Accessibility links

Ресейде 10 мыңнан астам тәжік түрмеде отыр


Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің тергеу абақтысы - Лефортофо түрмесінің қасынан өтіп бара жатқан адамдар. Мәскеy, 4 қаңтар 2019 жыл. (Көрнекі сурет.)
Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің тергеу абақтысы - Лефортофо түрмесінің қасынан өтіп бара жатқан адамдар. Мәскеy, 4 қаңтар 2019 жыл. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігінің мәліметі бойынша, Ресейде он мыңнан аса тәжікстандық қамауда отыр. Елшілік өкілдері "экстремизм" және "терроризм" айыбымен ұсталатындар көбейгенін айтады.

"ЭКСТРЕМИЗМ АЙЫБЫМЕН ҰСТАЛҒАНДАР КӨБЕЙДІ"

Тәжікстанның дипломатиялық өкілдігіндегі дереккөздің Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди радиосы) айтуынша, қазіргі кезде Ресейде терроризм мен экстремизм айыбы тағылған ондаған тәжікстандықтың сот процестері жалғасып жатыр.

"Ұсталған азаматтарымыздың қаншасының терроризм мен экстремизмге қатысы бары белгісіз, бірақ соңғы 2-3 жылда ондай істер көбейген" деді ол қаңтардың 26-сы күні Озоди радиосына.

Ресей билігінің мәлімдеуінше, қазіргі кезде ел аумағында бір миллионға жуық Тәжікстан азаматы бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын тәжікстандық мигранттар көбіне заңсыз есірткі айналымына қатысы бар деген айыппен қамауға алынатын. Алайда 2013 жылдан бастап ресейлік баспасөз құралдары терроризм айыбымен ұсталған тәжікстандықтар туралы жиі хабарлайтын болған. Ұсталғандардың кейбірін Тәжікстанға экстрадициялаған, өзгелері сотталып, қазір Ресей түрмелерінде жазаларын өтеп жатыр.

Қазіргі кезде Ресей билігі Тәжікстанның 30 азаматына Интерпол арқылы іздеу жариялаған, олардың көбі террорлық топтарға қатысқан деген күдікке ілінген.

"ТҮРМЕДЕ ОТЫРҒАНЫН БІР ЖАРЫМ ЖЫЛДАН СОҢ БІЛДІК"

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Ресейдің билік органдары көбіне терроризм күдігімен ұсталғандардың туыстарына ол туралы хабарламайды. Ресейде мигранттар құқығын қорғаумен айналысатын Каримжон Ёровтың сөзінше, құқық органдары әдетте тергеу барысына бөгет болмас үшін қауіпсіздік факторын алға тартады.

Құқық қорғаушы Каримжон Ёров.
Құқық қорғаушы Каримжон Ёров.

"Бірде тәжікстандық жас жігіт ұшты-күйлі жоғалып кетті. Оның экстремизм айыбымен қамауда отырғанын бір жарым жылдан соң ғана білдік" дейді құқық қорғаушы.

Ёровтың айтуынша, әлгіндей күдікпен ұсталғандар іс жүзінде адвокаттың қызметінен шет қалатындықтан оларға тағылған айыптар сотта қаншалықты толық дәлелденді, тергеу кезінде қысым жасалған жоқ па деген сауалдар жауапсыз қалады.

Ресейлік күштік құрылымдар соңғы бірнеше жылда түрлі операциялар барысында Орталық Азиядан шыққан жүздеген адамды ұстаған, олардың арасында Тәжікстан азаматтары да бар.

Ресейде терроризм және экстремизм айыбымен ұсталғандардың көбінің туыстары тергеуге сенбейді.

ЕЛШІЛІК ӨКІЛДЕРІН СОТҚА ШАҚЫРМАДЫ

Өткен аптада Мәскеу әскери соты Орталық Азиядан шыққан 11 адамды (бесеуі – Тәжікстан азаматтары) 6 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сот оларды "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының мүшелері деп таныды. Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) оларды 2016 жылы Мәскеу мен Санкт-Петербургте жүргізген арнайы операциялар барысында ұстаған.

Полиция "экстремизм" айыбымен қамауда отырған екі жасөспірімді босату туралы талаппен Жоғарғы сотқа келгендердің жолын бөгеп тұр. Мәскеу, 15 тамыз 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)
Полиция "экстремизм" айыбымен қамауда отырған екі жасөспірімді босату туралы талаппен Жоғарғы сотқа келгендердің жолын бөгеп тұр. Мәскеу, 15 тамыз 2018 жыл. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстанның Ресейдегі елшілігінің хабарлауынша, тәжік дипломаттарын бұл сот процесіне қатысуға шақырмаған. Елшіліктегі дереккөзінің сөзінше, Ресей заңы бойынша дипломатиялық қызметкерлерді сот процесіне сотталушылардың талабы бойынша шақыртады.

Ресейлік "Грани.ру" интернет басылымы сот үкімінің көшірмесіне сілтеме жасап, айыпталғандарға келесідей жаза тағайындалғаны туралы хабарлады: 34 жастағы Давронбек және Мардонбек Вохидовтар, 25 жастағы Шахбозджон Исроилджонов, 38 жастағы Толибджон Мирзоджонов, 50 жастағы Розибой Торакулов пен 25 жастағы Шухратбек Эсанбоев 14 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылған. Ал Иномджон Расулиллоев, Фазлиддин Кодиров, Бехруз Махмудов, Махаммадджон Фахриддин және Умаров 6 жылға сотталған.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласынан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG