Accessibility links

Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

100-дей адам ұсталды, ондаған белсенді полиция құрсауында қалды. Cайлау күні қалай өтті?

10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс берді. Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан сайлауға билікті қолдайтын бес саяси партия түсті. Билікті сынап жүрген кейбір белсенділер бұл күні наразылық акциясына шықты. Алматыдағы Республика және Астана алаңдарына жиналғандарды полиция қоршап, кейбірін күштеп көлікке салып, алып кетті. Полицияның арнаулы жасағы Республика алаңында түс мезгілінде қоршауға алған ондаған белсендіні алты сағаттан артық жібермей ұстап тұр. Сайлау қарсаңында елде ондаған белсендіні ұстап, қамап, айыппұл салған. Тәуелсіз бақылаушылар билік бұл жолы қысым-кедергіні күшейткенін айтады.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президенттік қызметтен кеткелі бері елде алғаш рет парламент сайлауы өтті. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы әрі елдің саяси алаңында үстемдікке ие "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде билікке әлі ықпал етіп отыр. Қазір өкілеті аяқталуға таяған парламентте "Нұр Отан" партиясымен бірге әрқайсысы жеті мандатқа ие билікшіл тағы екі партия – "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) бар. Бұл сайлауға олармен бірге "Ауыл" және "Адал" (бұрынғы "Бірлік") қатысып жатыр. Ресми тіркелген тағы бір саяси партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялаған.

19:21 10.1.2021

Алматыда қоршауға алынған белсенділерге жедел жәрдем қызметін шақырды.

Жедел жәрдемді жүкті әйелге және қатты тоңып қалған белсендіге шақырған. Оларды арнайы жасақ сарбаздары түстен бері шеңберге алып, сыртқа шығармай тұр.

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсендісі Әсем Жәпишева әкімдік қызметкерлерінің келіссөз жүргізгенін, "екі-үштен шығару туралы талап қойғанын", бірақ оған келіспегенін айтты. "Шықсақ бәріміз бірге шығамыз. Құқық қорғаушыларды бізге жібермей жатыр. Маған және үсіп қалған бірнеше адамға жедел жәрдем шақырды" дейді ол.

18:44 10.1.2021

Алматыда наразылыққа шыққандарды қоршауға алған полиция оларды бірнеше сағат бойы ұстап тұр

Құқық қорғаушы Татьяна Чернобильдің хабарлауынша, Алматыдағы Республика алаңында наразылыққа шыққан адамдардың бірнеше сағат бойы полиция қоршауында тұрғанын хабарлады. Оның сөзінше, бейбіт жиынға шыққандар екі жерде қоршалған, біріне 15 адам, бірінде 20 адам. Құқық қорғаушы полиция қоршауына алынғандардың арасында жүкті әйелдің барын айтады.

"Ұсталғандар (полиция мені табандылықпен жоққа шығарып отыр) қоршауда әлі тұр. Олар шеңберге 12:30-13:00 шамасында алынғаны айтады. Далада ауа температурасы -2 градус, -4 градус болып сезіледі. Сағат 18:00-ге бейбіт шеру қатысушыларын қоршауға алған полицейлер 8 рет ауысқан" деп жазды Чернобиль Facebook-те.

18:16 10.1.2021

ОСК: Сағат 18:00-ге сайлаушылардың 58,2 пайызы дауыс берді

Қазақстан орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Нұр-Сұлтан уақыты сағат 18.00-ге қарай сайлаушылардың 58,2 пайызы дауыс берген. 18 миллион тұрғыны Қазақстанда 11,9 сайлаушы тіркелеген. Олар 10 060 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр.

Аймақ бойынша дауыс беру көрсеткіштері мынадай:

  • Ақмола облысы бойынша – 65,1 %
  • Ақтөбе облысы бойынша – 52,4 %
  • Алматы облысы бойынша – 66,5 %
  • Атырау облысы бойынша – 51,1 %
  • Батыс Қазақстан облысы бойынша – 57,7 %
  • Жамбыл облысы бойынша – 68,3 %
  • Қарағанды облысы бойынша – 65,2 %
  • Қостанай облысы бойынша – 69,1 %
  • Қызылорда облысы бойынша – 67,9 %
  • Маңғыстау облысы бойынша – 49,1 %
  • Павлодар облысы бойынша – 64,5 %
  • Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 69,8 %
  • Түркістан облысы бойынша – 59,9 %
  • Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 67,2 %
  • Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 44,0 %
  • Алматы қаласы бойынша – 27,7 %
  • Шымкент қаласы бойынша – 53,2 %
18:11 10.1.2021

Оралда жиырмадан астам адамды ұстап әкетті

10 қаңтар күні Орал қаласының орталық алаңында полиция жиырмадан астам адамды ұстап әкетті. Олар "әділетсіз сайлауға" наразылық білдіруге келген. Наразылардың ұсталғанын Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті растады.

— Маған Абай алаңында 25-ке жуық адамның жиналғанын хабарлады. Олар елімізде бүгін өтіп жатқан сайлауға қарсы шықпақ болған қала тұрғындары, бейжай қарамайтын азаматтар. Сайлау таңдаусыз, әділетсіз өтіп жатыр, — деді азаматтық белсенді Бекболат Өтебаев Азаттыққа телефон арқылы.

2-топ мүгедегі Өтебаев бейбіт жиынға қатысқысы келгенін, бірақ денсаулық жағдайына байланысты қатыса алмағанын айтты.

Полиция департаментінің хабарлауынша, 21 адам ұсталған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG