Accessibility links

"Тоқтар Әубәкіров биліктің жақсылығын да, жамандығын да көрді"


Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров биыл 27 шілдеде 75 жасқа толды. 1990-жылдары жоғары билікте қызмет істеген ол кейін оппозициялық партияға кірді. Бірақ көп ұзамай оппозициядан кетіп, өзі сынаған авторитар билік жүйесін орнатқан басшыны мақтады. Оппозицияда бірге болғандар "билік оны мәжбүр етті" дейді. Саясат жайлы сөйлеуге құлықсыз ғарышкердің өзі қоғамның "оянбағанын" айтады.

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕР

Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшпай тұрып-ақ, 1988 жылы 32 жасында бейбіт заманда сирек берілетін Совет одағының батыры атағына ие болды. Бұл атақ оған әскери қызметтегі ерен еңбегі үшін берілген. Әубәкіров СССР тарихында әскери крейсер палубасынан жойғыш ұшақты алғаш рет ұшырып, қондырған сынақшы ұшқыш ретінде танылған.

Совет кезінде әрбір ғарышкер Жерге оралған соң үкіметтен ең жоғары награда – Совет одағының батыры атағын алып, үлкен сый-құрметке бөленетін. Ғарышкерлер арасында мұндай атақты екі мәрте алғандар да болды. Бірақ СССР тарқар қарсаңда ғарышкерлерге ең жоғары атақты екі рет беруді тоқтатты. Сөйтіп 1991 жылы 2 қазанда ғарышқа ұшқан Тоқтар Әубәкіров Жерге оралған соң "Октябрь революциясы" орденімен ғана марапатталды.

Ғарыштан қайтқан сәтін еске алғанда ол "халық қол-аяғымды жерге тигізбеді" деп сипаттайды.

Совет одағының батыры, әскери ұшқыш, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров. 1991 жылғы қазан айы.
Совет одағының батыры, әскери ұшқыш, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров. 1991 жылғы қазан айы.

Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1995 жылы Тоқтар Әубәкіровке ең жоғары мемлекеттік награда – "Қазақстанның халық қаһарманы" атағы берілді.

Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқанын "саяси оқиға" деп санайды.

– Байқоңырдан әркім ұшты. Бірақ зымыран зардабын тартып отырған қазақтан ешкім ұшпады. [Қазақ ССР-і президенті] Нұрсұлтан Назарбаев "Роскосмостан" ғарышқа ұшатын қазақ бар ма деп сұрағанда олар "ертең-ақ ұша алатын адам бар деп" мені атапты. Әскери зейнетке шығуға жақын қалған кезімде маған ғарышкер болуға ұсыныс осылай түсті, – дейді ол.

Ол басқа да сұхбаттарында "ғарышқа ұшу туралы ұсынысты алғаш рет [советтік Қазақстанды көп жыл басқарған] Дінмұхамед Қонаев жасады. Ол ғарышқа ұшатын қазақ іздеді. Менің сынақшы-ұшқыш оқуына түсуіме Қонаев көмектескен еді" деп еске алады.

Адамзат баласынан ғарышқа алғашқы болып Юрий Гагариннің ұшуы СССР үшін айрықша мақтаныш болса, Тоқтар Әубәкіровтің де ғарышқа ұшқанын Қазақстан билігі мен халқы мақтан тұтты. Әубәкіров ғарышқа ұшар сәтте Қазақ ССР-і басшылығы Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Армения президенттерін Байқоңырға шақырды.

Ширек ғасырдан соң берген сұхбатында тұңғыш қазақ ғарышкерінің "Қазақстан мені ғарышқа ұшыру үшін СССР-ден де кеш шықты" деп айтқаны бар.

– Қазақстан СССР-дан ең соңғы болып шықты. Назарбаевтың республика тәуелсіздігін жариялауды неліктен ұзаққа созғанын жақында ғана түсіндім. Ерте шығып кеткенде, ғарышқа ұшпауым да мүмкін еді, – деді ол 2016 жылы.

Сол 25 жылдың ішінде Тоқтар Әубәкіров саяси көзқарасын бірнеше рет өзгертіп, биліктен оппозицияға, оппозициядан билікке қайта өтіп үлгерген еді.

"Қазақстан тәуелсіздігін жариялау мәселесі Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуына қарап тұрды дейтін" өзге дерек кездеспейді. Әубәкіров ғарышқа 1991 жылы 2 қазанда ұшып, сегіз күннен соң Жерге оралды. Қазақстан тәуелсіздігін одан кейін тағы екі айдан соң жариялады. Кейбір естеліктерде тәуелсіздіктің кеш жариялануын Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылдың 1 желтоқсанына бүкілхалықтық президент сайлауын өткізуді белгілеп қойғанымен де байланыстырады.

МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ТАРАҒАН ПАРЛАМЕНТТІҢ ДЕПУТАТЫ

Осыдан он жылдай бұрын Азаттыққа берген сұхбатында Тоқтар Әубәкіров ғарышқа екінші рет ұшқысы келгенін, бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанға бір Гагарин жетеді деп мені аман сақтағысы келді" деп тоқтатқанын айтқан еді. Оның есесіне Әубәкіров бірден жоғары қызметке тағайындалып, сол кездегі Қорғаныс комитеті (қазіргі Қорғаныс министрлігі) басшысының орынбасары қызметіне кірісті. Қазақстан президентінің ғарыш саласындағы кеңесшісі, Ұлттық ғарыш агенттігінің алғашқы директоры болды.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Тоқтар Әубәкіров ғарыш аппараттарының ұшуын басқару орталығында отыр. 1998 жылы түсірілген сурет.
Қазақстан президентінің кеңесшісі Тоқтар Әубәкіров ғарыш аппараттарының ұшуын басқару орталығында отыр. 1998 жылы түсірілген сурет.

Ғарышкердің өзі бұл кезді "ыдыраған совет армиясының қалдықтарынан Қазақстан әскерін құруға атсалыстым, Ресейде жүрген қазақ офицерлерін жинадым, кейін олар қолбасшы болды" деп сипаттайды.

Тоқтар Әубәкіров екі рет Қазақстан Жоғарғы кеңесінің, бір рет парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды. Бірақ үшеуінде де заң шығарушы орган мерзімінен бұрын тарап кетті. "Тағы түссем, тағы да тарап кетер деп біржола қойдым" деп еске алады өзі.

2004 жылы өткен сайлауға тәуелсіз кандидат болып қатысып, парламентке өтті. Осы сайлаудан кейінгі саяси жағдайға байланысты билік құрған демократия және азаматтық қоғам жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болып та көрді. Қазақстан билігі мұндай комиссияны оған дейін де, мұнан кейін де бірнеше рет құрған еді. Сарапшылар комиссия көп болғанымен, демократияның ауылы жақындамағанын айтады.

Парламентте билікті қатты сынайтын депутаттардың біріне айналған Әубәкіров 2007 жылы мәжіліс өз-өзін таратқан соң қайта сайлауға түспей, прапорщиктің жалақысымен тең зейнетақы алып, жылқы бағып кетті. Ол мұнысын партиялық сайлау жүйесіне көшкен Қазақстанда "ешқандай партияға мүше болғысы келмегендігімен" түсіндірді.

Ғарыш саласында ірі жобаларды іске асыруға кіріскен билік те тұңғыш ғарышкерге қызмет ұсына қоймады.

"КЕЛГЕН ІЗІМЕН КЕРІ ҚАЙТСЫН"

2007 жылы парламент мерзімінен бұрын тараған соң қызметсіз қалып, қоғамдық өмірден шеттетіле бастаған Тоқтар Әубәкіров 2009 жылы біріккен "ЖСДП – Азат" партиясының съезіне қатысып, партияға өтті.

Тоқтар Әубәкіров екі оппозициялық партияның бірігу съезінде. Алматы, 24 қазан 2009 жыл.
Тоқтар Әубәкіров екі оппозициялық партияның бірігу съезінде. Алматы, 24 қазан 2009 жыл.

– Екі ірі оппозициялық партияның бірігуін, халықтың партиясы пайда болғанын көп күттім. Өз партиямды ақыры таптым, – деді ол.

Қазақстан оппозициясы мұны ірі саяси оқиға ретінде көрсетті. Биліктің реакциясы да көпке ұзамады. Арада бір жылдан соң Қарқаралыға келген Тоқтар Әубәкіров, Балташ Тұрсымбаев, Болат Әбілев бастаған оппозиционерлерден "келген ізімен кері қайтуды" талап етті.

Қазақтың тұңғыш ғарышкері "Мені өз ауылымда дәл осылай қарсы алады деп ойламадым. Бір кездері мен келгенде ине шаншар орын болмайтын еді. Өздері жүгіріп шығып, күтіп алатын" деп ашуланды.

Тоқтар Әубәкіров өз атындағы көшеден қуылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Әубәкіров оппозицияда жүріп билікті қатаң сынаушылардың бірі болды. "Қазақстан Конституциясын 4-сыныптың жаман дәптеріне айналдыруға болмайды" деп сынады.

ТЕМІРЖОЛ БАСТЫҒЫНЫҢ ҒАРЫШКЕР КЕҢЕСШІСІ

Тоқтар Әубәкіров 2012 жылы қаңтарда өткен кезектен тыс парламент сайлауына ЖСДП кандидаттарының бірі ретінде ұсынылды. Алайда партия 7 пайыздық межеден өте алмады. Сол жылы сәуір айында оппозиционер Әубәкіров "Азат" ЖСДП қатарынан шығатынын, "тұңғыш президент командасында болғысы келетінін" мәлімдеді.

"Азат" партиясының стратегиясында қарапайым халықтың жағдайын жақсартып, мемлекетті дамытудың нақты жоспары болған жоқ деген ол өзін "үлгі етіп осы партияға өткен азаматтардың бәрінен" кешірім сұрады.

Әубәкіров сол кездегі президент Назарбаевтың "еңбегі ерен" екенін айта келе:

– Халық өз көшбасшысын жақсы көреді. Бұған президенттің және парламент мәжілісі депутаттары сайлауларының қорытындылары дәлел болады. Сайлау кезінде халық тұңғыш президенттің бағытын қолдап, зор сенім білдірді, – деп мәлімдеді.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісі Тоқтар Әубәкіров (сол жақта) "Теміржол аруы - 2012" фотоконкурсының іріктеуіне қатысып тұр. 2012 жыл. Сурет "Қазақстан темір жолы" компаниясының ресми сайтынан алынды.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісі Тоқтар Әубәкіров (сол жақта) "Теміржол аруы - 2012" фотоконкурсының іріктеуіне қатысып тұр. 2012 жыл. Сурет "Қазақстан темір жолы" компаниясының ресми сайтынан алынды.

Бір айдан соң ол "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісі болып тағайындалып, бұл қызметте 2018 жылға дейін істеді.

Бірнеше жылдан кейінгі сұхбаттарында ол "Қазақстанда оппозиция жоқ, бәрі биліктің айтқанымен жүреді" деп сөйледі.

"ӘУБӘКІРОВТІҢ КЕТКЕНІ ОППОЗИЦИЯҒА АУЫР ТИДІ"

Оппозиция жетекшілері "билік Әубәкіровке қысым жасап, оппозициядан кетуге мәжбүрледі" деп санады. Бірақ нақты қандай қысым жасағаны жөнінде әлі күнге айтылмайды. Ғарышкердің өзі де ол жайлы айтуға құлықсыз.

2009 жылы Тоқтар Әубәкіровпен бірге "ЖСДП - Азат" партиясына өткен оппозициядағы журналист Гүлжан Ерғалиеваның пікірінше, билік Тоқтар Әубәкіровтің баласына қысым жасағанға ұқсайды.

Суретте солдан оңға қарай: ЖСДП "Азат" партиясының төралқа мүшесі Тоқтар Әубәкіров, осы партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай және бұрынғы сенатор, оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова Қазақстандағы сайлау туралы жиында. Алматы, 18 қазан 2010 жыл.
Суретте солдан оңға қарай: ЖСДП "Азат" партиясының төралқа мүшесі Тоқтар Әубәкіров, осы партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай және бұрынғы сенатор, оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова Қазақстандағы сайлау туралы жиында. Алматы, 18 қазан 2010 жыл.

– Елдің мақтанышына айналған нағыз батыр, Қазақстанның символы Тоқтар Әубәкіровтің оппозицияға келгені үлкен құбылыс болды. Ол халықпен еркін, ашық әңгімелесті, әділін айтты. Оппозициядан кеткені өте ауыр тиді. Оның ұлына биліктің нақты қандай қысым жасағаны белгісіз. Оның өзіне кысым жасай алмайтын еді, өйткені тым ірі тұлға. Билік өзіне ұнамаған адамға туыстары арқылы қысым жасайтыны бұрыннан бар әдіс, – дейді Ерғалиева.

Оппозициядағы саясаткер Рысбек Сәрсенбай "Тоқтар Әубәкіров саясаттың ыңғайына қарай сөйлейтін саясаткер емес" деп санайды.

– Ол қай бағытта кетіп бара жатқанын көргендіктен биліктен кетті. Биліктің жақсылығын да, жамандығын да көрді. Қанша батыр болса да өз жақынын құрбандыққа шалып жіберу қиын. Баласына қысым жасағандықтан оппозициядан тартына тұруды ойлаған болуы керек. Әрине, оны ғарыш саласына емес, теміржолға жібергеніне ренжідік, – дейді Сәрсенбай.

Тоқтар Әубәкіров (оң жақта) екі мәрте Совет одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Талғат Бигелдинов (ортада) және сәулетші Шота Уәлиханмен бірге тұр.
Тоқтар Әубәкіров (оң жақта) екі мәрте Совет одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Талғат Бигелдинов (ортада) және сәулетші Шота Уәлиханмен бірге тұр.

Ал 1993 жылы Ұлттық аэроғарыш агенттігі құрылып, оның басшылығына тағайындалған Тоқтар Әубәкіровтің орынбасары болған, осы қызметте көп жыл істеп зейнетке шыққан Мейірбек Молдабеков ғарышкердің теміржолға бару себебін басқаша түсіндіреді.

– Ол кісі зерттеуші ғарышкер болғанымен ғарыш техникасының маманы емес. Назарбаев өзіне қарсы шықса да Әубәкіровке кеңдік танытып, тиіспеді. Аэроғарыш агенттігі бюджетте отырған, жалақысы аз мекеме. Сондықтан оны тәуір жалақысы бар "Қазақстан теміржолы" компаниясына жіберген болар, – дейді ол.

Молдабеков Әубәкіровті "қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз, жүрегінің түгі бар, ақпейіл, ешкімге жамандығы жоқ батыр" деп сипаттайды.

– Жұрт "билік халықты тонап жатыр" деп батырға барады. Сосын ол қызбалықпен айтып қалады. Оппозицияға да қызбалықпен кетіп, көңілі қалғанда кетті. Ол – саясаткер емес, – дейді Мейірбек Молдабеков бұрынғы басшысы туралы.

"ӘРКІМ ӨЗ ҚАМЫН ОЙЛАЙТЫН ЗАМАН БОЛДЫ"

Тоқтар Әубәкіров оппозициядан кеткенімен оппозиция жетекшілерімен байланысын және қоғамдық-саяси өмірден біржола қол үзбегені байқалады. 2017 жылы бір топ оппозиция белсенділерімен бірге президент Назарбаевтан оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінің бас редакторы, журналист Жанболат Мамайды қудалауды тоқтатуға шақырған ашық хатқа қол қойды.

Ал 2019 жылы маусымдағы президент сайлауы қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы оппозиция жиынына қатысып, онда сөйлеген сөзі жұртты екіұдай ойда қалдырды. 1 маусымда елдің әр түкпірінен жиналған белсенділер "Халық құрылтайын" өткізіп, сайлауға бойкот жариялауға шақырмақ болғанда жиын өтетін залдың жарығы мен интернеті аяқ астынан ажырап қалған еді.

Құрылтайға келгендердің басым көпшілігі "сайлау заңын өзгерткен соң ғана президент сайлауын өткізуді, оған дейін бойкот жариялауды" талап еткенде "сайлауға барып, кімге болса да дауыс беру керек" деп сөйлеген бірнеше адамның арасында Тоқтар Әубәкіров те болды. Бастапқыда оның келгеніне қуанған жиынға қатысушылардың көбі ол сөйлей бастағанда сәлден соң ысқырып, сөзін бөліп жіберді.

Жиынға қатысқан Гүлжан Ерғалиева "өте ыңғайсыз жағдай болғаны, оған билік қолқа салып, халық алдында арандатқандай көрінгенін" айтады. Құрылтайды ұйымдастырушылардың бірі Рысбек Сәрсенбай да осыған ұқсас пікірде.

– Бәлкім жеке пікірі шығар, бәлкім билік сұраған болар. Батыр аңғал, әркім әрқалай пайдалануы мүмкін. Көңілі таза адам. Белгілі бір мақсатпен пайда көріп, биліктің тапсырмасын орындайтын адам емес, – дейді ол.

Сол құрылтайда сөйлеген Балташ Тұрсымбаев "ол халықты қолдайын деп келді. Ол тек заңға, Конституцияға сай жүру керек деп есептейтін адам. Сондықтан заңды түрде барып, сайлауда қалаған кандидатқа дауыс беру керек дегені көпшіліке ұнамады. Халық оны билік жіберді деп ойлап қалды. Бірақ ол биліктің қолбаласы болатын адам емес. Тоқтардың ештеңені жасырмай жариялай салатынын білетін билік ештеңе айтпауға тырысады" дейді.

Тоқтар Әубәкіров 2019 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланған кезде оның елді демократияландыру жөніндегі бағдарламасын құптап, жемқорлықпен күрес күшейеді деп үміттенетінін, бірақ елді "екі президент басқарса" өзгеріс жасауға кедергі болады деген күдігі барын айтқан еді.

Азаттық тілшісі Тоқтар Әубәкіровтен Қазақстандағы билік транзиті жайлы қазіргі ой-пікірін сұрап көрді. "Айтпаса да түсінікті, билік транзитінің қалай жүріп жатқанын бәрі көріп отыр" деп жауап берді қазақтың тұңғыш ғарышкері.

– Бәрі "ояну керек" дейді. Бірақ ешкім оянбайды. Әркім өз қамын ойлайтын заман болды. Саусақпен санарлықтай адам ғана көшеге шығады, айғайлайды, сонымен бітті. "Саясат халық үшін" деген сөз қазір ертегі боп кетті, – дейді Тоқтар Әубәкіров.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG