Accessibility links

Тоқыраған кентте тұратын оралман қарттың үміті


«Стамбулдан шыққан қазақ» деректі фильмінен көрініс. Суретте кейіпкерлердің бірі - Мүфтихан ақсақал.

Алматыдағы «Арман» кинотеатрында Түркияда тұратын қазақтардың екі ұрпағының тағдыры жайлы баяндайтын «Стамбулдан шыққан қазақ» деректі фильмінің премьерасы болды. Кейіпкерлердің бірі - Қазақстанға көшкенге дейін көп жыл Түркияда тұрған ақсақал. Екіншісі - тарихи отанына оралуды енді ғана жоспарлап жүрген жігіт.

НҰРЛЫ КЕНТІНДЕГІ АҚСАҚАЛ ШҮКІРШІЛІК ЕТЕДІ

Фильмдегі екі кейіпкердің бірі – 74 жастағы Мүфтихан ақсақал. Ол Қытайда дүниеге келген. 1951 жылы оның отбасы Қытай билігінің қудалауынан қашқан өзге 500 қазақпен бірге шет ауған. Экрандағы ақсақал жол-жөнекей қандай қиындықтар көргендерін, Түркияға әрең жеткендерін айтып береді. Оның отбасы ат-түйемен Гималай-Тибеттен асып, Үндістанға дейін жеткен. Олар бір жыл бойы нан, күріш, бидай сияқты тамақ көрмеген. Қытай солдаттарымен шайқаста босқындар көп қару-жарақ, оқ дәрі тартып алған. Соның арқасында жабайы аңның етімен қоректенген. Бұған қоса, төзімді қазақ қойының етін талғажау еткен.

Жат жұртқа ауғаннан кейін әйелдердің тоғыз жыл бойы бала көтере алмағаны Мүфтихан ақсақалдың есінде қалыпты. Ол бұл ауыр жол мен климат ауыстырудың кесірі шығар деп топшылайды.

Мүфтихан ақсақал фильмнің премьерасында отыр. 25 қаңтар 2018 жыл.
Мүфтихан ақсақал фильмнің премьерасында отыр. 25 қаңтар 2018 жыл.

Мүфтихан ақсақал 1999 жылы ұлдары және бауырларымен бірге Қазақстанға көшіп, Алматыдан шығысқа қарай 165 километр жерде орналасқан кентке қоныстанған. Кенттің аты – Нұрлы. Оның сөзінше, түркиялық оралмандар үлкен үміт арқалап келген. Бірақ бұл жақта біраз қиындық көреді. Түркияда саудамен емін-еркін айналысуға үйреніп қалған олар бұл жақта жоспарларын жүзеге асыра алмаған. Адамдардың бір бөлігі кері қайтып кеткен. Өйткені заңдары мен жұмыс істеу стилі бөлек елдің өмір сүру ерекшелігіне бейімделе алмаған.

Фильмдегі Нұрлы кенті.
Фильмдегі Нұрлы кенті.

Бірақ оның айтуынша, Қазақстанда қалған 300 отбасының тұрмысы қоңды, күнкөрісі жақсы. Ешқандай мұқтаждығы жоқ, жергілікті қазақтармен кикілжің болмаған. Бірақ фильм режиссерінің айтуынша, қазір Нұрлы кенті тоқырап бара жатқан ауыл. Мүфтихан ақсақал Қазақстандағы тіршілігіне шүкіршілік етеді. Ол «Әлемнің өзге елдеріндегідей емес, бұл жақта экономикалық дағдарыстың әсері онша сезілмейді. Істеген адамға жұмыс бар. Қазақстанда шыдамдылық танытқан адам жұмыссыз қалмайды» дейді. Бұған қоса, «бұл елде теңдік орнаған, құқығыңды қорғауғаболады» деп біледі.

СТАМБУЛДЫҚ ЧЕМПИОН

Деректі фильмнің екінші кейіпкері – 41 жастағы Ілияс Керім. Ата-бабалары Алтайды (өзі Орта жүздің Керей руынан) мекендеген. Ол да Қытайдан Түркияға қашқандардың ұрпағы. Оның әңгімесі Мүфтихан ақсақалдың әңгімесін толықтырады. Алтайдан ауған 20 мың адамның екі мыңы ғана Түркияға жеткен. Екі жыл елге кіруге рұқсат күтіп Тибет пен Үндістан шекарасында тұрған кезде тибеттіктермен талай қарулы қақтығыстар болып, ішер асқа, киер киімге жарымаған. Бүкіл мал қырылып қалған.

Ілияс Керім.
Ілияс Керім.

Ілияс Керім спортта жетістікке жеткен. Ол таэквондодан Түркияның 12 дүркін чемпионы. Түркия құрамасы сапында Еуропа чемпионатына қатысып бірінші орын, әлем чемпионатында үшінші орын алған. Кейін балаларды жаттықтыруға ауысқан. Бірақ жарақатының кесірінен спортты уақытша тастауға мәжбүр болған. Бұдан бөлек, ол түркиялық бизнес серігімен бірге былғары тон тігумен айналысады. Ілиястың сөзінше, Түркияда тұратын қазақтар кезінде бұл кәсіптің қыр-сырын жақсы білетін шеберлер болған. Түріктердің көбін үйреткен. Бірақ қазір Түркияда бұл кәсіппен санаулы ғана қазақ айналысады.

Ілияс Керімді фильмге Түркияда да, Қазақстанда да түсірген. Түркиядағы түсірілім кезінде ол Стамбулдың ауданында тұрған кездегі өмірі жайлы айтып берген. Оның әңгімесі мен көшедегі түсірілімді біреулер тоқтатып тастаған. Егес төбелеске ұласа жаздаған. Ілияс Керімнің айтуынша, Сирияда соғыс басталғаннан кейін Түркияға босып барғандар көбейіп кеткен соң елде мұндай жанжалдар жиілеген. Оның сөзінше, мұндай жанжалдарды өздерін «жергілікті тұрғынбыз» деп көрсететін босқындар шығарады.

Ілияс Керімнің әңгімесіне қарағанда, қазір Түркияда өмір сүру қиындап кеткен. Сондықтан ол басқа жаққа кеткісі келеді, бірақ әзірше қайда баратынын білмейді. Ол «жұмыс болса және тым болмаса жалға алатын пәтер табылса, Қазақстанға кетуге дайын». Фильмнің соңында Керім Қазақстанға көшуді ұйғарғанын айтады. Ал фильмнің соңында Қазақстан азаматтығын алуға құжаттарын өткізіп қойды деп хабарланады. Оның бұл шешіміне Қазақстанға алғаш барған сапары әсер еткен сыңайлы. Оны таэквондодан Мұстафа Өзтүрік (Ілияс Керім – оның шәкірттерінің бірі) атындағы турнирге құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырған. Деректі фильмде Ілияс Керімнің Нұрлы кентінде тұратын әрі деректі фильм түсіріліміне қатысудың арқасында танысқан Мүфтихан ақсақалдың үйінде болған сәттері көрсетілді.

Мүфтихан ақсақал мен Ілияс Керім Нұрлы ауылында отыр.
Мүфтихан ақсақал мен Ілияс Керім Нұрлы ауылында отыр.

ҚАЗАҚТАР ТҮРКИЯДАН НЕГЕ КЕТІП ЖАТЫР?

Қазақ отбасыларының басқа елге кету себептері әр қилы. Мүфтихан ақсақалдың Түркияда тұрмысы жақсы болғаны байқалады. Ол жақта қалған үйлі-баранды қыздары ақсақалдан қайта оралуын сұрайды. Оның айтуынша, Түркияға барса барлық әлеуметтік жеңілдік беріледі, медициналық қызмет те тегін көрсетіледі. Ал Қазақстанда оралман ретінде айына 12 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Бірақ ол мұндай көмекке де шүкірлік етеді. Мүфтихан ақсақалдың сөзінше, Түркияда қазақтарды ешкім қудаламаған. Ата-жұртқа балалар жат болып кетпесін деген оймен оралған. Оның пікірінше, Түркияда тұратын қазақтар бір-екі ұрпақтан кейін түрікке айналады. Ол Қазақстанға ұлттық ерекшелігін сақтап қалу үшін көшіп келген.

Ілияс Керім де ұлттық ерекшелігін сақтағысы келеді. Оның айтуынша, спортта алған титулдарының бәріне қазақ ретінде қол жеткізген. Құжат бойынша ұлты - түрік деп жазылғанымен, Керім өзін «қазақпын» дейді. Ол «қазақ тілі - ана тілім, ал түрік тілі мен үшін екінші тіл. Ауыр жаттығулармен айналысар алдында қазақ күйлерін тыңдаймын» дейді. Ілияс Керім үшін тарихи отанына оралу - ұлттық ерекшелігін сақтап қалудың бір амалы. Бірақ оның шешіміне Түркияда қазір болып жатқан қиындықтардың да белгілі бір әсері болғаны анық. Өткені Ілияс Керім Түркияда өмір сүру қиындап кетті деп тектен текке айтпайды.

«ФИЛЬМДІ АТАМА АРНАДЫМ»

Райхан Рахым «Стамбулдан шыққан қазақ» фильмін түсіргенге дейін тәуелсіз интернет басылымдарда журналист болып жұмыс істеген. Ол фильмін 1954 жылы Қазақстанға оралған атасына арнаған.

— Атам өзі дүниеге келген Аягөзге Совет үкіметі тұсында оралыпты. Көзі ашық кісі болғанымен, Қазақстанда ғұмыр бойы «кочегар» (от жағушы-ред) болып жұмыс істеген. Өйткені Совет үкіметі оған сенбеген ғой. Бұл шешім атамның өзі үшін өте қиын болған. Мен үшін дұрыс шешім болғанын түсінемін. Балаларым мен немерелерім жат болып кетпесін деп Түркиядағы күйлі өмірден, жайлы тұрмыстан бас тартып, ата жұртына оралған Мүфтихан атаны мен кездейсоқ жолықтырып қалдым. Мен әсірелемей, өмірді қаз-қалпында көрсеткім келді, - дейді ол.

Фильмнің түсіру тобы (солдан оңға қарай): оператор Нұрбол Нұрбаев, режиссер Райхан Рахим, монтаж режиссері Аркадий Цай. Алматы, 25 қаңтар 2018 жыл.
Фильмнің түсіру тобы (солдан оңға қарай): оператор Нұрбол Нұрбаев, режиссер Райхан Рахим, монтаж режиссері Аркадий Цай. Алматы, 25 қаңтар 2018 жыл.

Бұл фильм Досым Сәтпаевтың жеке меншік мәдени-ағарту қоры мен титрде аты-жөні көрсетілген бірнеше меценаттың қаржылай қолдауымен түсірілген.

Көрермендер арасында Қазақстанға оралман ретінде келгендер де болды. 10 жыл бұрын Қырғызстаннан көшіп келгенін көрермендің бірі «кейіпкерлермен бірге өмір сүрдім» деді.

Оралмандар отбасының айына 12 мың жәрдемақы алатыны көрермендердің бір бөлігі үшін күтпеген ақпарат болып, олар мұны қызу талқылады. Оралмандардың бірі айтуынша, «бұл ел үшін ұят нәрсе. Сондықтан оралмандардың Қазақстаннан не үшін кетіп жатқанын депутаттар мен сенаторлар білуі үшін фильмді парламентте көрсету керек».

Тағы бір көрермен жәрдемақы мөлшерін ұлғайту мәселесін шешуге шақырды. Оның сөзінше, көше, қалалардың атауын ауыстырып жатқан ел бұл проблеманы да шеше білуі тиіс.

Райхан Рахим Азаттық тілшісіне фильмін жастар, әсіресе орыс тілді қазақтар көбірек көрсе деп ойлайтынын айтты. Ыильм кейіпкерлері қазақ тілінде сөйлейді, бірақ субтитрлерінде аудармасы берілген. Фильмді YouTube желісінен көруге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG