Accessibility links

Пойызға билет алып келетін ҰҚК-нің қызметкерлерін күтіп отырғанда Рамазан Есіргепов ауруханаға түсті


ҰҚК-нің қызметкерлері "Алма-Ата-Инфо" редакциясынан тәркіленген заттарды көлікке тиеп жатыр. Алматы, 1 желтоқсан, 2008 жыл
ҰҚК-нің қызметкерлері "Алма-Ата-Инфо" редакциясынан тәркіленген заттарды көлікке тиеп жатыр. Алматы, 1 желтоқсан, 2008 жыл

«Алма Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов 25 желтоқсанда Тараз қаласына Жамбыл облыстық ҰҚК департаментіне тергеуге баруы тиіс еді. Бірақ түс ауа Рамазан Есіргеповтің денсаулығы кенеттен нашарлап, оны ауруханаға жөнелтуге тура келген.

Рамазанның осы айдың басында болған оқиғадан кейін ауруханаға түсіп, одан енді ғана шыққанын естеріңізге сала кетейік. Алматыдан Таразға күштеп әкетпек болған жерінен ол ҰҚК көлігінен қашып шығып, АҚШ елшілігін паналап, ол жерден өзі шығып, содан кейін ауруханаға түскен болатын

Бейсенбі күні, 25 желтоқсанда, түс ауа «Алма Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов өзін кенеттен нашар сезініп тағы да ауруханаға түсіп қалды. Ол туралы Азаттық радиосына Есіргеповтың отбасы атынан өзін Ләззат деп таныстырған қыз бала хабарлады.

-Осыған байланысты бүгін Рамазан Есіргепов алдын - ала жоспарлағанымен, поезбен Таразға бара алмайды. Осы сапарға бару үшін бір топ журналистермен бірге жолға жиналған құқық қорғаушы Баретта Ерғалиева да бара алмай қалды.
Одан басқа мәліметтер болған жоқ. Біз осы туралы білу үшін Рамазан Есіргеповтың ұялы телефонына хабарласқанымызда ол былай деді:.

- Түстен кейін менің қан қысымым көтеріліп, жүрегім ауыра бастады. Менің жүруге де мұршам болмады. Осыны көрген туыстарым жедел жәрдем шақырмай-ақ, бірден кардиология институтына апарды. Онда мені бірден қабылдады. Міне, содан біршама уақыт өтіп, өзіме-өзім келген соң сіздердің телефон қоңырауларыңызға жауап беріп отырмын. Қазір емдеуге кірісіп жатыр, кешіріңіз, менің одан әрі сөйлеуге мұршам жоқ.

Рамазан Есіргепов 24 желтоқсанда ауруханадан шыға салысымен, онымен Алматы қаласы ҰҚК қызметкерлері кездесіп, оны тараздық кәсіпкер Сұлтан Махмадовтың ісіне қатысты жауап беру үшін Таразға баруға көндірген болатын. Қазақстанның бизнес-астанасының комитет қызметкерлері оған және оның сапарластарына жол билетін алып беруге уәде берген.

Осыған қатысты Азаттық радиосының тілшісіне 25 желтоқсанда Рамазан Есіргепов былай деді:

-Кеше кешкісін Алматы қалалық ҰҚК департаменті басшысының бірінші орынбасары Асқар Әшімовпен кездестім. Мен онымен сөйлесіп, Таразға 26 желтоқсанда пойызбен баратын болып келістім. Бірақ таңертең маған Алматы ҰҚК қызметкерлері телефон соғып, жоспарларының өзгергенін, жергілікті уақыт бойынша 17 сағат 30 минутта жүретін пойызбен ертерек кететінімізді хабарлады.

Рамазан Есіргеповтың айтуынша онымен бірге «Алма Ата Инфо» газетінің үш қызметкері және адвокаты Баретта Ерғалиева жолға шықпақ болған. Тағы да оқиғаны жазу мақсатымен бір топ журналистер баруы тиіс болатын.

Рамазан Есіргеповті Жамбыл облыстық ҰҚК департаменті қызметкерлері ол өзінің «Алма Ата Инфо» газетінде тараздық кәсіпкер, жемқорлық бойынша күдіктелген Сұлтан Махмадовтың заңсыз берген ҰҚК-ның құпия құжаттарын жариялады деп айыптаған болатын.
XS
SM
MD
LG