауапты жаңа қызметтің рөлін ұйым жұмысына серпін беруге деген талпыныспен байланыстырады.

- Бұл - одақ құрылымын реттеудің бір формасы екені даусыз. Мәселенің тұлғаға бағытталған қыры да бар: бұл Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан билігінен кетуіне (формалды тұрғыда болса да) байланысты, "еуразиялық интеграция" бастамасының авторы ретінде көрсетілген құрмет, - дейді Бурнашев.

РЕСЕЙ, ҚЫРҒЫЗСТАН МЕН БЕЛАРУСЬ САРАПШЫЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Темір Сариевтің пікірінше, Еуразиядағы интеграциялық процестерге "өте зор" үлес қосқан Назарбаев өз елінде ғана емес, бүкіл әлемге танымал беделді тұлға. Сариев Қазақстанды "постсоветтік елдердің дамуына үлгі болатын мемлекетке" жатқызады. Азаттыққа білдірген пікірінде:

- Менің ойымша, интеграциялық процестер сыртқа тауар шығаратын елдерге пайдалы. Өйткені бұл процестер ішкі нарықты қорғау шараларының алдында бірыңғай ережелер құруға көмектеседі. Болашақта қаржылық және энергетикалық қызметтердің ортақ нарығы қалыптасады деп ойлаймын. <…> Еуразия экономикалық одағына мүше елдер президенттері жоғары экономикалық кеңестің құрметті мүшесі ретінде қатысатын жиында Назарбаев олармен бірге интеграциялық мәселелерді көтереді, - деді Сариев.

Ресей саясаттанушысы, Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов Назарбаевтың еуразиялық интеграциялық процестердегі рөлін "атап өтуге тұрарлық" деп мойындағанымен, қазір оған шектен тыс назар аударылуын құптамайды. Оның ойынша, Еуразия экономикалық одағының жұмысын Назарбаевтың үйлестірушілік рөлімен ғана байланыстыру одақ идеясының аясын тарылтады.

Одақ қызметін үнемі осы идеяның негізін салушы адамды ұлықтау арқылы жүргізуге болмайды.

- Одақ экономикалық қажеттілік пен мемлекеттер арасындағы баламасыз әріптестік негізінде дамуы керек. Оның қызметін үнемі бұл идеяның негізін салушы адамды ұлықтау арқылы жүргізуге болмайды. Назарбаевтың көзі кеткенде не болады? Одақ құрдымға кете ме? <…> Сондықтан мұндай жайттар көңілге қаяу түсіреді, - дейді Аркадий Дубнов.

Ресейлік тәуелсіз сарапшы Александр Князев жаңа лауазым Нұрсұлтан Назарбаевтың "жеке өзіне" бола енгізілген деп есептейді. Сарапшының пікірінше, бұл қызметте оған серіктес елдер арасында екіжақты қарым-қатынас деңгейінде (Ресей-Беларусь, Ресей-Қазақстан, Қырғызстан-Қазақстан) туған мәселелерді реттеу жүктеледі.

- Енді оларға арнаулы комиссия құрудың қажеті жоқ. Бір мәселе туа қалса, Назарбаев келісе алмаған қос тарапты жеке кездестіріп, мәселені шешуге көмектесе алады, - дейді Князев. Ол Назарбаевтың үш елдің басшысына орден тапсыруын "кешіріммен қарауға болатын осалдық" деп бағалады.

- Адамның әуес істері, ойыншықтары болады. Кез келген адамның басында болатын мұндай кішігірім осалдыққа кешіріммен қарау керек. Жалпы алғанда олар үлкен іс атқарып жүр. Оған еш күмәнім жоқ. Бірақ оны қалай жасап жатқанымен келісе алмаймын, - дейді Александр Князев.

Бұл – саясаткерлер, әсіресе диктаторларға тән "даңғойлық жәрмеңкесі".

Азаттық радиосы Беларусь қызметінің саяси шолушысы Юрий Дракахруст жаңадан тағайындалған Еуразия жоғары экономикалық кеңесі төрағасы лауазымның "ешкімге пайдасы жоқ" деп есептейді.

- Бұл – саясаткерлер, әсіресе диктаторларға тән "даңғойлық жәрмеңкесі". Еуразия экономикалық одағы басшылары шығыс (елдерінде) мақтау-мадақ айтуда сараңдық танытуға болмайтынын жақсы біледі. Құрметті төрағалықтың еш мәні болмағанымен, бұл Назарбаевқа жағады. Яғни Қазақстанды шын мәнінде кім билеп отырғанын олар түсінеді, құрметтейді деп қабылдайды, - дейді Юрий Дракахруст.

Дракахрусттың пікірінше, бұлайша "құрмет көрсету" "артығымен" орындалған.

- Бұл Брежнев туралы әзілді еске түсіреді: "Леонид Ильич, біз сізді ғылым академиясының құрметті президенті етіп сайладық". - "Рақмет, ал мен арасында жазушылар одағының төрағасы да боламын". Нұрсұлтан Әбішұлы да осы сияқты, - дейді Дракахруст.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия жоғары экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы атағын еуразиялық интеграция идеясының авторы ретінде алды. 1994 жылы наурыздың 29-ы күні М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Қазақстанның сол кездегі президенті еуразиялық интеграция идеясын "тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты тең құқылы әріптестігі" форматында түсіндірді. 20 жылдан кейін осы идея негізінде Еуразия экономикалық одағы құрылып, 2014 жылы мамырдың 29-ы күні Астана қаласында Беларусь, Қазақстан және Ресей шартқа қол қойған.

Елді соңғы отыз жыл бойы үзіліссіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 20-ы күні президент қызметінен кетті, алайда біраз маңызды құзіретті сақтап қалды. 2018 жылы Назарбаевқа конституциялық орган мәртебесі берілген Қазақстан қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілген. Бұған қоса ол конституциялық кеңестің мүшесі.

Бірінші президентке берілген "елбасы" ("ұлт көшбасшысы") мәртебесі заң жүзінде бекітілген. Заңға сәйкес, Назарбаев пен оның отбасын кез келген азаматтық және қылмыстық іс бойынша жауапқа тартуға болмайды. Наурыздың 20-ы күні Назарбаевқа "Халық қаһарманы" атағы берілген. Ал мамырдың 24-і күні, Түркияның ұсынысы бойынша, Назарбаев Түркі кеңесінің өмірлік құрметті төрағасы деп жарияланды.

Мамырдың 30-ы күні Қазақстан парламенті сенаты депутаттары бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" мәртебесін беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдап дауыс берді.

Назарбаев билікте болған жылдары оны "қызметін асыра пайдаланды", "өкілетін демократияға қайшы жолдармен ұзартты", "билікке наразыларды қудалады" деп бірнеше рет айыптаған. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы Назарбаевты ақпарат еркіндігін тұншықтырып отырған "жыртқыштар" тізіміне қосқан. Қазақстан билігі бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG