Accessibility links

Пандемия һәм парад. Постсовет елдері Жеңістің 75 жылдығын қалай атап өтті?


Маска таққан әскери киім киген қыз. Ресей, 9 мамыр 2020 жыл.
Маска таққан әскери киім киген қыз. Ресей, 9 мамыр 2020 жыл.

Бұрынғы совет елдерінде індетке орай Жеңіс күні мерекесі тұңғыш рет шектелсе де, әскери парад өткізгендер бар. Соғыс ардагерлерінің саны азайған сайын оларға берілетін жәрдемақы да ептеп өсе бастады.

1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ең жас сарбаз қазір тоқсаннан асты. Жыл озған сайын соғыс ардагері азайып келе жатқан Орталық Азия елдері де биыл Жеңіс күнін ерекше жағдайда атап өтті.

Постсоветтік кеңістікте 9 мамырда аталып өтетін Жеңіс мерекесі 75 жылдың ішінде биыл тұңғыш рет шектелді. Жеңіс күні биыл мерейтой ретінде барынша сән-салтанатымен кең көлемде тойланбақ еді. Алайда коронавирус пандемиясы бұл рәсімге өзгеріс енгізді. Жылдағыдай жалпыхалықтық шара жоқ, тек жекелеген шағын жиындар мен онлайн рәсімдер өткізіліп, соғыс ардагерлеріне құттықтаулар арналды. Бұл шаралар көбірек акция сипатында өрбіді. «Мәңгілік полк» шарасы да биыл онлайн режимде өтті. Орталық Азия және басқа да кейбір постсоветтік елдер мерекені қалай атап өтті?

Жеңістің 75 жылдығына арналған шара. Бішкек, 9 мамыр 2020 жыл.
Жеңістің 75 жылдығына арналған шара. Бішкек, 9 мамыр 2020 жыл.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚОС ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс Совет кезіндегідей «Ұлы Отан соғысы» аталады. Соғысқа қатысқан Қазақстандағы көзі тірі ардагердің саны – 1025 адам. Оларға Жеңістің 75 жылдығына орай 1 млн теңгеге (2 мың 369 доллар шамасында) дейін бір жолғы жәрдемақы беріліп жатыр. Бұған қоса Ленинград блокадасын өткерген адамдар, кәмелетке толмай концлагерьде болғандар, бертінде қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдері, соғыста қаза тапқандардың жесірлері және тылда жұмыста істегендерге әртүрлі дәрежеде көмек беру көзделген.

Қазақстанда Жеңіс күніне екі күн қалғанда «Ардагерлер туралы» заңға қол қойылды. Осы заң бойынша соғыс ардагерлеріне ай сайын 16 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсетілмек. Қазір бұл көрсеткіш 44 мың 448 теңгені (105 доллар шамасында) құрайды. Ал Социалистік Еңбек Ері атағына ие соғыс ардагеріне берілетін жәрдемақы 138 айлық есептік көрсеткішке артып, 385 мың 115 теңгені (шамамен 912 доллар) құрады. Қазақстанда Социалистік Еңбек Ері атағына ие соғыс ардагерінен екі адам қалған.

Жаңа заң бойынша соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар салықтың 11 түрінен босатылған.

9 мамыр күні Қазақстанда арнаулы шара өткен жоқ. 8 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев, оған қоса экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев (Былтыр наурызда президенттіктен кетсе де, “Нұр Отан” партиясының лидері және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке тікелей әсер етіп отыр) Жеңіс күнімен құттықтады. Президенттің құттықтауы ресми сайтта мәтін түрінде жарияланса, экс-президенттің құттықтауы видео түрінде тарады. Оған дейін түрлі деңгейдегі акциялар мен ардагерлер тұратын үйдің маңында шағын парадтар өткізілген.

Ал 9 мамыр күні Алматыдағы Мәңгілік алауға гүл қоюға келген ардагерді карантинге байланысты саябаққа жібермей қойған. Желіде тараған бұл видео жұрт арасында қызу талқыланып, ардагерді саябаққа жібермей қойғандардың әрекеті сынға ұшырады.

Видео: Алматыда ардагерді Мәңгілік алауға жібермеді (9 мамыр 2020 жыл).

Алматыда ардагерді Мәңгілік алауға жібермеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

ҚЫРҒЫЗСТАНДА РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАРИЯЛАНДЫ

Қырғызстанда 8 мамырда Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы және Халықтық Сәуір революциясының 10 жылдығына орай рақымшылық жарияланды. Оған алдағы алты айдың ішінде түрмеден босап шығатын 60 жастан асқан ер адамдар мен 55 жастан әйел адамдар ілікті. Олардың ұзын саны үш мыңнан асады. Рақымшылыққа іліккендердің арасында бірінші және екінші топ мүгедектері, мүгедек балалардың жалғыз асыраушысы, жалғызбасты аналар мен көп балалы аналар бар.

Қырғызстанда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен 251 адам тұрады. Соғысқа қатысқан ардагерлерге Жеңістің 75 жылдығы құрметіне бір жолдық 75 мың сомға (950 доллар шамасында) дейін жәрдемақы бөлініп отыр.

Мұның сыртында Қырғызстанда 2010 жылдан бастап ардагерлерге ай сайын жеті мың сом (қазіргі бағаммен 88 доллар шамасында) өтемақы мен президенттің 10 мың сомдық (қазіргі бағаммен 126 доллар шамасында) өмірбойғы стипендиясы төленеді.

9 мамыр күні Бішкекте реквием-митинг өтіп, кешке мерекелік от шашу болды. Реквием-митингіде президент Сооронбай Жээнбеков пен бұрынғы президент Роза Отунбаева, парламент төрағасы, премьер-министр, жоғарғы сот төрағасы және бас штаб бастығымен бірге мәңгілік алауға гүл шоғын қойды. Рәсім кезінде маска киген құрметті қарауыл сап түзеп тұрды.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, бұрынғы президент Роза Отунбаева Мәңгілік алауға гүл қойып жатыр. Бішкек, 9 мамыр 2020 жыл.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, бұрынғы президент Роза Отунбаева Мәңгілік алауға гүл қойып жатыр. Бішкек, 9 мамыр 2020 жыл.

СОВЕТТІК «ЖЕҢІС ПАРКІ» ЖӘНЕ ӨЗБЕКШЕ «ЖЕҢІС КҮНІ»

9 мамыр күні Ташкенттегі мұндай шараға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев жеке дара өзі ғана қатысты. Ол жаңадан ашылған «Жеңіс саябағында» болып, құрметті қарауыл арасымен жүріп өтіп соғыс құрбандары ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Өзбекстанда Қазақстан мен Қырғызстаннан айырмашылығы ресми ортада «Ұлы отан соғысы» сөзі қолданылмайды. Бұл атау алғашқы президент Ислам Каримовтің тұсында «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп өзгертілген. 9 мамыр 1999 жылдан бастап «Еске алу және құрметтеу күні» ретінде атап өтілді. Алайда 2018 жылдан бері бұл дата «Еске алу және құрметтеу күні және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс мейрамы» деген атауға ие бола бастады.

Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзияев гүл қою рәсімінде. Ташкент, 9 мамыр 2020 жыл.
Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзияев гүл қою рәсімінде. Ташкент, 9 мамыр 2020 жыл.

Президент Каримовтің тұсында соғысқа қатысты кейбір ескерткіштер Ташкент орталығынан тысқары көшірілген еді. Ал Мирзияев билікке келгенде орнына «оралған» генерал Сабыр Рахимовтің ескерткіші алдында Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында жаңа саябақ ашылды. «Жеңіс саябағында» Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі соғыс майданы кейіптеліп, сол кездегі әскери техника макеттері қойылды. Саябақ 12 гектар жерді алып жатыр.

Өзбек суретшісі Ғайрат Қузибоев Азаттықтың Өзбек қызметіне осы саябақ туралы «Советтік пропаганда бойынша Ресейден де озып кеттік. Ресейде көптеген зиялылар мұндай «өнер» үлгісіне күле қарайды» деген.

Бұған қоса Жеңістің 75 жылдығына орай постсоветтік елдерде әйгілі «Жеңіс күні» әні Ташкентте тұңғыш рет өзбек тілінде шырқалды.

Өзбекстандағы соғыс ардагерлерінің саны 800-ден асады. Бұл ардагерлерге Жеңістің 75 жылдығына орай 10 миллион сом (шамамен 985 доллар) бір жолғы ақшалай сыйақы қарастырылған.

КОРОНАВИРУС «КЕШІККЕН» ЕЛДЕРДЕ

Орталық Азияда екі елде - Тәжікстан мен Түркіменстанда сәуір айына дейін коронавирус анықталмады. Тек сәуірдің соңында ғана Тәжікстан елдегі індетті мойындады. Түркіменстан болса, COVID-19 вирусының тіркелгені туралы жариялай қоймады.

9 мамыр күні тәжік президенті Эмомали Рахмон, өзінің ұлы - парламент жоғары палатасының төрағасы және Душанбе мэрі Рустам Рахмонмен бірге мәңгілік алауға гүл шоғын қойғаны болмаса, бұл елде де Жеңіс күнін атап өту шектелді. Тәжікстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 175 ардагер бар. Олардың жасы үлкені 108-ге жетсе, ең жасы 93-те. Жасы 100-ден асқан ардагерлер саны – 20.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері Жеңіс күніне арналған шарада отыр. Душанбе, 9 мамыр 2017 жыл.
Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері Жеңіс күніне арналған шарада отыр. Душанбе, 9 мамыр 2017 жыл.

Жеңістің 75 жылдығына орай Тәжікстан 168 соғысқа қатысқан ардагер мен соғыс мүгедектеріне 6 мың сомониге дейін (584 доллар шамасында) қаржы бөліп отыр.

Әзірге ресми түрде коронавирус тіркелмеген Түркіменстанда 9 мамырда ымырт үйріле Жеңіс мерекесіне орай ретроспективалық әскери парад өткізілді. Бұл – Ашғабадта тәуелсіздік алғаннан бері 9 мамырда өткізіліп отырған тұңғыш парад. Ал 2018 жылдан бері 9 мамыр Түркіменстанда демалыс күндері қатарынан түсіп қалған болатын. Кешегі парадқа Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин бастаған делегация келген және Ашғабадтағы өзге де елдердің елшілері немесе өкілдері қатысқан.

Биыл 30 сәуірде президент Гурбангулы Бердімұхамедов соғыс және тыл ардагерлерін және соғысқа қатысқандардың әйелдерін «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы» медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойған. Марапатталғандар тізімі кейін кітап түрінде жарық көрмек.

Бұрын Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыс ардагерлеріне 200 манаттан (қазіргі ресми бағам бойынша – 57 доллар, бейресми бағаммен 10 доллар шамасында) табыс етілетін. Биыл бұл көмекті атаулы медаль мен оған қоса берілетін әлдебір сыйлықтар алмастырғанға ұқсайды.

Ардагерлер Мәңгілік алауға гүл қойып жатыр. Ашғабат, 9 мамыр. Көрнекі сурет.
Ардагерлер Мәңгілік алауға гүл қойып жатыр. Ашғабат, 9 мамыр. Көрнекі сурет.

Соңғы уақытта азық-түлік кезегі көбейген, жалақы беруде қиындықтар туындаған Түркіменстанда биыл жыл басында жалақы, зейнетақы және жәрдемақы мөлшері 10 пайызға өсті. Сол негізде соғыс ардагерлерінің ең төменгі айлық зейнетақысы 1415 манат (қазіргі ресми бағаммен – 403 доллар, бейресми бағаммен 70 доллар шамасы) болып белгіленген. Түркіменстанда 600 шамалы соғыс ардагері тұрады.

КӨШЕДЕГІ ЖӘНЕ КӨКТЕГІ ӘСКЕРИ ПАРАД

Пандемия қатеріне қарамастан 9 мамырда Беларусь алдын-ала жоспарланған әскери парадын өткізді. Минск орталығында және аспанында әскери техниканың қатысуымен өткізілген шараға үш мың қаралы әскер тартылған. Әскер техниканың саны 150 шамалы екені айтылады. Жеңістің 75 жылдық мерекесі кешкілік концерт пен от шашауға жалғасқан. Шараны қала тұрғындары да тамашалаған.

Минск орталығындағы әскери парад. 9 мамыр 2020 жыл.
Минск орталығындағы әскери парад. 9 мамыр 2020 жыл.

Беларусь пандемияға байланысты карантин жарияламаған. 9 мамырдағы мәлімет бойынша, бұл елде коронавирустан қаза тапқандар саны 126-ға жетті, індетке шалдыққан 22 мың 52 адам анықталды. Наурыздың соңында 7 мың адам қол қойған парадты кейінге қалдыру жөнінде петиция жарияланған. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы да Минскіге бүкілхалықтық шараларды кейінге қалдыруды ұсынған.

Беларусь президенті Александр Лукашенко бірнеше күн бұрын Беларусь елін соғыстан «барынша зардап шеккен республика» деп атаған.

Соғыстан қатты зардап шеккен тағы бір ел, ең көп адамы шығын болған көршілес Украинада 9 мамыр 2015 жылғы декоммунизациядан бері «Екінші дүниежүзілік соғыста нацизмді тізе бүктірген Жеңіс күні» деген атауға ие болды. Бұған қоса бұл елде 8 мамыр Еске алу және бітім күні ретінде аталып өтеді. Бірақ биыл Украина пандемия қатеріне байланысты көпшіліктің қатысуымен өтетін барлық шараға тыйым салды. Дегенмен 9 мамырда Киевте маска киген ардагерлер мен өзге де тұрғындардың мәңгілік алауға гүл шоғын қойған видеосы тарады.

Ал Ресей Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында коронавирус жұқтырғандар саны бойынша бесінші орынға көтерілді. 9 мамырдағы мәліметке сай, Ресейде 198 мың 862 адамның індетке шалдыққаны анықталса, дерттен қаза тапқандар саны 1 мың 831 адамға жетті.

Кеше, 9 мамырда Мәскеуде президент Путин мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, ардагерлер мен ресейліктерді Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады. Ресейдің 47 қаласында авиапарад өткізілді. Пандемия жарияланғанға дейін Ресей Мәскеуде әскери шеру өткізуді жоспарлаған болатын. Оған 15 мың әскер қатысып, 400 әскери техника көрсетілмек еді. Сәуірде президент Путин коронавирус індетіне орай Жеңістің 75 жылдығына орай өткізілетін шаралар басқа күні өткізілетінін айтқан.

Ресей президенті Владимир Путин "Белгісіз солдат" қабіріне гүл қоюға бара жатыр. Мәскеу, 9 мамыр 2020 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин "Белгісіз солдат" қабіріне гүл қоюға бара жатыр. Мәскеу, 9 мамыр 2020 жыл.

Путин сәуір айында Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күнін 2 қыркүйектен 3 қыркүйекке алмастырған болатын. Кейбір мәліметке қарағанда, Мәскеуде Жеңістің 75 жылдығына арналған шаралар осы күні өтуі мүмкін. Алайда 3 қыркүйек – Ресейде Беслан оқиғасы құрбандарын еске алу күні. 2004 жылы Бесландағы мектепке террористер шабуылынан 333 адам қаза тапқан. Оның көбі – бала.

АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің 9 мамырдағы дерегіне сай, әлемде COVID -19 індетін жұқтырған 4 миллион 75 мың 336 адам анықталса, қаза болғандар саны 278 мың 593 мың адамды құрады. Сауығып шыққандар саны 1 миллион 418 мың 656 адамға жетті.

(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін).

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG