Ресейдің Омск облысында жергілікті тұрғындар "Қытай қалашығының" құрылысына наразы. Облыс орталығынан 18 шақырым жердегі Омский елді мекеніне кіре берісте бой көтеретін қалашықты "СТГ-групп" компаниясы салуға кіріскен. Бұл қалашыққа қоныстанатын қытайлар "Газпром нефть" компаниясына тиесілі Омск мұнай өңдеу зауытын қайта жөндейді деседі.
Бұл жаққа жақын арада өзге елдің 3,5 мың азаматы көшіп келеді деген хабарға жергілікті тұрғындар уайымдайды.
- Мұнда жұмыс жоқ болғандықтан отбасылар ажырап жатыр. Ер азаматтар солтүстікке кетіп, екі-үш ай бойы сондай істейді. Ал әйелдері бала-шағасымен осында қалады. Бұл өмір ме? Қайдағы отбасы? Бір ай, екі ай емес...Ал енді бұл жаққа 3,5 мың қытайды әкеле жатыр - міне, саған жұмыс. Сосын губернатор Омск облысынан неге адамдар кетіп жатыр деп таңқалады. Өздері соған жағдай жасап беріп жатыр ғой, - дейді Омский елді мекенінің тұрғыны Ирина Дроздова.
Тұрғындар "Омскийдің өзінде небәрі 2,4 мың адам тұрады, ал олар келсе жағдай қалай болады" деп алаңдайды.
- Қалашыққа қарсымыз, көшіп келгендерге сіңіп кетеміз бе деп қорқамыз. Бұған дейін митингке қатыстық. Омск облысының барлық аудандарынан адамдар келді. Бәрі қарсы. Осы көктемде қытайлар келеді деді. Қазір құрылысшылар біздің орталық су құбыр жүйесіне жабысып жатыр. Біздікінен де үлкен құбырды әкеліп жапсырды. Тағы жаңа бес насос сатып әкеледі дейді. Енді су көрмейтін шығармыз. Бізде онсыз да су аз. Бұған қоса, қаншама жерді алды. Біз "олар не істейді" деп сұрап едік, "мұнай зауыты оларды оқытады" деді. Ал біздікілерді оқытуға болмас па еді? Біздегі адамдар қалада істеп жатыр - өйткені Омский-де мүлде жұмыс жоқ, - дейді Надежда Козлова.
Тұрғындардың айтуынша, қалашық ауылға кіре беріс жерде орналасқандықтан қазірдің өзінде ауыл маңындағы жолдар тоза бастаған, өйткені жолдан құрылыс материалын таситын ауыр жүк көліктері жиі өтеді. "Басы осы болса, қалған инфрақұрылымға не болатынын елестету қорқынышты дейді тұрғындар.
- Біз басында бұл федералды бағдарлама шығар деп ойладық, сүйтсек жеке жоба болып шықты. Бізге оның не қажеті бар? Олар жолдардың тоз-тозын шығарды, қалғаны да солай болады, - дейді тұрғын Виктор Сидоренко.
ДАУЛЫ ҚАЛАШЫҚТА БОЛҒАН ОҚИҒА
Ал Омск аудандық сотында қазір 74 жастағы зейнеткер, құқық қорғаушы Валентин Кузнецовтың ісі бойынша сот тыңдауы өтіп жатыр. Оны 3,5 мың қытайға арналған қалашықтың құрылыс алаңында "полиция қызметкерінің талаптарын орындамады" деп айыптап отыр.
Бұған дейін ауыл тұрғындары қалашыққа қатысты Кузнецовтан көмек сұраған. 2 қарашада Кузнецов құрылыс алаңын квадрокоптермен түсіру үшін қалашыққа келген. Бірақ сол жерде соққыға жығылып, полицияға қамалған. Енді Кузнецов 15 күнге қамалуы мүмкін дейді әріптестері.
Айыптау тарабы Кузнецов "полицияға қол жұмсап, айтқандарына бағынбады" деп айыптайды. Ал құқық қорғаушы айыптарды жоққа шығарып, құрылыс алаңында бірнеше адамның жабылып, тепкенін айтады. Оқиға кезінде оның жанында болған куәгерлер де Кузнецовтың сөзін растайды. Бұған қатысты құқық қорғаушы прокуратураға арыз түсірген. Қазіргі кезде аудандық сотта іс жалғасып жатыр.
Даулы қалашыққа қатысты Омский тұрғындары референдум өткізу туралы билікке өтініш түсірген. Бірақ әзірге, жауап ала алмаған.
Азаттық бұл оқиғаларға қатысты ауыл әкімдігінің қызметкерлері және "СТГ-групп" компаниясына хабарласқанмен жауап ала алмады.
Бұған дейін ауыл тұрғындары Омск ауданаралық табиғатты қорғау прокуратурасына құрылыстың ауыл шаруашылыққа тиесілі жерде жүріп жатқанын айтып шағымданған. Прокуратура жер заңнамасын бұзды деп компанияны кемшілікті жою туралы міндеттеген. Бірақ жағдай өзгермеген.
Қытай қалашығы орналасқан бірнеше гектар жерге "СТГ Групп" компаниясы ие. Ақпарат бойынша, қалашыққа қытай жұмысшыларын China National Chemical Engineering Company Limited компаниясына еншілес "СС-7" фирмасы әкеледі.
Омск мұнай өндеу зауытын жаңарту жұмыстарына бірінші кезеңде 500 түрік, 1000 қытай жұмысшысы тартылған. 3,5 мың қытай 2019 жылы көктемде келіп, үш жыл жұмыс істеуі тиіс. 2020 жылға дейін жалпы саны сегіз мың қытай жұмысшысы келеді деп айтылады.
ПІКІРЛЕР