Accessibility links

"Жабылған мектеп, жоғалған пән". Ұйым украин тілінің қолдану аясы тарылғанына шағымданады 


Украин тілін қолдау акциясы. Көрнекі сурет.
Украин тілін қолдау акциясы. Көрнекі сурет.

Харьков адам құқығын қорғау тобы Украина шығысында сепаратистер бақылайтын аумақта украин тілінің қолдану аясы тарылғанын, Ресей жаулап алған Қырымда украин тіліндегі мектептердің жабылып, "Киевке қарсы" үгіт-насихат күшейгенін мәлімдеді. Ал бұған дейін Ресей Киевті "орыс тілінің қолдану аясын шектеп отыр" деп айыптаған.

Украина шығысындағы Мәскеу қолдайтын сепаратистер бақылауындағы аумақта украин тілін мүлде оқытпайды деп мәлімдеді Харковь адам құқығын қорғау тобы.

Донецкідегі журналист Дмитрий Дурневтің осы айда жариялаған мақалаларына сүйенген құқық қорғау тобы бұл аумақта 2014-2016 жылдан бастап украин тілін мүлдем оқытпайтынын жазды.

"Бұл таза "орыстандыру" бағдарламасы" деді құқық қорғау тобының өкілі.

Дәл осыған ұқсас жағдай Украинаның Қырым түбегінде де болған. Ресей Қырым түбегін 2014 жылы басып алғаннан кейін мұнда украин тіліндегі жеті мектеп жабылған. Мәскеуге арқа сүйейтін Қырым билігі Қырым-татар тіліндегі мектеп санын да қысқартқан. Дерек бойынша, мұнда Қырым-татар тіліндегі мектептердің жартысынан көбі жабылып, тек жеті муниципалды білім беру мекемесі ғана қалған.

Қазіргі кезде сепаратистер бақылауындағы Донбастың бір бөлігінде мектеп оқушылары украин тілін аптасына бір-ақ сағат оқиды, есесіне орыс тіліне 5-6 сағат бөлінген. Ондағы билік өкілдері жергілікті тұрғындар арасында украин тіліне сұраныс аз екенін айтып, мектеп пәндерін өзгерткен.

2017 жылы сәуір айында БҰҰ-ның халықаралық соты арнайы қаулы шығарып, Ресейді "Қырымда украин тілінде білім беруге кедергі жасамауды, Қырым-татар қауымдастықтарына қарайтын институттарды, оның ішінде Межилистің жұмысын шектемеуді" міндеттеген.

Қырымдағы мектептердің бірі. 2017 жыл.
Қырымдағы мектептердің бірі. 2017 жыл.

Киевке қарамайтын Донбас бөлігінде бұрынғы және қазіргі мұғалімдермен сөйлескен журналист Дмитрий Дурнев мектепте тіл пәндерін өзгертуге "қарсы шыққан" мұғалімдердің "украиналық арнайы қызметпен астыртын байланыс орнатты" деген айыпқа оп-оңай ілініп кетуі мүмкін екенін жазған.

Оның айтуынша, бұл жаққа оқулықтар Ресейден әкелініп, жергілікті тұрғындар көбірек өтініш тапсыра алуы үшін ресейлік университеттерге молынан квоталар бөлінеді.

Сепаратистер бақылауындағы Донецкіде аты-жөнін атамаған мұғалім бұл жақта оқушыларды "жалған патриотизмге" баулиды деген. Ақпарат бойынша, бірінші сыныпқа барғандарға мектепте алғашқы сабақ ретінде "Донецк халық республикасының бес жылдығы" атты "тарихи-патриоттық сабақ" оқытылады.

"Масс-медиа" бақылау тобының мамыр айында жариялаған зерттеуінде Луганскі және Донецкіде таралатын жергілікті басылымдардағы жаңалықтардың 20 пайызынан астамы "Украина туралы жалған ақпараттан" құралған деп жазылған. Зерттеу тобының жазуынша, мұнда украиналық сайттар бұғатталып, украин тілінде хабар таратын телеарналар эфирден алынған.

"Сепаратистер басып алған Донбаста халық ақпаратты үгіт-насихатпен ашық айналысатын біржақты, "Украинаға қарсы" арналардан алып жатыр, ал балалар агрессияға толы оқулықтарды оқып, "жалған республика" жайлы "қауіпті ұрандардан" сабақ алып, өсіп жатыр" деп жазады құқық қорғау топ өкілдері.

Өткен жылы Ресей билігі Мәскеудегі украин тіліндегі әдебиеттер кітапханасын жапқан.

МӘСКЕУ АЙЫПТАУЫ

Өз кезегінде Мәскеу де Киевті "орыс тілінің аясын тарылтып отыр" деп айыптайды. Биыл шілденің 16-сы күні өткен БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Ресей украин тілі туралы заңды сынап, елде “орыс тілді азшылықтың құқығы бұзылмауы керек” деп мәлімдеді.

“Біз украин тіліне қарсы емеспіз. Орыстардың құқығын қорғағымыз келеді” деген БҰҰ-дағы Ресей өкілі Василий Небензя.

Украинаның Жоғарғы радасы 25 сәуірде "Украин тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет атқаруын қамтамасыз ету" туралы заңды қабылдаған. Оның алдында депутаттар бірнеше апта бойы заңға енгізілген екі мыңнан астам түзетуді қарастырған.

Заңда қарастырылған негізгі жайттар:

  • Құжатта украин тілінің елдегі жалғыз ресми тіл екені, оның қолданылуын шектеу заңмен жазаланатыны жазылған;
  • Құжат барлық мемлекеттік қызметкерлер, президент, парламент спикері, депутаттар, министрлер, судьялар, білім беру және медициналық мекеме қызметкерлерін украин тілін білуге міндеттейді. Ресми жиындар, отырыстар украин тілінде өтуі тиіс немесе кемінде украин тілінде ілеспе аудармамен қамтамасыз етілуі тиіс;
  • Барлық ресми құжаттар, сот жазбалары, сайлау, референдум, халықаралық келісімдер, еңбек келісім-шарттарының барлығы украин тілінде болуы тиіс;
  • Заң жобасы сонымен бірге украин тілінің білім және мәдениет саласында қолданылуына байланысты ережелерді бекітеді;
  • Құжатқа сәйкес, газет пен журналдардың міндетті түрде украин тілінде нұсқасы болуы тиіс. Кітапхана, кітап дүкендері мен газет дүңгіршектеріндегі өнімдердің кемінде 50 пайызы украин тілінде болуы тиіс.

Биыл мамыр айында қызметіне кіріскен Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленский заңда бюрократиялық процедураларды қиындататын "тыйымдар мен жазалау шаралары" көп екенін айтып, құжатты сынаған. Оның пікірінше, бұл заң мемлекеттік қызметкерлер санын азайтудың орнына көбейтіп жібереді.

Ресей 2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алды, сол жылы сәуірде Украинаның Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында қарулы қақтығыс басталған. Содан бері өткен уақыт ішінде қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Киев Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде Украинаның шығысындағы қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, құжат шарттары әлі күнге толық орындалмай келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG