Accessibility links

"Көшеден әкелді". Заң саласында жұмыс істемеген адам Жоғарғы сот судьясы атанды. Мұның қисыны қандай?


Жоғарғы сот ғимараты алдындағы Фемида мүсіні. Нұр-Сұлтан, 16 қараша 2021 жыл.
Жоғарғы сот ғимараты алдындағы Фемида мүсіні. Нұр-Сұлтан, 16 қараша 2021 жыл.

Қаржыгер Берік Нәжімеденов бұрын-соңды судья болмаған. Прокурор, полицей не адвокат қызметін де атқармаған. Заң саласында жұмыс істемеген осы адам жақында Жоғарғы сот судьясы болып сайланды.

11 қараша күні Қазақстан сенаты қаржы министрлігінде ішкі аудит комитетін басқаратын Берік Нәжімеденовті Жоғарғы сот судьясы етіп сайлады. Президент ұсынған кандидаттың биографиясында Павлодар мемлекеттік университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша тәмамдағаны айтылады. 1979 жылы туған Нәжімеденов еңбек жолын 2000 жылы Павлодар мұнай өңдеу зауытының операторы ретінде бастаған. Екі жылдан кейін зауыттан кетіп, осы күнге дейін қаржы министрлігіне қарасты түрлі мекемеде жұмыс істеген. Қызметі көбіне қаржыны бақылау саласында болған.

Нәжімеденов судьялыққа конкурс тәртібімен ұсынылса, өте алмас еді. Себебі, Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заң бойынша, Жоғарғы сот судьялығына үміткер заңгерлік кәсібі бойынша кемі 20 жыл істеп, оның кемі 10 жылы судья, оның ішінде кемі 5 жылы облыстық соттың судьясы болуы қажет. Бірақ осы заңның 30-бабында республика президентінің кандидатты конкурстан тыс тәртіппен ұсына алатыны жазылған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нәжімеденовтің кандидатурасын ұсынарда заңның осы тұсын пайдаланған көрінеді.

Қазақстан Жоғарғы сотының жаңа сайланған судьясы Берік Нәжімеденов бұрын-соңды судья болмаған.
Қазақстан Жоғарғы сотының жаңа сайланған судьясы Берік Нәжімеденов бұрын-соңды судья болмаған.

Аталған заңның 31-бабына сәйкес, Жоғарғы сот судьясын президенттің ұсынуымен парламент сенаты сайлайды. Тоқаев Нәжімеденовтің кандидатурасын 5 қараша күні ұсынған. Осыдан кейін сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті ұсынысты қарастырып, дауыс беруге салған. Комитеттің қорытындысында Нәжімеденовтің заңгерлік білімі бар екені, бірақ еңбек өтілі тұтастай қаржы саласында болғаны айтылады.

Қазақстан президенті Жоғарғы сот судьясына үміткерді ұсынарда Жоғарғы сот кеңесі дейтін автономды органның кепілдемесіне сүйенеді. Кеңестің төрағасы міндетін атқаратын Марат Жұмағұлов Нәжімеденовтің заңгер мамандығы бойынша жұмыс істемегенін мойындап отыр. Оның айтуынша, президент судьялыққа үміткер ұсынған соң, Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы оны қарап, кеңес мүшелеріне ұсынады.

– Бізге биографиясын жібереді. Жоғарғы сот кеңесі ол адам жұмыс істей ала ма, жоқ па – соны тексереді. Біз ол жерде кандидаттың кемшілігі бар-жоғын қараймыз. [Нәжімеденовтің] экономист және заңгер деген екі дипломы бар. Ол заңгер болып жұмыс істеген жоқ. Бірақ қаржы министрлігіндегі жұмысы да заң нормаларына негізделген, ол жерде жай ғана экономист болып отыру мүмкін емес. Мемлекет басшысы оның қаржы министрлігіндегі үлкен тәжірибесін ескерген, – дейді ол.

Қаржы министрлігіндегі тәжірибесі демекші, Жоғарғы сот судьялары да парламент палаталарындағы комитеттердегідей сот алқаларына бөлінеді. Олардың саны үшеу. Әкімшілік, қылмыстық және азаматтық істер бойынша бөлінген. Жоғарғы сот баспасөз қызметі Нәжімеденовтің әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына жолданғанын айтты.

Қазақстан Жоғарғы сотының ғимараты. Нұр-Сұлтан, 16 қараша 2021.
Қазақстан Жоғарғы сотының ғимараты. Нұр-Сұлтан, 16 қараша 2021.

Нәжімеденовтің кандидатурасы бар-жоғы алты күн ішінде бекітіліп отыр. Президент ұсынғаннан сенаттың дауыс беруіне дейін осынша уақыт өтті. Азаттық сенаттағы конституциялық заң, сот жүйесі мен құқық қорғау органдары жөніндегі комитеттің төрағасы Владимир Волковтан президент кандидатына сенаторлардың қанша пайызы дауыс бергенін сұрады. Бірақ ол көмекшісі арқылы бір аптаға дейін қолы бос емесін айтып, жауап беруден бас тартты. Тоқаевтың кандидатын сенатта дауысқа салуды ұсынған да осы Волков болатын.

Экс-сенатор Зәуреш Батталова судья сайлау сенат үшін аса бір үлкен процедура емес екенін айтады.

Зәуреш Батталова.
Зәуреш Батталова.

– Бұл сондай процедура, бәрі бірауыздан келісімін береді. Әңгіме кімнің сайланғаны туралы емес, әңгіме оны биліктің сайлайтынында. Сондықтан да кім сайланса да, тағайындалса да ол билік мүддесін көздейді. Ал бізге тәуелсіз судьяны іріктейтін реформа керек, – дейді ол.

Сот саласындағы мансабын курьерліктен бастаған ақтөбелік бұрынғы судья Майра Үстемірова Жоғарғы сотқа судьяларды сенаттың сайлайтынына наразылық білдіріп, теорияны білуді практикамен салыстырмау керек екенін айтады. Оның сөзінше, егер сотқа экономист немесе басқа маман керек болса, оны сот залына шақыртуға соттың құқығы бар.

– Менің Нәжімеденовке қарсылығым жоқ. Бірақ мен оның кандидатуарсын көшеден әкелді деп санаймын. Бұл – менің субъективті пікірім. Егер мен теорияны білсем, ол менің темірді балқытуды да білетінімді білдірмейді. Судья – тек қана теоретик емес, ол практик те болуы керек. Ол оқтың иісін сезіп, алғашқы инстанцияда үкім шығаруы керек. Мұндай тәжірибесіз ол қалай біздің актілерімізді талдай алады? Әлде бұл бір мүдденің лоббиі ме? Мен мұндай түсініксіз реформамен келіспеймін. Онда экономикалық соттарға экономистерді, ювенальді соттарға педагогтарды тағайындайық! – деп ренжіді ол.

Кейінгі жылдары Қазақстан соттарының шешіміне наразы адамдар Жоғарғы сот алдына жиі келетін болған.
Кейінгі жылдары Қазақстан соттарының шешіміне наразы адамдар Жоғарғы сот алдына жиі келетін болған.

"БІРДЕ-БІР СОТ АКТІСІН ШЫҒАРМАҒАН"

Адвокат Евгений Тихонов заң саласында жұмыс істеп көрмеген адамды Жоғарғы соттың судьялығына ұсыну сот жүйесіне кері әсер ететінін айтады.

– Cот жүйесі де – тірі организм. Алдымен сот хатшысы болады, бес-он жыл жұмыс істеп көзге түскен соң судья болады. Сөйтіп, ұзақ жылғы тәжірибемен Жоғарғы сотқа дейін жетеді. Ал біреулер бірде-бір сот актісін шығармай жатып Жоғарғы сотқа судья болады. Әрине, ондай адамның төменгі тармақтағы соттың шешімін бұзуы үлкен реніш тудырады, – дейді ол.

Тихоновтың сөзінше, заң саласында еңбек өтілі жоқ адамды сот жүйесіне кіргізу қажет болса, ең құрмағанда апелляциялық инстанциядан бастау керек еді дейді.

– Нәжімеденовтің биографиясына қарағанда, оның заңгерлік білімі бар. Бірақ ол ешқашан заңгер болып жұмыс істемеген. Ол сот мәжілісіне жалғыз қатыспайды, басқа тәжірибелі әріптестері түзетіп, көмектесетін болар. Бәлкім Жоғарғы сотқа оның кей мәселедегі көзқарасы пайдалы шығар. Бірақ меніңше, бір күн де судья болмаған адамды, судья тұрмақ бірде-бір сот мәжілісіне қатыспаған адамды Жоғарғы сотқа судья етіп сайлау дұрыс емес, – дейді адвокат.

Берік Нәжімеденов судья қызметін атқармай Жоғарғы сотқа өткен жалғыз адам емес. Биыл маусым айының соңында Жоғарғы сотқа үш судья сайланған. Олар: Герман Нұрбаев, Дана Тоқмұрзина және Ербол Өмірәлиев. Бұл үшеу де соған дейін судья болып көрмеген. Бірақ Нәжімеденовтен айырмашылығы – олар ең құрмағанда заң саласынан келіп отыр. Герман Нұрбаев түрлі жылдары ішкі істер министрлігінде жедел іздестіру маманы болып, кейін адвокатура саласында жұмыс істеген. Ал Дана Тоқмұрзина құқық жөнінен ғылым кандидаты, халықаралық ұйымдарда салық жөнінендегі қызметтерді атқарған. Ербол Өмірәлиев мансабын конституциялық кеңестің аппаратынан бастап, бас прокуратураның аппарат жетекшісі қызметіне дейін жеткен.

"ОНДА ТҰРҒАН ЕШТЕҢЕ ЖОҚ"

Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы жетекшісі Евгений Жовтис бұрын судья болмаған адамның судья болып тағайындалуынада тұрған ештеңе жоқ дейді. Ол Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилидің бұрынғы совет кезінен келе жатқан сот құрамын толық өзгерту арқылы коррупцияны жоюға жасаған қадамын мысал етті.

Евгений Жовтис.
Евгений Жовтис.

– Егер ол білікті маман болса, Жоғарғы сотқа судья болып істемеген адамды тағайындауда тұрған аса өрескел ештеңе көріп тұрғаным жоқ. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінде ешқашан судья болмаған адамдар тамаша шешімдер шығарады. Ал біздегі 25 жыл бойы судья болып істеп келе жатқандардың ісі көз алдымызда, – дейді Жовтис қазіргі сот жүйесіне сыни көзқарас білдіріп.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің доценті, заң ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Ергөбектің айтуынша, Тоқаевтың құқық саласындағы өтілі жоқ адамды ұсынуы оның сот жүйесіне сенімсіздік білдіргенін көрсетеді.

Шыңғыс Ергөбек.
Шыңғыс Ергөбек.

– Үлкен дағдарыстың көрсеткіші деп қабылдауға болады. Президент осы уақытқа дейінгі құқықтық білім беру мен құқықты пайдалану саласына сенімсіздік көрсетіп отыр, – дейді ол. – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі дегенді құрды ғой?! Бұл – парламентке деген сенімсіздіктен пайда болған дүние. Егер парламент тиімді жұмыс істесе, шынымен халық өкілдерінен тұрса, онда ешқандай сенім кеңесі қажет емес. Сотқа да дәл осы көзқараспен қарауға болар. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы уақытқа дейін пайдаланып келе жатқан сот тәжірибесінен күдер үзген көрінеді. Мұны басқаша түсіну қиын, себебі бұл шешімнің құқық тұрғысынан қисыны жоқ, бұл – саяси шешім.

Жоғарғы сот – азаматтық, қылмыстық және өзге де істер бойынша ең жоғарғы сот органы. Төменгі сатыдағы соттардың қаулыларын қайта қарап, түпкі шешім шығарады. Сонымен қатар сот практикасы мәселелеріне түсініктеме береді.

Бұл – сондай-ақ конституциялық маңызы бар ұйым. Республика президентіне мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылғанда Жоғарғы сот айыптың негізді-негізсіз екенін анықтайды. Онсыз түпкілікті шешім қабылданбайды.

Заң бойынша, Жоғарғы сот судьяларының санын республика президенті бекітеді. Баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, Жоғарғы сотта 65 судьяның орны бар. Қазір Нәжімеденовпен бірге 63 судья жұмыс істейді. Екі орын бос тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG