Accessibility links

Тоқаев Назарбаевтың сенімді серігі ме? Назарбаевтың "сұр кардиналдары"


Қазақстан президентінің міндетін атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) өзін осы қызметке қойып кеткен Нұрсұлтан Назарбаевпен қол алысып тұр. Астана, 20 наурыз, 2019 жыл
Қазақстан президентінің міндетін атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) өзін осы қызметке қойып кеткен Нұрсұлтан Назарбаевпен қол алысып тұр. Астана, 20 наурыз, 2019 жыл

Сонымен Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қаңтар оқиғасынан кейін босқа жатпаған болып шықты. "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" дейтін мемуарын тура 1 желтоқсанда жарқ еткізді. Тұңғыш президент күнін біз ұмытсақ та, өзі ұмытпапты.

Назарбаев кітабында Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты "сенімді серігім" деп атаған. Шағын болса да арнайы тарау арнаған. Тоқаевты қайта-қайта атап, таңдауы дұрыс болғанын айтқан. Бірақ оның шын пейіл екеніне саясаткер Ғалымжан Жақиянов күмәнмен қарайды.

– Кітапта айта кететін жер – басынан аяғына дейін қазіргі президент Тоқаевқа жағымпаздану. Ол екі адамға ол жағымпазданады, біреуі – Тоқаев, екіншісі – Путин, – дейді Жақиянов.

Назарбаев өзі президент болып тұрғанда Тоқаевты "сенімді серігім" деп ықылас білдіргені байқалмаған еді. Көп жыл жанында ұстағаны, ірі қызмет бергені белгілі. Әйтсе де Назарбаевтың жанында кім жүрмеді? Қай күні Астанада інісіне берген асқа батылы жетіп келгендердің бәрі де көп жыл жанында жүргендер. Кәрім Мәсімов секілді сотталып кеткен серіктері де бар.

Оның үстіне Тоқаевтың да Назарбаевты "сенімді серігім" деген кезі жоқ. Әлде енді айта ма?

Назарбаевты танып-білген адамдар бұған дейін ең сенімді серігі деп екі адамды атап келген болатын. Біріншісі – Нұртай Әбіқаев, екіншісі – Владимир Ни. Немесе, бірінші – Владимир Ни, екінші – Нұртай Әбіқаев.

Бұл екеуін жұрт бір сөзбен айтқанда "Назарбаевтың сұр кардиналдары" деп атады.

– Не шешу керек болса, Ни арқылы шешіп отырды ғой қалай болғанда. Ең жақын адам – Ни мен Әбіқаев болды артынан. Меніңше, Ни Назарбаевқа Әбіқаевтан да жақын болды, – дейді мәжілістің бұрынғы депутаты Серікбай Әлібаев.

Расында, ілгеріде Назарбаевтың сенімді адамы Тоқаев па, әлде Ни ме деп сұрасаң, білетіндердің бәрі сұқ саусағымен Ниді көрсететін еді. Әбіқаев жөнінде де солай.

Назарбаевтың мемуарында мынадай бір елеусіздеу әңгіме бар.

Бір күні Қазақстанға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт келді, келді де демократия туралы уағыздарын айта бастады дейді. Назарбаев демократия туралы сөзді молданың уағызына теңеп отыр.

"Мадлен Олбрайт сол тұста әлдебір даулы оқиғаға ілініп қалған азаматтардың басшы қызметте жүргендеріне таңданды. Сосын мен: "Сіз өз достарыңызды жолда тастап кете бересіз бе?" деген сұрақ қойдым. Жоғары лауазымды ханым ойланып қалды. "Дегенмен ол адамдарды босатқан жөн" деді. Амал жоқ, оған "Қазақстандағы кадр мәселесі Астанада шешіледі, Вашингтонда емес деп айтуға тура келді", – деп жазады Назарбаев мемуарында. Былай қарасаң қатты айтып тастаған сияқты. Шынында кадр мәселесін Астана өзі шешпей ме?

Енді мұның бірағы бар. Назарбаев өзі айтып отырған достары кім екенін жазбаған. Дегенмен ішіміз сезеді. Естеріңізде болса, өткен жолы Солтүстік Кореяға әскери ұшақ сатамыз деп Қазақстанның халықаралық дауға қалғанын айтқанбыз => басыңыз

Сол даудан Қазақстан басшылығы сол кездегі ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев пен қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевты қызметтен босатып, "жауапты адамдарды жазаладық, әке-көке" деп зорға құтылған. Тура сол кезде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт болатын. Бірақ Олбрайтқа "кадр мәселесін Астана өзі шешеді" деп айтатындай шама болған жоқ ол кезде.

Назарбаев Әбіқаевты Солтүстік Кореяға жасырын сатылған ұшақ дауынан соң бірден сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары етіп тағайындады. Ал Мұхтар Алтынбаевты Қазақстанның әскери әуе күштерінің қолбасшысы қызметіне қойды.

2000 жылы сәуірде Астанаға келген Мадлен Олбрайт соны көріп таңғалған. "Бұларың қалай" демей ме сосын? Одан қалса Қазақстандағы адам құқығы, демократия жөнінде сөз қозғаған. Сонда Назарбаевтың "шалбарымыздың балағын түріп алып демократияның артынан жүгіретін жөніміз жоқ" деп қатқыл жауап бергені рас, онысы баспасөзге шыққан.

Осы арада айта кетейік, ұшақ дауынан соң небәрі екі жылдан кейін Әбіқаев президент әкімшілігінің жетекшісі, ал Мұхтар Алтынбаев екі жарым жылға жетпей қайтадан қорғаныс министрі болды. Тіпті кейін Назарбаев Алтынбаевқа "Халық қаһарманы" деген атақ берді.

Назарбаевтың мемуарында ұшақ сатып дауға қалып едік, ақшасын бірдеңе еттік деген сөз жоқ, әрине. Бірақ мемлекеттің аса ірі лауазымына тағайындау мәселесін жеке басының достығымен өлшейтінін көрсетті.

Енді тағы бір сенімді серігі – Владимир Ниге келейік. Оның ресми қызметі Тоқаевпен де, Әбіқаевпен де салыстыруға келмейді. Сонау 1984 жылы Назарбаев Қазақ ССР министрлер советінің төрағасы болғанда оның көмекшісі болып, көмекшісі күйінде 2010 жылы өмірден өтті. Тәуелсіз Қазақстанда президент әкімшілігінің шаруашылық жағын басқарды. Бар болғаны сол.

Бірақ ол Назарбаевпен кез келген уақытта сөйлесетін ең жақын адамдардың бірі немесе бірегейі болды дейді көзі көргендер. Президентпен сөйлескісі келетін, президентің алдында жақсы атты көрінуге я ақталуға тырысқан жоғары лауазымды шенеуніктер әуелі Владимир Нимен сөйлесетін дейді сол кездегі жоғары биліктің ішкі қыр-сырын білетіндер. Ни мақұлдаса мәселе шешілді деген сөз. Ал мақұлдамаса жағдай қиын. YouTube-та Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктерінің телефон әңгімелері дейтін аудиолар жеткілікті. Бұл әңгімелерде аты-жөні аталғандардың басым көпшілігі интернетте тараған аудиолардағы өз дауысы екенін растаған да жоқ, жоққа да шығармаған. Бұлардың ішінде "Қазақмыстың" басшысы, миллиардер Владимир Ким ғана өзіне байланысты телефон әңгімесін терістеп, арнайы мәлімдеме жасаған.

2006-2009 жылдары Қарағанды облысын басқарған Нұрлан Ниғматулиннің дауысына ұқсайтын адамның айтқанын тыңдайық:

– Владимир Васильевич, міне осындай қатқыл әңгіме болды... – Шымкентте болғанымды білесіз ғой.

– Иә, әрине.

– Онда қожайынмен бірге болдым, осы іс жөнінде айттым, әлгі бандит сөйткен деп. Ол органдар мен сот арқылы тәртіпке келтіру керек деді. Сөйтсек сіз тәртіпке келтіріп қойыпсыз.

Диалогта Ни дейтін адам "қожайын" деп президент Назарбаевты айтып тұр деп жазылған аудионың сипаттамасында. Ондағы әңгіме өзегі Жезқазғандағы "Қазақмыс" компаниясы туралы. "Қазақмыста" тәуелсіз кәсіподақ пайда болған. Оны билік орындары байқамай тіркеп жіберген. Тіркеліп алған соң қарапайым жұмысшылар теңдік, әділдік қайда деп биліктің мазасын алған. Соны орнына қалай қойғанын айтып отыр.

Енді бір аудиода дауысы 2005-2009 жылдары ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхамеджановтыкіне ұқсайтын адамның Ни деп көрсетілген адамның алдында қалай ақталғаны байқалады:

– Владимир Васльевич!

– Иә?

– Тағы да Бауыржан ғой. Сізге Володя хабарласты ма?

– Жоқ.

– Ол хабарласам деп еді ғой?

– Қайда?

– Сізге, сізге. Мен оған сізге бір жағдайды айтып түсіндірші деп қолқа салғам.

– Аха.

– Владимир Васильевич, жағдай былай болып тұр. Маған Әділбек Рыскелдіұлы хабарласып, "не істеп жүрсің, Володяны неге қазбалап жатырсың, анау-мынау" деп дүрсе қоя берді.

Бауыржан Мұхамеджановқа бағынышты орган қызметкерлері тағы да сол "Қазақмысқа" байланысты бірдеңені қопсытса керек. Ол әңгіме сол кездегі президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековке жеткен. Ол сосын министр Мұхамеджановқа ұрсып, "Қазақмыстан" аулақ жүр деген. Содан шошыған Мұхамеджанов дереу Ниге телефон шалып, ақталып тұр деп көрсетіледі аудиоларда.

Байқасаңыз Нығматулин, Мұхамеджанов деп аты-жөні аталған адамдар "Қазақмыс" туралы айтып отыр. "Қазақмысқа" Назарбаевтың жеке өзінің қатысы барлығы туралы ақпараттар кейін шықты. Ал Нидің өзі 1999 жылдан 2010 жылға дейін "Қазақмыс" директорлар кеңесінің мүшесі, кейін төрағасы болған.

Интернетте Ни мен Ахметжан Есімовтің, Ни мен Иманғали Тасмағамбетовтің әңгімесі деп сипатталған аудиолар да бар. Онда Ни – Назарбаев пен билік төңірегіндегі шенеуніктердің арасындағы делдал ретінде көрінеді.

Осы аудиоларға сенуге бола ма, жоқ па? Бұл әңгімелерді арнайы құралмен тыңдап, интернетке шығарған – 2007 жылы президент Назарбаевпен араздасып қалған соң шетелге қашқан оның бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев деседі. Әйтсе де аудиожазбалардағы Нидің дауысы екеніне шүбә келтірмейтіндер де көп.

– Рахат Әлиев таратқан таспалардағы дауыс – айна-қатесіз соның дауысы. Өйткені мен оның дауысын естігем, тыңдағам, былай көп сөйлемейтін, дауыс мәнері, өзін ұстауы тура соған келеді... Билік оны терістеген жоқ және ол өзі де теріске шығарған жоқ. Онымен сөйлесті деген Есімов, Тасмағамбетовтер де теріске шығарған жоқ, – дейді қоғам белсендісі, журналист Рысбек Сәрсенбай.

Рахат Әлиев жариялаған аудиолардың ішінде Назарбаевтың тоқалымен әңгімесі дейтін де бар. Нидің Назарбаевпен диалогында кішкентай бала туралы да сөз болған. Назарбаев жақында жариялаған мемуарында тоқалы мен одан 2005 және 2008 жылдары дүниеге келген екі ұлы барын да алғаш реті ашық мойындады емес пе?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG