Accessibility links

Коронавирусқа қарсы ас беріп, адыраспанмен аластау


Трассадағы блокпост. Мырзатай ауылдық округі, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл.
Трассадағы блокпост. Мырзатай ауылдық округі, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл.

Коронавирусқа байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғанымен, ауыл тұрғындары қауіпті енді ғана сезіне бастағанға ұқсайды. Бейғам жұрт облыс аумағында коронавирус жұқтырған адам табылған соң ғана сақтық жасай бастаған. Адыраспан түтетіп, коронавирусқа қарсы ас беріп жатқандар да бар.

Мырзатай ауылы Таразға жақын әрі алыс. Жақын болатыны - көлікпен жарты сағат болмай жетіп барасың, алыс болатыны – интернеті баяу. Бізді Мырзатай ауылына жеткізген 20 жастағы жүргізуші төтенше жағдай жарияланғалы бұл жерге үш рет келіп кеткенін айтады. «Үш күн қатарынан тойға да, қыз ұзатуға да келдік. Палатка құрып, той жасағандарға баннер орнатып бергенбіз» дейді.

3 жарым мың халқы бар Мырзатай ауылдық округі Байзақ ауданына қарайды. Округке Мырзатай, Диқан және Сеңкібай деген үш ауыл кіреді. Негізгі трассаның бойында Мырзатай, сол жағында Сеңкібай, оң жағында Диқан ауылы іргелес жатыр.

«​МАСКА ТАҒЫП, ШАПҚЫЛАУ»​

Мырзатайдың өзге көшелеріне қарағанда орталығында қозғалыс көп, такси жүргізушілерінің жиналатын орны да сол жер. Ауылға кімнің не үшін келіп, не үшін кетіп жатқанын такси жүргізушілері жақсы біледі.

Тараздан шыққалы маска таққан алғашқы такси жүргізушісін осы жерден көрдік. 26 жыл такси айдаған Серік Рысқұлов клиент күтіп тұр екен.

- Маска тағып алып, тіршілігін істеп, шапқылап жүр бәрі, - дейді ол.

Жанындағы тағы бір таксист журналист екенімізді білген соң қалтасынан маскасын шығарып, бір көрсетіп қойды. Жұрт шулаған соң қымбат болса да 2 күн бұрын 500 теңгеге сатып алыпты. Онысын клиенттерін жинап, көлігіне отырар кезде ғана тақты.

Маскалы жүргізуші, Мырзатай ауылы, Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл.
Маскалы жүргізуші, Мырзатай ауылы, Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл.

Такси жүргізушілердің көпшілігі «коронавирус Мырзатайға келуші ме еді» деген кейіп танытады.

-Коронавирус клиентте де, өзімізде де жоқ. Спиртпен қолды жуып аламыз да жүре береміз, енді қайтеміз, - дейді күліп.

Таксишілердің басты уайымы маска емес, күнделікті табыс сияқты. Өйткені әрі-бері сапарлайтын жолаушы «50-60 пайызға азайған». Алматыдан бұрынғыдай бірінің үстіне бірі келіп жатқан адам жоқ.

Таксишілердің сөзінше, ауылдағы азық-түлік те қымбаттаған. Наурыздың 13-де келісін 105 теңгеге алған картоп, бір аптадан кейін 160 теңге, енді 180 теңгеге жеткен. 1 литр пісте май 235 теңгеге болған. Үкіметтің «азық-түлікті қымбаттатпаймыз» деген сөзі бұл ауылға өтпей қалғанға ұқсайды.

«ХЛОРЛАП, АДЫРАСПАН ТҮТЕТЕМІЗ»

«Кір үйге тез, бол» деп кішкентайын үйге қуып жатқан, Сеңкібай ауылының 29 жыл келіні болған Анар жеңгеймен таныстық. Көрші үйдегі Гүлнар құрбысының үйінен шығып келе жатыр. Коронавирус жұқтырғандар Қазақстанда қаншаға жеткені жайлы соңғы мәліметтерді жатқа соғатыны байқалады.

Қолдан тіккен масканы жұмысқа кеткен жолдасына берген Гүлнар үйді хлорлап жуып, артынан адыраспан түтіндетіп, «дезинфекциялап» отыр екен. «Елдің бәрі адыраспандап жатқан соң біз де қалыспадық» дейді.

Ойнап жүрген балалар. Мырзатай ауылы, Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл.
Ойнап жүрген балалар. Мырзатай ауылы, Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл.

Гүлнардың сөзінше коронавирусқа бастапқыда аса мән бере қоймаған жұрт ішінде аздап үрей пайда бола бастаған сияқты. Шетелдегі вирус бұл ауылға жете қоймайтындай көрінген. Коронавирус шыққаны жайлы іргедегі Шу мен Қордайдан дүңк-дүңк хабар жетіп, кісі өлгені жайлы ақпарат көбейген соң ойлана бастағандай.

-Өліп қалатын сияқты болып жүрміз. Біртүрлі боп кетті бұл өмір,- деді екеуі бізді айналып жүрген балаларын үйге кіргізіп жатып. Кетіп бара жатқан бізге «неге маскасыз жүрсіңдер» деп ескерту жасап қалды.

Ауылдағы сақтық шаралары маскамен басталып, қолжуғыштағы кір сабынмен аяқталған сияқты. Дүкендердің, дәріхананың сыртында қолжуғыш тұр, бірінде кір сабын, бірінде әтір сабын. Бірі қол жууды өтініп жазып қойған, бірі «өзің біл» дегендей ештеңе жазбаған. Сақтық шараларын әкімдік міндеттеп, қолжуғыш пен хлорды тексереді екен.

КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ АС БЕРУ

Мырзатай мен Сеңкібай ауылдарын аралағанда тойы тоқтамаған жұртты байқай қоймадық. Сол себепті «үш күн тойда болдық, баннер әкелдім» деген жүргізушінің сөзіне күмәнданып қалдық. Жылда бұл уақытта қызып жатататын той-томалақ, құдалық, ас беру рәсімі 10 күн ішінде сап тыйыла салуы күмән туғызады, әрине.

Кейбіреулер «тойханаға тыйым салынған соң халық палатка тігіп, есік алдына жиналатын болды» деді. Қайда барсаң да сабақтан босап, көше кезген балалар ғана. Мырзатайдағы такси жүргізушілері де, Сеңкібайдағы жеңгейлер де «той-томалағы да құрысын, жұртқа бармай, жұртты шақырмай отырмыз» деп еді, Диқан ауылы да сондай күйге түскенге ұқсайды.

Дүкен алдында жолыққан 3-4 қария «бәрі тоқтады гой» деді тұнжырап. «Әуелде бейқам жүрдік. Әлемге жайылып жатыр дегенді естіп қорқайын дедік. Жиынның бәрін тоқтатып отырмыз», - деді 80 жастағы Ілес Жүзбай.

Осы сәтте ақсақалдарға «жүрсеңіздерші» деп, пакет қолтықтаған 3-4 әйел адам өте берді. Соңынан ілескенімізде қазан көтеріп, ет түсірейін деп жатқан үйдің үстінен түстік.

Ас беріп жатқан үй. Жамбыл облысы, 28 наурыз 2020 жыл.
Ас беріп жатқан үй. Жамбыл облысы, 28 наурыз 2020 жыл.

Карантин кезінде бейсауат жүрген біз секілді қонаққа ауыл тұрғындары сұраулы жүзбен қарайды. Алғашында үй иесімін деп таныстырған кісі журналист екенімізді біле сала үлкендерге жұмсады.

-Құдай коронавирустан сақтасын деп құдайытамақ берейік» деп жатырмыз деді әже. Бұл өңірде ас беруді «құдайытамақ» деп атайды. Ақ сақалының үстінен маска таққан қария кірді.

- Мән бермей жүрген қазақтың бірі едім. Бірақ сақтану керек қой. Жиын-той болмауы керек, құдайытамақ таратамын десең, етін шикілей беру керек дегенді жұртқа айту үшін келдім. Осыны қазір айтамыз, - деді ол журналист екенімізді білген соң. Өзгелері үнсіз.

Көптің ішінен костюм-шалбар киген ер адам бізге қарай жүрді. Мырзатай ауылдық округінің әкімі Рүстем Әбілдаев екен. Дереу қалтасын ақтарып, маскасын шығарды. «Қырқы болып жатыр, қазалы үй еді. Үй иелері той жасағалы жатқан жоқпыз деп жатыр»,- деді ол. Жұртқа жиналмау керек деп ескертіп, тарқату үшін келіпті.

Ет түсіріп жатқан қазан-ошаққа, буы бұрқыраған табаққа қарап, кете бардық. «Ауыз ти» деген ешкім болмады. Ауыл әкімі медпункт пен дәріханаға бізбен ілесе барды.

«КӨШЕДЕ КЕЗДЕССЕ БҰРЫЛЫП КЕТЕМІН»

-Ауылдағы интернеттің жылдамдығын арттыруды сұрап, жоғарыға хат жаздық,- дейді Рүстем Әбілдаев. Диқан мен Сеңкібайда интернет нашар. Әр үй бір телефонға қарап отыр, әр балаға бір-бір компьютерден табылмайды. Әкімнің сөзінше, сәуірдің 5-іне оқушылардың каникулы бітіп, онлайн-оқыту басталғанда қиын болуы мүмкін.

Мырзатайдағы дәріханада маска жоқ. «Тіктірсеңіздер де тауып берсеңіздер жақсы болар еді» дейді провизор. Әкім бірнеше күнде тіктіріп беруге уәде берді.

Медпунктке барғанда түскі астың үстінен түстік. Маскасын иегіне түсіріп, шайын күтіп отырған фельдшер коронавирус кезіндегі ауыл жайын айтты. Жұрт қызуы көтерілсе болды, дәрігер шақыратын болыпты.

-Кеше қонақта болып едік, отырысқа барып едік. Біреуден жұқтырып алдым ба? Не істеймін деп сұрайды,- дейді 15 жыл фельдшер болған Тасқын Есенқұлов.

Фельдшер коронавирус белгілері бар науқас кезіге қалса қалай әрекет ететінін әңгімеледі. «Орталық диспетчерге хабарласамыз. Кезекші аға дәрігерге жағдайы түсіндіріп, консультация аламыз. Олар ауру белгілері ұқсайды десе, қосымша бригада келеді. Арнайы киім киген, капсуласы бар топ келіп науқасты алып кетеді», - деді.

Мырзатай ауылының фельдшері Тасқын Есенқұлов. Жамбыл облысы, 28 наурыз 2020 жыл. h 2020
Мырзатай ауылының фельдшері Тасқын Есенқұлов. Жамбыл облысы, 28 наурыз 2020 жыл. h 2020

Диқан ауылының дәл іргесінде шипажай бар. Осыған дейін туберкулезбен ауырған науқастар үшін салынған шипажайға Жамбыл болсының денсаулық сақтау басқармасы коронавирусқа байланысты карантинге шыққандар жатады деген шешім шығарыпты. Алғашында ауыл тұрғындары қарсы болған. Бізге жұғып кетеді деп ел іргесіне жақындатқысы келмеген. «Олар да адам ғой, қайда апарып тастайсың, карантинге әкелді», - дейді фельдшер.

Сеңкібай ауылында тұратын бір кісі сол шипажайда жұмыс істейді екен. «Аты-жөнін, кім екенін, не істейтінін айтпаймын. Күнде шипажайға барып келеді. Оған жақындамайтын болдым», - дейді ол.

Арасында таксилететін фельдшер, шипажайда істейтін танысын көшеде көрсе де тоқтамайды екен. Кім біледі ол жақтан не жұқтырғанын.

Ауыл медпунктінде қолжуғыш пен антисептик бар екен. «Коронавирус келмей тұрып та, қол жуып жүрміз ғой бәріміз», - дейді фельдшер.

Медпункттегі қолжуғыш. Диқан ауылы, Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл.
Медпункттегі қолжуғыш. Диқан ауылы, Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 28 наурыз 2020 жыл.

Диқанның орталық көшесін аралап, қайтып бара жатқанда пакет ұстаған 3-4 әжені көрдік. Әлгінде өзіміз көрген құдайытамақтан тым ерте қайтуға түрткі болғандай сезіндік.

Қалаға жақындағанда Байзақ ауданы мен Таразды жалғайтын трасса бойынан блокпостты көрдік. Өткен-кеткеннің температурасын өлшейтін тепловизор ұстамаса да, маска таққан полиция қызметкерлері тұр. Журналист екенімізді білген соң сөзге сараңдық танытты.

Осыған дейін әлеуметтік желілерде «қалаға ешкімді кіргізбей жатыр, бәрін жауып тастапты» деген видео тараған еді. Бірақ бұл полицейлер қаланы жабу үшін емес, күнделікті көліктерді бақылау үшін тұр екен. «Коронавирус, карантинге қатысымыз жоқ. Блокпост емеспіз» , - деді. Алайда, көліктерінің алдында «Блокпост, жол тосқауылы» деген жазуы бар баннер тұр.

Таразға кіргенде облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі қала маңында блокпосттарды көбейткенін хабарлады. Барлығы 16 блокпост бар екен. Смартфонымыздағы туысқандар чаты да құр қалмапты. «Сарымсақтың суын ішіңдер, барлық вирустан қорғайды» дейді.

Қазақстанда коронавирус пайда болып, төтенше жағдай жарияланымен бұрынғы қайнаған тіршілік толастай қоймаған. Коронавирустан қайтыс болған 64 жастағы Ақмола облысы Қосшы ауылының тұрғыны Алматы қаласына құдалыққа барып, одан соң Жамбыл облысы Шу ауданында қонақта болғаны хабарланған еді.

Мырзатай ауылының орталық көшесі. Байзақ ауданы, Жамбыл облысы .28 наурыз 2020 жыл.
Мырзатай ауылының орталық көшесі. Байзақ ауданы, Жамбыл облысы .28 наурыз 2020 жыл.

Тараз қаласындағы беташарда асабаның «Коронавирус кет» деп ән салып, билеп жүрген сәті әлеуметтік желіге шыққан соң төтенше жағдай кезінде той ұйымдастырған адам бес тәулікке қамалды деген хабар тараған.

Наурыздың 31-інен бастап Жамбыл облысында корнавирусқа байланысты шектеулер енгізілді. Шектеу шартының бірі бойынша үш адамнан артық адамның (туыстардан өзге) топтасып жүруіне болмайды. Соңғы ақпаратқа қарағанда, Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған төрт адам бар. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанвотың болжамына қарағанда «сәуір, мамыр айларында Қазақстанның үш жарым мың адамы коронавирус жұқтыруы мүмкін».

Қазақстанда 13-30 наурыз арасында 302 адамнан вирус табылды. Қазақстанда барлығы 20 адам (Нұр-Сұлтан - 13, Алматы - 7) жазылып шыққан.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG