Accessibility links

Блокпостағы екі полицей өлімінен соң полиция басшысы сөгіс алды, үш қызметкер жұмыстан қуылды


Блокпосттағы көлік апаты болған жер. Алматы облысы, Көксай ауылы, 25 мамыр 2020
Блокпосттағы көлік апаты болған жер. Алматы облысы, Көксай ауылы, 25 мамыр 2020

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 25 мамыр күнгі екі полицей қаза тапқан көлік апатына байланысты Алматы полиция басшылығына тәртіптік жаза қолданды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, жазалау шарасы жеке құрам арасында профилактикалық жұмысты дұрыс жүргізбегені үшін және ақпаратты бұрмалағаны үшін қабылданған.

Тәртіптік жазаға тоғыз қызметкер іліккен. Олардың үшеуі лауазымынан босатылған, үшеуіне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалған және қалған үшеуіне қатаң сөгіс жарияланған.

Қатаң сөгіс алғандар арасында полиция басшысы Қанат Таймерденов, оның бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков және баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек бар.

Лауазымынан босатылғандар:

  • Патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары полиция подполковнигі Қ.Е. Сатаев;
  • Кадр саясаты басқармасының басшысы полиция полковнигі О.С. Мырзабеков;
  • Жеке құрам бойынша инспекция басшысы полиция подполковнигі А.О. Ақылбеков.

Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алғандар:

  • Жергілікті полиция қызметінің басшысы полиция полковнигі М.А. Саттаров (бұрын полк командирі қызметін атқарған);
  • Өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы полиция подполковнигі С.О. Көкірекбаев;
  • Полиция басшысының орынбасары полиция полковнигі А.А. Нашарбеков.

Полиция қызметкерлерінің тәртіпті жаза алуына түрткі болған көлік оқиғасы 25 мамыр таңертең Алматы қаласына кіреберістегі блокпостта болған. Блокпостты бұзып өткен автомобиль алдымен бетон қоршауға, одан кейін патруль көлігіне соғысқан. Патруль көлігінде болған екі полицей - 42 жастағы Жалғас Жанғазиев пен 26 жастағы Дастан Әбдіқанов қаза тапты.

Әлеуметтік желіде күдіктінің өзі полиция қызметкері деген қауесет тарап, артынан Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Күдікті деп анықталған азаматтың полиция формасында түскен суреті қауесетке арқау болған.

Kaztag агенттігіне берген сұқбатында Әзірбек “Таңғаларлық емес. Ол форманы "Военторгтан" кез келген адам сатып ала алады" деді.

Кейіннен қаза тапқан екі полицейдің бірі Дастан Әбдіқановтың әйелі жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында "Күдікті полицияда жұмыс істемейді деген өтірік... Ол күйеуіммен бірге түнгі ауысымға шығып жүрді. Мен оларға түнге тамақ әзірледім. Мен күйеуімнің әріптестерін танимын" деген.

Бір күннен соң Алматы қаласы полиция басшысы Қанат Таймерденов 28 жастағы күдіктінің бұрын полиция құрамында болғанын мойындады. Таймерденов оның полиция қызметінде алты жұмыс істегенін, төрт рет тәртіптік жаза алып, жұмыстан шығарылғанын айтты.

"Заңды бұзып, оның ауыр салдары туралы біле тұра, ол рөлге мас күйінде отырып, қылмыс жасады" деген Таймерденов күдіктіге қарсы кісі өлтірді деген айыппен қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG