Accessibility links

WP Тәжікстандағы Қытайдың "құпия" әскери нысаны туралы жазды


Мургаб ауданы
Мургаб ауданы

The Washington Post (WP) басылымы Тәжікстан аумағында Қытайдың шекара бақылау-өткізу пункті орналасқанын жазды. Бірақ Душанбе де, Пекин де бұл ақпаратты ресми түрде хабарламаған.

Мақала авторы Гарри Шихтың жазуынша, Қытайдың бақылау-өткізу пункті Тәжікстанның Мургаб ауданындағы Ауғанстанның бақылау өткізу пунктіне жақын орналасқан. Ших Қытайдың "шағын әскери базасына" тәжік-ауған шекарасына іссапары кезінде тап болған.

Журналист Мургаб базарында қытай әскери қызметкерлерін де кездестірген. Өзін Ма деп таныстырған әскери қызметкер WP тілшісіне өздерінің Тәжікстан жерінде үш-төрт жылдан бері қызмет етіп келе жатқанын айтқан.

Автордың жазуынша, қытай әскерилері Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі әскерилер сияқты киінген. Шихтың сипаттауынша, бақылау-өткізу пунктінің кіре берісінде Қытай мен Тәжікстанның мемлекеттік рәміздері ілінген. Алайда ғимараттың нақты қай елге тиесілі екенін, кім оны қаржыландыратынын тілші айыра алмаған.

The Washington Post басылымы әскери нысанның спутниктен түсірілген фотосын да жариялаған. Онда шағын ғимарат, казарма мен оқу-жаттығу алаңы көрінеді.

Мургаб тұрғындарының айтуынша, мұнда ондаған, тіпті жүздеген қытай әскериі болуы мүмкін. Тұрғындар олардың жергілікті базардан жүздеген кило сарлық етін сатып алатынын айтады. Әдетте олардың жанында тәжік аудармашылары да жүреді. Басылым Мургаб базарынан азық-түлік сатып алып жүрген екі қытай сарбазының суретін де жариялаған.

Мургаб ауданында жайылып жүрген жабайы сиырлар (сарлық)
Мургаб ауданында жайылып жүрген жабайы сиырлар (сарлық)

WP жазуынша, Қытай тарабы Тәжікстандағы әскери нысанға байланысты түсініктеме бермеген.

Ал Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі басылымға берген ресми жауабында ел аумағында Қытай әскери базасы жоқ екенін, тараптар қытай әскери бекетін салу туралы мәселені ешқашан талқылап көрмегенін айтқан.

Ауғанстанның Тәжікстан, Қытай және Пәкістанмен шектесетін таулы Вахан дәлізінде 2012 жылдан бері қытайдың "халықтық қарулы полициясы" жұмыс істеп келеді. Қытай ондағы "Шығыс Түркістан" ислам қозғалысы мен өзге де сепаратистік немесе діни-экстремистік топтардың ошағын жойып жіберген.

2018 жылы жазда Қытай Ауғанстанның Қытай, Пәкістан және Тәжікстанмен шектесетін Бадахшан провинциясында алғашқы әскери-жаттығу базасын салуға кірісті. Бұл ақпаратты құпия ақпарат көзіне сілтеме жасаған South China Morning Post басылымы хабарлады. Басылымның жазуынша, бұл ауған территориясындағы алғашқы стационарлы әскери база болмақ. Бірақ Кабул бұл ақпаратты растамаған.

Бұған дейін Ауғанстан территориясында қытай әскерилерінің жергілікті сарбаздарды жаттықтырып, Бадахшанның шекаралас аудандарын күзетуге көмектесесіп жүргені жайлы ақпарат та пайда болған.

Сарапшылардың пікірінше, мұнда Қытайдың көздегені - Ауғанстанды паналаған "Шығыс Түркістандағы" ұйғыр содырларына Вахан дәлізін кесіп, Шыңжаңға өтуіне мүмкіндік бермеу. Пекин сонымен бірге "Ислам мемлекеті" террористік тобының Ауғанстан арқылы Қытайдың батыс бөлігіне өтуін қаламайды.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG