Accessibility links

Әскери сот Ағызбек Төлегеновтің экстремистік ұйымға қатысы жоғын анықтады


Ағызбек Төлегенов Ақтөбе гарнизоны әскери сотының жанында. Ақтөбе, 1 қараша 2011 жыл.
Ағызбек Төлегенов Ақтөбе гарнизоны әскери сотының жанында. Ақтөбе, 1 қараша 2011 жыл.

Ақтөбе гарнизонының әскери соты қарашаның 2-сі күні бұрынғы судья Ағызбек Төлегеновтің «ешқандай экстремистік ұйымдармен байланысы жоқ» деген шешім шығарды. Бұған дейін Ақтөбе облыстық соты судьяны «Таблиғ-и-жамағат» тобымен байланысы бар деген айыппен қызметтен шеттеткен еді.


Ақтөбе гарнизонының әскери соты ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Ақтөбе облыстық департаментінде Ағызбек Төлегеновтің экстремистермен байланысы туралы ешқандай мәліметтің жоқтығын анықтаған.

Бірақ бұрынғы судьяның Ақтөбе облыстық сотын жауапқа тарту туралы қосымша арызын әскери сот қабылдамай тастады.

«ЭКСТРЕМИСТЕРМЕН БАЙЛАНЫСЫ ЖОҚ»

Әскери сотқа келген, ҰҚК Ақтөбе облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақтыбек Рахымбердиев қол қойған хатта: «Бізде сот қызметіне қатысты құпия мәліметтердің бары рас. Бірақ оның Төлегеновке еш қатысы жоқ» деп жазылған екен.

Судья Шымболат Қадыров қарашаның 2-сі күні осы іс бойынша шешімді жарияларда
Ағызбек Төлегеновке қатысты ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментінен әскери сотқа жолданған құжат. Ақтөбе, 1 қараша 2011 ж.
Ағызбек Төлегеновке қатысты ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментінен әскери сотқа жолданған құжат. Ақтөбе, 1 қараша 2011 ж.
журналистерді сыртқа шығарып жіберді.

«Қазақстанның сот жүйесінен әділетке жете алмағанын» айтып жүрген Ағызбек Төлегенов әскери соттың шешімі шыққан соң Азаттық тілшісімен сөйлесті.

– Шешімге толық қанағаттандым дей алмаймын. Меніңше, әскери сот объективті көзқарас пен бейтараптық танытқан жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің маған қатысты ешқандай мәлімет бермегені анықталған соң судья Шымболат Қадыров істің анық-қанығын зерттей түсіп, облыстық соттың өкілін процеске шақыруы керек болатын. Өйткені бұрынғы әріптестерім қабылдаған сол шешім менің тағдырымды өзгертті, - дейді бұрынғы судья.

Ағызбек Төлегенов сотқа қысым жасалуы мүмкін деген ойын да айтты:

– Өйткені Жоғарғы сот бәрін қадағалап, карап отыр. Ондай да болуы мүмкін. Бұл - менің өз пікірім. Біз айтамыз ғой «сот бейтарап» деп. Қазіргі жағдайда менің ондай тұжырым жасауға құқым бар. Айдан анық нәрсе ғой.

Ал әскери соттың судьясы Шымболат Қадыров Ағызбек Төлегеновтің бұл күмәніне орай өзіне «ешкім де қысым жасамағанын» айтып, жалғыз ауыз сөзбен жауап берді.

«ҚҰҚЫМЫЗДЫ БҰЗДЫ»

Ақтөбе гарнизонының әскери соты Ағызбек Төлегеновтің облыстық сотты да жауапқа тарту туралы қосымша арызын қабылдамады.

– Қазақстан Республикасы азаматтық істерді жүргізу кодексінің 49, 50-баптарында қосымша арыздана алатындығымыз туралы айтылған.
Ағызбек Төлегенов (сол жақта) адвокаты Зайдулла Қалдыбаевпен бірге. Ақтөбе, 1 қараша 2011 ж.
Ағызбек Төлегенов (сол жақта) адвокаты Зайдулла Қалдыбаевпен бірге. Ақтөбе, 1 қараша 2011 ж.
Біз заң бойынша әрекет еттік. Бірақ, судья Шымболат Қадыров қосымша арызымызды қабылдамай, құқымызды бұзды, – дейді Ағызбек Төлегеновтің адвокаты Зайдулла Қалдыбаев.

Адвокат бұл жолғы әскери сот шешімі Ағызбек Төлегеновтің жұмыстан қуылуына негіз жоқтығын көрсетіп бергенін айтты.

– Сот біздің талап-арызымызды толық қанағаттандырмады. Бірақ мақсатымыз ол емес. Ең бастысы – біз Төлегеновтің экстремистермен байланысы жоқ екендігіне көз жеткіздік, – дейді адвокат.

СУДЬЯНЫҢ БАСЫНДАҒЫ ШЫРҒАЛАҢ

Қыркүйектің 27-сі күні Ақтөбе облыстық судьяларының тәртіп-біліктілік алқасы ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментінің мәліметіне сілтеп, судья Ағызбек Төлегеновті «Таблиғ-и-жамағат» тобымен байланысы бар деген негіз бойынша қызметтен шеттету туралы шешім қабылдаған еді.

Облыстық соттың бұл шешімін қазанның 17-сі күні Қазақстан жоғарғы соты да күшінде қалдырғанын Азаттық радиосы хабарлаған.

Бұнымен келіспеген Ағызбек Төлегенов Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облыстық департаментінің үстінен Ақтөбе гарнизонының әскери сотына жүгінген.

Өзінің дәстүрлі исламды ұстанатынын, «ешқандай экстремистік топпен байланысы болмағанын» алға тартқан Ағызбек Төлегенов бұған дейінгі сұқбатында әділет жүйесінен көңілі қалғандықтан «бұрынғы қызметіне қайта барғысы келмейтінін» айтқан еді.

Алайда сәрсенбі күнгі әскери сот шешімінен соң бұрынғы судья ол ойынан қайтқан сияқты.

– Мен әділдік үшін күресе беремін, ол үшін қызметіме қайта оралуым керек, – деді Ағызбек Төлегенов Азаттық тілшісіне.

Ол үшін экс-судья өзін жұмыстан шеттеткен әріптестерімен соттасуға да дайын екенін білдірді.
XS
SM
MD
LG