Accessibility links

Шымкентте төрт адам газдан уланып, біреуі қайтыс болды


Газдан уланған балалардың бірін әкеле жатқан жедел жәрдем көлігі. Шымкент, 18 наурыз 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Газдан уланған балалардың бірін әкеле жатқан жедел жәрдем көлігі. Шымкент, 18 наурыз 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Шымкенттің Күншығыс ықшамауданындағы көпқабатты үйде газдан төрт адам уланған. Олардың бірі – 5 жасар бала шетінеген.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Зарипа Абдуллақызының Азаттыққа хабарлауынша, 28 қарашаға қараған түні іссапардан оралған тұрғын пәтерінде әйелі мен үш баласының (4, 5 жасар және үш айлық) ес-түссіз жатқанын көрген. Жедел жәрдем қызметкерлері зардап шеккендерді қаладағы Тұрмахан Орынбаев атындағы жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығына жеткізген. "Бес жасар бала ауруханаға жетпей қайтыс болған" деді төтенше қызмет өкілі.

Емдеу орталығының бас дәрігері Мадина Ермахамбетованың айтуынша, газдан уланып қалған 1994 жылы туған әйел мен оның 4 жасар баласы 28 қараша күні түсте жан сақтау бөлімінен жалпы палатаға көшірілген. Үш айлық нәресте қалалық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.

"Науқастардың қазіргі жағдайы – орташа ауыр" дейді бас дәрігер.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, Шымкентте 2019 жылдың басынан бері осымен жетінші оқиға тіркеліп, үйде тұтынатын газдан уланған 7 адам қайтыс болған.


Биыл наурызда Шымкенттегі № 54 мектептің қырықтан астам оқушысы өзін жайсыз сезініп, ауруханаға жеткізілген болатын. Оқушылар мектепке жақын орналасқан қосалқы станциядан шыққан газдан уланған болуы мүмкін деген болжам айтылған. Қосалқы станция мен мектепті тексерген мамандар ешқандай зиянды зат анықталмағанын хабарлаған.

Жергілікті билік орындарының мәліметінше, Шымкент қаласында газ тұтынушы саны 147 мыңнан асады, оның 75 мыңға жуығы көпқабатты тұрғын үйде, қалғаны жеке үйлерде тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG