Accessibility links

Журналистер соты және қоқыс орнына айналған табиғи аймақ


Солтүстік Қазақстан облысы, Бәйтерек ауылының маңындағы қоқыстар. pkzsk.info сайтынан алынған скриншот.
Солтүстік Қазақстан облысы, Бәйтерек ауылының маңындағы қоқыстар. pkzsk.info сайтынан алынған скриншот.

Осы аптада аймақ баспасөзі Қостанайда "ар-намысқа нұқсан келтірді" деп айыпталған журналистер соты, Петропавлда табиғи аймақтың қоқыс алаңына айналғанын және көп жылдан бері жарық, су, газсыз отырған Шымкент тұрғындарының наразылығы туралы жазды.

ЖУРНАЛИСТЕР ҮСТІНЕН АРЫЗ ТҮСІРГЕН ПОЛИЦЕЙ

Tobolinfo сайтының жазуынша, Қостанай соты жергілікті “Наша газета” тілшілерін полиция қызметкеріне “ұнамаған сөз үшін” оған моральдық өтемақы ретінде 300 мың теңге төлеуді міндеттеген. Полицей шағымында жауапкерлер "погон таққан" барлық адамнан кешірім сұрасын деп жазған.

Сайт дерегінше, журналистер Татьяна Назарук және Ольга Лихогра жергілікті кәсіпкер Александр Зайченко үстінен қозғалған қылмыстық іс туралы жазған. Кәсіпкер сотында жәбірленуші бірнеше рет ұйымдасқан қылмыспен күрес қызметкерлерінің аттарын атап, оларды "күйеуіне қысым жасап, ақша алуға тырысты" деп айыптаған.

Ал кейіннен мақалада жәбірленуші сөзін келтірген журналистерді шағым иесі ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкері Андрей Болотских айыптап, журналистер "тексерілмеген ақпаратты таратып", "ар-намысыма және отбасы, іскерлік беделіме нұқсан келді" деп сотқа арыз түсірген. Tobolinfo жазуынша, сотта журналистер жәбірленуші сөзіне сүйенгенін және оның қазір де сол сөзінен бас тартпайтынын айтқан.

Екі тарапты тыңдаған судья Бақытгүл Қанқұлова 15 мамырда газетте жарияланған "ар-намысқа тиген сөздер шындыққа сәйкес келмейді" деп тауып, полицей қызметкерінің шағымын жартылай қанағаттандырған. Ал редакция өкілдері шағымды апелляцияға беретінін айтып отыр.

ҚОҚЫСҚА АЙНАЛҒАН ТАБИҒИ АЙМАҚ

Петропавловск.news сайтының жазуынша, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылының тұрғындары елді мекен маңында осыдан екі жыл бұрын пайда болған заңсыз қоқыс полигонның экологияны ластап жатқанына шағымданып отыр.

"Полигон қоршаған ортаны ластап бітті. Бұрын орман мен даладан саңырауқұлақ пен жидектер теруші еді, таза ауа жұтып, көкорай шалғыннан самал жел есіп тұрушы еді. Қазір елді мекенді түтін мен ыс иісі тұншықтырып жатыр - полигон үнемі өртеніп, қоқыстан ұшқан қалдықтар айналаны ластап жатыр". Тұрғындардың сөзіне сүйенген сайт осылай деп жазды.


Сайт дерегінше, тұрғындар бұған дейін аудандық әкімдік, аймақ басшысына шағымданған. Билік өкілдері тұрғындарға қоқыс орнын жаңа полигонға айналдыру жобасы әзірленіп жатқанын айтып, оның қоршаған ортаға әсері жақын күндері бұрынғыдай қатты сезілмейтін болады уәде берген.

Сайттың жазуынша, оралмандарға арналып қайта құрылған жаңа Бәйтерек ауылында қоқыстан бөлек, өзге мәселелер "жетіп артылады". Мысалы, тұрғындар балалардың үш шақырым жердегі мектепке жаяу баруға мәжбүр екенін, автобус жоғын алға тартқан. Бұған қоса, олар ауыл көшелерінің қараңғылығына, медициналық көмек алудың қиындығына шағымданған.

ЖАРЫҚСЫЗ, СУСЫЗ, ГАЗСЫЗ...

Otyrar TV телеарнасы осы аптада Шымкенттегі "Жұлдыз" шағын ауданының жүзден астам отбасы көп жылдан бері су, жарық, газсыз отырғанына шағымданып, "шу шығарғанын" жазды.

"21 ғасырда мына ел сусыз, жарықсыз, газсыз отырған деген миға қонбайтын дүние. Кезінде Атамқұлов келді де "мен осы жерге келгелі көрмеппін деді". Түймебаевтың өзі келді, көрді. Нәтиже шығарған жоқ. Мен хат тастадым барлығына. "Нұр Отанға" барсам арманыңыз көп екен деді" деген тұрғындардың бірі Нұрғайша Жақсылықова.

Телеарна дерегінше, "жер телімдеріне тұрғындар өз күштерімен жарық тартып амалдап отыр".

Ал жергілікті билік өкілдері соңғы жылдары ғана халық саны арта бастағанын, осыған байланысты аудан әкімдігі жуырда ғана инфрақұрылым мәселесін шешуге өтініш тапсырғанын айтқан. Сол себепті ауыл тұрғындарына әлі бірнеше жыл күтуіне тура келеді деген.

"Осылай деген жауаптылар 40-на шыдаған елдің 41-не де төзуін сұрайды. Ол уақытқа дейін соқыршек пен асқазан ауруын арқалағандар қатары тағы да еселенбесіне кім кепіл?!" деп түйіндейді телеарна.

АННА ФРАНК КӨРМЕСІ

Tobolinfo сайты осы аптада Қостанайдағы Лев Толстой атындағы кітапханада "Анна Франк. Тарих сабақтары" атты дүниежүзілік көшпелі көрменің ашылғанын жазды.

"Бұл көрме әлемнің 60-тан астам елінде өтті: Солтүстік және Оңтүстік Америка, ОАР, Қытай және Еуропа көп елінде болған. Көрмеге қатысқан танымал тұлғалар арасында бұған дейін Нельсон Мандела (2013 жылы қайтыс болған), Стивен Спилберг, мемлекет басшылары болған, көрмеге 12 миллионнан астам адам қатысқан. Ол адамдарды Анна Франктің жеке оқиғасы арқылы адамдарды Холокост тарихымен таныстырады" деп жазды сайт.

"Қазақстанда көрме 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді және 14 қалада болған. Биыл Қарағанды, Ақтөбе және Қостанайда өтті. Бұл көрме арқылы біз тарих, тарихи жады туралы, халыққа адам құқығына жауапты қарау жайлы айтамыз. Мұнда бір кішкентай қыздың оқиғасы көрсетілген, бірақ мұндай миллион адам болған" деген "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының атқарушы директоры Елена Швецова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG