Accessibility links

5,5 мыңдай вагон Қазақстаннан Қытайға өте алмай тұр. Нұр-Сұлтан қарымта жауап қайтармайды


Пандемияға байланысты Қазақстанның Қытайға жүк тасымалы қиындады, 26 шілде күнгі мәлімет бойынша, 3.5-4 мыңдай вагон Достық стансасы бағытында, 1500 вагон Алтынкөл стансасы бағытында тұрып қалған. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингіде "Қазақстан темір жолы" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов мәлімдеді.

Қанат Әлмағамбетов Қытай тарапы эпидемияға байланысты жүк қабылдау талаптарын қатаңдатты, әр вагон тек санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің рұқсатымен ғана ашылады дейді. Ал бұл жүк қабылдау мен пойыздардың Қытайға қарай өтуіне әсер етеді дейді.

"Бүгін таңертеңгі ақпарат бойынша, Достық станциясы бағытында 72 пойыз, Алтынкөл станциясы бағытында 25 пойыз қозғалыссыз қалдырылды. Бұл негізінен мамыр-маусым айында вагондарға тиелген бидай, кен, кокс. Әр пойыз орташа есеппен 50 вагоннан тұрады десек, Достық бағытында 3500-4000, Алтынкөл бағытында 1500 вагон тұрып қалған", - дейді Қанат Әлмағамбетов.

Қытай тарапы былтыр қарашадан бері Қазақстаннан барған дәнді дақыл, түсті металл, тыңайтқыш, құрылыс материалдары мен басқа да тауар тиелген мыңдаған жабық жүк вагонын қабылдамай қойған. Тауарын өткізе алмаған қазақстандық экспортерлер жүздеген миллион доллар шығынға батып, қайсыбірі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Қытай тарапы мұны жабық вагондардың ішінде вирус болуы мүмкін деп түсіндірген.

Қанат Әлмағамбетовтің айтуынша, Қытай жүкті биыл ақпаннан бастап біртіндеп қабылдай бастаған, бүгінде қабылданбай, жолда тұрып қалған азық-түлік вагондары жоқ.

Алайда оның сөзіне қарағанда, Қытай Қазақстанға жабық вагондарда қапқа тиелген азық-түлік жүгін жіберуге тыйым салған. Әлмағамбетовтің айтуынша, Қытай азық-түлік жүгін аузы ілмекпен байланатын жұмсақ контейнер – "биг бэгпен" қабылдауға келіскен.

"Биг бэгті" рұқсат еткен себебі – оны автотиегішпен түсіре алады, жүкті адам түсірмейді. Алайда жүкті өте аз көлемде қабылдап жатыр" деді Қанат Әлмағамбетов.

Азаттықтың "Қазақстан темір жолы" қарашадан бері еліміздің жүк вагондарына тосқауыл қойған Қытай темір жолына қарымта жауап қайтара ма?" деген сұрағына Қанат Әлмағамбетов "егер біз Қытай пойыздарын бір рет тоқтатсақ, олар басқа айналма жолдар арқылы кетеді. Ондай жағдайда біз транзиттен де, табыстан да айырыламыз" деп жауап берді.

"Қазақстан темір жолы" сәуір айында Азаттыққа берген жауабында Қытай былтыр қарашадан бері Қазақстаннан барған 12 мың жабық жүк вагонын қабылдамағанын айтқан. Кей сарапшылар Қытайдың мұндай әрекетке баруына Қытай қазақтарына босқын мәртебесінің берілуі себеп болуы мүмкін деп топшылаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG