Accessibility links

Экологтар Сырдария суын егістікке пайдалану қауіпті, аймақта онкологиялық аурулардың артуына әсері бар дейді


Қыс айларында қар суынан қоректеніп, асып-тасып жататын Сырдарияның екпіні биыл баяу. Тіпті көктемнің өзінде-ақ мұнда су тапшылығы сезілуде. Ал елдегі экологтар болса, Сырдария суын егістікке пайдалануға болмайтынын айтуда.

Сырдария өзенінің Шардара су қоймасынан бастап, Аралға дейінгі аралығы Қызылорда облысына тиесілі. Арал-Сырдария экология департаментінің талдау және бақылау бөлімінің бастығы Оразгүл Жүнісованың айтуынша, мұндағы судың деңгейі биыл өте төмен. Оған қоса судың сапасы барған сайын нашарлап барады.

- Біз жоспар бойынша әр ай сайын дарияның суын тексеріп тұрамыз. Осы жылдың ақпан-наурыз айларында алынған тексеру нәтижесі бойынша, судың сапасы нашарлап кеткен. Атап айтқанда, судағы оттегінің биологиялық қажеттілігі (ОБҚ – БПК - биологическая потребность в кислороде) 1,3 есеге, азот амманины - 0,7 есеге, ал тұздың құрамы - 1,3 есеге әдеттегі нормадан асып кеткен. Су неғұрлым мол болса, соғұрлым сапасы да жақсарады ғой. Былтыр судың деңгейі жоғары болды, ал биыл су жоқ. Бізге су жоғары жақтан, Өзбекстаннан келеді. Оларда бізге қарағанда су молырақ. Жолшыбай 140 коллектордан су құйылады. Қызылорданың өзінде 2 коллектор бар. Бірақ қазір ол құйылып тұрған жоқ дарияға. Сондай-ақ, жоғары жақтан әр түрлі егістіктерден, дақылдардан, мақтадан қалдықтар шығады да, солар бізге келеді,-деп атап көрсетті Оразгүл Жүнісова.

Алматыда дүниежүзілік су күніне қарсы өткен жиында қолданбалы экология жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Мәлік Бөрлібаев Сырдария суының ластанғаны соншалықты, тіпті оны егістікке де қолданудың қауіпті екенін айтты.

«Халық денсаулығының қауіпсіздігі үшін біз баяғыда-ақ Сырдарияның ағын суын пайдаланбау туралы ұсыныс айтқан болатынбыз. Ондағы су негізінен биоген, ауыр метал сияқты зиянды заттармен ластанған. Ал «Ақ маржан» күрішінде сол заттар бар»-, деді ол.

Онкологиялық аурулардың көрсеткіші бойынша Қызылорда облысының республикада алдыңғы орын алуын да сонымен байланыстырады. Десе де, «Қызылорда су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары Бегеш Жақып дарияны тым ластанды деп айтуға қимайды.

- Біз Сырдария өзенінен Қызылорда облысы бойынша егістікке шамамен 3-3,2 млрд текше метр су аламыз. Күріші бар, басқа дақылдарға. Жалпы облыста 150-160 мың га көлемінде егістік жер бар. Бізде соңғы жылдары судың құрамы бұрынғыдан шамалы жақсарды. Совет үкіметі кезінде оның бойына егілетін егіндер де көп болды. Сондықтан пайдаланылған су, тыңайтқыштар, мақта қалдықтары т.б Сырдарияға тасталып келді. Осылар қазір біршама азайды. Себебі, бұрындары тыңайтқыштардың барлығын мемлекет бергендіктен, ол аста-төк пайдаланылып, ысырап болды. Қазір оны сатып алады. Сондықтан оларды пайдалану қазір 40 пайызға азайды.

Ал Қызылорда тұрғындары үшін биылғы жылдың қалай болатыны белгісіз.

Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлбаршын Сонарқызы былай дейді:

- Әрі қарай бұлай жалғаса беретін болса, біздің Қызылорданың жағдайы онша мәз болмайды. Белгілі ғой, су жоқ болса, тал көгермейді, құрғақшылық болады. Бау-бақша егетін халыққа оңай тимейді. Көпшілігі сонымен өздерін-өздері қоректендіріп отыр ғой.

- Дарияның суының астын тазарту керек. Дарияның түбі бұрындары терең болатын. Қазір мүлде таяз болып кетті. Оның астына қалдықтар шөгіп кеткен. Жоғары жақтан келетін су дарияның тереңдігімен сәйкес келмейді,– дейді Арал-Сырдария экология департаментінің талдау және бақылау бөлімінің бастығы Оразгүл Жүнісова.

Сырдария – Орта Азиядағы Әмудариядан кейінгі ірі өзен. Таудағы қар мен мұздардан қоректенеді. Сырдарияның бойында 4 су қоймасы салынған: Тоқтағұл (Қырғызстан), Қайраққұм (Тәжікстан), Айдаркөл (Өзбекстан), Шардара (Қазақстан). Кейбір мамандардың болжамынша, дария суын реттеуге арналған дәл осы жасанды су қоймалары салынғаннан кейін өзеннің суы азайып кеткен.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG