Accessibility links

Шабуылдан көшеде «бас тартқан» діндар


Әлижан Пірмағанбетовтің отбасылық архивтегі суреті.
Әлижан Пірмағанбетовтің отбасылық архивтегі суреті.

Ақтөбеде маусымның 5-і күні болған, 20-дан астам адам қаза тапқан терактіге қатысты 67 қылмыстық іс қозғалғанын осы өңір прокуратурасы хабарлады. Азаттық тілшісі сол істердің бірі бойынша айыпталып, қамалған Әлижан Пірмағанбетов туралы зерттеп көрді.

Ақтөбедегі қару-жарақ дүкендері мән әскери бөлімге жасалған шабуылдан соң қамалған Ақтөбе тұрғындарының бірі – Әлижан Пірмағанбетов. Қорғаушысы мен туыстары оның «шабуылшылардан соңғы сәтте бөлініп кеткенін» айтады. Оған Қазақстан қылмыстық кодексінің 434-бабы бойынша айып тағылған.

Шабуылдан «бас тартқан» Әлижан Пірмағанбетов
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:46 0:00
Жүктеп алу

434-бап «Қылмыс туралы хабарламау» деп аталады. Онда «дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық аса ауыр қылмыс не дайындалып жатқаны анық терроризм актісі туралы» хабарламаған адамның 6000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейін сотталатыны жазылған.

ШАБУЫЛ АЛДЫНДА «ҚАШЫП КЕТКЕН»

Туыстарының сөзіне қарағанда, 41 жастағы Әлижан Пірмағанбетовтің «тұрақты жұмысы болмаған, бес-алты жыл бұрын намазға жығылған». Биыл мамыр айында ол Ақтөбеден Ақтауға барып, құрылысқа жалданған. Ағасы Мұхит Пірмағанбетов оның «Ақтаудан араға ай салмастан Ақтөбеге қайта оралғанын» айтады. Мұнысын отбасына «жолдас балам ұлының туған күніне шақырды» деп түсіндірген.

"Қылмысты жасырды" деген айыппен тергеліп жатқан Әлижан Пірмағанбетовтің ағасы Мұхтар Пірмағанбетов. Ақтөбе, 25 тамыз 2016 жыл.
"Қылмысты жасырды" деген айыппен тергеліп жатқан Әлижан Пірмағанбетовтің ағасы Мұхтар Пірмағанбетов. Ақтөбе, 25 тамыз 2016 жыл.

- Ақтөбеге маусымның 4-і келді. Ертеңінде қонаққа барған. Қарулы шабуыл жоспары сол жерде дастарқан басында жария етіліпті. Алдында іштеріндегі біреу телефондарын жинап алады. Сірә, сыртқа хабар тарап кетпесін десе керек. Есікті іштен бекітіп, «бүгін өлеміз, бірге болайық» деп үгіттейді. Сәлден соң бәрі орындарынан тұрып, «Паллада» дүкеніне барған. Әлижан олардың әзілдеп жүрмегенін қару дүкенінің қасына барғанда бір-ақ түсінеді. Сол жерден алды-артына қарамай қашып кеткен, - дейді күдіктінің ағасы Мұхит Пірмағанбетов.

Мұхит інісін «қылмысты жасырды» деп санамайды. Оның айтуынша, Әлижан «Паллада» дүкенінің алдында өз көзіне сене алмай, есеңгіреп қалған.

- Бес-алты жылдан бері аралас-құралас достарын қантөгіске барады деп ойламаса керек. Әлі де түс көрген адамдай, - дейді Мұхит.

Маусымның 5-і күні қару-жарақ сататын «Паллада» дүкені маңынан «Малышка» саяжайындағы үйіне жеткен Әлижан алдымен сақалын қырып тастайды. Ертеңінде ағасының үйіне келіп, болған жайтты баяндап берген.

Ақтөбедегі қарулы шабуыл деп жарияланған видеодан скриншот. Ақтөбе, 5 маусым 2016 жыл.
Ақтөбедегі қарулы шабуыл деп жарияланған видеодан скриншот. Ақтөбе, 5 маусым 2016 жыл.

- Естіген бойда «полицияға бар» дедім. Ол «Полиция менсіз де бәрін біледі. «Үйге келсем Ақтөбеде атыс болды деп хабарлап жатты» деді. Бәрібір бару керектігін айтқанымнан кейін «жақсы» деп кетіп қалған. Соның арасынша Әлижанды ҰҚК шақыртқан. Тұтқынға ҰҚК-ге барған маусымның 6-сы күні алынды, - дейді Мұхит Пірмағанбетов.

«ӘЗІРШЕ ЕШТЕҢЕ АЙТА АЛМАЙМЫН»

Үш айдан бері тергеліп жатқан Әлижан Пірмағанбетов Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында туған. Туыстары «бес-алты жыл бұрын намазға жығылды» деп сипаттайтын жігіттің келіншегі Айгүл де «дін жолын ұстанады». Үш жастағы Хасан мен бір жастағы Омар есімді екі ұлдың анасы Айгүл -жұмыссыз. Туыстары «отағасы ұсталғалы саяжайда тұратын отбасының жағдайы қиындай түскенін» айтады.

Әлижан – көп балалы отбасының кенжесі. Ағасының сөзіне қарағанда, ешкім бетінен қақпай өсірген ол бір кездері ішімдікке әуес болған. «Соның кесірінен отбасы шырқы бұзылып, бірінші әйелімен ажырасып тынады». Кейін «дін жолына түскен» інісінің ішімдікті татып алмайтынына Мұхит Пірмағанбетов «іштей қуанып жүрген».

Қару-жарақ дүкенінің теракт кезінде қаза тапқан сатушысы Андрей Максименконы жерлеу рәсімі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.
Қару-жарақ дүкенінің теракт кезінде қаза тапқан сатушысы Андрей Максименконы жерлеу рәсімі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

- Бірақ жалбыраған сақалы ұнамайтын. Талай айттым. Біздің әкеміз - өле-өлгенше намаз оқыған адам. Ініме «сенің намазың біртүрлі» дейтінмін. Маған ренжіп те жүрді. Өткенде тергеу изоляторына барғанымда «Сенікі жөн екен, кешір» деп қайталай берді. Өзі баладай аңғал, кісіге сенгіш болатын. Сол мінезінен тапты, - дейді ағасы.

Әлижан Пірмағанбетовтің адвокаты Ғалым Қарымсақов Азаттық тілшісіне тергеу жүріп жатқандықтан «әзірше ештеңе айта алмайтынын» мәлімдеді. Ал айыптаушы тарап маусымның 5-і Ақтөбеде жасалған шабуылдарға қатысты мәліметтерді құпия ұстап отыр. Сондықтан шабуылдан соң нақты қанша адамның қамалып, оларға қандай баптар бойынша айып тағылғаны беймәлім.

Әзірге белгілісі - қарулы шабуылдарға қатысты 67 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Ақтөбе облыстық прокуратурасы қызметкері Мұратбек Мырзамұратов бұған дейін хабарлаған болатын. Ал соңғы үш айда інісімен екі-ақ рет кездескенін айтқан Мұхит Пірмағанбетов:

- Естуімше, тергеу қазан айына дейін созылады екен. Не де болса маңдайына жазғанын көреді енді... Жақсылықтан үміт үзгім келмейді. Қорқынышым да жоқ емес. Түрмеге түссе, нағыз радикалға айналып кете ме деп қорқамын, - дейді.

ВИДЕО: Ақтөбедегі атыс (маусымның 5-і күні түсірілген)

Ақтөбедегі "діни радикалдармен" атыс
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

2016 жылы маусымның 5-і күні Ақтөбеде 26 адам қару-жарақ сататын екі дүкенге шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан еді. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде 18 күдіктінің көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың «радикалдық діни топ өкілдері» болғанын және олардың «шетелден нұсқау алғанын» мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG