Accessibility links

Депортация қаупі төнген ауған қазағы Сәми Ата Ғұл бостандыққа шықты


Ауғанстаннан атамекенге келіп, Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген қазақ Сәми Ата Ғұл. Астана, 15 мамыр, 2024 жыл.
Ауғанстаннан атамекенге келіп, Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген қазақ Сәми Ата Ғұл. Астана, 15 мамыр, 2024 жыл.

Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берген ауған қазағы Сәми Ата Ғұл 15 мамырда Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторынан босап шықты. Сол күні таңертең ІІМ Көші-қон комитеті қызметкерлері оны үшінші рет ұшаққа салып жіберуге тырысқаны белгілі болды.

Сәми Ата Ғұл 2023 жылдың күзінде Қазақстанға келіп, қандас куәлігін алған. Кейін тұрақты тұруға тіркелуге берген өтініші қанағаттандырылмай, биыл сәуірде Қазақстан соты оны депортациялау жөнінде шешім шығарған.

15 сәуірде Ата Ғұл ұшаққа отырмау үшін Астана әуежайының транзит аумағында паспортын жыртып тастаған еді. Содан кейін оны "жеке басын куәландыратын құжаты болмады" деп 30 күнге қамаған.

Ауғанстан қазағы Қазақстаннан депортацияланбақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:52 0:00

Сәми Ата Ғұлдың қоғамдық қорғаушысы Бақыт Сарай 15 мамыр күні Сәмиге жолығуға Көкшетауға бармақ болғанын айтады. Ол кейін Сәмидің адвокаты Абылайхан Қалабаевтан Сәмиді Көкшетаудағы облыстық полицияның уақытша ұстау изоляторынан 15 мамыр түнгі 1:30-да Целиноград ауданы көші-қон бөлімінің қызметкері алып кеткенін білген. Бақыт Сарай содан бері күні бойы Ата Ғұлды іздепті.

– [Құзырлы органдар] ақпарат бермей отыр. Оны ұшаққа салып жіберген болса, несін жасырады? – деді ол Целиноград аудандық полиция басқармасына барар алдында.

Бақыт Сарай 15 мамыр күні 17:30-да Целиноград ауданына жетіп, полиция басшысымен кездескен.

– Сәмиді бүгін үшінші рет ұшаққа салып жіберуге тырысыпты, – деді ол кездесуден шыққан сәтте.

Сол күні Бақыт Сарайдың кепілдігімен Сәми Ата Ғұл Целиноград аудандық полициясының уақытша ұстау изоляторынан бостандыққа шыққан.

АТАМЕКЕНГЕ КЕЛГЕН ҚАЗАҚТЫҢ СЕРГЕЛДЕҢІ

Сәми Ата Ғұл Қазақстанға былтыр күзде үш айлық туристік визамен келген. Ол Ақмола облысы Целиноград ауданы көші-қон комитетіне құжаттарын өткізіп, қандас куәлігін алған. Бірақ аудандық көші-қон қызметі Ата Ғұлдың ел аумағында жүруге арналған виза мерзімі бітіп қалғанын алға тартып, азаматтық алуға берген құжаттарын қабылдамай қойған.

Биыл 27 наурызда Ақмола облыстық полиция департаменті Ата Ғұлға "тұрақты тұруға және Қазақстан азаматтығын қабылдауға рұқсат беруден" бас тартатынын мәлімдеген. Кейін оның елде қалу визасының мерзімі аяқталғанына байланысты сот оны Қазақстаннан шығару туралы шешім қабылдаған.

Сәми қорғаушысының көмегімен аудандық сот шешіміне келіспейтінін айтып, Жоғарғы сотқа арыз түсірген. Бұған қоса Қазақстанның көші-қон қызметінің үстінен Бас прокуратураға шағым берген. Ел президенті мен премьер-министрге де хат жазған. Бірақ оның сотқа жіберген арызы қаралмай жатып, ІІМ Көші-қон комитеті мен ҰҚК қызметкерлері ауған қазағы Сәми Ата Ғұлды күштеп ұшаққа салып жіберуге әрекет жасаған.

Бірінші рет 15 сәуірде Астанадан ұшар алдында Сәми өз паспорты жыртып тастап, қалып қойған. Ал 6 мамырда Дубай арқылы Кабулға салып жібермек болғанда, Ата Ғұл FlyDubai әуе компаниясы жолаушылар рейсіне мінер сәтте ұшақ капитанына: "Ауғанстанға барғым келмейді, Ауғанстанда менде проблема бар" деп, тағы қалып қояды.

ҰҚК ауған қазағын әуежайға тағы күштеп апарды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:47 0:00

Сәми Ата Ғұл 15 мамырда қамаудан босап шыққанда оны құзырлы орган қызметкерлері сол күні үшінші рет ұшаққа отырғызуға тырысқанын айтты.

– [Air Astana әуе компаниясы қызметкерлеріне] ағылшын тілінде "бұлар мені күштеп депорт жасайын деп тұр" деп айттым. [Қасымда тұрған көші-қон комитеті қызметкерлері] маған қазақша сөйле деді. Сосын тағы "өзім кеткім келіп тұрған жоқпын, мені күштеп шығарып жібермек бұлар" дедім. "Олай болса, біз сізді [ұшаққа] тіркемейміз" деп айтты, – дейді Сәми Ата Ғұл сол күнгі оқиғаны баяндап.

"БІР АЙДА БІР-АҚ РЕТ ШОМЫЛУҒА РҰҚСАТ БЕРДІ"

Сәми Астана халықаралық әуежайында паспортын жыртып тастағаннан кейін Ақмола облысының полициясы оны "жеке басын куәландыратын құжаты болмады" деп 30 күнге қамаған. Азаттық тілшісімен әңгімеде Сәми қамауда болған кезінде полиция қызметкерлері оған физикалық қысым көрсетпегенін, бірақ адвокатына хабарласуға мүмкіндік бермегенін және бір айда бір рет шомылуға рұқсат бергенін айтты.

Сәми Ата Ғұлдың 30 күн қамауда отырып, босап шыққан сәті. Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылы, 15 мамыр, 2024 жыл
Сәми Ата Ғұлдың 30 күн қамауда отырып, босап шыққан сәті. Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылы, 15 мамыр, 2024 жыл

Сәмиді Целиноград аудандық полиция бөлімінен босатқан көші-қон қызметкері Азаттыққа пікір беруден бас тартты. Ауған қазағының адвокаты Абылайхан Қалабаев құзырлы орган қызметкерлері Сәмиге заңды қорғаушысына хабарласуға мүмкіндік бермей, заң талабын бұзды дейді.

– Жуынуға да, қырынуға да құқығы бар. 30 күнде бір-ақ рет жуынған... Негізі осы шектеулердің өзі қысым болып саналады. "Сенің [елде] туысың жоқ" деп бетіне басқан. Мұның бәрі – қысым, – деді заңгер Азаттық тілшісіне.

Азаттық бұған дейін де ІІМ мен ҰҚК-нен Ата Ғұл Сәмидің ісіне қатысты толық ақпарат алуға талпынған. ІІМ телефонмен ақпарат жинап беруге келісіп, кейін телефон қоңырауына жауап бермей қойды. Ал ҰҚК баспасөз хатшысы Майгүл Айнабекова ресми сауал жолдауды сұрады. Азаттық екі мекемеге де 6 мамыр күні ресми хат жіберген. Әзірге жауап келген жоқ.

Сәми Ата Ғұлдың қоғамдық қорғаушысы оған әлі де қауіп төнуі мүмкін дейді. Оған облыстық полиция қызметкерлері Сәмидің қайта өтініш беруіне мүмкіндігі барын айтқан. Ол алдымен Ауғанстан елшілігі арқылы Ата Ғұлға жаңа паспорт жасатып, сосын азаматтық алуға қайта өтініш беретінін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG