Accessibility links

Алматыда әлеуметтік балалар орталығы ашылды


"Шаңырақ жұлдызы" орталығында билеп жүрген балалар. Алматы, 14 ақпан 2013 жыл.
"Шаңырақ жұлдызы" орталығында билеп жүрген балалар. Алматы, 14 ақпан 2013 жыл.

2006 жылы баспана үшін тұрғындары полициямен қақтығысқан Алатау ауданында көбіне тұрмысы нашар отбасылар тұрады. Жеті жылдан соң мұнда 56 балаға арналған тегін орталық пайда болды.

Ақпанның 14-і күні Алматының Алатау ауданында тұратын табысы аз отбасы балаларына арналған «Шаңырақ жұлдызы» атты шағын орталық ашылды. Ресми ақпарат бойынша орталықта 56 бала тәрбиеленбекші. Оларға аптасына екі рет, екі сағаттан психолог пен тәрбиеші «бас-көз» болады.

- Алатау ауданы - ішкі мигранттар үшін «тартымды» аудан, сондықтан мұнда тұрғын саны көп. Баспанасы жоқ, басым көпшілігі жұмыссыз, тиісінше олардың тұрмысы да нашар. Сондықтан тегін орталық ашу қажет болды. Орталыққа тек тұрмысы нашар отбасының балалары қабылданды. Қазір тізімде 72 бала бар, бірақ біз соның 56-cын ғана қабылдауға мүмкіндігіміз болды, - деді Азаттық тілшісіне сұхбат берген жобаның үйлестірушісі Жанар Балғабаева. Орталыққа бір уақытта 12 бала сыяды.

Жанар Балғабаеваның сөзінше, шағын орталық «Бота» қорының грантына ашылды. Демеушілік осы жылдың желтоқсанында аяқталады. «Дегенмен бұл жоба тоқтап қалмайтын шығар деген үміттеміз» дейді ол.

КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРҒА «БАЙ» АУДАН

Алатау әкімдігінің әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Дастан Қалиевтің айтуынша, бала-бақшаға зәру балалардың саны бақшаға баратын баладан көп.

- Ауданда 9 мемлекеттік және 9 жекеменшік балабақша бар. Мемлекеттік балабақшада 1250 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұдан бөлек тағы 4530 жеткіншек кезекте тұр, - деді бас маман.

Алатау ауданы әкімінің орынбасары Маржан Балбаева, ауданда көбіне «тұрмысы нашар отбасылар тұратынын», аудан көп балалы аналарға «бай» екенін атап өтті.
Маржан Балбаева, Алатау ауданы әкімінің орынбасары. Алматы, 14 ақпан 2013 жыл
Маржан Балбаева, Алатау ауданы әкімінің орынбасары. Алматы, 14 ақпан 2013 жыл

- Бізде 790 көп балалы ана бар. Олардың тек 609-ы ғана «Алтын», «Күміс» алқа иеленіп, тиісті жәрдемақысын алып жатыр. Бұдан бөлек 20 отбасы әлеуметтік жәрдемақы алады. Бірақ біздің аудандағы ең үлкен мәселе - пәтер жалдап тұратындар. Олар тіркеуде жоқ, тиісінше тұрақты жұмысы да жоқ, үкіметтен ешқандай көмек те ала алмайды. Ауданда тұратындардың көбі тек жерлерін заңдастырып алды, ал үйлерін әлі заңдастырған жоқ, - деді әкімнің орынбасары.

Оның сөзінше, ауданда «кең, әрі бос ғимараттың аздығы бала-бақша ашуға кедергі болып тұр». «Шаңырақ жұлдызы» шағын орталығына «Үміт үйі» атты қоғамдық қор ғимаратын ұсынып, «Бастау» балабақшасы методикалық жәрдем етіп жатыр.

«10 СОТКА ИЕЛЕНУ ҚҰҚЫҒЫ»

2006 жылдың шілде айында Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданында жер учаскелеріне қатысты дау туған еді. Қала әкімдігі «жерді заңсыз түрде иеленіп, үй-жай салды» деп таныған тұрғындардан полиция арқылы учаскелерді күштеп қайтармақ болған. Үй-жайларды арнайы техникамен бұзу кезінде екі жақ қақтығысып, бір полиция қызметкері өртеніп өлген. Бұл қылмыстық іс бойынша 20-дан астам адам тергеуге алынып, төрт азамат ұзақ мерзімге түрме жазасына кесілген болатын.
"Шаңырақ жұлдызы" орталығы орналасқан ғимарат. Алатау ауданына қарасты Шаңырақ-2 шағын ауданы. Алматы, 14 ақпан 2013 жыл
"Шаңырақ жұлдызы" орталығы орналасқан ғимарат. Алатау ауданына қарасты Шаңырақ-2 шағын ауданы. Алматы, 14 ақпан 2013 жыл

Осы оқиғадан кейін 2008 жылы «Шаңырақ», «Ұлжан», «Әйгерім», «Өжет» секілді 18 шағын аудан біріктіріліп, Алатау ауданы құрылған. Қазір ауданда 200 мыңнан аса адам тұрады.

Шаңырақ оқиғасынан кейін 2008 жылы «Шаңырақ» республикалық қоғамдық ұйымы құрылды. Ұйым жетекшілерінің бірі Махамбет Әбжан кезінде «заңсыз басып алынды» деп сипатталған 500 жер телімін заңдастыруды мақсат тұтқанын айтады. «Шаңырақ жұлдызы» шағын орталығының ашылуы кезінде журналистердің сұрақтарына жауап берген ол:

- Қазір бес мыңнан астам жер заңдастырылды. Ендігі біздің көздегеніміз, әр қазақстандықты тегін 0,1 га жермен қамтамасыз ету. Бұл конституцияда, жер кодексі мен үкімет қаулысында көрсетілген құқығымыз, - деді.
XS
SM
MD
LG