Accessibility links

Жаңа әкімнің жиынтық бейнесі анықталды


Таусамалы ауылының әкімдігіне үміткерлерді таныстыру сәті. Ортада тұрған - Таусамалы ауылының әкімі Қайрат Күлембаев. Алматы облысы Қарасай ауданы, 11 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Таусамалы ауылының әкімдігіне үміткерлерді таныстыру сәті. Ортада тұрған - Таусамалы ауылының әкімі Қайрат Күлембаев. Алматы облысы Қарасай ауданы, 11 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

ОСК сайланған әкімдерді «үштен бірі – жаңа, тоғызының бірі – әйел, орташа жасы – 47, араларында 23 ұлт өкілі бар» деп сипаттады. Ал сарапшылар бұл анықтаманы «аудан басшылығына тәуелді, биліктің өз адамы» деп толықтырады.

Жаңа сайланған әкімдердің бірі, Батыс Қазақстан облысына қарасты «Новая жизнь» ауылының ендігі басшысы, 33 жастағы Бекболат Тілегенов тамыздың 13-і күні жұмысына кірісті.

Марат Гайнуллин есімді адамды әкімдікке ұсынған ауыл тұрғындары аудан әкімі таныстырған Бекболат Тілегеновтің сайлануына қарсы болған еді. Олар наразылықтарын жаңа әкім тұрғындармен танысуға келгенде де айтқан.

– Аудан әкімі жас баланы алып келіп таныстырды, орнына отырғызды да кетті. Мен оларға «Демократия ойнап болдыңдар ма?» дедім. Қарсылығымды білдірдім, бірақ одан не пайда, – деді ауыл тұрғыны Петр Выражеев 13 тамыз күні Азаттық тілшісіне.

Тұрғын жаңа әкімнің басқа ауылда тұратынын, «оны кешеден бері ешкім көрмегенін» хабарлады.

Бірақ жаңа сайлаған әкім Бекболат Тілегенов қызметінің бірінші күні жұмысында болғанын айтады.

– Кеше де, бүгін де болдым ауылда. Мен таңертең 9-дан 10.30-ға дейін жұмыста болдым. Сосын ауданға іссапармен кеттім. Қазір ауданнан қайтадан жұмысыма бара жатырмын, «Новая жизньге». Жаңадан тағайындалған соң ауданға барып тіркелу керек, қағаздармен жүрмін. Ол біткен соң жұмыс уақытында таңғы 9-дан кешкі 18-ға дейін жұмыста боламын, – деді Бекболат Тілегенов тамыздың 13-і күні түс кезінде Азаттық тілшісіне.

ӘКІМДЕРДІҢ СИПАТТАМАСЫ

Қазақстанның 14 облысы бойынша аудандық маңызы бар қала, селолық округ, село пен ауыл әкімдерінің сайлауы тамыздың 5-і мен 9-ы аралығында өтті. Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хабарлауынша, сайлануы тиіс 2457
Қарасай аудандық сайлау комиссиясы әкімдерді сайлап жатыр. Алматы облысы, 7 тамыз 2013 жыл.
Қарасай аудандық сайлау комиссиясы әкімдерді сайлап жатыр. Алматы облысы, 7 тамыз 2013 жыл.
әкімнің 2454-і сайланып біткен, сайлаушылар дауыстары тең бөлінген үш ауылдық округте ғана тамыздың 28-інде қайта сайлау өтпек.

ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың сөзінше, сайланған 2454 әкімнің 1747-сі (яғни 71,2 пайызы) – осыған дейінгі лауазымын сақтап қалған бұрынғы әкімдер, 707-сі (яғни 28,8 пайызы) – жаңадан әкім болып сайланған азаматтар.

– Сайланған әкімдердің арасында 23 ұлттың өкілі бар. Әкімдер лауазымына 11,4 пайыз әйелдер сайланды. Әкімдердің орташа жасы – 47 жас. Сайланған әкімдердің арасында педагог, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, инженерлер, экономистер, заңгерлер бар, – деді Қуандық Тұрғанқұлов.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев жаңа сайланған әкімдерді «аудан басшылығына тәуелді, орта жастағы, биліктің өз адамы» деп сипаттайды.

– Жаңа сайланған әкімдер кездейсоқ адамдар емес. Олар – не бұрынғы әкімдер, не аудан басшыларының бейресми рұқсатын алған өз адамдары.
Ауыл әкімдерін сайлау
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00
Жүктеп алу
Қазақстандағы аймақтар - атқарушы билік жайлы өз түсініктері бар, мемлекеттің ішіндегі "кішкентай мемлекеттер". Сондықтан облыс әкімдері де атқарушы билікте өздеріне бағынбайтын тәуелсіз ойыншылар болуына жол бермейді, - дейді Досым Сәтпаев.

Оның пікірінше, «сайланған әкімдер қаржылық тұрғыдан да аудан басшыларына тікелей тәуелді болады».

– Әкім тіпті ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына шын ниетімен кіріскісі келгенімен, қаржысы болмаса – ол ісі жүзеге аспайды. Сайланған әкімдер өзінен жоғары тұрған әкімдер мен бюджетті талқылауға қатысатын мәслихаттарға тікелей тәуелді. Бұл қаржылық тәуелділік – жаңа әкімді уыста ұстаудың бір тетігі. Сондықтан жаңа әкім мен оның басшыларының көзқарастары бір-бірінен алшақ болады деу артық, – дейді саясаттанушы.

«НҰРОТАНДЫҚТАР» «НҰРОТАНДЫҚТАРДЫ» САЙЛАҒАН САЙЛАУ»

Саясаттанушы Андрей Чеботаревтың пікірінше, «бұл сайлауды сайлау деп те айтуға болмас, өйткені сайлауға тән бәсекелестік пен альтернатива болған жоқ».

– Бұл – тек таңдалып алынған үміткерлерді қызметке бекітуді көздеген жанама сайлау. «Нұротандықтар» өздері секілді «Нұротандықтарды» сайлаған бұл сайлаудың у-шусыз өткені заңды, – дейді Андрей Чеботорев.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев сөзінше, Қазақстанда жұртшылық президент және парламент сайлауына ғана белгілі бір дәрежеде қызығады, ал мәслихат пен ауыл әкімдерінің сайлауына назар аудара бермейді.

Өзін-өзі басқару заңындағы әкім

ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ЗАҢЫНДАҒЫ ӘКІМ

Сайлану реті


  • Толықтырылған жаңа заң бойынша сайланатын шағын қала мен ауыл әкімінің кандидатурасын өзінен жоғары тұрған лауазымды билік иесі мәслихатқа ұсынады.
  • Мәслихат ұсынылған кандидатураны үш рет бекітпей тастаса, президент ол мәслихатты таратып жіберуге құқылы.
  • Сайланған әкімге мәслихат басым көпшілік дауыспен сенімсіздік білдіре алады. Президент сенімсіздік білдіру туралы ұсынысын қабылдамай тастаса, мәслихат алты айдан соң қайыра сенімсіздік таныта алады. Сонда барып президент әкімді қызметінен босатады.

Құзыреті

  • Өз ауданы, я ауылдық округіндегі әкімшілік құқық бұзушылықтарды қарап, әкімшілік жазаға тарта алады
  • Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін жоспарлап, жұмсай алады
  • Мәслихат пен жергілікті қоғамдастық жиынының шешімімен санасып отырады

– Көпшілік бұл сайлаудың еркін әрі әділ болатындығына сенген жоқ. Бұл қайтадан билік пайдасына шешілетіндігі түсінікті болды. Сондықтан қызығушылық та төмен болды. Оппозиция да өзінің ұтылатынын алдын-ала білгендіктен оған қатысудың мағынасы жоқ екенін түсінді, – дейді Досым Сәтпаев.

ОСК мүшесі Ләззат Сүлейменнің айтуынша, «жаңа сайланған әкімдер енді бес күн ішінде аудандық сайлау комиссияларында тіркеуден өтеді, комиссия олардың тіркелгендігі туралы аудан әкіміне хабарлайды».

– Одан кейін әкімдер арнайы тексерістен өтуі керек. Бұл «Мемлекеттік қызмет туралы заңның талабына» сай жүргізіледі. Мемлекеттік қызметке кіретін әрбір адам «әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа не жазаға тартылған ба, жоқ па» деген сынды біршама тексерістен өтуі тиіс. Оған уақыт шектелмейді, бір-екі ай болуы мүмкін. Тексерістің қорытындысы келгенен кейін аудан әкімі арнайы қаулысымен әкімді ресми әкім етіп тағайындап, оған куәлік береді, – деді Ләззат Сүлеймен.

ОСК мүшесінің айтуынша, сайланған әкімдер ол куәлікті алғанша «әкім міндетін уақытша атқарушы» деп аталады.

Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң 2013 жылы маусым айының соңында күшіне енген.

Осыған байланысты ОСК 5-9 тамыз аралығында ауыл және аудан әкімдерін сайлау өтетінін хабарлаған. ОСК-ның айтуынша, ел бойынша барлығы 2457 әкім сайланады. Оның 47-сі – аудандық маңызы бар қалалардың, 2101-і – селолық округтердің, 119-ы – ауылдардың, 190-ы – селоның әкімдері.

Заңға сәйкес, әкімдікке кандидаттарды аудан әкімі жергілікті тұрғындармен кеңесіп барып мәслихатқа ұсынады да, аудан я қалалық мәслихат депутаттары сайлайды.
XS
SM
MD
LG