Accessibility links

Қарымта қайтаратын қыздар. Қазақстан әйелдері өз-өзін қорғауды қалай және кімнен үйреніп жүр?


Әйелдерге өз-өзін қорғауды үйрететін тегін курстар Қазақстанда сирек кездеседі. Әйелдер қорғануды көбіне бокс, дзюдо, самбо, джиу-джитсу, грепплинг, каратэ немесе тхэквондо арқылы үйренеді.

"ҚАШЫП КЕТУ ҮШІН ҚАЙ ЖЕРДЕН ҰРУ КЕРЕГІН БІЛЕМІН"

Алматының орталығындағы фитнес-клуб. Кіреберісте ерлер зілтемір көтеріп жүр. Сәл әріректе темір тормен қоршалған шаршы алаң тұр. Айналасынан әйелдердің қолы көрінеді: төрт қыз боксшы қолғабын киіп алып, макивараны төпелеп жатыр.

– Енді аяқпен, – дейді бесінші қыз аяғын көтеріп. Бұл – қыздарды бокс пен кикбоксингіге үйретіп жүрген жаттықтырушы Мария Макатревич. Қыздар жаттықтырушының көрсеткенін айнытпай қайталады.

Мария Макатревичтің шәкірттері жаттығу жасап жүр.
Мария Макатревичтің шәкірттері жаттығу жасап жүр.

24 жастағы Айнұр үнемі өз-өзін қорғауды үйренгісі келген. Бірақ үйдегілер жібермеген.

– Әкем анамды ұрып-соққанын көріп өстім. Кішкентай кезімде анамды қорғай алмайтынмын. Әкемді итеріп жіберуге тырысатынмын, бірақ әлім жетпейтін. Қауқарсыздығыма қатты қапаланатынмын. 18 жасқа дейін солай болды. Қазір бокстың арқасында өзіме сенемін, күш, техника, мінез пайда болды. Қашып кету үшін қай жерден ұру керегін білемін, – дейді ол.

Аяқтан кейін шынтақ жаттығуы басталды.

– Лифтіде тұрмыз, тар жерде тіке ұра алмаймыз, сондықтан шынтақпен жұмыс істейміз. Шынтақтың сыртымен ұрамыз. Дайындалыңдар… – дейді Мария.

Макатревич – белгілі спортшы: каратэ-додан Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, қоян-қолтық жекпе-жек, бокс, кикбокстан чемпион, өрт-құтқару спортынан абсолют чемпион, халықаралық жарыстардың жүлдегері.

Қазір Мария жаттықтырушы болып істейді. 2018 жылдан бері өз-өзін қорғау бойынша шеберлік дәрістерін өткізеді. Мұндай курстарға 20-30 адамнан жиналады. Көбі – тұрмыста зорлық көрген қыз-келіншек.

Мария Макатревич.
Мария Макатревич.

– Көбіне жасөспірімдер келеді. Дағдарыс орталықтары тұрмыста зорлық көріп, ажырасқан әйелдерді жібереді. Кей әйелдер өзін әлдеқайда сенімді, күштірек сезініп, ерлер алдындағы үрейін жеңгісі келеді, – дейді ол.

Марияның әпкесі де 17 жыл күйеуінен қорлық көрген.

– Спортпен айналысуыма түрткі болған себептердің бірі – осы. Ер адамның тәрбиесін көрмей өстім. Әкем ерте қайтыс болды, кез келген мәселені өзім шешетінмін, – дейді ол.

"АЮ НЕГЕ ШЫБЫННАН ЕМЕС, АРАДАН ҚОРҚАДЫ? ӨЙТКЕНІ АРА ШАҒЫП АЛАДЫ"

Алматының іргесіндегі Bars Almaty Checkmat залы. Бұл жер бразилиялық джиу-джитсуды үйретеді. Жаттықтырушы Думан Жұмаділов көшеде біреу тиіссе, қалай қорғану керегін түсіндіріп жатыр:

– Екі қолымен тамағыңыздан немесе иығыңыздан қысып, қабырғаға тақап тұр делік. Оң қолмен оң шынтағынан алып, өзіңе қарай тартасыз. Шамаңыз жетпесе, екі қолыңызбен шынтағынан ұстап, бүкіл салмағыңызды салуыңыз керек. Ол иіле бастайды. Осы кезде қолын қайырып, иегінен ұстап, айналдырасыздар. Қолмен жұмыс істемейміз. Бар болғаны соған қарай бұрыламыз, өзі құлайды.

Қыздар көрсетілген әдісті қайталап жатыр. Бірден нәтижелі бола қоймады.

– Иегінен айналдырып, қаш, қаш! – дейді Думан.

Жаттықтырушы Думан Жұмаділов шәкірттеріне кеңес беріп тұр.
Жаттықтырушы Думан Жұмаділов шәкірттеріне кеңес беріп тұр.

– Міне! Жарайсың! – жаттықтырушы дұрыс істеген қызды мақтап қойды.

Жұмаділовтің айтуынша, секцияға 10-ға жуық әйел қатысады.

– Әйелдер тобы деп бөлмейміз. Өйткені ерлерді жеңіп үйренсе, іштей сенім қалыптасады, – дейді Думан.

Бразилиялық джиу-джитсу күшке қарағанда, техника мен шапшаң қимылға мән береді. Сондықтан әдістердің көбін нәзік қыздардың өзі жасап, ірі денелі ерлерді құлата алады.

Думаннан үйренген джиу-джитсу тәсілін қолдану сәті.
Думаннан үйренген джиу-джитсу тәсілін қолдану сәті.

Жаттықтырушының сөзінше, ол жаңадан келген қыздарға шабуыл жасалған кездегі қорғану тәсілдерін бірден үйретпейді.

– Әуелі күрес негіздерін үйретеміз, кейін аптасына екі-үш рет әртүрлі жағдайларға тоқталамыз. Жаңадан келген қызға қорғаныс тәсілдерін үйретсе, алып кете алмайды: күші не тәжірибесі жетпейді. Орта денелі ер адамға қарсы тұру үшін кемі бір жыл тұрақты дайындалу керек, – дейді Думан.

Жұмаділовтің төрт қызы бар. Қыздарын өзі жаттықтырады.

– Үлкен қызым мектепте буллингіге ұшырағанда, "Аю неге шыбыннан емес, арадан қорқады? Өйткені ара шағып алады" деп түсіндірдім. Қарымта қайтарсаң, ерте ме, кеш пе, саған тиіспейтін болады. Бастысы, баланы үйде қолдау керек. Сонда ол кім ренжіткенін жасырмай айтады. Балаларды қарымта қайтаруға, өзін қорғауға үйреткен маңызды, – дейді ол.

36 жастағы Алуа – Думанның шәкірті. Бір жарым жылдан бері жаттығып келеді. 20 жасында Алуа күреске қатысатын абьюзер жігітпен қарым-қатынаста болған.

– Мені қабырғаға ұрып, лақтырып жіберетін. Жас едім, қорқатынмын. Жауап қайтару ойыма да келмейтін. Қазір ешкімге күш көрсетуге жол бермеймін. Күтпеген жағдай болса, абдырап қалмай, жауап қайтара аламын. Әйел бір рет қарымта қайтарса, екінші рет қайталанбайды. Біз, шығыс әйелдері солай жасай алмаймыз. Күйеуімізді "ханымыздай" көріп, қарсы сөйлеудің өзіне жасқанамыз. Қазір заман өзгерді, соған қуанамын, – дейді Алуа.

"ӘЙЕЛДІҢ ЖҰДЫРЫҒЫ ӘЛСІЗДЕУ. СОНДЫҚТАН АЛАҚАННЫҢ СЫРТЫМЕН ҰРУ КЕРЕК"

38 жастағы Жанна Оспан – Айкикай айкидо шебері, қара белбеу иегері. 10 жылдан бері Алматыда әйелдерді айкидоға үйретіп келеді. Қазақстанда жекпе-жек өнеріне үйрететін әйел жаттықтырушылар аз. Жанна осы жылдар ішінде өзіне менсінбей қарағандарды да, "бұл әйелдің ісі емес" деп, сүйікті кәсібінен бас тартуға үндегендерді де көрген.

2022 жылы Жанна өз-өзін қорғау курсын өткізген. Оның айтуынша, Қазақстанда мұндай курстар аз. Әр курс шамамен бір айға созылады. Жанна бір жылда 20 адамды жаттықтырған. Курсқа келген әйелдердің көбі кезінде абьюзив қарым-қатынаста болған.

Жанна Оспан.
Жанна Оспан.

– 20 жастан бастап спорттық дайындығы жоқ қыздарға қорғануды үйреттім. Жұрттың бәрі бірдей спортпен айналыспайды, жедел реакция мен жылдамдық екінің бірінде бола бермейді. Кейде қыздар қиын жағдайға тап болғанда, "ұр, қаш, қатып қал" деген үш реакцияның үшіншісін таңдайды. Қыздарды дұрыс бағыт таңдауға үйрететінмін. Көбіне ер адамдар шабуыл жасайды. Олар күштірек келеді. Салмақ дәрежесі жоғары адаммен сөз таластыру қиын. Сондықтан алдын ала ойланып, қулыққа салу керек, – дейді жаттықтырушы.

Жанна әйелдерге мүмкіндігінше арпалыспауға, қауіпті дер кезінде бағалап, кикілжің болған жерден тезірек кетіп қал деп кеңес береді. Қорғану әдістерінің дені шабуылдаушыға уақытша соққы беріп, қашып кетуді көздейді.

Жаннаның айтуынша, бастысы, үнемі қозғалыста болып, қол, тырнақ, кілт, карточка сияқты кез келген мүмкіндікті пайдалану керек.

– Адам күресіп жатса, бет-жүзімен жұмыс істеу керек: қолға ілінген мұрын, көз – бәріне жармасамыз. Жұдырықтасып әуре болмаңыз, әйелдің жұдырығы әлсіздеу. Спортшы болмасаңыз, қолыңызды сындырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан алақанның сыртымен кеңірдек, шап сияқты жұмсақ жерлерден ұру керек, – дейді жаттықтырушы.

Жанна біреу адамды алдынан немесе артынан қылғындырса, тонауға тырысса, не істеу керегін үйретеді.

– Сөмкеңізді тартып алуға тырысса, бұлқынып, босап шығуға тырысудың қажеті жоқ. Денеңізбен дөңгелек сызып, шабуылдаушыны тепе-теңдігінен айырамыз. Бастысы – кикілжің болған жерден тез кетіп қалу. Батылыңыз жетсе, бір теуіп, қашамыз немесе жай қашып кетеміз, – дейді ол.

Үйренген дағдыларды жиі қайталап тұру керек. Онсыз қажет кезде денеңіз не істеу керегін білмейді.

– Ілгеріде жаттығудан келе жатқанымда, көшеде жас жігіттер тиісе бастады. Әлі мектепте оқитынмын, бірақ күнде жаттығып жүргенімнің пайдасы тиді. Бір жігіт ту сыртымнан ұстап, итеріп жіберуге тырысты, мен бұрылып, арқамдағы сөмкемді шешіп, сытылып шығып кеттім, әлгі жігіт жерге құлады. Осының бәрі лезде болды, – дейді жаттықтырушы.

"ОЙЛАН, АЙҚАЙЛА, КЕТ, КҮРЕС, ҮНСІЗ ҚАЛМА"

Былтырдан бері Қазақстанда АҚШ дипломатиялық миссиясының ұйымдастыруымен әйелдерге қорғануды үйрететін жоба басталды. Күзде әртүрлі өңірден жиналған 15 әйел вербал, психологиялық және физикалық зорлыққа қарсы тұруды үйренді. Қазір олар басқа әйелдерді үйретіп жүр.

ESD Global Қазақстан бойынша жетекшісі Динара Жақсынбектің пікірінше, тренингінің аудиториясы үлкен. Зорлыққа ұшырағандармен жұмыс істейтін дағдарыс орталықтары, қызметкерлерін оқытқысы келетін қатардағы ұйымдар хабарласады.

– Бәріне бірдей бағдарлама ұсына алмаймыз. Зорлық көрген әйелді оқытатын болсақ, жасы мен қоршаған ортасын ескеруге тырысамыз. Барлық әйелге “Енеңнің сен үшін шешім шығаруына жол берме!” демейміз. Әйел адам жұмысқа тауып, қаржылай тәуелсіз бола алатын үлкен қалада тұрса, бір сәрі. Шалғай ауылда тұратын әйелді оқытсақ, консерватив қоғамда оған үлкен әлеуметтік қысым болады, – дейді Жақсыбек.

Тренингілер Алматы, Астана қалаларында және облыс орталықтарында өткен. Оқыту "Ойлан, айқайла, кет, күрес, үнсіз қалма" деген бес принципке негізделген.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған тренинг.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған тренинг.

– Зорлық көрген әйел туралы айтсақ: тренингіде "Ойлан" принципінің көмегімен ол басынан өткен жағдайды түсінеді. “Айқайла” принципі ұзақ уақыт абьюзив қарым-қатынаста жүрген адамға "Болды, доғар!" деуге көмектеседі. Айқайлап, ішіндегісін шығаруға мүмкіндік береміз. Ішінен айқайлауы да мүмкін. "Кет" принципі агрессормен байланыспауға шақырады. Кейде адам осы арқылы жағдайды сырттай бағалай алады, – дейді Динара.

Жоғарыда аталған принциптер жұмыс істемесе, "Күрес" принципі қолданылады.

– Бұл – басқа амал қалмаған кезде қолданылатын шара. Адамға күресу керек. Физикалық күрес қана емес, соттасу да осыған жатады. Әйел ажырасып не агрессордан кетемін деп шешім қабылдауы мүмкін. Бірақ кей әлеуметтік нормалардан аса алмайды. Осы жағдай – "Күрес" принципінің үлгісі. Әйел адам қауіпсіздігі басты орында екенін түсінеді. Өз қауіпсіздігі үшін соттар, әлеуметтік нормалар мен полициядан өту керек болса, солай жасайды, – дейді жоба жетекшісі.

Соңғы принцип "Үнсіз қалма" деп аталады. Ол болған оқиғаны бөлісіп, арқадағы жүктен арылып, басқалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Психолог әрі инструктор, балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушы Юлия Акоева бір кездері осы тренингіден өтіп, қазір білгенін басқа әйелдерге үйретуді қолға алған.

Тренинг кезінде әйелдер біреуден қорқу үрейін жеңіп, айқай салуды үйренеді. Айқайды дыбыс өлшейтін құрылғының көмегімен есептеп көреді. Курс стресс жағдайындағы әдеттерді де қалыптастыруға бағытталған. Адамды қорқыныштан қалтырап, шарасыз күйде қалмай, дер кезінде және жедел реакция білдіруге баулиды.

– Студент кезім болатын. 8 наурыз еді. Екі жігіт мерекемен құттықтап, ізімізден қалмай, тиісе берді. Сөмкемізді, сыйлықтарымызды тартып алды. Әпкем екеуміз ешкімге айтпадық. Ұялдық, шарасыз күйде қалып қойдық. Ұзақ уақыт осы сезімнен арыла алмадым. Ана болған кезде балам үшін қорқа бастадым. “Не істеуге болады?” деп ойландым. Балаларға өзін қорғауды үйрететін курс таптым, кейін өзім де жазылдым, – дейді Юлия.

Статистика бойынша, Қазақстан әйелдерінің көбі күйеуінен немесе серігінен зорлық көрген. Полицияға жыл сайын тұрмыстағы зорлық фактілері туралы 100 мыңнан астам арыз түседі. Олардың дені әйелдерге жасалған қылмыстарға қатысты.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтырғы 10 айда "денсаулыққа орташа және ауыр залал келтіру" баптары бойынша 794 іс қозғалып, 93 әйел көз жұмған. Жыл басынан бері тұрмыстағы зорлық салдарынан 18 адам қайтыс болған. Ресми статистика мәселенің шынайы көрінісі бола алмайды. Өйткені жәбірленушілер көбіне полицияға бармайды не олардың арызын ешкім қабылдамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG