Accessibility links

Атыраудағы діни ұйымның сергелдеңі. Оралдың "жауапсыз" шенеуніктері


"Кришна санасы" қауымының өкілдері неке рәсіміне жиналып отыр. Алматы облысы, 12 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Осы аптада аймақ баспасөзі Атырауда "Кришна санасы қоғамы" діни ұйымына әкімшілік хаттама толтырылғаны, Оралдағы онкология орталығына қымбатқа сатып алынған ескі аппараттың дауы, Павлодарда билік берген есік-терезесі жоқ үй тұрып жатқан отбасы туралы жазған.

"ДІНИ ҰЙЫМНЫҢ ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТУЫ МҮМКІН"

Атыраулық Ақжайық басылымының хабарлауынша, қаладағы "Кришна санасы қоғамы" діни бірлестігі өкілдері діни құқықтарының шектеліп отырғанына шағымданған.

Басылымның жазуынша, ақпанның басында діни бірлестіктің алты өкілі құдайға құлшылық ету үшін жеке меншік пәтерге жиналған. Енді сол үшін діни ұйымды әкімшілік жауапқа тартпақшы. Егер сотта жеңілсе, ұйымның жұмысы үш айға тоқтатылып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (505 мың теңге немесе қазіргі бағаммен 1340 долларға жуық) айыппұл төлеуі мүмкін.

Атыраулық "Кришна санасы қоғамы" діни бірлестігінің өкілі Әлия Қазиева басылымға жергілікті полицияның әрекетін былайша сипаттаған:

"Пәтерге оннан астам ер адам рұқсатсыз кіріп келді. Бірі полиция формасын, бірақ көбі азаматтық киім киген. Олар пәтер ішін шарлай бастады. Тоқтатуға тырысқанымызбен елеген жоқ. Азаматтық киімдегілердің бірі камераға түсіріп тұрды. Олардан өздерін таныстыруын сұраған кезде тек бөлім инспекторлары ғана құжаттарын көрсетті".

Бәрін заң бойынша жасағымыз келеді. Құдайға құлшылық жасап, әнге қосқан бірнеше адамнан қандай зиян келуі мүмкін?

Кейінірек полиция департаментінің экстремизммен күрес жөніндегі басқармасы қызметкерлері діни ұйым өкілдерінен түсініктеме алған. Атырау облыстық дін істері жөніндегі басқарма мамандары олармен әңгіме өткізген. Діни ұйым мүшелеріне жиналатын орынға қатысты басқарма келісімін алу қажеттігі айтылған. "Діни рәсімдерді өткізу талаптарын бұзу" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

"Біз жақында ғана - өткен жылы қазан айында тіркелгенбіз. Бәрін заң бойынша жасағымыз келеді. Құдайға құлшылық жасап, әнге қосқан бірнеше адамнан қандай зиян келуі мүмкін? Түсінбейміз. Біз бомба әзірледік пе?" дейді Әлия Қазиева.

Басылым журналистеріне жергілікті полиция түсініктеме бермеген. Қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюроның Атыраудағы филиалының өкілі Әсел Нұрғазиева "нақты жағдайда дін істері жөніндегі басқарма ресми тіркелген заңды тұлғаның құқығын бұзып отыр" деп санайды.

"Менің пікірімше, полиция қызметкерлері жеке тұрғын үйге қожайынның рұқсатынсыз кірген және құжаттарын көрсетпестен заңсыз әрекет еткен" деген құқық қорғаушы.

"ЖАЗАҒА ТАРТАТЫН ШЕНЕУНІК ЖОҚ"

Орал қаласында шығатын "Уральская неделя" басылымы жергілікті онкологиялық диспансерге 200 миллион теңгеге сатып алынған "жаңа" аппараттың ескі болып шыққаны жайлы мақала жариялады. Осы даудың салдарынан қауіпті ісік дертіне шалдыққан 400 адам өткен жылдан бері қажетті ем ала алмай жүр.

Коллиматорды сатып алған қызметкерлер баяғыда жұмыстан шығып кеткен. Қазір жазаға тартатын адам жоқ.

Бұған дейін Орал қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі сот "тендер құжаттарын мұқият тексермегені" үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы үстінен жеке қаулы шығарған. Бірақ басқарма басшылығы даулы аппаратқа жауапты адамдардың барлығы жұмыстан шығып кеткенін хабарлаған.

"Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы кеңейтілген жиын өткізгені туралы маған ресми жауап жіберді. Коллиматорды сатып алған қызметкерлер баяғыда жұмыстан шығып кеткен. Яғни, қазір жазаға тартатын адам жоқ" деген істі қараған судья Гүлнәр Гимадутдинова басылымға.

Дау сәулемен емдеу аппаратының бір бөлшегі - коллиматор атты жабдықтан шыққан. Оны 2015 жылы Оралдағы онкология орталығына тендерді ұтып алған "Квант-Семей" компаниясы сатып алып берген. Үш жылдан соң жабдықтың жаңа емес, бұрын АҚШ-тағы онкология орталығында пайдаланылып, істен шыққан жабдық екені анықталған. Бірнеше апта бұрын Орал соты компания жетекшісін 5,5 жылға соттап, одан шамамен 200 миллион теңге өндіріп алу туралы үкім шығарған.

Онкология орталығындағы химиялық дәрі-дәрмек дайындап отырған мамандар. Астана, 19 наурыз 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)
Онкология орталығындағы химиялық дәрі-дәрмек дайындап отырған мамандар. Астана, 19 наурыз 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)

Бұған қоса, Оралдағы қылмыстық істер жөніндегі сот "тендер құжаттарын мұқият тексермеген" облыстық денсаулық сақтау басқармасының үстінен жеке қаулы шығарған.

Коллиматордың негізгі функциясы - науқас ағзасындағы рак жасушасын сәуленің күшімен жою. Үш жылдың ішінде ескі жабдықпен жүздеген адамды емдеген. Олардың кейбірі кейін бақилық болған. Ескі жабдықтан нақты қанша адамның зардап шеккені белгісіз.​

ПАВЛОДАРДАҒЫ КӨП БАЛАЛЫ ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕР АЛА МА?

Pavlodartoday.com сайты бірнеше жыл бұрын Павлодар облысындағы Сольветка ауылына көшіп барған Қытайдан келген көп балалы отбасының жергілікті әкімдік берген есік-терезесі жоқ, қирауға шақ тұрған үйде тұрып жатқанын жазды. Отағасы Қайрат Рахмет әкімдік уақытша пайдалануға берген ескі үйді жөндеуге шамасы жетпейтінін айтады.

Қайрат Рахмет жергілікті жұмыспен қамту бөлімінде тіркеуде тұр. Уақытша жұмыс істеп, айына 42 мың теңге алады. Бес баласының үлкені колледжде оқиды, кішісі жеті жаста.

"Қазір олар баспана жағдайын жақсартуды сұрайды. Ауыл әкімдігінің пікірі басқаша. Жан-жақты көмек беріп жатырмыз дейді. Берген пәтері аса керемет емес екенін де мойындайды" деп жазды сайт.

Ақпарат құралдарына шағымданғаннан кейін жергілікті билік көп балалы отбасына Евгеньевка ауылына көшіруге көмектесуге уәде берген. Онда ерлі-зайыптыларға жұмыс та бар көрінеді.


Ақпанның басында Астанада уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының кәмелетке толмаған бес баласы қазаға ұшырағаннан кейін Қазақстанда көп балалы отбасылар жағдайы, оларға берілетін жәрдемақының аздығы, кедейшілік мәселесі жиі айтыла бастады. Елдің бірнеше аймағында көп балалы аналар наразылығы күшейіп, тұрғындар биліктен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруді талап еткен.

(Мақаланы әзірлеуге Сәния Тойкен де қатысты.)

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG