Accessibility links

Апострофты әліпбиге шетел қазақтары түрліше қарайды


Түркияның Алтай ауылында тұратын этникалық қазақтар. (Көрнекі сурет)
Түркияның Алтай ауылында тұратын этникалық қазақтар. (Көрнекі сурет)

Қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиінің апострофты нұсқасына шетелдегі қазақтардың пікірі біркелкі емес. Азаттық тілшісі сөйлескен бес адамның үшеуі қазіргі нұсқаны қолдамады. Ал құптаушылардың өз уәждері бар.

Азаттық тілшісі хабарласқан шетелдегі қазақ диаспораларының өкілдері - көршілес Өзбекстан мен Моңғолия, шығыстағы Түркия мен Иран және Еуропа қазақтары болды.

Жаңа әліпбиге шетел қазақтарының көзқарасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:36 0:00

Айта кетерлігі - Азаттық тілшісі оларға Қазақстанда латын графикасындағы әліпбидің бекітілгенін түсіндіріп әуре болмады. Олардың барлығы да Қазақстан қабылдаған жаңа әліпбидің апострофты екенінен де хабардар болып шықты.

Азаттыққа пікір білдірген этникалық қазақтардың кейбірі жаңа әліпбимен жазып та көргенін айтады. Осыдан шеттегі қазақтың кейбірі тарихи отандарының әліпбиі ауысып жатқанын біліп отырғанын аңғаруға болады. Тұрып жатқан елдерінің ерекшелігіне қарай шетелдегі қазақтардың арасындағы әліпбиге қатысты пікір алуандығы Қазақстанға қарағанда кеңірек екені, мәселенің Қазақстанда айтылмайтын қырларын қамтитындары байқалды.

БЕКІТІЛГЕН ӘЛІПБИДІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗІНДЕ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?

Өзбекстан қазағы: «апостроф мен үшін қиын емес»

20-дан енді асқан өзбекстандық қазақ Дәурен Мұстафаев апострофты әліпбиді жатырқамайтын сияқты.

Өйткені, Өзбекстан латын қарпіне 1992 жылдан бастап өткен еді. Өзбек лингвисі Жахонгир Маматов Азаттыққа көрші елдің әліпбиінде «апострофпен жазылатын үш әріп бар» екенін айтқан болатын. Ал Дәурен Мұстафаев Өзбекстандағы апострофты әліпбидің «оқуға ыңғайлы, бірақ жазуға қолайсыз» екенін айтып:

Дәурен Мұстафаевтың Моңғолияда түскен суреті (сурет Дәуреннің Facebook парақшасынан алдынды).
Дәурен Мұстафаевтың Моңғолияда түскен суреті (сурет Дәуреннің Facebook парақшасынан алдынды).

- Апострофты әліпбиді бала күнімнен оқып өскен мен үшін оның қиындығы жоқ. Оқуға аса қиын емес. Жылдам үйреніп кетуге болады. Ал жазу кезінде сәл қиындығы бар. Әсіресе, әкелеріміз қатты қиналды. Өйткені олар кезінде кириллицада оқыған ғой, - деді.

Оқи отырыңыз: Өзбек лингвисі: «Латын» халықты жас пен кәріге қақ жарды

Осылай деген өзбекстандық қазақ өзінің ағылшын тілінің латын графикасындағы әліпбиін ұнататынын білдірді.

- Ағылшын әліпбиі нұсқасын пайдаланған тиімді болар еді. Өзбекстанда латын әліпбиі қолданысқа енгеннен кейін үнемі өзгертіліп отырды. Мәселен, мен оқыған кезде «с» әрпі болмады. Оны кейін енгізді. Қазақстандағы жаңа әліпби де ел талабына сай өзгереді деп ойлаймын, -дейді Дәурен.

Иран қазағы: «Астананы көшіргенде де қарсы болған, бұл да солай»

Ал Иранның Бендер-Түркімен қаласында тұратын 60 жастағы қазақ Мұса Уәли Қазақстан билігі бекіткен апострофты әліпбиді көпшіліктің сынауын Астананы көшірумен салыстырады.

- Астананы көшіру туралы Назарбаев жарлық шығарғанда бәрі қарсы болған еді ғой. Қазір Астана қандай?! Бұл да сол сияқты. 2025 жылға дейін сатылап енгіземіз деп жатыр. Соған дейін бәрі түзелер, - дейді ол.

Иран қазағы Мұса Уәлидің Алматыда түскен суреті.
Иран қазағы Мұса Уәлидің Алматыда түскен суреті.

«Қазақстанның латын қарпіне көшкеніне қуанған» Мұса Уәли қазіргі апострофты әліпбидің өзінен «көп қиыншылық көрмейтінін» айтады.

- Көп қиыншылығы жоқ секілді көрінді. Ең басты ерекшелігі – қазақтың төл дыбыстарын қосымша үтірлермен белгілепті ғой. Бізге соларды үйренсек жетіп жатыр. Өйткені бізде ағылшын тілі оқытылады ғой. Сондықтан негізгі әріптер таныс. Біз үшін кириллицаны оқу қиын болатын. Сондықтан латын әліпбиін енгізу туралы Қазақстан президентінің жарлық шығарғанына қуанып қалдық, - дейді ол.

Баян-Өлгий қазағы: «классикалық латынға көшіп кету керек»

Ал Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тұратын орта жастағы Өмірбек Қабайдың пікірі Қазақстанның жаңа әліпбиін әлемдегі барлық қазақтардың қолдануы тұрғысынан шықты. Ол қысқа сөзінде қазіргі заманның коммуникация құрылғыларын ескеру қажеттігін де айта кетті.

Моңғолия қазағы Өмірбек Қабай.
Моңғолия қазағы Өмірбек Қабай.

- Әлеуметтік желіде криллицаға қарағанда латыншаны қолданатын адамдар көп. Қазақстандық латын нұсқа халықаралық талаптарға сай жасалған болса кеңінен тарай алады. Ал кейбір символдық әріптерді бағдарламалар түсінбей жатады. Мұндай кезде қолдануға ыңғайсыз болып, адамдар өздеріне ыңғайлы етіп жазады. Латынға көшу үрдісі басталған екен, бірден классикалық латынға көшіп кету керек, - дейді Өмірбек Қабай.

Түркия қазағы: «Қазақ мәтіндерін күрделендіріп жібереді»

Түркияда тұратын тарихшы ғалым Әбдіуақап Қара Қазақстан бекіткен латын қарпіндегі әліпбидің «қазақ мәтіндерін күрделендіріп жіберетінін» айтады.

- Қабылданған әліпби жүйесін қарап шықтық. Мұның компьютер пернетақтасындағы таңбалармен шектелгені байқалды. Бірақ қазақ тілінде пернетақтада жоқ дауысты дыбыстар көбірек қолданылатынын ескерсек, мұның (бекітілген апосторофты әліпбиді айтады – ред.) қазақ мәтіндерін күрделендіріп жіберетіні ақиқат, - дейді ғалым.

Түркияда тұратын тарихшы ғалым Әбдіуақап Қара.
Түркияда тұратын тарихшы ғалым Әбдіуақап Қара.

«Бұл жерде проблема баршылық» деген Әбдіуақап Қара жаңа әліпбиде қазақ тіліне «керегі жоқ», яғни артық әріптер бар екенін айтады.

- «И» әрпі қазақ тілінде «iй» немесе «ый» болып оқылады. Мәселен «кійім» сөзі орыс емлесі бойынша “киім” деп қате жазылып жүр. Біздің ойымызша «и» әрпінің жаңа латын әліпбиінде болмағаны жақсы еді. Өйткені оның қызметін “й” әрпі атқарады. Яғни сөзді «кійім» деп транскрипцияланған дұрыс, - дейді ол.

Ғалым жаңа әліпбидегі «y’», «v» «u» әріптеріне қатысты да әлі де ойлану керек екенін ескерте келе:

- Көш жүре түзеледі дейміз енді. Ең бастысы Қазақстан латында қай жүйеге өтетінін белгіледі. Бұл маңызды қадам. Жасалған алфавитке түзету енгізілмейді деген қағида жоқ. Сондықтан қолданыста пайда болып жатқан қиыншылықтар немесе басқа қолайсыздықтарға кейін түзету енгізуге болады. Бүгінгі таңда латынға өту жайында нақты қадам басылғаны аса маңызды, - дейді.

Франция қазағы: «Шетелдегі қазақтардың тіл үйренуіне қиын»

Франция азаматына тұрмысқа шыққан, Париж қаласында тұратын Жазира Есбергенова «Латынның мына нұсқасы қазақша үйренгісі келетін шетел қазақтарына ауыр тиеді» дейді.

Париж қаласында тұратын Жазира Есбергенова. Сурет Жазираның Facebook парақшасынан алынды.
Париж қаласында тұратын Жазира Есбергенова. Сурет Жазираның Facebook парақшасынан алынды.

- Латынның жаңа нұсқасын әлеуметтік желіден көрдім. Қандай екен, не бар екен деп қарап шықтым. Өз атымды жазып та көрдім. Өте күрделі. Тіпті «y’» әрпінде апостроф қойып қойыпты. Менің ойымша шала піскен ет секілді, уақытынан бұрын жарлық шығарып қойған. Яғни латынды қабылдауға (бекітуге – ред.) уақыт болғанымен, жаңа нұсқаны талдап-таразылауға уақыт болмаған. Апостроф француз тілінде де бар. Бірақ ол екі сөз тіркесінің немесе сөйлемдердің арасында қатар келген екі дауысты дыбысты біріктіру үшін қолданылады. Бір сөйлемнен бір-екі апостроф көруің мүмкін. Бірақ бір сөзде бірнеше апострофтың болуы деген өте ауыр, - дейді Жазира.

ЖАҢА ӘЛІПБИДІ КІМ ДАТТАП, КІМ ЖАҚТАП ЖАТЫР?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл жыл басында «2017 жылдың соңына дейін латын қарпіндегі қазақ әліпбиі жобасын әзірлеу, үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасау» туралы тапсырған еді.

Қыркүйек айында Қазақстан парламентінде латын әліпбиінің диграфты (қосарланған әріптер - ред.) нұсқасы таныстырылып, ол жаппай сынға ұшыраған.

ВИДЕО: Парламентке жеткен диграфты "латын" (12 қыркүйек 2017 жыл)

Парламентке жеткен "латын"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

Билік одан бас тартып, бір айдан соң әліпбидің басқа нұсқасы бекітілді. 2017 жылы қазанның 27-сі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген әліпбиде қазақ тіліне тән кей дыбыстарды апостроф (дәйекше) арқылы белгілеу ұсынылған.

Жарлықтың орындалуын президент әкімшілігі қадағаламақ.

XS
SM
MD
LG