Accessibility links

Вольтердің сөзін экстремизм деп танып, кейін айнып қалған


"Вольтер Франклиннің немересіне бата берді" суреті, 1889 жыл.

Ресей соты ішкі істер министрлігінің (ІІМ) экстремистік іс бойынша жүргізген сараптамасын алғаш рет біліксіз деп таныды. Үш жылға созылған сот процесі белсендінің жеңісімен аяқталып, прокуратура белсендіден кешірім сұрады.

Адыгей республикасының астанасы - Майкоп қалалық сотының судьясы Павел Агафонов Ресей ІІМ-нің Краснодар өлкесіндегі бас басқармасы мен осы мекеменің сарапшы-криминалисі Сергей Федяевке қатысты жеке ұйғарым шығарды. Ол адыгейлік эколог Валерий Бринихтің "Молчание ягнят" мақаласынан экстремизм белгілерін тапқан.

Тәуелсіз сарапшылар мен ФСБ-ның (Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) криминалистика институты мамандары мақалада адыгей халқына деген жеккөрініш немесе өшпенділік белгілері жоғын растағаннан кейін сот қылмыстық істі жауып, ал прокуратура белсендіден кешірім сұрады. Енді ол өзін қудалауға қатысы бар адамдарды жауапқа тарттыруға бел буып отыр.

– Сот отырысында сарапшы Федяевтің әрекеттеріне баға беру туралы талабым қаралып, оның сараптаманы парықсыз әрі "жүрдім-бардым" жүргізген деп танылды, - дейді Бүкілресейлік табиғатты қорғау қоғамының Адыгей бөлімшесінің төрағасы Валерий Бриних Азаттықтың Орыс қызметіне. – Судьяның мәлімдеуінше, Федяев өзінің біліксіз әрекеттерімен заң талабын бұзған, әрі қылмыстық іс соның сараптамасы негізінде қозғалғандықтан, маған ғана емес, моральдық зиян үшін маған өтемақы төлеуіне тура келетін қаржы министрлігіне, яғни Ресей Федерациясына зиян келтірген.

Сот ұйғарымына сәйкес, Ресей ішкі істер министрлігінің Краснодар өлкесіндегі бас басқармасы бұдан былай полиция подполковнигі Федяевке лингвистикалық сараптама жүргізуді жүктей алмайды. Бұл - Ресейде экстремизм айыбымен қозғалған іс бойынша жүргізген сараптамасы үшін сарапшыны жазаға тартқан алғашқы оқиға.

СЕНАТОР ДЕРЕВ, ТЕРГЕУШІ КУСТОВ ЖӘНЕ ВОЛЬТЕР

Валерий Бринихті қудалау 2014 жылы басталған. Оның жергілікті интернет-ресурстардың бірінде жарияланған "Молчание ягнят" деген мақаласын сол жылы "экстремистік" деп танып, үстінен Ресей қылмыстық кодексінің 282 бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Істі Адыгей тергеу басқармасының аса маңызды істерді тергеу жөніндегі аға тергеушісі, осы жылдары шені подполковникке дейін өскен майор Кирилл Кустов қозғаған.

Эколог әлгі мақаласында "Киево-Жураки" жабық акционерлік қоғамына тиесілі шошқа өсіретін кешен маңындағы бірнеше ауыл тұрғындарының бойкүйез позициясын сынаған. Ол кезде әлгі кешеннің иесі Қарашай-Черкесия республикасынан сайланған қазіргі экс-сенатор Вячеслав Дерев болған. 2018 жылғы наурыздан бері Дерев - "қосымша құн салығын заңсыз қайтару жолымен 119 миллион рубль жымқыруға" қатысты қылмыстық істің айыпталушысы.

Тергеуші Кустов пен сарапшы Федяев "Молчание ягнят" мақаласында "адыгейлерге деген жеккөрініш пен өшпенділікті қоздыру белгілері бар" деп тапқан. 2014 жылғы 17 желтоқсанда Майкоп қалалық сотының судьясы Ирина Рамазанова ФСБ мен прокуратура материалдарына сүйеніп, мақаланы экстремистік деп таныған. Бриних шошқа өсіретін кешеннің тонналаған қиды жылғаларға төгіп, Камла өзенін және ауыл шаруашылық алқаптарын ластап жатқанына қарсы бірнеше жыл бойы күрес жұргізген. Ол мақаласында қолқаны қабатын сасық иіске тұншығып отырған көрші ауыл тұрғындарын өз құқығын белсендірек қорғауға шақырған.

Сарапшы мақалада келтірілген Вольтер сөзі зорлық-зомбылыққа итермелейді деп тапқан

​Сотқа жолдау үшін асығыс-үсігіс әрі шала-пұла әзірленген ІІМ сараптамасында мақалада "адыгейлерді "жергілікті мемлекеттік билік органдары өкілдеріне" қарсы әрі зорлық-зомбылық сипатында деген мағынада түсінуге болатын әрекеттерге итермелейтін сөздер бар" делінген. Бриних әлгі мақаласында 18 ғасырда өмір сүрген француз философы Вольтердің "Құдай алып батальон емес, жақсы ататын батальонға жақтасады" деген сөзін келтірген. Ал сарапшы бұл сөз зорлық-зомбылыққа итермелейді деп тапқан.

Үш жылға созылған сот процесі 2017 жылғы қыркүйекте аяқталып, Майкоп қалалық соты қылмыстық істі жапқан әрі "Молчание ягнят" мақаласын экстремистік сипаттағы материалдар тізімінен сызып тастады. 2018 жылғы наурызда Майкоп прокуратурасы Валерий Бринихтен кешірім сұрады.

"ЭКСТРЕМИСТКЕ" МИЛЛИОН РУБЛЬ ӨТЕМАҚЫ

Бриних қылмыстық істі ойдан құрастыруға қатысы бар жандарды жауапқа тартқысы келетінін айтады. Ал оның пікірталас тудырған мақаласын "Ресей Федерациясы атынан" экстремистік материал етіп бұрмалап алған билік өкілдері әрекетінің құнын енді салық төлеушілер төлейтін болады. Өйткені сот Бринихтің пайдасына бюджеттен бір миллион рубль өндіріп беру туралы шешім шығарған. Адыгей қазынашылық басқармасы моральдық зиян өтемақысын азайтуды сұрап апелляциялық шағыммен жүгінгеннен кейін эколог та арыз беріп, өтемақы көлемін үш миллион рубльге дейін ұлғайтуды талап еткен..

Олар маған төлеуі тиіс өтемақыны үш есе азайттыруға тырысатын шығар

эколог Валерий Бриних

– Қазынашылық басқарма өтемақы көлемін қаншаға азайтуды сұрап отырғаны әзірше, ресми түрде хабарланған жоқ. Бірақ 300 мың рубльге дейінгі сомаға қатысты шағымдар қабылданбайды, ал одан көп болса, азайту үшін апелляция береді деген нұсқау бар деп естідім. Сондықтан олар маған төлеуі тиіс өтемақыны үш есе азайттыруға тырысатын шығар, - дейді эколог.

Екі тараптың талап-арызын Адыгей жоғарғы соты қарайтын болады. Бринихтің сөзінше, сараптаманың "жүрдім-бардым" жүргізілгені оны соттатқысы келгендердің өздеріне де түсінікті болған. Сот процесі кезінде мұны қоғамдық сарапшылар дәлелдеп, ФСБ-ның криминалистика институтының іске тіркелген ұйғарымы да растаған.

– Меніңше, олар сотты әдеттегідей тездетіп өткізіп, айыптау үкімін шығарта саламыз деп ойлаған сияқты. Адвокаттар бұлай қарсылық танытады, ал мені бұғып қалмайды деп күткен жоқ. Мен бір жыл бойы, яғни тергеу аяқталғанға дейін 51 бапқа сүйендім (Ресей Конституциясының 51 бабына сәйкес, адам өз-өзіне қарсы куәлік етпеуіне болады. – Азаттық), - дейді Бриних. – Ақыры тергеудің қаншама қателік жібергені, өтірікті қиыстырғаны, істі бұрмалағаны әшкере болды. Қазір сарапшы Федяевтің "шаруасы" бітті, енді тергеуші Кустовқа кірісеміз, оны да қызметіне лайықты емес деп тану керек.

Экстремистік бап бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатуға қол жеткізген эколог Бринихтің ісі - қазіргі Ресейдің сот практикасында сирек кездесетін оқиға. Ресей Жоғарғы соты жанындағы сот департаментінің 2017 жылғы дерегінше, Ресейде қылмыстық кодекстің "экстремистік" баптары бойынша сотталғандар саны 2011 жылдан бері төрт есе өскен.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Андрей Кошиктің мақаласы орыс тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG