Accessibility links

Назарбаев СССР-ге қарсы санкцияны еске салды


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Россия 24» телеарнасына сұқбат беріп отырған кезі. Астана, 26 мамыр 2015 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Россия 24» телеарнасына сұқбат беріп отырған кезі. Астана, 26 мамыр 2015 жыл.

Қазақстан президенті ресейлік телеарнаға сұхбатында Ресейге қарсы санкция және "Қытайдың Қазақстанға қаупі" туралы айтты. Бұл - Назарбаевтың сайлаудан кейінгі алғашқы сұқбаты.

Ресейдің "Россия 24" телеарнасы мамырдың 26-сында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан алынған сұхбатын жариялады. Сұхбатта Қазақстан президенті әлемдік экономикалық дағдарыс, Украинадағы жағдай, "Қытайдың Қазақстан экономикасына ықпалы" жайлы айтқан.

Назарбаев "Қазақстан үшін дағдарыс сыртқы үш фактордың әсерінен туындады. Алғашқысы - Қазақстан экспорттайтын мұнай-газ бен металл бағасының арзандауы. Екінші себеп - Ресейге салынған заңсыз санкция. Санкция БҰҰ-ның мақұлдауынсыз салынды. Бұлар әрине, көршіміз Ресейдің дамуына кедергі келтіріп отыр. Ресей - бізге көрші әрі біз үшін үлкен нарық. Қазақстан Ресеймен бірге Еуразия экономикалық одаққа мүше" деді.

Журналист Қазақстан президентінен "постсоветтік кеңістіктегі дана саясаткер ретінде" "Санкция салынған екен, енді оған қалай болғанда да бейімделу керек пе әлде санкцияның жойылғанын күткен жөн бе?" деп сұрады.

Назарбаев "санкцияға үйреніп кету мүмкін емесін" және оның "барлығына бірдей зияны тиетінін" айтты.

- Еуропаның өзінде бір-біріне санкция санкция салғанды кейбіреулер қолдай бермейді. Біріншіден, еуропалық іскер адамдардың көбі капитал салып, ақша табатын Ресей сияқты үлкен нарықтан айырылды. Ресей жағының да бұдан тартқан шығыны үлкен. Сондықтан да, санкциядан ешкім ұтпайды. Бірақ мұндай қиындықтар бұрын да болған, - деген Назарбаев СССР-дің де санкция астында өмір сүргенін айтты.

- Мұндай санкциялар 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасы кезінде салынды, ауған соғысынан соң тіпті күшейді. Бірақ мұның барлығының не керегі бар? - деді Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев санкциялық саясаттың Украинадағы жағдаймен байланысты екенін, Украинадағы ахуалдың ұштығы Ресейге де тигенін айтты. "Ресей мен Украинаның өзара түсіністікке келіп, тіл табысатын уақыты таяды. Еуропалық жетекшілер де мұны қалап отыр" деді Қазақстан президенті.

Назарбаев бұған қоса Қазақстан тәуелсіздік жылдары "бұрын-соңды болмаған инфрақұрылымды дамытумен айналысқанын" және теңізге Ресей мен Қытай арқылы шығатынын айтты. Қазақстан президенті Ресейдің Қытаймен бірігіп мұнай-газ, коммуникация салаларында ірі жобаларды іске асыруы Ресей экономикасының Азия-Тынық мұхиты аймағы экономикасына қосылуына мүмкіндік тудырғанын да айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан экономикасында Қытай ықпалы артады деген қауіпті "фантомдық үрей" деп атады. "Қытайдың белгілі шарттармен экономикамызға инвестиция салуға мүмкіндігі болса, тұрған не жаманшылық бар? Халықаралық экономиканың өз ережелері бар. Бүгін ешнәрсе істемесек, кейін не болады?" деді Назарбаев. Айтуынша, Астана Пекинмен бірнеше кәсіпорын құрылыстарына қатысты келісім жасасу үстінде.

Бұл - биыл 26 сәуірде бесінші рет президент болып сайланған кейінгі Нұрсұлтан Назарбаевтың ақпарат құралына берген алғашқы арнайы сұқбаты. 74 жастағы президент Назарбаев 1989 жылдан бері Қазақстан басшысы қызметін атқарып келеді.

XS
SM
MD
LG