Accessibility links

Мигрант жарақат алғаны үшін өтемақы талап етеді


Элдияр Окомбаев. Астана, 1 наурыз 2016 жыл.
Элдияр Окомбаев. Астана, 1 наурыз 2016 жыл.

Сот Астана құрылысында өндірістік жарақат алған Қырғызстан азаматы Элдияр Окомбаевқа 150 мың теңге өтемақы төлеуге қаулы етті. Ол бұл сомаға келіспейді, ал жұмыс беруші талап-арызға бүтіндей қарсы.

Бүгін Астананың Есіл аудандық соты қырғызстандық мигрант Элдияр Окомбаевқа материалдық және моральдық зиянының өтемақысы ретінде 150 мың теңге (435 доллар шамасында) төлеу туралы шешім шығарды.

Жарақат алғаны үшін өтемақы талап еткен мигрант
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:36 0:00
Жүктеп алу

Еңбек кодексінде жұмыскердің денсаулығына келтірілген залал үшін жұмыс берушіге материалдық жауапкершілік жүктелетіні қарастырылған. Зардап шегуші мигранттың өкілі Анар Ибраеваның айтуынша, жазатайым оқиға себебі бірден тексерілмегендіктен әрі емдеу ақысы төленбегендіктен, Элдияр Окомбаев моральдық зиян да шеккен. Оның әйелі Жаңыл Нурузбаева күйеуіне жасалған бірнеше операцияның ақысын төлеуді сұрап, жұмыс берушінің табалдырығын тоздыруға мәжбүр болған.

– Окомбаевқа әуелі қысым көрсетіп, оған «операцияның ақшасын төлеуге қатысты жұмыс берушіге шағым-талабым жоқ» деген арыз жаздырып алған. Мұны оның арызы және операцияны тоғыз күн кешіктіру фактісі растайды. Шарасыздық пен дәрменсіздіктен ол өзін қорланған әрі түкке тұрғысыз адам сезінген, – дейді заңгер Анар Ибраева Азаттыққа.

ҚҰЛАҒАН ҚАП

2014 жылдың қарашасында Қырғызстаннан жұмыс істеу үшін келген 56 жастағы әрлеу шебері Элдияр Окомбаев жазатайым жағдайға 11 ай бұрын Астанадағы «Базис-А» құрылыс компаниясында ұшыраған.

Былтыр бірінші сәуірде ол құрғақ қоспа салынған қапты қоймадан алып жатқанда үстіне қоспа салынған өзге қаптар құлап кеткен. Элдияр Окомбаевтың жамбас сүйегі үш жерден сынған. Ол әлі балдақпен әрең жүр.

Әйелі Жаңыл Нурузбаеваның айтуынша, жарақат алған күйеуіне жұмыс басында «жазатайым жағдай таңертең болса да, түске дейін шыда» деп сұраған, бірақ бір сағаттан кейін компания қызметкерінің көлігімен ауруханаға апарған, бірақ жазатайым жағдай болу фактісін дұрыстап ресімдемеген.

Жаңыл Нурузбаева. Астана, 1 наурыз 2016 жыл.
Жаңыл Нурузбаева. Астана, 1 наурыз 2016 жыл.

– Операцияны дер кезінде жасамағандықтан, жарасы іріңдеп кетіп, ауыр сыныққа остеомиелит қосылды. Бірінші операцияның ақшасын халықаралық миграция ұйымы төледі, ал кейінгі жасалған екі операцияның ақшасын «Базис-А» компаниясы төледі, – дейді Жаңыл Нурузбаева.

Заңгер Анар Ибраеваның сөзінше, жұмыс беруші қызметкерді емдеу ақысын толық төлемегендіктен клиенті Қырғызстаннан кеткен кезде өз ақшасына аштырған сақтандыру полисін жартылай пайдаланған.

Элдияр Окомбаевтың айтуынша, ауруханаға жатқан кезде негізгі көмекті халықаралық миграция ұйымы мен Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігінің сот куәгер ретінде жауап түсінік беруге тыйым салған қызметкерлері көрсеткен.

– Фирма ақшаны уақытында төлемей, ауруханада тоғыз күн жатқан кезде халықаралық ұйымдардан көмек сұрадым. Олар денсаулық министрлігіне жазғаннан кейін ғана екі сақтандыру полисін беріп әрі кешірім сұрап, екі операция жасады, – дейді Элдияр Окомбаев.

Сотта аудармашы ретінде қатысқан Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігі консулы Алмазбек Байбосовтың айтуынша, жазатайым оқиғаның болғанын «Базис-А» компаниясы көпке дейін мойындағысы келмей қашқақтаған. Жазатайым оқиғадан төрт ай өткеннен кейін ғана тексеру жүргізілген.

Жазатайым оқиға болған күні Окомбаев келісім-шартта қарастырылмаған бояу-сырлау жұмыстарына тартылған.

Астана қаласы мемлекеттік еңбек инспекторы ұйғарымында жазуынша, жазатайым жағдайдың болуына жұмыс берушінің 100 пайыз кінәлі екені анықталған.

Ұйғарымда: «Жазатайым оқиға болған күні Окомбаев келісім-шартта қарастырылмаған бояу-сырлау жұмыстарына тартылған. Бұдан бөлек, комиссияның арнайы тексеру нәтижесі бойынша, жазатайым оқиға зардап шегуші қатар-қатар үйілген тегістегіш қоспа салынған қапты алу кезінде техника қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзуға жол беруінен болып, Окомбаевтың жарақат алуына ұласқан » деп көрсетілген.

«МОРАЛЬДЫҚ ЗИЯН ШЕККЕН ЖОҚ»

«Базис-А» компаниясының Азаттыққа өзін таныстырудан әрі әлдебір комментарий беруден бас тартқан өкілі сотта Элдияр Окомбаев пен оның тарабы «бұрмаланған ақпарат» бергенін айтып, талап-арызбен келіспейтінін мәлімдеді.

Элдияр Окомбаев пен Жаңыл Нурузбаева сотқа келе жатыр. Астана, 1 наурыз 2016 жыл.
Элдияр Окомбаев пен Жаңыл Нурузбаева сотқа келе жатыр. Астана, 1 наурыз 2016 жыл.

– Егер жапа шегуші өндірістік жарақат алған кезде әлдебір азап шегіп, бейнет көрсе, бұл жұмыс берушінің кінәсі емес. Бұл қасақана келтірілген әлдебір зиян емес, жазатайым жағдай, – деп мәлімдеді «Базис-А» өкілі сотта.

Ол жазатайым оқиға болған кезде зардап шегуші шынымен бірден тіркелмегенін мойындағанымен, бұл «жазатайым оқиғаны жасырып қалудың амалы емес» деп түсіндірді.

– Ол кезде зардап шегуші технология талабын бұзып, сусымалы материал салынған қаптардың ортасында тұрған қапты суырып алғанын мойындаған арыз жазған, – деп мәлімдеді «Базис-А» өкілі сотта.

Оның пікірінше, Элдияр Окомбаев мүлде шығынданған жоқ, ал оның емдеуге кеткен шығынын халықаралық ұйымдар төлеп берген, сондықтан компанияға қоятын талаптары негізсіз.

Қырғызстандық мигрант Элдияр Окомбаевтың қорғаушылары апелляциялық шағым бермек. Олар келтірілген материалдық және моральдық зиян үшін «мұндай мардымсыз сома» тағайындуға келіспейтінін мәлімдеді. Элдияр Окомбаев талап-арызында өндірісте жарақат алғаны үшін 10 миллион теңге өтемақы өндіріп беруді сұраған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG