Accessibility links

Үрей билеген үй. Құлағалы тұрған үйде тұратындар биліктен өтемақы ала алмай жүр


Құлағалы тұрған қосқабатты үйдің тұрғындары өз өмірі үшін қорқатынын айтады. Жезғазған, 6 қазан 2020 жыл.
Құлағалы тұрған қосқабатты үйдің тұрғындары өз өмірі үшін қорқатынын айтады. Жезғазған, 6 қазан 2020 жыл.

Жезқазғанда апатты жағдайдағы нысан деп танылған көппәтерлі тұрғын үйден басқа барар жері жоқ тұрғындар өз өмірі үшін алаңдайды. Әкімдіктің мәселені "шешуді қолға алғанына" он жылға таяды. Әбден тозығы жеткен үйдің қабырғасында ересек адамның қолы сыйып кететін жарықтар пайда болған.

"ҚОРҚАМЫЗ"

Күл аралас цементтен тұрғызылған қосқабатты үйдің қабырғасы шатырға дейін бірнеше тұсынан жарылғаны байқалады. Ғимарат бір жағына қисайып, жерге шөге бастағандықтан, терезелері де орнынан тайған. Пәтерлердің ішіндегі көрініс тіпті көңіл құлазытады: едені опырылып, ортасына түсіп кеткен, ал қабырғадағы жарықтар ересек адамның қолы сыйып кетердей үңірейіп тұр. Ғимарат құлауға шақ тұр. Соған қарамастан, мұнда бірнеше адам тұрып жатыр. Үйдегі сегіз пәтердің үшеуінде қалған тұрғындардың басқа барар жері не пәтер жалдауға ақшасы жоқ.

2011 жылы жүргізілген тәуелсіз сараптама нәтижесінде ғимараттың өзіне түскен салмақты көтере алмайтын апатты жағдайда тұрғаны анықталған. Сарапшы "Бұл үйде тұру қауіпті. Үйді бұзып тастау керек" деген қорытындыға келген. Содан бері он жыл өтсе де, құлайын деп тұрған үйде өмір сүріп жатқан адамдар сол күйі не басқа баспанаға, не өтемақыға қол жеткізе алмаған.

Жанар Досмайылова 9 жасар қызымен бірге осы апатты үйде тұрады. Пәтердің едені отырып, қабырғасындағы жарықтар кеңейіп кеткен, кіреберіс есік орнынан тайып, жабылмауға айналған. Жақында түн ішінде оқыс дыбыс естіген Жанар жуынатын бөлменің қабырғасы құлай бастағанын көрген. Қызы мен құжаттарын алып, қалған тұрғындарға ескерту үшін подъезге жүгіріп шыққанын айтады. Бірақ түн ішінде паналайтын жер болмаған соң, тұрғындар қайтадан пәтеріне оралған.

Құлағалы тұрған үйде өмір сүріп жатқан Жанар Досмайлова. Жезқазған, 6 қазан 2020 жыл.
Құлағалы тұрған үйде өмір сүріп жатқан Жанар Досмайлова. Жезқазған, 6 қазан 2020 жыл.

– Күнде үреймен өмір сүреміз. Тағы бір аптадан кейін үй қирап қалатын сияқты болып тұрады. Өйткені оқыс дыбыстарды күнде естиміз, қабырғаның жарылған тұсы көбейе бастады. Үй еденнен тоқ ұрып тұрғандай дірілдейді. Қабырғадағы жарықты бірнеше рет сылап көрдік, одан пайда жоқ. Барар жер, басар тауымыз жоқ, басқа пәтер жалдауға ақшамыз жетпейді. Оны жағдайымыз көтермейді. Күйеуімнің жалақысы аз, вахтада істейді, ал мен денсаулығыма байланысты үйде отырмын. Оның үстіне, үйден ұзақ уақытқа кете алмаймын. Есік жабылмайды, үйде балам бар, оны жалғыз қалдыруға болмайды, – дейді Жанар Досмайылова.

Жартылай қираған үйдің тағы бір тұрғыны – жетім өскен жігіт Әсет Тойшанов. Ол туғанынан осы үйде тұрған, балалар үйінен кеткен соң, қайтадан бұрынғы пәтеріне оралған. Қазір Әсет жатақханадан бөлме іздеп жүр. Көшеде қалмау үшін билік өкілдері өтемақы мәселесін тезірек шешер деп үміттенеді.

– Кейінгі кезде бұл үйде тұру қорқынышты бола бастады. Жылу жоқ, жарылған қабырғадан жел гулейді. Ұмытпасам, үйіміз 2006 жылдан бері біртіндеп бұзыла бастады. Бірақ тек бірнеше жылдан кейін ғана ресми түрде апатты нысан деп танылды. Тұрғындар әкімдікке барып, басқа жерге көшіруді сұрадық. Әбден үмітіміз үзілді, әкімдіктегілер үнемі "күте тұрыңдар" деп қайтарады. Бірақ нақты мерзімін айтпайды. Қанша жыл өтті, ал біз әлі күтіп жүрміз, – дейді апатты үйдің тұрғыны Әсет Тойшанов.

Самал Ахметованың отбасы бес баласының өмірі мен денсаулығына алаңдап, екі апта бұрын жалдамалы пәтерге көшкен. Көпбалалы ананың айтуынша, билік өкілдері оған өтемақыны жазда төлеуге уәде берген. Оның екі бөлмелі пәтері 5 миллион 600 мың теңгеге бағаланған. Отбасы қазір бұл ақшаға үй сатып алу мүмкін емесін түсініп, жетпейтін соманы банктен несиеге алған. Бірақ билік өкілдері өтемақыны әлі аудармаған, ал көпбалалы отбасы екі айдан бері несие өсімін төлеп отыр.

Үй құлап кетеді деп қауіптенген Самал Ахметова екі апта бұрын балаларын алып, жалдамалы пәтерге көшкенін айтады. Жезқазған, 6 қазан 2020 жыл.
Үй құлап кетеді деп қауіптенген Самал Ахметова екі апта бұрын балаларын алып, жалдамалы пәтерге көшкенін айтады. Жезқазған, 6 қазан 2020 жыл.

– Үйдің жанынан қаланың жылу құбыры өтеді. Мүмкін үйдің іргетасы құбырдан аққан судан бүлінген шығар? Бұрынғы тұрғындар көп жыл бұрын бұл үйде газ баллоны жарылғанын айтқан. Үйдің бұзылуына сол да әсер еткен болар. Үйімізді апатты жағдайда тұр деп таныған соң, әкімдікке шағым жаза бастадық. Бізге жыл сайын "мәселені шешеміз" деп уәде беретін. Үйдің қабырғасы бірінші рет жарыла бастағанда билік ештеңе істеген жоқ. Жөндеп, қираған күйге жеткізбеу үшін іргесін нығайтып, бір амалын жасауы керек еді. Басында "басқа үй береміз" деді. Ол кезде өтемақы туралы ештеңе айтпады. Бұл мәселені тағы көтердік. Кейін әкімнің төтенше жағдай жариялағаны белгілі болды. Билік бізден шу шығармауды өтініп, өтемақы төлеуге уәде берді. Содан бері жеті ай өтті, – дейді Жезқазған тұрғыны Самал Ахметова.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК: МӘСЕЛЕ ШЕШІЛІП ЖАТЫР

Жезқазған қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі Азаттық тілшісіне үйдің 2011 жылы апатты жағдайда тұр деп танылғанын, бірақ шенеуніктер тұрғындарға өтемақы төлеу туралы шешімді 2020 жылы бір-ақ қабылдағанын растады. "Неге тұрғындарға сонша жыл бойы не баспана, не өтемақы берілмеген?" деген сұраққа тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Алиса Сагимбаева былай жауап берді:

– Қалада ол кезде салынып жатқан тұрғын үй болмады. Ешқандай бағдарлама да жоқ еді. Ол жылдары тұрғын үй құрылысына мүлде қаржы бөлінбеді. Бәрі 2018 жылы ғана басталды. Заң бойынша, апатты үйдің тұрғындарына басқа үй беріледі. Биыл төтенше жағдай жарияланды, өйткені ол үйде тұру қауіпті бола бастады. Сондықтан тұрғындарға өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды.

Шенеунік қазір өтемақы төлеу мәселесі шешіліп жатқанын айтты.

– Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысында тұрғындарды басқа жерге көшіру туралы шешім қабылданды. 13 мамырда әкімнің шешімімен басқалармен қоса осы үйге де төтенше жағдай жарияланды. Пәтерлері бағаланды. Тұрғындарға нарық бағасына сәйкес өтемақы төленеді. Мемлекеттік мүлік туралы заңға сәйкес, өтемақы реквизиция жөніндегі актіге қол қойылғаннан кейін 60 күн ішінде беріледі. Бюджетте бұл қаржы қарастырылған, – дейді Алиса Сагимбаева.

Ол апатты үй тұрғындарына бюджеттен бөлінген өтемақының жалпы көлемін атаудан бас тартты.

Билік өкілдері өтемақы "жақын уақытта" беріледі дегенімен, ақша нақты қай күні аударылатынын айтқан жоқ. Тұрғындар шенеуніктердің мұндай жауабын бұрын да бірнеше рет естігенін айтады.

Қабырғасы жарылып, қисайып кеткен үйдегі пәтердің есігі жабылмайды. Жезқазған, 6 қазан 2020 жыл.
Қабырғасы жарылып, қисайып кеткен үйдегі пәтердің есігі жабылмайды. Жезқазған, 6 қазан 2020 жыл.

Жезқазған қаласы әкімінің 2020 жылы 13 мамырдағы шешімімен "жергілікті деңгейдегі техногенді сипаттағы төтенше жағдай" жарияланған. Шілдеде әкімдік апатты үй тұрғындарының мүлкіне реквизиция жүргізу туралы қаулы шығарған. Осыдан кейін бюджет қаржысына тәуелсіз бағалаушы жалдап, үйді бағалаған. Тұрғындарға апатты үйдегі пәтердің жеке меншік құқығын 10 күн ішінде тоқтатып, әкімдікке пәтер құжаттарының түпнұсқасы мен өтемақы аударылатын есепшот нөмерін өткізу тапсырылған. Халық жергілікті биліктің бар талабын орындағанымен әлі күнге еш нәтиже жоқ.

Қазір Жезқазғанда ресми түрде апатты жағдайда тұр деп танылған 17 тұрғын үйдің тұрғындарына өтемақы төлеу жоспарланған. Билік өтемақы үш жылда – 2020, 2021 және 2022 жылдары төленеді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG