Accessibility links

Ойыл өзеніндегі балықтың қырылуы және су алған елді мекендер


Қарағанды облысы, Қызылқой ауылы. 30 наурыз, 2019 жыл. Сурет блоггер Айсұлтан Жақыповтың Facebook-тағы парақшасынан алынған.
Қарағанды облысы, Қызылқой ауылы. 30 наурыз, 2019 жыл. Сурет блоггер Айсұлтан Жақыповтың Facebook-тағы парақшасынан алынған.

Осы аптада аймақ басылымдары ел астанасының атын өзгертуге байланысты ұйымдастырылған қолдау акциясына кейбір қалада жастарды қатысуға мәжбүрлегенін жазды. Жергілікті басылымдар сонымен бірге Жайық өзенінің ізінше Ойыл өзенінде де балық қырылғанын, аймақтарда кейбір елді мекендерді су басқанын хабарлады.

Наурыздың 23-і күні Астана атауы “Нұр-Сұлтанға” өзгертілгеннен кейін мемлекеттік БАҚ республиканың түкпір-түкпірінде бұл өзгерісті “қолдау акциялары” өткенін жарыса жазған еді.

“Орал жастарын астана атауының өзгертілуін қолдауға қалай мәжбүрледі” атты мақалада Оралдық “Уральская неделя” басылымы акцияға келген 200 шақты студенттің көбі акцияның мән-жайынан хабарсыз болғанын, оқу орындарының жастарды шараға мәжбүрлеп қатыстыртқанын жазды.

“Бізге WhatsApp-тағы топта массовкаға келіп қатысу керектігін жазды. Өзім пединститут студентімін. Жатақханада тұрам, жатақханадағылардың бәрі осында келді” деген басылымға студенттердің бірі.

"Уральская неделя" шарадан түсірілген видеоны да жариялады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде де осыған ұқсас жазбалар тараған.

"БАЛЫҚТАР АУА ЖЕТПЕЙ ҚЫРЫЛҒАН БОЛУЫ МҮМКІН"

Осы аптада Жайықтың ізінше Ойыл өзеніндегі балықтардың да қырылғаны туралы ақпарат шықты. Атыраулық “Ақжайық” басылымы 28 наурызда Атырау облысы Қызылқоға ауданы, Көкмешіт маңындағы өзеннен түсірілген видеоны жариялады. Видеода өлген балықтардың (көбі мөңке) өзен жағасына шығып қалғаны көрсетілген. Видео авторы қырылған балықтардың “шегі көрінбейді” деп сипаттайды.

Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиевтің айтуынша, балықтар оттегі жетпей қырылған болуы мүмкін.

"Балықтардың қырылғанын мұз ерігеннен кейін көріп тұрмыз. Негізі мөңке балшыққа да өте шыдамды, төзімді балық. Оның не себептен қырылғанын анықтау Атырау қаласына жіберілген лабораториялық зерттеуден кейін белгілі болады. Алдын ала болжам бойынша ауа жетпей өлген деп отырмыз. Бүгін балықтарды жинап, қоқыс полигонына алып барып, жоятын боламыз. Оған адам мен техника күші бөлінген" деген басылымға Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев.

Ал Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өкілдері “бұл оқиғаның Жайықтағы балықтың қырылуына еш қатысы жоқ” екенін айтқан.

”Екеуі екі түрлі жағдай. Ойыл Жайық пен теңізден едәуір қашықтықта орналасқан және Ақтөбе облысында қар суларынан түзіледі. Себебін анықтау үшін комиссия құрылады, жұмыс нәтижелері туралы хабарланады” деген комитет төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Нариман Жүнісов басылымға.​

"СЕЛ АУЫЛДЫ ЕКІГЕ БӨЛДІ"

Осы аптада аймақ басылымдары Шығыс Қазақстан, Қарағанды облысында бірқатар елді мекендерді су басқанын жазды. YK-news.kz сайтының жазуынша, наурыз айының аяғында Бесқарағай ауданында оннан астам үйдің ауласына су кіріп, екі үйді су басып қалған.

Ustinka.kz сайты Шемонаиха ауданында еріген қар суы бір ауылды екіге жарған.

“Убинка ауылының орталық көшесі тұтас өзенге айналды, адамдар тіпті аурухана мен дүкендерге жете алмай қалды” деп жазды сайт.

"Бұл басы ғана, бірнеше күннен кейін адамдар қайықпен жүзе бастайды. Кейбір үйлерге су жақсылап тұрып кірді. Жыл сайынғы мәселе және көптен бері шешілмей жатыр" деген ауыл тұрғыны Владимир сайтқа.

Ал жергілікті билік тұрғындарды эвакуациялауға негіз жоқ деген.

"Құтқарушылар әлеуметтік желіде видео пайда бола салысымен оқиға орнына жетті, тексерді. Өзендегі су деңгейі көтерілмеген. Үйлерді су баспаған. Адамдарға қауіп жоқ. Эвакуация жасаудың қажеті жоқ. Бәлкім, бұл үнемі айтып жүрген құбырларды тазарту, қар тасу мәселесі болар" деген ШҚО төтенше жағдай жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі Анастасия Скляр.

Осы аптада Қарағанды облысында да бірнеше өзеннің арнасынан асып, кейбір елді мекендерді су басқанын Азаттық жазған.

"Қарағанды Онлайн" сайты Facebook-тағы парақшасында Қарағандыдағы Федоров су қоймасы маңындағы саяжайларды да су басқаны туралы видео жариялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG