Accessibility links

Ресейде бір жылда 216 қырғызстандық қаза тапқан


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресей полициясы Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Созақ ауданының 41 жастағы тумасын скинхедтер өлтіруі мүмкін деген күдікпен қозғалған қылмыстық істі тексеріп жатыр.

2018 жылғы 12 қаңтарда Мәскеу облысы Ногинск қаласында табылған марқұм Тахиржан Хамраевтың денесінде пышақтан түскен көп жарақат бар екені анықталған. Бұдан бұрын Созақта белгісіз біреулер Хамраевтар отбасының тағы бір ұлын атып өлтірген болатын.

Қырғызстанның Созақ ауылында тұратын Хамраевтар отбасы Мәскеуден елге жеткізілген үлкен ұлдарын 17 қаңтарда жерледі. Мәскеуден келген ұшақ қалың тұман мен ауа райының қолайсыздығы кесірінен Ош әуежайына қона алмай, марқұмның сүйегі Бішкекте бір тәуліктей жатып қалды. Тахиржан Хамраевтың анасы Хайринса Хамраева "баламды не үшін өлтіргендерін түсінбеймін" деп назаланады.

- Мына сұмдық болардан сәл бұрын ғана ұлыммен WhatsApp арқылы жарты сағаттай сөйлескен едім. Ол Мәскеу облысы Ногинск қаласында салынып жатқан көп қабатты үй құрылысында жұмыс істеп жүрген. Жаңа жыл мейрамы алдында оған "қыста үйге келсеңші" деп едім, ол "мына жақта бір атай мен әжей жұмысымды ұнатып, өзге жұмыс тауып береміз, осында қал" деп айтып жатыр" деді. Сондықтан елге келген жоқ. Сағат 16:00 шамасында – дүкеннен келе жатқанда скинхедтердің ("тақырбастар" деп аталатын неонацистер тобы – ред.) қолына түсіп қалыпты. Олар аямай пышақтап, денесінен сау-тамтық қалдырмапты, саусақтары мен беті ғана аман екен. Олардың мұны не үшін істегендерін түсіне алар емеспін, - дейді қара жамылған ана.

Тахиржан Хамраев.
Тахиржан Хамраев.

Мерт болған Тахиржан күнкөріс қамымен Ресейге 2017 жылғы мамырда кеткен. Ал Мәскеуде жұмыс істеп жүргеніне бірнеше жыл болған інісі Гафуржан Хамраевтың айтуынша, ағасымен сөйлескен соңғы адам болғандықтан оны милицияға шақырып, тергеген. Оның сөзінше, ағасының қазасына қатысты кей жайттар күмәнін туғызған.

- Ағам сөйлескен соңғы адам мен болғандықтан, олар "сен өлтірдің" деп әуелгіде мені айыптады. Сосын туған ағалы-інілі екенімізді фамилиямнан түсініп, мені құр тергеп, қоя берді. Ағамды Ногинскіде өлтіріп кетті, бірақ тергеу амалдары Черноголовка қаласында жүріп жатыр. Ал сүйегін Старая Купавна қаласының мәйітханасына жіберді. Бұған таң қалдым. Мәйітті бір қалада ұстап, тергеуді неге өзге қалада жүргізіп жатқандарын ұқпаймын. Милициядан сол күйі тұшымды жауап ала алмадым. Бәлкім, олар бірдеңені жасырып отырған шығар. Тергеудің қалай жүріп жатқанынан Қырғызстанға келгеннен бері хабарсызбыз. Әуежайда енді ұшайық деп тұрғанымызда тергеуші телефон соғып, қылмысты көрген куә табылды деген болатын, - дейді Гафуржан Хамраев.

Хамраевтар отбасы Тахиржанның қазасын мәскеулік скинхедтерден көреді.

Тергеу кезінде Ногинск тұрғынының айтуынша, Тахиржан Хамраев дүкеннен келе жатқан кезде орман ішінде оннан аса скинхедтің қолына түсіп қалған. Қазір Мәскеудің тергеу органдары Ресей қылмыстық кодексінің "Кісі өлтіру" бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі тексеріп жатыр.

Хамраевтар отбасының ортаншы баласы – Ильхомжонды Созақтағы шаштараз ғимаратының алдында 2011 жылы белгісіз біреулер атып өлтірген. Ал оған дейін – 2010 жылғы мамырда ескерту ретінде үйін өртеп жіберген. Хайринса Хамраеваның айтуынша, баласының қазасына қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері қазір шетелде көрінеді.

- Ильхомжон осы жақта жұмыс істеген кезде әлгі адамдар одан ақша талап етіп, қоқан-лоқы жасапты. Балам оларға ақша төлемей қойған, сондықтан 2010 жылы үйін өртеп жіберді. Әйелі мен балалары іште болған. Ильхомжонның өзі Ресейде жұмыс істеп жүрген. 2011 жылы елге оралған кезде оны аңдып жүріп, үш күннен кейін атып өлтірді. Құқық органдары тексеру жүргізген, бірақ оны өлтірген жігіттер сол күйі жазасын алған жоқ, - дейді ол.

Тахиржан мен Илхомжон Хамраевтардың бірге түскен суреті.
Тахиржан мен Илхомжон Хамраевтардың бірге түскен суреті.

Хайринса Хамраеваның сөзінше, әлгі жағдайдан кейін күйеуі жүрек дертіне шалдығып, 57 жасында қайтыс болған. Қазір ол қастандықпен өлтірілген екі ұлынан қалған жеті немересі және кенже ұлы Гафуржанмен бірге Созақта тұрады. Ол ел билігінен ұлдарын өлтіргендерді іздеуге көмектесуді сұрап, оларды жазаға тартуға шақырады.

- Біз сонда қылмыс жайлаған әлемде тұрамыз ба? Қайда барып, кімге жүгінерімізді білмейміз. Тахиржанды өлтіріп кеткеніне 10 күн болды, ал тергеу жайлы бізге ештеңе айтпайды. Билік өкілдері мен тиісті мемелкеттік орган шенеуніктерінен көмек сұраймыз. Мемлекет өз азаматтарын қорғауы тиіс, - дейді ол.

"ҚЫРҒЫЗ МИГРАНТТАРЫ АРАСЫНДА ӘСІРЕҰЛТШЫЛДЫҚ БАР"

Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшілері Мәскеудегі "Утро мира" үкіметтік емес ұйымы жетекшісі әрі заңгер Валентина Чупикпен Ресейдегі мигранттардың қауіпсіздігі жайлы әңгімелесті.

Чупик: - Қазір бұл проблема 2010 жылға дейінгі кездегідей қатты ушығып тұрған жоқ. 2010 жылғы желтоқсанға дейін мүлде сұмдық болған. Қазір ондай емес, сәл басылды ғой. Бірақ, өкінішке қарай, әлгі жаман адамдардың орнын полиция қызметкерлері басты, олар мигранттарды тіпті скинхедтерден де артық кемсітіп, қорлайды. Олар мигранттарды кемсітіп, ұрып-соққанда скинхедтерден де асып кетеді.

2010 жылы үкімет деңгейінде скинхедтер – билікке қарсы қауіпті топ деген шешім қабылданған. Сондықтан оларды қолдауды, қылмыстарын жасырып-жабуды тоқтатқан. Ақыры полиция оларды "еркелетуін" қойған болатын. Соның арқасында әрекеттері біраз тыйылған еді. Бірақ, өкінішке қарай, әсіреұлтшылдық полицияны жайлап алды деп айтар едім. Енді көбінесе полицияның ұрып-соғуынан, аш қамап, суықпен азаптауынан, зорлық жасауынан зардап шегіп отырмыз.

Азаттық: - Билік әсіреұлтшыл ұйымдарды толық бақылауында ұстап отыр деп санайсыз ба?

Мәскеудегі "Утро мира" қоғамдық ұйымының жетекшісі, заңгер Валентина Чупик.
Мәскеудегі "Утро мира" қоғамдық ұйымының жетекшісі, заңгер Валентина Чупик.

Чупик: - Бақылау мүлде жоқ екеніне сенімдімін. Шын мәнінде, билік ешкімді қадағалап отырған жоқ. Олар скинхедтерді қолдамайтын құқық қорғау органдарын бақылайды. Әсіреұлтшылдар ұсталып қалса, тиісті жазасын алады. Олардың қозғалысын басып-жаншу үшін осының өзі жеткілікті. Әсіреұлтшылдық биліктің қолдап, демеуінің арқасында өршіп тұр. Билік қолдауын тоқтатса, ол да жоғалады. Мұндай жаппай ауқымда болмайды.

Азаттық: - Қоғамның қорғансыз топтарына жататын еңбек мигранттарына қандай кеңес берер едіңіз?

Чупик: - Біріншіден, оларға өздерің әсіреұлтшыл болмаңдар деп кеңес берер едім. Өйткені, өзгелермен салыстырғанда, әсіреұлтшылдық құбылысы қырғыз мигранттары арасында қатты білінеді. Өкінішке қарай. Кейінгі 2-3 жылда қырғыз әсіреұлтшылдығы асқынып кеткенін, қырғыз қыз-жігіттеріне орыс скинхедтері емес, қырғыз әсіреұлтшылдары көп шабуыл жасайтынын байқап жүрмін. Әрине, олардың қылығын полицияның әрекеттерімен салыстыруға болмайды, бірақ олардың үлесі ресейлік скинхедтерден аз емес.

Екіншіден, мигранттардың қорғансыз күйге түсуіне болмайды. Түнде сандалып бос жүруді доғару керек. Мысалы, бүгін таңғы сағат 4:39-да Одинцово қаласынан бір қырғыз мигранты маған телефон соғып тұр. Ол әлгі жаққа не үшін, не сор іздеп барды десеңізші. Таңғы сағат 4:39-да ол жақта не бітіріп жүр? Өкінішке қарай, мигранттар осындай ойсыз әрекеттерге барып, сондай қылығынан өздері зардап шегеді. Әлгі мигрантты полиция ұстап алған, шығарып алу үшін таң атқанша жүрдік.

Азаттық: - Ресейге еңбек мигранттарын жіберетін елдерге де әлдебір жауапкершілік жүктелуі тиіс пе?

Чупик: - Ең әуелі олар мигранттарды қуғын-сүргінге ұшыратуға табанды түрде қарсы шығуы тиіс. Елден қуылғандардың жартысынан көбі – заңсыз шығарып жібергендер. Оларды жіберген елдердің билігі мұны елең қылмайды. Олар Ресейге баратын мигранттар көп, бірін шығарса, екіншісі табылады деп ойлайды. Билік азаптауға тап болған мигранттарға араша түспейді. Мысалы, Жаңа жыл қарсаңында – 31 желтоқсанда 420 адамды ұстады. Бұл маған мәлім болғаны ғана. Жеті автобусқа 60 адамнан тиеді. Оларды қақаған аязда полиция бөлімшелерінің аулаларында ұстап отырды. Кешкі сағат 10-ға таман ұстап әкеткеннен таңғы сағат 9-ға дейін сол жерде ұстаған. Оларға ешбір елшілік араша түскен жоқ. Мигранттарды жіберетін елдердің билігі оларды әуелі полициядан қорғауы тиіс, әсіреұлтшылдардан сол кезде ғана қорғай алады. Бұл мәселеде олар "еліміздің азаматтары, сондықтан оларды қорғауға әзірміз. Ресейде мұндай құбылыс жоқ деп көлгірсігенге сенбейміз. Әділ тексеруді талап етеміз" деп айқын, белсенді позиция ұстану керек. Осындай позиция танытпайынша, бұдан түк шықпайды.

Азаттық: - Қырғыз әсіреұлтшылдығы жайлы толығырақ айтып бересіз бе? Нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

Чупик: - Бір жылдың ішінде маған қырғыз әсіреұлтшылдары қырғыз қыздарына шабуыл жасады деген 15 хабарлама түсті. Қырғыз жігіттеріне екі реттен, ұлты қырғыз емес жігіттермен жүргені үшін қыздарға 12-13 шабуыл жасалды. Бұл не сұмдық? Оларды ұрып-соққан, бір қыздың беті-мойнын тілгілеп тастаған. Өзге ұлттың қыздарымен жүргені үшін қырғыз жігіттерін де сабаған. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар кездеседі әрі бұл өте жаман. Олар Ресейден бұл жағынан үлгі алмасын.

Азаттық: - Қырғызстаннан барған еңбек мигранттарының өмірі Ресейде қаншалықты өзгереді?

Чупик: - 2015 жылы біз мигранттардың, бірақ өзбек мигранттарының арасында құқықтық сана-сезімнің өзгеру деңгейіне зерттеу жүргізгенбіз. Бір мың мигранттың құқықтық сана-сезімінің психологиялық деңгейін анықтағанбыз. Ол құлдырап барады. Еңбек миграциясына екі және одан көп мәрте кеткендердің құқықтық сана-сезімі өзгеріп кетеді. Ол "заң талаптарын орындау міндетті емес, қандай проблема болсын пара беріп келісуге болады, пара беру қылмыс емес, проблеманы зорлық-зомбылық арқылы шешуге болады" деп санайтын болады. Өкінішке қарай, бұл да миграцияның әсері. Адамгершілік, ізгілік қасиеттерінің көбін жоғалтып, құқықтық сана-сезімі құлдырайды. Әуелгіде әлдебір арман-мұраттары болған жастар Ресейге екі рет немесе одан да көп барып келгеннен кейін ар-ұят дегенді ұмытады. Олар пара беруге болады деп ойлайды, әрі оны ерсі деп санамайды.

2007-2010 жылдары Ресейде ксенофобтардың мигранттарға шабуыл жасауы жиілеген болатын. Мұндай қылмыстар тоқтамай келе жатқанын интернетте жарияланатын көптеген видеороликтер, хабарламалар растайды. Ресми дерекке сәйкес, елден тысқары жерлерде 717 мың қырғызстандық жұмыс істейді. Бірақ шын мәнінде, олардың саны бір миллионнан асады деген болжам бар. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі дерегінше, 2017 жылы шетелде қаза тапқан 238 қырғызстандық Отанына жеткізілген. Олардың 216-сы (91 пайызға жуығы) Ресейде жұмыс істеген.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласынан аударылды.)

XS
SM
MD
LG